Cұлтан ЫБЫРАЙ, абайтанушы, ғалым: ЗАМАННЫҢ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫ ӨЗІМІЗ ҚҰРҒАН ҚОҒАМҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Шәкәрім атамыздың осыдан 108 жыл бұрын «Айқапта» жарияланған «Білімділерге қойған белгілі бес сауалы» дін мен философияны қамтығандықтан, ғұлама сұрақтарына Құран мен хадистерге, Абайдың өлең-сөздеріне жүгіне отырып жауап беруді жөн санадым.

1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

– Адам туғанда өзінің ата-анасын, туған жерін, ұлтын таңдай алмайды. Осы еріксіздіктен біз сынақта екенімізді аңғарамыз. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» (Мағжан). Алла жаратушы, бұл – Оның сипаты, Аллада кемшілік жоқ, мұқтаждықтан жаратпайды. Адам Алланың жаратушы деген сипатының көрінісі. Біз адам Жер бетіндегі басқа жанды жаратылыстың барлығынан артық екенін білеміз. Несімен артық? Ақылы артық, ғылымы, әділеті, ме­йірімі, махаббат, ар-ұят, танымы бар, сөйлей алады, еркі бар, жердегі бар нәрсені ұқсатып, әртүрлі технологиялармен түрлендіріп, өз қажетіне жұмсай алады. Құранда (38:75) Алла адамды «Екі қолыммен» жараттым деген, Алланың біздің түсінігіміздей қолы жоқ екенін біле отырып, осыдан адамға деген артық махаббатты байқаймыз, өйткені «Екі қолыммен» деп тек қана адам жаратылысына байланысты айтылған. Абай да «Махаббатпен жаратқан адамзатты», – дейді. Жалпы адам ойының, жасаған өнерінің биігін «руханият» дейміз. Түбірі «рух». Жоғарыда айтылған ақыл-ғылым, таным, әділет, мейірім, махаббат, ар-ұят, ерік, сөйлеу рухтың тарапынан, яғни рухтың құрамдас бөліктері. Сонда Алланың адамға деген махаббаты қайда жатыр десек, адамға берілген рухта екенін байқаймыз. «Ақылы (рухы) барға ғибадат парыз». Рухты Абай: «нұрлы ақыл», – дейді. «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым». Құран (51:56). Ақыл-есі ауысқанға ғибадат парыз емес. Рух өлмейтін, тәннен бөліне алатын заттық емес жаратылыс. «Әділеттік, арлылық, махаббат пен  Үй жолдасың қабірден әрі өткенде» (Абай), қабірден әрі тек рух қана өтеді. «Түп иесін көксемей бола ма екен? Және оған қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» (Абай). Рух әлемінен келген біздің рух Жаратушыны «көксейді», Оған қайтуды ойлайды, өйткені адам рухы бұ дүниеге келмей, тәнге қосылмай тұрып Жаратушыны сезініп білген. Тән топырақтан жаралып, топырақта қалады. Мақсат сол рухымызды былғамай, нәпсімізге жеңдірмей Аллаға қайту. «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы», Құран (67:2).

2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

– Адамға тіршіліктің ең керегі – дүние-сынақтан дұрыс өту үшін. «Дүние – ақыреттің егіндігі», Абай келтірген осы хадистен ұғатынымыз, Алла адамды сынақ үшін жаратып, жер бетіне тіршілікке жіберді.

Екі дүниеде бақытты болу үшін «толық адам» болуға тырысу керек, яғни үш қасиет: әділетті, мейірімді, ғылым-білімді болуға ұмтылу қажет. Өзіңді тану арқылы Жаратушыны тануға, дүниені тануға ұмтылған жөн,

3. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?

– Иман келтіргенде «Өлгеннен кейін тірілетініңе сену» деген бар. Бұл сенім момынның бұ дүниеден түңілмеуіне себепші, фәнидің «таусыншақ күн» екендігін білдіруші. Бірақ бұ дүние жалған емес. «Өмір өзі – ақиқат» «Қай жерде өмір жоқ болса, онда кемелдік жоқ», (Абай). Яғни, тіршілік бар жерде өсіп-өну бар, даму бар, кемелдікке жетуге ұмтылу бар, адамзаттың саны мен сапасы, ақыл-ойы, ғылымы мен технологиясы, экономикасы өсіп өркендейді. Сондықтан, бұ дүние жалған емес, жалған деп «таусыншақ күн» тез өтіп кететіндігі, жылтыраған алдамшылығы, уақытша сынақ болғандығы үшін айтылған, сондықтан бұл «ақыреттің егінін» – өмірді бос өткізіп алмас үшін, адам өзіне есеп беріп отыруы тиіс. Бұ дүние сынақ. Екі дүниенің Иесі Алланың бір сипаты – Әділ. Алла – Қиямет күнінің Иесі, әділдік орнатушы. «Адам баласынан Махшарда сұрау алатын қылып жаратқандығында әрі әділет әрі махаббат бар» (Абай). Сондықтан рахат-бейнет, сауап-азап бар.

 4. Ең жақсы адам не қылған кісі?

– Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп әділетті.

Адам – сүйгенінің құлы. Алла мен оның махаббатпен жаратқан адамзатын сүйе алған – ең жақсы кісі. Адамзаттың ғылым-білімінің, технологиясының, экономикасының дамуына үлес қосып, әділет-шапағатың мол болып, оның бейнетін жеңілдету – адамзатты сүю, мұның ішінде ұлтын, отанын сүю де жатыр. «Әділет – барша ізгіліктің анасы» (Абай). Бұларды сүйген адам ихсанға, тақуалыққа жетті деп қарастырса болады.

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.

5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?

– «Ақырзаман жақындағанда адамның адамшылығы бұзылады» деген түсінік бар. Бірақ сол ақырзаманды адамдардың өзі жақындатады. Құдайдан алыстаған сайын бұзыламыз, ақырзаманға жақындаймыз. Құдай жоқ болса, адамды адастыратын Сайтан жоқ, Құдайдың Заңы жұмыс істемейтін жерде адамның шектеулі ақылынан шыққан заңдар қолданыла бастайды. Археологиялық зерттеулер Израиль жерінен Содом мен Гоморраның орнын тапты және олардың шынымен өртенгенін дәлелдеді. Яғни адамзат толығымен Құдайдан безгенде зауал келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нан жеткен хадис: «Бір кісіден: «Адамдар бұзылып кетті», – деген сөзді естісең, біліп қой: сол адамның өзі бұзылған», – депті. Бұдан түсінгеніміз заман адамдардың іс-қарекетіне, ниет-пиғылдарына байланысты. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі». (Абай). Заманның қандай болатыны біздің өзімізге, өзіміз құрған қоғамға, Құдайшылығымызға байланысты.