Елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейінгі бірнеше айға созылған үзілістен соң алғашқы премьерасын көрермен назарына ұсынды. Жыл келгендей жаңалықтың жаршысы болған қойылым қазақтың ардақты тұлғасы Құнанбай Өскенбайұлының сахнадағы көркем бейнесін жаңаша қырынан ашуға бағытталды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, авторы – Таласбек Әсемқұлов.
«Абайдың шыққан биігі – Құнанбайдың иығы» деген ел арасында жақсы бір сөз бар. Алайда Алашқа Абайдай алыпты сыйлаған таутұлғаның қайраткерлігі түрлі саяси себептер астарында көмескіленіп, ел үшін сіңірген ересен еңбегі ұзақ уақыт бойы өзінің тарихи әділетті бағасын алмай келді. Олай дейтініміз, ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі бізге тұлғаның шынайы бейнесін бүркемелеп, әділетсіз, қатыгез, зорлықшыл озбырдың сыр-сипатын беріп, жалпы қайраткер жайлы түсінігіміз сол негізде қалыптасты емес пе?!
Араға сандаған жылдар салып, тұлға бейнесін жаңаша қырынан тануға бағытталған соны талпыныстар бүгінде Құнанбай қажыға деген бұрынғы түсінік-танымды түбегейлі өзгертті. Оның айқын айғағы – жазушы Таласбек Әсемқұлов киносценарийі негізінде Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов 2015 жылы түсірген «Құнанбай» тарихи драмасы болса, міне сол ізденіс іздері үзілмей араға тура алты жыл уақыт салып театр сахнасы арқылы және бір соны сараптауларға ұласып жатқандығы көңілге есепсіз қуаныш сыйлағаны сөзсіз.
Рас, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма
театры ұжымының Абай, Абылай хан, Кенесары, Зере, Шоқан, Әміре, Сәкен, Мұқағали, Фариза сынды тұлғалар табиғатын сөйлетудегі бай тәжірибесі Құнанбайдың көркемдік әлемін ашуда да сүрінбейтіндігіне сендік. Алайда «Біртуар Таласбек Әсемқұловтың әлдеқашан кино тілінде сөйлеп, көрерменіне кеңінен танылып үлгерген белгілі киносценарийін сахнаға әкелу қаншалықты ұтымды болар екен?» деген күмәннің де көңілде қылаң бере қалғаны жасырын емес. Ол күдікті біз ғана емес, режиссердің өзі де сезініп, жаңа қойылымға үлкен тәуекелмен кірісіпті.
– Бұл «Құнанбай» – менің көруімдегі, режиссерлік төл тануымдағы Құнанбай. Әу баста шығарманы алғанда әлбетте күмән болды. Өйткені Таласбек Әсемқұлов ағамыздың киносценарийі бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын фильм түсіріліп, көрерменнің бағасын да әлдеқашан алып үлгерді емес пе? Енді сол дүниені сахнаға шығарып қандай жаңалық әкеле аламын деп ойладым. Сондықтан болар, аталған материалды театр актері Ерлан Малаевтың 50 жылдық мерейтойына орай әріптестердің ұсынысымен оқуға кіріскеніммен, сценарий спектакльге айналып кетеді-ау деген ой-құлшыныс менде мүлдем болған жоқ. Тек белгілі туындыны тағы бір мәрте оқып, жақынырақ танысып, ойланып көрейін дедім. Бірақ шығарманы қолға алғанда Құнанбайдың абақтыға түсетін эпизоды, ондағы бас кейіпкердің ішкі жан дүниесінде өтетін өзгерістер мені қатты толқытты. Осы негізде спектакль жасағым келді. Яғни қаһарымен маңайын қалтыратқан Құнанбайдың түрмеде өткен бір жарым жылдағы түсінігіндегі түбегейлі төңкеріс, рухани кемелдену жолына бастаған гуманистік ойы жаңаша бір қойылымға сұранып тұрғанын түсіндім, – дейді спектакль режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Иә, күллі Тобықтыға пір болған Құнанбай қажының өмір тағылымы һәм ұстанымы қай кезде де өзінің турашылдығымен, әділеттілігімен құнды, бағалы. Оны Ахат Шәкәрімұлының естелігіндегі Құнанбайдың немересі Шәкәрімге айтатын мына бір ақыл-өсиетінен де айқын аңғаруға болады: «Мен абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» – дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сырттан келіп жағаласпады. Ішімнен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң да, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет! – деп, құлағыма құя беретін дейтін Шәкәрім», деп жазады естелік авторы.
Бұл үзіндіден Құнанбай қажының әуел бастан-ақ алдына ұлы мұрат қойып, әділеттің жолына ерте түскен, алды-артын, алыс-жақынын айқын болжай білген көрген һәм кемеңгер келбетін, аса соқталы тұлғалық болмысын аңғаруға болады. Демек, Құнанбай табиғатына тек сыртқы факторлар мен маңайындағы адамдардың, сыртқы күштердің әрекеті мен пікірі негізінде баға беруден гөрі, тұлғаның қатпарға толы күрделі болмысын өзінің ішкі арпалысы, толқынысты ойлары арқылы сараптау әлдеқайда ұтымды қадам болар еді. Осыны негізге алған режиссер сахнада сәтті ізденіс көрсетеді. Біздегі кино, театр әлеміндегі көп қайталанатын үрдістей – кино нұсқаны айна-қатесіз сахнаға көшіріп алмай, ойлы туындыдан режиссер өзінің соны сүрлеуін табуға ұмтылады, тың формалық сараптауға барады. Осы жағынан келгенде Құнанбайдың сахнадағы портреті қарапайым адами һәм пендеуи тұрғыда барынша сәтті ашылды деуге болады.
Ал енді актерлік ізденіске келсек, бұл жағынан таласты сұрақ та, көрермен ретінде қабылдауға қиындау олқылықтар да кездескендігін атап өтуге тиіспіз. Басты рөлдегі екі құрамда ойнаған қос актер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев пен Нартай Сауданбекұлының Құнанбай бейнесін сараптаудағы ізденістері тұлға табиғатын тану тұрғысынан да, типтік бейне бояуын берудегі ізденісі жағынан да бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленгенімен, алайда қос сахнагер ойынынан естеліктерден оқып таныған қажы, болыс, тұлға, қайраткер Құнанбайдың мысы мен тереңдігін, өкінішке қарай, көре алмадық. Әсіресе, бұл жағы Ерлан Малаев ойынында тіпті солғын. Басқаны айтпағанда, қарапайым ғана антропологиялық һәм типтік бейне ұқсастығы жағынан да актер Ерлан Малаев бейнесі Құнанбай болмысынан көп алшақ. Әлбетте, бұл заманда ол дәуірдің Құнанбайын көрген ешкім қалған жоқ дерсіз. Әйтсе де, театрға келген бес қазақтың кемінде үшеуі «Абай жолын» оқыды емес пе?! Сондағы Құнанбайдың кескіндемесін, жалпы тұлғаның бар болмысын ойша көз алдыңызға әкелткізетін мына суреттеуді оқудың өзі-ақ кейіпкердің жалпы бейнесін айқын көрсетіп тұрған жоқ па?! Ендеше, алысқа бармай-ақ, көңілде жатталып қалған сол үзіндіні еске түсіріп көрейікші:
«...Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор дауысында ыза мен зіл бар... Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлейді», деп суреттейді Мұхтар Әуезов.
Ендеше, театрға келген көрермен ең әуелі осы ұқсастықты іздері анық. Біз де сөйттік. Сыртқы ұқсастықты айтпағанда, жалпы актер Ерланның сахналық характерін, актерлік амплуасын жіті танитын көзі қарақты көрермен кесек рөл актердің оң жамбасына келмегенін, яғни Құнанбайдың Ерланды аздап «жатырқағанын» бірден байқайды. Керісінше, дайындық уақытының тым қысқа болғанына қарамастан небәрі 15 күннің ішінде күрделі бейненің кілтін табуға ұмтылған актер Нартай Сауданбекұлы ойынындағы бірді-екілі кемшілікті ескермегенде, сахнагер сараптауынан жалпы табысты ізденіс іздерін көре алдық. Ұзақ уақыт үзілістен соң сахна төріне қайта шыққан әртіс ойынында кейіпкеріне деген шексіз сүйіспеншілікпен бірге қалың көрерменіне бағытталған сағыныштың ыстық лебі де айқын сезіліп тұрды.
– «Құласаң – нардан құла» дейді ғой. Құнанбай рөлінде бағымды сынап көрсем деп режиссерге ұсынысты өзім айтқаныммен, рөлді алған соң оның жауапкершілігін сезініп, қатты қобалжыдым. Бірақ «шешінген судан тайынбас» демекші, бірден дайындыққа кірістім. Тура мағынасында күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмыттым. Құнанбай – мен үшін асу бермес асқар болды. Алайда бұл қиындықты қалай да жеңуім керек еді. Өйткені бізде, қазақ театрларында фактурасы келіскен, бойы ұзын, алып актерлердің үлкен трагедиясы бар. Оларды режиссерлер кілең ұр да жық батыр, балуандардың, қара күштің иесі ретінде көрінетін бір пландағы рөлдерге салады. Менің де осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерімнің көпшілігі Балуан Шолақ бастаған алып күш иелерінің адуын бейнелері екен. Осы қағиданы бұзғым келді. Актер ретінде көрерменіме өзімді ойлы, ойлантатын бейнеде көрсетуді көкседім. Кезінде Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде Құнанбайдың көмекшісінің рөлін ойнағанмын. Сонда жүріп Құнанбай бойы ұзын, иығы киіз үйдің уығына тиіп тұратын алып кісі болған деген дерек естідім. Кейін өзім үшін ізденіп, Құнанбай жайлы қызықты деректерге кезіктім. Осының бәрі маған дайындық барысында көмекке келді, – дейді актер Нартай Сауданбекұлы сомдаған кейіпкері туралы толғанып.
Иә, Құнанбай – күрделі бейне. Бұған тәуекел ету кез келген сахнагерге қол емес. Әйтсе де алда кездесер қиындықтардың жауапкершілігін сезініп, батыл іске кіріскен труппа еңбегі шын мәнінде құрметке лайық. Осы тұрғыда қойылымды музыкамен көркемдеген Олжас Жақыпбек, сценограф – Қанат Мақсұтов, костюмдер бойынша суретші Шынар Елембаеваның жұмыстарын айрықша атап өткіміз келеді. Тек бір ғана мәселе – жарық қоюшы мамандар жарық қоюда әлі де жан-жақты ізденсе деген тілегіміз бар. Өйткені қойылым бойы бірыңғай күңгірт бояуға арқа сүйеу – спектакль динамикасын тежеп, қойылымның бірсыдырғы сипат алуына әсер еткені анық. Осындай азды-көпті кемшіліктерді ескермегенде, жалпы жан-жағы теп-тегіс, оқиғасы ширыққан, мазмұны жұмыр шыққан жақсы қойылымның куәсі болдық. Ақыш Омар, Жанат Шайкина, Жанқалдыбек Төленбаев, Кеңес Нұрланов, Сырым Қашқабаев, Жәнібек Мұсаев, Қуандық Қыстықбаев, Нұркен Өтеуілов, Асхат Сұлтан, Жанат Оспанов, Олжас Жақыпбек, Шах-Мұрат Ордабаев, Жасұлан Ерболат, Нұрсұлтан Есен бастаған актерлер ізденісіне риза көңілмен көрерменге қосылып біз де толассыз қол соқтық, өнерлі ұжымға шексіз ықыласымызды арнадық. «Құнанбай» – қазақ театр қоржынына қосылған кесек туынды.
Назерке Жұмабай
Егемен Қазақстан