АБАЙ МЕШІТІ

Ұлыстың ұлы күнінде  Семей қаласында Абай Құнанбайұлы мешіті салтанатты түрде ашылды. 
Зәулім мешіттің іргетасы 2008 жылы қаланғанымен, әртүрлі себептермен құрылысы тоқтап қалған. Араға он жыл салып, киелі мекеннің төл перзенті Дулат Тастекеевтің, дәлірек айтқанда Тастекеевтер әулетінің бастамасымен мешіт құрылысы қайтадан қолға алынды. Төрт мұнаралы имандылық ордасында бір уақытта 2500 адам құлшылық ете алады. Мұнаралардың биіктігі 37 метр. 
Ірілердің ізі қалған қарт Семейдегі мешіттің ашылу салтанатына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты. 

Салтанатты шара барысында сөз алған «TAS GROUP» компаниясының негізін қалаушы және басқарушысы, кәсіпкер Дулат Тұрсынұлы: «Қазақта «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар. Құрылыс барысында береке мен бірлік тамырының тереңде екеніне көзіміз анық жетті. Қолынан келсе бір кірпішін қалап, құрылысшыларға сусынын, түскі асын әкеліп, тіпті бір күн келіп тегін еңбек етейін, сауап жинайын, ынтымақтың үлгісін көрсетейін деген жандардан бастап, көлемді де қомақты қолғабыс жасаған азаматтардың саны 300-ден асты. Әрқайсысының есімін мақтанышпен айта аламын. Міне, бұл жұмылсақ жұдырық екенімізге дәлел. Үлесін қосқан әр азаматқа, қолдау білдірген баршаңызға шын ниетпен алғыс білдіріп, басымды иемін» деді.

КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов: «Семей – ұлы жер, киелі жер. Сондықтан арнайы келіп, мінәжат етіп, бас июіміз – біздің міндетіміз. Сөзіміз қабыл болып, ел аман болсын. Елге бақыт тілеймін!» деген жүрекжарды сөзін жеткізді.

Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар ­Шаханов: «Тұтастыра білген рух пен шын­дық арасын, Бар қазақтың мақ­танышы Семей, сен ұлы қаласың» деп басталатын «Абайдың рухына тағзым» атты өлеңін оқып, жиналған жұртты бір серпілтті.

Айтыстың жанашыры, ақын Жүрсін Ерман: «Құрылыс жұмыстарын аяқтап, халыққа табыстап отырған Тастекеевтер әулетінің атасы Құлбай ақсақал кезінде:

Арыз жаздым Қонаев,

Иманға келіп тұрайық.

Ақсуат пен Екпінде,

Бір-бір мешіт салайық, – деп Д.Қонаевқа хат жазып, сол сөзі үшін қудалауға түскен. Ұрпақтары сол аманатты орындап, Екпінде, Ақсуатта мешіт салып берді. Ұзақ уақыт үнсіз қалған Семейдегі ғажайып мешітті мойындарына алып, абыроймен аяқтап отыр. Абай атындағы бұл мешіт Семей жеріндегі руханияттың тірегі болсын деп тілеймін» деп баталы сөз айтты.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқар­ма­сының төрағасы, Бас мүфти ­Наурызбай қажы Тағанұлы, Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Несіпбек Айтұлы мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, кәсіпкер Тұрсын Тастекеев және т.б. ыстық лебіздерін жеткізсе, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев ән әуелетіп, күйші Секен Тұрысбеков күмбірлеген күймен көпшілікті бірден баурап алды.

Жақсылық пен жақсылық тұспа-тұс келіп, қуанышқа қуаныш қосылып дәл осы сапарымызда Қарауылда Құнанбай мешіті, Шәкір Әбеновтің туған жері Құндыздыда Байтөлек қажы мешіті де халықтың игілігіне пайдалануға берілді.

Деректерге сүйенсек, 1836 жылы негізі қаланған Тыныбай Кәукенов атындағы мінәжат орыны Семей қаласындағы ежелгі мешіттің бірі болып есептеледі. Іргетасы тастан, қалған бөлігі ағаштан тұрғызылған мешітті сол өңірге танымал көпес Тыныбай Кәукенов өз қаражатына салған. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де жамағат жиі жиналатын мешіттен Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылыққа аттанған екен.

Ал 1862 жылы Сүлейменов, Әбдешов, Рафиков және Халитов есімді жергілікті ауқаттылардың бастамасымен ағаштан қаланған Семейдегі екі мұнаралы орталық мешіт сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады. Кезінде мұнда өрт болып, жергілікті мұсылмандардың өтінішімен 1897 жылы В.Халитов оны қалпына келтірген. Кірпіштен қаланған мешіт соғыс жылдарында қойма ретінде пайдаланылған. 1995 жылы хакім Абайдың 150 жыл толуына орай Абай Құнан­байұлы құлшылық еткен мешіт қайта жөндеуден өтіп, есігін айқара ашты. Бүгінде бұл мешіт ХVII ғасырда өмір сүрген қазақтың беделді биі Әнет баба Кішікұлы есімімен аталады.

Талай тарихи оқиғаның куәсі болған қарт Семейдің тынысы өзіне тартатын бір тылсым күш бар. Еңлік-Кебек, Абай, Шәкәрім мазарларына арнайы соғып, құран бағыштадық. Ұлылар мәңгілік тыныс тапқан мекенге табанымыз тигеніне мың мәрте шүкіршілік етіп, келген жолымызбен кері қайттық.

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»