Болат ЖҮНІСБЕКОВ: ЖЫРЛАРЫ АБАЙДЫҢ, ЖАНАЗЫҒЫМ

Хәкім Абай «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» деп,қадір-қасиетін пайымдатқанжарық дүние есігін 1958 жылдың 28 мамырында, яғни қазыналы ит жылы ашыппын.Туған жерім Семей облысы (қазіргі ШҚО) Шұбартау ауданының (қазіргі Аякөз) Мәдениет ауылы. Бұл - жаһандық екінші алапат қырғыннан кейін ел-жұрттың кәдімгідей есін жиып, еңсе тіктеген шағы екен. Жоғары білімді ауыл шаруашылық маманы Мақашев Шаймағамбет Оразбекұлы менжағрафия пәнінің мұғалімі Жүнісбекова Күліш Жүнісбекқызының жанұясында өмірге келіп, атам Жүнісбек пен апам Қалияның бауырында емін-еркін өстім.Қара шаңырақтағы осы еркеліктің ауылы ұлы ақын елі - Абай ауданының орталығы Қарауылдағы Абай атындағы мектептің табалдырығынан аттаған 1965 жылы алыстай берді. Жайшылықта берік қорған, аялы алақандай көрінетін атам мен апам оқуға келгенде мені танымай қалатынды шығарды. Соның арқасы болар, шұрайлы өңір Шұбартаудың төрі - Баршатастағы қазақ орта мектебінің қабырғасынан студенттік өмір табалдырығына алтын медальмен қадам бастым.Ғұлама Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» романынан танымал Бақанас өзенінің алтын құм, асыл жағалауындағы Қызылтас, Биік жар, Айдынкөл, Патшатақ, Баршатас секілді шағаласы айдынға шаншылып, балығы тулаған саялы бөктерлері сол балалық шақтың тәтті естелігіндей санамда сайрап жатыр.

Абай Құнанбайұлы суретінің авторы – Нұрбұлан Өтепбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі

 

Отбасындағы тәлім-тәрбие, орта мектептегі оқу мен білім жалғанға келген «қонақтың»  өмір сапарында өсіп-ержетуінің іргетасы. Бірақ,ол үнемі «кетігін тауып, кірпіш боп қаланып», жетіліп отыруды қажет етеді.Ұлы ақын өсиетіндей, «білмекке құмарлықтың» оянатын кезі де осы тұстан, балауса  балалық пен желкілдеген жасөспірім шақтан басталса керек. Сондықтан жазиралы жастық кезеңнің бір белесі өткен және кейінгі өмірімде құтты мекеніме айналған әсем Алматының орны ерекше. Мәңгілік ақ тымағының ұшасын бұлт шалған, шырайы асқақ шаһардағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіндебілім нәрімен сусындадым. Әсіресе,қазақ журналистикасының абыз ақсақалы Амандосов Тауман Салықбайұлы секілді  іргелі ғалым-ұстаздардан,ұлы ақын аманатындай, «үйренуге тоймаудың» қасиетін шым-шымдап болса да санама тоқыдым. Диплом жұмысын «Мұхтар ӘуезовтіңҰлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикасы» тақырыбында үздік қорғап, университетке жұмысқа шақырылдым. Алайда, қалада пәтер жалдап, ассистентретінде «қолбалаға айналу» көңіліме қонбаған.

Еңбек жолынСемей облыстық "Семей таңы" газетінде әдеби қызметкерліктен бастадым.Бұл қазақ баспасөзі қарлығаштарының санатына жататын, бастауында Ыдырыс Мұстамбаев секілді алаш арысы, алғашқы абайтанушылардың бірі тұрған танымал ұжым еді. Сондай-ақ, бұл мемлекет және қоғам қайраткері Ырысхан Мұсаұлының   жиырма жылға жуық білікті басшылығының арқасында газеттің Ұлы Абай елінің тыныс-тіршілігінің  айнасына айналып, сол тұста бүкіл республикадағы белді басылымдардың бірі ретінде абыройы асқан кезі болатын.Алғашқыда жазуымның «кібіртігі» жаныма батқанымен,Нариман Оспанов пен Сиязбек Рахимов секілді тәлімгерлерімнің арқасында жұмысқа тез төселдім. Ал, бас редактор болудың әрбір жас тілшінің арманы екені түсінікті. Бірақ, партиялық басылымға басшы болу үшін жоғары партиялық білім қажет еді. Міне, хәкім Абай жырлары мегзейтіндей, өмірдің – өнер ғана емес, ережесі бар «ойын» екенін, бірақ оны ойыншыққа айналдыруға болмайтынын  түйсіне бастауым да осы кезең.

Дегенмен, ұлы ақынның«Алланы сүй, адамды сүй және әділетті бол» деген өсиетін толық ұғу үшін маған әлі де ертерек еді.Оған құдайдан қорықпаған қоғамның атеистік насихаты да жол бере қоймайтын. Қалия апамның бес уақыт намазын оқып, кейбіреуге «құдайдан қорықпайды жазған» деп ренжіп отыратын мінезінің байыбына баруым да одан көп кейін, әрине. Алайда, адамға деген құрмет сезімінің бойыма, ең алдымен, белгілі қайраткер Шаймағанбет әкемнің ел-жұртқа, қарапайым еңбек адамдарына деген қамқор көңілінен қонғаны ақиқат. «Басында әке айтпаса, ақыл-жарлық»- демей ме, хәкім Абай! Отбасында қалыптасқан осы әділетшілдік сезімі «Семей таңындағы» ағаларымның үлгі-өнегесі арқылы терең тамырлана берді. Басшымыз Ырысхан Мұсаұлыныңбұрыннан жақсы білетін ағайын-туысқа емес, маған сенім артуының арқасында Алматы жоғары партия мектебін үздік бітіріп шықтым. Тіпті, қайраткер ағаныңөз орынбасары, семейліктерге сыйлы азамат Исаханов Ілияс аға арқылы бірінші курстан соң газетке жауапты хатшы лауазымына шақырғаны да әрқашан жадымда.

Партия мектебінен кейін Ырысхан аға, тағы да рухани әкесі Абайдың әділет жолымен,мені отыз екі жасымда,1990 жылы бас редактордың орынбасары етіп тағайындады. Бұл шешімге редакция алқасымүшелерінің үш үміткердің арасынан маған бірауыздан дауыс бергені де әділет тағылымы болатын.  Аталмыш шешімге  «неге бұлай?» деп, редакция ұжымындағы ағаларымның ешқайсысы да күмән келтірмегеніне сенімдімін және әділеттен аттай салатындар көбейген заманда мұны қалайша ұмытарсың! Әйгілі романда Құнанбай бабамызмойындайтындай, «адамның артықшылығының кейде оның кемшілігіне де айналатын» тұсым да осы болса керек. Адамды сүюдің ең басты талабы  – әділетті болу ғой.Еріксіз таңқаламын: өз баласы дегенде жанын беруге әзір кейбіреудің басқаның тап сондай баласына келгенде, жақсы көрмей-ақ қойсын, қырына алуының жөні қайсы!? Немесе жалпы адам баласын сүю былай тұрмақ, туған қазағын руға жіктеп, қайтадан бағзы замандағы жабайымақұлықтардай«үңгірге қашатындар» ше?!

Семейдегі он жыл журналистік қызметтен соң, қаламгерлік жолым Алматыда, сол тұстағы республика Жоғарғы Кеңесінің газеті "Халық Кеңесінде" жалғасты. Бұл - Кеңестер Одағы дейтін қызыл империяның күйреп, Тәуелсіздік туы желбірген шақ еді. Көрнекті жазушы-журналист Сарбас Ақтаев басқаратын газеттің өз оқырманымен алғашқы жүздесуінен бастап-ақ ел іздеп оқитын басылымға айналғанын жұртшылық күні-бүгінге шейін ризашылықпенеске алады. Газеттің "Билік" бөлімінің редакторы әрі алқа мүшесі ретінде жаңа заман, тәуелсіздік рухында жазған«Жаңа адам – жанды адам ба еді?», "Тәуелсіздік - ұзақ көш", "Өзенді бұру", "Терістеуді терістеу", "Баспайдасыз баспайды", «Жаңа тарих қазақ жерінен басталды», «Қазақ байы кім болған?», «Кавказға тыныштық тілеген қазақ...» деген және басқа туындыларым  оқырманын таптығой деп ойлаймын.Алайда, өзімнің сүйікті өрісім – газеттегі қызметімнен баспана қиындығына байланысты қол үзуіме тура келген.

Сөйтіп, 1992 жылы мемлекеттік қызметке, Алматы қалалық әкімдігіне ұлт қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің кезінде келіп, он жеті жыл табан аудармай,баспасөз хатшысы, Тіл басқармасы басшысының орынбасары, Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары, Ішкі саясат департаментінің директоры қызметтерін атқардым. Соның ішінде Алматының ішкі саясатына бас-көз болған он бір жылдың «қызығы мен шыжығы» әрқашан жадымда.  Қаламымды қолымнантүсірмей жүріп, 1993 жылы Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлығының лауреаты атандым.Қала әкімдігінде өз басым әділетсіздік көрмесем де, қолынан ештеңе келмейтіндерге, тіпті үйренуге құлқы жоқтарғадеген қара жермен шана сүйрегендей «қамқорлықтың» жиірек куәсі болдым. Сондай орашолақтарды орындарына қоямын, үйретемін немесе талап етемін деп, кейбіреудің ызғарына ілігетін кездерім деаз емес.Тіпті,қала әкімінің орынбасарлары түсінбегенде (идеология саласында ғана жетеуімен жұмыс жасаппын) бір емес, үш мәрте өтініш жазып, басшылық қызметті тастап кете жаздауым да сол жастай көрген әділет ұстанымынан болса керек.

Ұлттық намыс қайраған, тіпті «жылы орнымнан» айрылуыма әкеліп соқтыратын шешімдеріме кезіндегі әріптес азаматтардың әлеуметтік желілердегі пікірлері дәлел бола алады. Соның бір парасы - Алматының іргетасы қалануының 150 жылдығы деген дабыра болса, екіншісі - «Алма-Ата» десек әуендетіп, құлаққа жағымды естіледі»деген даңғазаға байланысты еді. Өкінішке қарай, көрнекті ғалым Қозыбаев Манаш ағамен бірнеше мәрте кеңесе келе, сол кездегі әкімнің орынбасары Ақан Бижановтың атынан басшымызға жазған Алматының мың жылдығын атап өту туралы жазбаша ұсынысымыз (мұрағатта болса керек) елеусіз қала берген. Қазір сол әділет талабының жиырма жылдан соң ғана жүзеге асып, Алматы мың жасаған шаһар атанғанының куәсіміз. Сол жылдары Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен өтетін ұлы тұлғалар ескерткіштерін ашу шараларына талай мәрте жауапты болғанымды мақтан етемін. Атап айтқанда, Тәуелсіздік монументі, Абылайхан, Әлия мен Мәншүк, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтпаев ескерткіштерінің ашылуының дайындық жұмыстары  күні кешегідей көз алдымда.

Ал, 1998 жылы Астананың тұсаукесерінеорай басталып, торқалы тойға жалғасатын Алматы қаласының мәдениеті мен өнері күндерінебасты жауапты Алматыда қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Бүкенов болса, үйлестіруші штабтыңАстанадағы жетекшісі ретінде мен бекітіліген едім. Осы қатпары көпжұмыстың қорытындысы бойынша алған «Астана» мерейтойлық медалінің қатарына кейін Астананың 10 және 20 жылдық, сондай-ақ Тәуелсіздік пен Қазақстан Конституциясының, Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлық медальдары қосылды. Тұңғыш Президентіміздің алғыс хатына бірнеше мәрте ие болып, Алматы мен Астана қаласы әкімдерінің, Мәдениет министрінің грамоталары жігерімді жани түскені даусыз.Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Абай шаңырағында  "Құрмет" орденін кеудеме тағып,  мемлекетіміздің одан басқа он шақты медалімен марапатталғанымды, республикамыздың "Мәдениет саласының үздігі" екенімді мақтан етемін.

Кейініректе дәм тартып, Астанада  Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР» мемориалды мұражай-кешенінің директорылауазымын үш жарым жылдай атқардым. «АЛЖИР» музейінде «Абайдың қуғын сұргін көрген ұрпақтары экспозициясын Семейдегі Абай музейіндегі әріптестермен біріге отырып аштым. Сондай-ақ, елге жасалғанқасақана зұлматтың аталмышЗерде орталығындағы жаңадан ашылған саябақ пен «Желтоқсан» аллеясында, көлемі 18 шаршы метрлік «Көз жасы» стелласында, тұтқындар отырған барак пен ондағы «Балаларды аналарынан айыру» панорамасындағықолтаңбам айқын. Бұған қоса күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде кезінде асығыс салынған музей ғимаратының сырты гранитпен толық қапталып, екі сатылы іргетасықұрылыс талаптарына сай құйылды. «Алаш-АЛЖИР» екі томдық жинағы мен «Елбасының бастамасымен ашылған еді» музей экспонаттарының каталогы және лагерь тұтқындарының естеліктері топтастырылған«АЛЖИР. Қорқынышты түстей» 20-40 баспа табақтық кітаптар да (әрқайсысы 1 мың данадан) өмір жолында қалдырған айшықты іздерім болса керек.

Сәтімен сабақталғантірлік сапары өзім үшін, дегенмен 2015 жылы жаңаша жаңғырғандай болды десем артық емес. Сол жылдың күзінде туған жерім Семейде - Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік музей-қорығының директоры қызметіне кірістім. Керегесінің бір қанаты- 580 шақырымға, екінішісі- 270 шақырымға жайылып, сегіз музейдің басын қосқан киелі шаңырақтағы ұлы ақынға қызмет өмірімнің ең бір мәнді де мәуелі кезеңі ретінде есімде сақталады. Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына2015 жылдың қараша айынан бастап, 2019 жылдың мамырына шейін үш жарым жылдай басшылық жасаған екенмін. Қазақтың қай жері болса да қымбат дейтұрғанмен, атамекен, туған жердің орны ерекше екеніне дау бар ма? Ұлы ақынның сұлу да терең махаббатының айғағындай,қыздарымызды үкілегеннұрлы есім иесі – Тоғжан атты бойжеткенмен де  қол ұстасып, шаңырақ көтергеніміз де осы Семей. Қазір жан жарым Тоғжан Баянқызы екеуіміз ұл мен қыз өсіріп, он шақты  немере қуанышына бөленген ата мен әжеміз.

Ұлы ақын шаңырағы отбасының жұмыла атқарған жұмысының арқасында ұлы ақынның 175 жылдығына дайындықты музей ұжымы 2016 жылдың қаңтарынан бастап қолға алдық. Мәдениет және спорт министрінің атына сол қаңтар мен ақпан айларында-ақ,төрт жарым жылдан соң атап өтілетін тойға әзірлікке байланысты бірнеше хат  жіберілді. Жалпы, мұндай жазбаша ұсыныстардың саны жиырмадан асты және олар негізінен басшылық тарапынан қолдау тауып та отырды.Сайып келгенде, музейдің Бас мұражай, Ахмет-Риза мешіт-медресесі және «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» секілді бірнеше ғимаратына республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер мәртебесі берілді. «Қазақстан темір жолының» басшылығына жазған хатымыздың нәтижесінде «Астана –Защита» пойызы жолаушыларға «Абай жолы» деген атпен қызмет көрсете бастады. Ақын жырлары жаназығыма айналып, жүрегімнің төрінен мәңгілікке орын алды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 2016 жылғы ақпан айында «Абай арманы» экспозициялық залы ашылды. Сол ақпан айында Семейдіңұлы ақын атындағы қазақ музыкалы драма театрында аса көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығы салтанатты түрде ашылып,  кейін ғалым ағаның тойы республика бойынша атап өтілгені мәлім. Тағы сол 2016 жылдың жазында Жидебайға Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Қ. Мәсімовтің келуі де жұмыста тың серпіліс туғызды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К. Ахметовтің басшылығымен Жидебайда ауқымды көріктендіру жұмыстары жүзеге асты. Біз өз тарапымыздан Абайдың музей-үйіндегі жиырмаға жуық көрме сөрелерін жаңаладық. Осындағы Қызмет көрсету орталығында да жөндеу жүргізіліп, кейбір жел жоқта дауыл туғызуға бейім шенеуніктердің ығырына шыдап, мәртебелі қонақты лайықты қарсы алдық.

Абай музейіне басшылық жасаған жылдарымда, ақын шаңырағының ғимараттарын көріктендіріп, аулаларын көгалдандыру жұмыстарына баса көңіл бөлдім деп айта аламын.Музей бөлімдерінің айналасына жүздеген ағаш пен гүл егіліп, Семейдегі бас мұражай аумағында елуден астам шырша мен қарағай көшеттері тамыр салып, жайқалып өсуде.Абайдың інісі Оспанға әкесі еншіге берген қасиетті мекендегі Құнанбай құдығының көзі аршылып, оның іші мен сырты таспен өріліп, айналасы өрнектітемірмен қоршалды. Бұған қоса оған және музей-үйдің айналасындағы тағы бір нысанға жаз бойы су басып, келушілер бара алмайтын бұрынғы құдықтың материалдары есебінен бетонды көтерме  жолдар тартылды. Жидебайдағы қызметшілерді мүмкіндігінше от пен күлден құтқару мақсатында жылу жүйесі ішінара электрге қосылды.«Шәкәрімнің саят қорасы»музейінің кіреберіс бөлмесі ақынның 160 жылдығына орай жаңадан салынды. Сөйтіп, жазда аптапқа айналып, қыста пана болмайтын пластиктің орны түгел тастан қаланып, жылу жүйесі іске қосылды. Осы және кейінгі атқарылатын жұмыстың бәрі де Жидебайдағы 10-15 азаматтың өз күшімен және мемлекеттен бір тиын ақша алмай атқарылды. Соған орай қорықтың шөбін шауып алғаны үшін музейдің есеп-шотына арнайы ақша аударған немесе ата әруағына деп тегін қолғабыс жасаған «Ақшың» корпорациясының президенті Марат  Құрманбаев сынды азаматтарды ризашылықпен еске аламын.

Әсіресе, Алаш автономиясының 100 жылдығы және М. Әуезовтің 120 жылдығы мен Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы атап өтілген 2017 жыл есте қаларлықтай болды. Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің жөндеу жұмыстарынтендер бойынша жеңіп алған «пысықтар» тізгінді қыса ұстаудың арқасында ғана жұмысты аяқтап шыға алды. Осы екі қабатты ғимараттың соңғы он шақты жылдабос жатқан бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда Абай түсіп жүрген үй жабдығысол заманның дүние-мүлкіменқалпына келтірілді. Облыс әкімі келіп, журналистерге сұхбат бергендежұмысымызды оң бағалады. «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейін жөндеуден үнемделген және демеушілердің түскен ақшаға Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлы музейінде от жағатын темір пешіне шейін ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Соның арқасында бұрынғы екі көрме залына тағы екі зал қосылып, оның ауқымы екі есеге ұлғайды. Әйгілі Әсет ақын өмірінің Қытайдағы кезеңі біршама қамтылды.

Осындай жұмыстарСемейдегі бас музей ғимаратында да жүзеге асты. Абайдың 170 жылдығына сәйкес  музейдің мәртебелі қонақтарға арналған экскурсия орамы жөнделгенімен, өзгесі тозыңқырап тұр екен. Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтар келушілер кіреберісі жағынан да, қызметтік қанатында да ойқы-шойқы жатқан. Ұжым қызметкерлері тыным таппай жұмыс жасады десем, артық емес. Тіпті, директордың, яғни өз кабинетімдегі кілемшелер музейдің кіреберістеріне жайылды. Мұны көріп бірінші орынбасарым да осыны жасады. Бейнебақылау экраны басшының үстелінен күзетшілердің алдына ауыстырылды. Бұл, әлбетте тек  бастамасы ғана еді... Осы жылдарда ғимараттың ішінде жаңа айтқан «Абай арманы» залынан басқа бос тұрған бөлікте «Абайдың ән-күй мұрасы»,  «Шырайлы Шыңғыстау» бөлімдері жаңадан құрылымдалып,  музей қорындағы суреттерден 150-дей сурет қоя отырып «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылды. Сол сияқты жаңадан «Абай жолы», «Қайым Мұхамедханов», «Ұлы дала ұлағаты» көрме залдары ұйымдастырылды. Абай оқыған Ахмет-Риза мешіт-медресесінің бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі ашылып, онда көркемсөз оқу мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасай бастады. Қала мектептерінің сурет пен қолөнер дүниелерінің көрмелерін өткізу дәстүрге айналды. Ғылыми кітапхананың жиырмаға жуық кітап сөресі темірден жасалған жаңаларымен алмастырылды.

Әсіресе, музей жәдігерлерініңқорсақтам орындарын қағып-сілкіп, оның аумағы жаңадан қосылған үш бөлме есебінен әлдеқайда кеңейе түсті. Кезінде өлкетану музейіне Абай тапсырып, Қайым аға ақын шаңырағына алғызған (оның 22-сін түгендедік) дүниелерден бастап, бірқатар жәдігерлерге реставрация жасалды. Мәселен, Жидебайдағы ақынның музей-үйіндегі Абайдың үш ішекті домбырасына шек тартылып, тиек салынды және үкі тағылды. Әсіресе, ақынның жер үстелдегіпротез тісін қою үшін биіктігі бір метрдей болатын арнайы сөре жасатып, аса бағалы жәдігер шаңырақтың төріне шықты.Бас мұражайда қағаз затты жәдігерлер үшін төбесінен су кетпейтін арнайы орын жабдықталып, ізденушінің жұмыс жасауына жағдай жасалды. Министрлікке жазылған хаттардың нәтижесінде 20 млн. ақша бөлініп, Бас мұражайдыңәбден тозығы жеткен шатырына 2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы айтылған және басқа жұмыстар Абай музейінде және өзімде сақталған электронды әрі қағаз затты альбомдарды ашқанда санамда қайта жаңғырып, жаназығына айналған ақын жырлары мен Абай мұрасына қызмет еткен жылдарымды жадырай отырып еске алдым. Сөз орайында, Бас мұражайдың алдында биыл ашылған Абай мен оның ұлдарының ескерткіші туралы Қарауылдағы Құнанбай мен Абай және Шардағы Мұхтар Әуезов ескерткіштерінің авторы Нұрбол Қалиевпен әңгіме орынбасарым Нұрлан інімнің қатысуымен 2018 жылы басталғанын қанағат сезімімен атап айтар едім.

Ұлы ақын шаңырағында болған жылдарымның жеке шығармашылығымада жемісті әсер еткеніне орталық және жергілікті баспасөз беттері жарқын айғақ. Музей қызметкерлері әзірлеген «Абай туралы естеліктер» және балаларға арналған «Ата-анаға көз қуаныш» атты кітаптардың әрқайсысы бес мың дана тиражбен жарық көрді. Бұған қоса өз қаржымыз есебінен А. Әуезовтің «Мұхтардың балалық шағы» туындысынан бастап жергілікті ғалым және қаламгер азаматтардың оннан астам кітаптарын шығара алдық. Осылайша хәкім мұрасынан жаназығын таптым, тіпті кейбір қиындықтардан жеңіл өте алатындай қуат алдым десем, ағымнан жарылғаным. Абайды тану сапары мен үшін осыдан он бес жылдай бұрын басталған екен. Айталық, 2008 жылы ақын сәулесінің ұлағатындай, бір ғана әріппен  таңбаланған "У" атты роман-эссем («...Жақсы-жаман көргенің, Ойлай берсең У екен», "Мен ішпеген У бар ма?") жарық көрді. Кейін "отАсу" деген роман-дилогиям("Өмірдің алды - ыстық, арты–суық...") және"Шуақ" атты новеллалар мен әңгімелер жинағым оқырман қолына тиді. Олардағы Абай ұлағатынан түйген ойларымды «Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы», «Алдымен жырлағаны адам бақыты», «Өмір – өнер әрі ойын», «Абайтанудың арқатірегі», «Ақиқат ұшқыны: көңілсіз құлақ, кезеулі найза» деген тақырыптармен айшықтай алдым деп ойлаймын.

Сонымен қолымда қалам тұрғанда Абай өмірі мен шығармашылығы мен үшін мәңгі тақырып болып қала береді.Қазір өзім еңбек етіп жатқан Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы 175 жылдық мерейтойға арнап «Абай сәулесі» және «Абайдың ақын ұлдары» атты кітаптарымды жарыққа шығарды. Бұған қоса ұлы ақын туралы 6 мыңнан астам дерек көздері жинақталған «Абай библиографиясы менің көлемді алғысөзіммен ашылды. Алла жазса, жақын жылдарда оқырман қауымға ұлы ақын жайындағы роман-новелламды ұсыну ойымда бар.Сондықтан ақын шаңырағындағы барша әріптестеріме,аттарын атап бөле-жармадым, жаназығыма айналған ұлы Абай мұрасымен етене танысқан жылдарда қоян-қолтық еңбек еткеніміз үшін әрқашан разымын.

 

 

Болат Жүнісбеков,

ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі