Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Qazaqstan» ұлттық арнасында ұлы ойшыл өмірі мен өнегесін негізге алған «Абай» телехикаясының тұсаукесері болды. Бұл ақынға арналған алғашқы телевизиялық туынды. Қалың көрерменге жол тартқан бойда көпшіліктің көңілінен шықты. Оның себебі ақынның бозбала шағы, кемеліне жеткен және қарттық шағына қатар куә болдық. Байқасаңыздар, актерлердің басым көпшілігі тәжірибелі әрі белгілі тұлғалар. Ал бозбала Абайды сомдаған Әли Тұрсынхан небәрі 19 жаста. Жас актермен алғашқылардың бірі болып сұқбаттасқанмын. 8 жаста өнерге қадам басқан Әлидің дәл осы телехикаяға келуінің өзі тағдырдың жазғаны дерсің.
– Әли, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.
– Алматы қаласының тумасымын. Өнер – бала кезімнен арманым болды. Сол бір балалық шақтан-ақ халықтың сүйіктісі болғым келетін. Алматы қаласы А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептің түлегімін. Онда ұрмалы және үрмелі аспап сыныбын тәмәмдадым. Бос уақытымды барынша кітап оқып, спортпен айналысуға арнаймын. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып жатырмын.
– Өнер жолыңыз қашан және қандай туындыдан басталды?
– Ең алғаш 8 жасымда «Әнші болғым келеді» атты балаларға арналған комедиялық фильмде эпизодқа түстім. Одан кейін «Әпке» сериалының кастингінде бақ сынап, кастингтен сәтті өттім. Дәл осы сериалдан кейін, кастингтерге шақыра бастады. Бірқатар бағдарламадан да шақырту алдым. Бүгінге дейін «Біздің ағай», «Ақылдың кілті», «Балуан Шолақ», «Шабдалы 18» фильмдерінде ойнадым.
– Күні кеше ұлттық арнада «Абай» телехикаясының тұсаукесері болды. Аталған туындыда кемеңгер ойшылдың бозбала шағын сомдадыңыз. Осы рөлге қалай тап болдыңыз, таңдау неге сізге түсті?
– Меніңше, бұл маған берілген бақ. Шілде айында осы фильмнен шақырту келді. Сол сәтте ерекше қуандым. Өйткені, бұндай рөлді сомдау әрбір актердың арманы. Бірақ осы кезде «Шабдалы 18» сериалында ойнайтын рөлім болды. Абайдың рөлінен де бас тартқым келмеді. Содан «екі фильмді қатар алып жүремін» деп шештім. Ендігі мәселе образда. «Шабдалыда» менің шаш үлгім заманауи болуы керек. Ал Абайдың рөлі үшін шашымды алып тастау қажет еді. Режиссерлер қай туындыда ойнайтынымды сұрады. Шыны керек, бұндай қиын таңдау бұрын болмаған еді, әрі ешкімді ренжіткім келмеді. «Өздеріңіз шешіңіздер, мен екі рөлді де сомдауға дайынмын» дедім. Уақытымның тығыздығына байланысты «Абай» менен бас тартты. Осылайша «Шабдалыда» 1 ай көлемінде ойнадым. 1 айдан кейін маған «Абай» фильмінен хабарласты. «Әли, сізде «Шабдалыдан» кейін жоба бар ма, әлде боссыз ба?» деді. Мен бос екенімді айттым. «Олай болса, сіз ешқандай жобаны алмаңыз. Біз сізді алатын болдық», – деді. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, осы рөл маған бұйырып тұр екен. Меніңше бұл кездейсоқтық емес.
– Жас Абайды сомдау қаншалықты қиын болды?
– Басқа басқа, Абай-дың рөлін алып шығу жауапкершілікпен қатар, қажыр-қайратты талап етеді. Оның әрбір сөзін, мінез-құлқын, талабын халыққа жеткізу оңай емес және әр түсірілімнен кейін: «Дұрыс істедім бе? Абайдың сөзін, сол сәттегі ойын жеткізе алдым ба?» деп өзіме сұрақ қоятынмын. Қайткенмен, барымды салдым. Түсірілімдегі әрбір жан Абай өнегесін көрсетсек деген ниетпен жүрді. Халықтың көңілінен шықса, бұл ең үлкен жеңіс болар еді.
– Байқауымша, фильмдегі бозбала Абай тікмінезді. Әлде бұл сіздің мінезіңіз бе?
– Абай атамыз балалық шағынан бастап үлкен дауларға куә болды. Жан-жағындағылардың зұлымдығын, Қодардың өлімін, әкесінің қаталдығын көріп өскен Абай балалықпен ерте қоштасқан деп ойлаймын. Сондықтан бозбала Абайдың рөлін дәл осылай сомдағанды жөн көрдім.
– Кез келген оқырман «Абай жолы» романын оқығанда, әттең XIX ғасырға бір барып келсем деген қиялға ерік береді. Сіз түсірілім барысында сол замананың атмосферасын сезіне алдыңыз ба?
– Әрине, сезіндім. Әрбір декорация, киім үлгісі, қойылымдық техника сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін сезіндірді. Актер болғаннан кейін өзіңді сол замандамын деп сендіруің керек, сол дәуірге өзіңді және көрерменді сіңіру – басты мақсатқа айналуы тиіс.
– Осы рөліңіздегі қай көрініс сізді қамықтырды, қай көрініс ерекше ұнады?
– Иә, бұл өмірде болған оқиғадан алынған, шынайы сюжет негізінде құрылған туынды. Құнанбай Бөжейді сабаған сәтте, атпен шауып келіп, Бөжейге араша түсіп, Құнанбайға қарсы шыққандағы сахна ауыр болды. Ал ұнаған сахна –Тоғжанға деген махаббатын көрсетіп, образын аша алдым деп ойлаймын. Шыны керек, махаббатты көрсету оңай емес. Ол үшін өзің шынайы ғашық болып көруің керек. Сол сахнада өзімді барынша Тоғжанға ғашық қылуға тырыстым. Ғашықтық сезімі қосылғаннан кейін, осы сахна өз деңгейінде, әдемі шықты деп ойлаймын.
– Болашақта қандай жанрда, қандай рөлде өнер көрсеткіңіз келеді?
– Комедия және шытырман оқиғалы фильмдерде ойнасам деймін. Осы уақытқа дейін әділ және мейірімді рөлдерді сомдап келдім. Болашақта өзімді әділетсіз, қаралы, жағымсыз кейіпкердің рөлінде көргім келеді.
– Өмірде немесе өнерде үлгі тұтатын тұлғаңыз кім?
– Әр адам өзі актер болса актерға, әнші болса әншіге қарап бой түзейді. Менің кумирім – Леонардо Ди Каприо. Өйткені ол өзін бір образда ұстамайды. Әр образын әртүрлі жеткізе біледі.
– Актер болуды армандайтын балалар өте көп. Міндетті түрде осы салада білім алуы керек пе? Сізден кеңес болса...
– Актер болам десеңіз, әуелі, ұялу деген ұғымды алып тастау керек. Сахнада қысылып, ұялуға болмайды. Ал өмірде барынша қарапайым болу керек. Екіншіден, өзіңе сен. Өзіңе өзің сенбесең саған ешкім сенбейді. Үшіншіден, кітапқа көп көңіл бөл. Актер кітаптан алған білімімен образды ашады. Осы үш маңызды қағиданы ескерсе, ары қарай жеңіл болады. Меніңше нағыз актер болу үшін сол мамандықты оқыған дұрыс. Актер әрбір элементті үйренуі тиіс. Адам қанша жерден өнер адамы болса да, жұлдыз болса да, атағы жер жарып тұрса да қарапайым болса деймін. Егер ол қарапайым келбетінен айырылса, Алла оны
атақ-абыройынан айырады. Адамдардың бойындағы ұнатпайтын қасиеттерім де осы тәкәппарлық пен екіжүзділік.
– Сұқбатыңызға рақмет! Бүгін бала Абайды сомдасаңыз, болашақта дана Абайды сомдауыңызға тілектеспіз.
Жазира Бекболатова,
Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы.
Түркістан облысы
Шардара ауданы
«Ақ желкен» журналы