Абай неліктен «жұмбақ адам» болып қалуда?

(Абай бейнесіне жаңаша көзқарас қажеттігі жайлы ой-пікір)

Ұлы Абай неліктен «жұмбақ адам» болып қалуда? Себебі, кемелденуінің саты-сатылары ашықталған жоқ. Тіпті бұл дүниеден қалай баз кешкенін де анықтап болған жоқпыз. Әйтеуір, болжам, дақпырт көп, бірақ шыны қайсы, аңызы қайсы екенін айыру қиынға соғады. 

Баршаға аян, кешегі советтік дәуірде қайғы-қасірет шөктірген, мыңмен жалғыз алысқан Абай бейнесі қалыптасты. Ол – ұлт қамын ойлаған, сахнаға күрсініп, күңіреніп шығатын трагедиялық тұлға. Дұрыс-ақ. Бірақ  Аллаға жақындап, Оны жар еткен, басқаша айтқанда, дүние тіршілігі алдамшы екенін танып-біліп, оның қызығынан суынған, қайғы-қасіретіне бой алдырмаған Абай да бар емес пе. Кешегі атеистік заманның осы хакімдік деңгейдегі Абайды жатырқап, ол туралы тіпті ауыз аштырмағаны шындық емес пе. Адам баласы шынайы да тұрақты бақытқа тек Құдай жолына қадам басқанда бөленбек. Бұл – Яссауи бабамыздың «Диуани хикмет» кітабында анықталған, барша сопылық поэзияның классиктері қақсап айтқан аксиома-ақиқат. Ойлаймын, қазіргі таңда қазақ қоғамы ұлт ұстазы Абайға ғана емес, бүкіладамзаттық руханият шыңына шыққан Абайға да зәру.  

Сөйтіп, Абай бейнесі советтік дәуірдегідей тек трагедиялық қырынан сомдалуы керек пе, әлде Абай өмірінің соңғы хакімдік кезеңі, жаңағы суфизм іліміне сәйкес, ең сәулелі де бақытты шағы деп мойындалғаны жөн бе? 

Мақала мақсаты – осы жәйттің басын ашып, күрмеуін тарқатуға саяды.

Алдымен Абай өмірінің соңғы кезеңінде болған оқиға, құбылыстарды барлап көрмекпіз («жұмбақ жан» дегізетін ұлы өмірдің осы соңғы бөлігі).

Әйгілі «Сегіз аяқта» Абай: «Жалғыз қалдым – тап шыным!» деп халық үшін қайғырып, күйзеліске түседі. Алайда 1889 жылғы Абай мен кейінгі Абай бір емес. Ойлау жүйесіндегі өзгеріс, айырма зор! Мұны сонау 1920 жылдары татар ғалымы Абдрахман Сағди былайша ашықтап берген еді: «...Әуелде Аллаға онша жақын болмаған һәм көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1898 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жар етеді» («Абай» журналы, 1993, №6). Бұл әділетті пікірге ешкім таласа қоймас.

Өйткені, 1898 жыл дейміз-ау, тіпті онан үш жыл бұрын «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деп Алланы жар еткен  Абайды көреміз («Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңі). Бұл Абайдың жалғыздықпен қоштасқаны есепті.     «Дос кетті», «Сенісер адам таптық па?» немесе «Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты» дегендері жалғыздықтың мұң-зары емес. Бұлай десек жаңсақтыққа ұрынамыз. Айтайын дегенім, «жалғызбын» деген сөздің Абай лексикасынан ғайып болуы – ойлау жүйесі өзгеруінің көрінісі. 

Жоғарыда айтылғандай, дінімізде шынайы да тұрақты бақыт – адамның Аллаға жақындап, Оның дидарымен қауышуы. Абай 1899-1901 жылдары күрделі еңбегі «Тасдиқты» (қазіргіше 38-сөз) жазып шығады. Бұл – таза ғайыптың тілімен, яки сопылық тілімен жазылған шығарма. Аталмыш мұрада Абай хакімдерді: «... Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады», – деп сипаттаса, бұл өзіне де қатысты шындық. Жеке басының тәжірибесі,  жан әлемі рахат пен тыныштық тапқанының дәлелі.

Сөйтіп, өмірінің соңғы хакімдік деңгейінде Абай өзін шын бақытты жан сезінген деуге бейілміз. Өйткені, поэзиясынан, тұтастай алғанда, оптимистік рух еседі. 1895-1900 жылдарға қатысты естеліктерге көз жүгіртсек, жайдары мінезінен, көтеріңкі көңіл-күйінен айнымаған кемеңгерді көреміз. Қыр мен қалаға кезек жүріп-тұрғанының, рухани мәжілістерге белсене қатысқанының куәсі боламыз. Көңілі бір тынбай көп іздеген, биік деңгейде қауышатын сырлас досты орыс ақыны Лермонтовтан тапқанын да айта отырайық.  

Өкінішке қарай, өмірінің соңында жаны жай тапқан Абай емес, қайғыдан сынған, жүйкесі жұқарған Абай көзімізге елестейді. Оның өзіндік себептері бар. Айталық, баласы Мағауияның өлімінен соң, күйікке шыдай алмай науқастанып, қырық күн өткенде дүниеден баз кешті деген әңгіме кең таралды.  Шындығында ойшыл ақын екі бірдей дертке (гипертония және инсульт) ұшыраған. Өліміне тікелей себепкер осы екі дерттұғын.  

Осы пайымға дәлел-дәйектер алып, байыппен тоқталайық.

1897-1898 жылдың қысқы айлары Абайда әдеттегідей кітап оқуменен, таусыла ізденумен өтті. «Сократ хакімнің сөзі» деген пәлсапалық еңбегі  (қазіргіше 27-сөз) және Лермонтовтан аударған жеті өлеңі осының дәлелі.  Осылайша сәтті басталған жылдың орта тұсында алдан оқыс оқиға күткенін кім білген. Көршілес Мұқыр еліндегі сайлауға барған Абайды содырлар соққыға жықты. Сорақы оқиға мәнісін Тұрағұл былай деп жеткізеді: «Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай, жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді десіп,   уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп жанжал шығарыңдар деп жіберген. ...Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, «Абайды ұрдық!» деген атын көтеріп мұратына жетті». 

Абайдың кемеліне келіп, даңқы асқан, исі қазаққа мәшһүр болған шағында «сабалды» деген құлаққа түрпідей тиетін дақпырт сайын даланы шарлап кете барады.  Бақсақ, Абайда жүрек дерті осы айтылған Көшбике жайлауындағы оқиғадан пайда болған. Бұлай топшылауға осы жылдың күзінде жазылған өлеңі айқын дәлел. Оны ақын:

                        Ауру жүрек ақырын соғады жай,

                        Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

                        Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

                        Дөңбекшіген түндерде тынши алмай, – деп бастаған. Архив құжатынан еш кемдігі жоқ шумақтың. Неге десеңіз, ақын өзінің жүрек дертіне дәлді диагноз қойған. Медицина тілінде оны «жоғары қан қысымы» (гипертония) дейді. Өлеңдерінде Мұқыр оқиғасына шекті «ауру жүрек» тіркесі кездеспейді. Демек, 1898 жылдың соңында ұлы жүректің алғаш сыр бергенін аңғаруға болады. 

Аталмыш дерттің төркіні қайдан? Ақын екінші шумақта: «Қараңғы, саңырау қайғы ойды жеңген» деп бастап, әрі қарай: «Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп... Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп», «Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын... Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап» деп сыр ашады.

Сөйтіп, қайран жүрек дертті. Бірақ Абай оны жасырған, ешбір жанға сездірмеген. Өзгелер тұрмақ, балалары да, тіпті қолындағы келіні Кәмәлия (немересі Әубәкірдің әйелі) да бейхабар болған.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады» (Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 85-бет). 

Көрдіңіз бе, Абай: «Мен биыл өледі екем» деп сыр ашқан. Мағаш қазасынан бұрын айтқан сыр бұл. Демек, ойшыл жүрегі дерттілігін  бақылап, күтінумен жүрген (соңғы екі жылда қолға қалам алмағаны осының жанама дәлелі).  Кәмештің «ауырмай тұрып» дегенінен – Абай сырқатын іште тығып ұстағанын білдік. Инсульт алғанға шекті. Неге? Мұны ақынның өзі: «Кейде онысын (дертін) жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын» деп түсіндіреді («Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі). 

Сонымен, қиқар дертпен Абай алты жыл алысқан. Сақтанып-ақ баққан. Бірақ баласы Мағауия өлімі кезінде бақылау мүмкіндігі болмаған. Үш-төрт күн ұдайы «ой, бауырымдап» ағылған жүздеген адамды қабылдап, көрісуден қан қысымы қатты көтерілгені сөзсіз. Соның нәтижесінде мидағы тамырдың бірі зақымданған (мидағы қан айналымы бұзылуын медицинада «инсульт» дейді). Кенеттен инсульт алғанда адамның есі кіресілі-шығасылы болмақ. Мағаш мәйіті салынған арбаның алдында түсіп, жолды тастан тазартыпты-мыс деген әңгіменің төркіні, жиылған ел-жұрттың: «Абай да ет пен сүйектен жаралған, бала адамның бауыр еті, қайтсін енді» десіп мүсіркегені сол.

Сөйтіп, Абай біртүрлі түсініксіз күйге тап болғаны – Мағашты жерлеген күндері. Өстіп, «Абай науқас» деген сыбыр алғаш рет шықты.  Тұрағұл өзінің естелігінде: «Әкемнің өлеріндегі науқасы басталды» дейді (шешесі Әйгерім мен бір жасар ұлы Жебешті ертіп, Аралтөбеден Жидебайға келгенде айтқаны). Сынып, жүдеген Абай, әрине, тек тыныштықты қалаған. Кәкітай былай деп жазады: «Өзі бір түрлі сынып, жүдеп, елдің әне-міне деп уатамын деген сөзінен де аулақ жерде отырғысы келіп, ешнәрсеге араласпады». 

Көріп отырсыздар, қалың бұқара тұрмақ, туысы да Абай алты жыл қан қысымы дертімен (гипертония) алысқанынан хабарсыз болған. Сол сияқты енді ми инфаркті – инсультке шалдыққаны да бүркеулі қалған. Инсульт симптомдары: әлсіздіктің пайда болуы, қол-аяқтың ұюы, сөйлеудің бұзылуы мен тәбетсіздік десек, көзі көргендер осының бәрі Абайдың басында болғанын жыр ғып жеткізеді. Бірақ дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету ешкімнің ойына да келмеген. «Сырты дүрдей» Абайды айналасы науқас деуге қия алмаған сыңайлы. 

Тән саулығы сыр бергенінің жанама дәлелі – 1898 жылдың соңынан Абайда жүріс-тұрыс, жалпы қозғалыс азайған (денесі тез тола бастағаны сол).  Абайдың денесі ауырлағанын Шәугімбай, Өмірбек, Қатпа, Жарқынбай, Қорамжан сынды жалшы-малшы, көрші-қолаң «еріншектік иектеді», «семіздік басты» деп ұғады. Тұраштың өзі де: «Көбінесе үйде отырғандықтан ба, ...еріншектік ертерек иектеп, көп атқа мінуді азайтып, шау тартты» дейді. 

Жүрек соғуы әлсірегендігі мен қан қысымы тұрақсыздығы мазалап жүргенін ел қайдан білсін. Ауруы асқынбауына қарсы қолданған Абайдың екі айласы: бірі – әкесі Құнанбай құсап, ел жұмысынан іргесін аулақ салу, екіншісі – бар күшін шығармашылыққа сарп ету. Әсіресе, соңғы еңбегі – «Тасдиқты» жазу жанына рахат беріп, зор ләззат сыйлағанын жоғарыда айттық.

Тоғыз жыл бұрын Әбіші қайтқанда ақын «Шыдам бер, сабыр қылайын» деп өзін өзі тоқтатқан, жұбатқан дүр. Мағауия қазасы онан ауырлау тиді ме? Бұлай деуге негіз жоқ. Өйткені, Мағаш – елге танылып үлгерген, балалы-шағалы, екі әйелін екі ауыл ғып қондырған азамат. Көп жылғы ауруы жеңіп, төсекке таңылғанда қасында Абай айлап отырған. Халқымыз: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейді. Қайғы келсе қарсы тұру, өлім-жітімді Алла бұйрығы деп қабылдау – мұсылмандық шарты екені де аян. Сондықтан Абай өліміне тікелей себепкер – тек қана ми тамырының бұзылуы, яғни инсульт деп қабылдау көкейге қонымды қисын.

Сөйтіп, тексеріс нәтижесінде Абай қазасына нақты себепкер дерт екеу екендігі анықталып отыр: біріншісі – гипертония (1898 жылдан), екіншісі – инсульт (соңғы қырық күн мазалаған).  

Неліктен Абай бейнесі жаңаша сомдалуы керек? Осы мәселеге тағы бір оралайық. Ұлы ақын өлерінде айтқан алты жол өлең бар:

                                        Күнәйім көп Иллаһи,

                                        Кешіре гөр мұнымды.

                                        Барар басқа жерім жоқ,

                                        Ұсындым Хаққа мойнымды.

                                        Ата-анам едің қара жер,

                                        Аша гөр енді қойныңды.

Өмір соңында тәубеге келу – жүрек тазалығы. Бір Алла алдында өзін күнәлі санап, махаббат қыла алмадым деп өкіну, сол үшін Хақтан кешірім сұрау – бұлжымас сопылық қағида. Абайдың оны ұстануы заңдылық.

Бірақ осы жәйтке көңіл бөле алдық па? Меніңше, жоқ. Әзірге бетінде қалқумен келеміз. Мысалы: «Кенеттен науқасы басталған күні Абай әкесі Құнанбайдың моласының басына барып, «Мені ал!» деп зар қылыпты, Мағаштың сүйегіне тас батпасын деп мәйіт салынған арбаның алдына жаяу түсіп, жолды тазалапты» деген сияқты (шіркін, осы көріністі киноға түсірсек деп армандаушылар бар көрінеді). Ой, бәлі, бүгежектеп тас теріп, әлденені күбірлеп жүрген, яғни қайғы келгенде қарсы тұрмай, құлай салған қарияны «Мінеки, Абай» деп жар салсақ жараса ма? Жоқ, масқара боламыз.  «Өзіміз сияқты жұмыр басты пенде» деп біліп, Абайды мүсіркеу, сағы сынған, бақытсыз қалыпта сомдау –  адасқандық. Неге? Өйткені, ұлы Абай «хақты тапқан, әрбір нәрсенің себебін тапқан» адамзаттың рухани ұстазы – «шын хакім» (Мағжанның сөзі). Етектен қанша тартсақ та, әлем таныған тұлға пенделіктің құшағына құлай алмасы анық.

Қысқасы, ұлы Абай кемелдігін саты-сатылап анықтау – өмірі мен шығармашылығын дұрыс танып-білудің шарты. Иә, Абай жалғызсырап қайғырды, түңілді, қажыды. Бұл – әуелгі басқыштар. Бірақ кейінгі хакімдік деңгейдегі Абай Аллаға жақындап, өзін бақытты сезінген жан болғаны хақ. Өздеріңіз де куәсіздер, мақалада, міне, осы жәйтті жеткізуге күш салдық.

Қорытынды: Кешегі кеңестік цензура, идеология мен солақай саясат жағдайында қалыптасқан Абай бейнесі жаңғырғаны жөн. Енді ойшылдың кемелдік сатыларын ескеру, оның әр сатысында жаңаша көзқарасты ұстану маңызды. Хакім Абай – әлемдік ақыл-ойдың алыбы. Тек қазақтың ғана ұстазы емес. Таңғажайып тұлғамыз кім болғанын танып-біле алмай жүрген өзімізді мүсіркейік, ағайын.

Асан Омаров

Abai.kz