АБАЙДЫ ТАНУДЫҢ АУЫР ЖОЛЫ

Кеңестік дәуірде гуманитарлық ғылымдардың империяның отарлық сая­саты мен коммунистік-атеистік идеологиясына үнемі бейімделіп отыруына тура келді. Бейімделді дегенше шындық бұрмаланып, ақиқат айтылмай, ғылым жалғанданды дей беріңіз. Бірақ ондай ғылым да, оны жасап, қызығын халқы емес өзі көрген бейімделгіш ғалымдар да билеуші партияның кезеңдік көсемдерімен бірге уақыт шаңына көміліп қалғанын көріп отырмыз.

Ал ұлы Абайдың саясат тыйым сал­ған «көрінетін һәм көрінбейтін» тереңіне бойлап, сол тереңді қорғау жолында жеке басының мүддесі мұқалса да, ұлы шындыққа жасудай жасандылық жуыт­паған Мекемтас Мырзахметұлының еңбек­тері қазір қайта-қайта жарық көріп, үлкен бір арналы өзенге айналды.

Сонда бұл қандай еңбектер? Абай­тануға, жалпы қазақ филология ғылымына, қоғамтануға қосқан үлесі қаншалықты? Енді шамамыз жеткенше соны таратып кө­рейік. Реті келген жерде ғалымның отар­лық саясатқа бейімделмей қойған «қисық мінездері» туралы да айтармыз.

1961 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің ас­пирантурасына қабылданған 31 жасар жігітке академик Қажым Жұмалиев Абай мұ­раларының зерттелу жайын канди­дат­тық тақырып етіп бекітеді. Бұған дейін пединституттарда дәріс оқып, мақалалар да жазып көрініп жүрген Мекең әуелгіде еш­теңе бермей біраз жүріп алыпты. Сөйтіп бір күні ол жетекшісінің алдына Абай шығармаларының және ақын туралы жарық көрген барлық еңбектердің хронологиялық библиографиялық көрсет­кішін бір-ақ қояды. Қажекең бұған қатты қуанған. Өйткені бұл аспиранттың тікелей міндетіне жатпаса да ғылым үшін аса ке­ректі және сауабы мол жұмыс еді. Кейін ға­лым бұл жұмысын одан әрі жетілдіріп, тақы­рыптық көрсеткіш жасап шығады.

Көптомдықтың 5-томына топтастырған қазақ және орыс тілдеріндегі бұл еңбектері арқылы ғалым әу баста-ақ қандай істі қол­ға алса да іргетасын нық қалап, тиянақ­ты бастайтынын көрсеткен-ді. Сөйтіп ол өзі­нен кейінгілердің абайтануға кіретін жо­лын жеңілдетіп берді. Бұл кез келген ғалым­ның мінезі көтере бермейтін қасиет.

Ол осылай абайтануға қатысты дерек-ма­териалдарды түгендеп барып кіріскен-ді өзінің негізгі жұмысына.

Бұл материалдардың ішінде не жоқ дей­сің? Абайды Тобықтының ақыны ретін­де ғана көрген тар шеңбердегі та­ным­нан бастап, «қазақтың бас ақыны» деп бағалаған (Ә.Бөкейханов) еңбектер де болды олардың арасында. Олардан бө­лек Зейнелғабиден ибн Әміре, Кәкі­тай Ысқақұлы, Самат Әбішұлы, Сұл­тан­махмұт Торайғырұлы секілді қазақ­тың төңкеріске дейін қалыптасқан зиялы­ларының Абай мұрасын таратуға сіңірген ең­бектерін де атап өтіп, берген бағасын мон­шақ тізгендей түзіп шықты. Ал кеңес­тер билігі орнағаннан кейін ақын мұ­раларын тұрпайы социологиялық, ком­поративистік, формалистік танымдар тұрғысында талдаған сорақы сындарды да көп ұшыратты. Дегенмен шын асылды өзі асыл ғана таниды екен. Соншама сорақы пікір­лердің ішінен сабанның арасында жылтыраған инедей болып М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың сопылық сарын жайлы пікірлері оттай басылды көзіне. Бірақ бір қиыны мынау еді. Әлгі «Шешендер, қара тақтаға жазылып қалмаңдар!» деп ұрда-жық пікірлерді ұрандатқандар да қазақтың асылы атанып жүргендер еді. Олардың тегеурінін студент кезінде-ақ Қайым Мұхамедханов кандидаттық диссертация қорғағанына қатысып сезінген Мекемтас. Ақыры Қайым сол диссертациясы үшін 25 жылға сотталып кеткен-ді. Сол «асылдардың» біразының өзі, енді бірсыпырасының әлі де көзі жүрген. Сондықтан ғалымдар ғылыми еңбектерін солардың қас-қабағына қарап «қой да аман, қасқыр да тоқ» етіп жазатын.

Бірақ Мекемтас олай еткісі келмеді. Ешкімге тура тартпай, ештеңені бұрма­ла­май ағын ақ, қарасын қара етіп көрсетуді жөн көрді. Бұл ойына жетекшісі Қажым Жұ­малиев те қарсы болған жоқ. Сөйтіп М.Мырзахметұлының «Абай әдеби мұра­сының зерттелу жайы» туралы диссерта­циясы да қатты пікірталас тудырып, же­тек­ші­сінің үлкен беделінің арқасында әупірім­мен қорғалды (1965 ж. 12 ақпан).

Содан бері қанша жылдар өтсе де бұл жұмысын ғалымның өзі және шәкірттері үз­бей толықтырып, жетілдіріп келеді. Со­ның нәтижесінде сала екі арнаға түс­ті. Бірін­шісі – «Абайтану» тарихы да, екін­шісі – «Абай мұрасының зерттелу кезең­дері». Соңғысын ғалым Әуезовке дейінгі және Әуезов кезеңі, сондай-ақ Әуезовтен кейін­гі деп үшке бөледі. Біз жалпы бағдар бер­­ген бұл еңбектердің бәрі бірінші томда жинақ­талған.

Абайтануды және Абай мұраларының зерт­теуін жүйелеп алғаннан кейін ғалымға ұлы ақынның ислам шығысымен байланысын тікелей зерттеуіне жол ашылғандай бол­ды. Жалпы, бұл арман оған студент ке­зінде Абайдың айналасы туралы Қайым Мұхамедханов диссертация қорғағанда-ақ ұялаған еді. Бірақ марқұм Мұқаң көзі тірі­сінде «жолың болмайды» деп мақұлдай қой­мады. Ал жетекшісі Қажым Жұмалиев бол­са, алдымен өзіңе дейінгілердің не тын­дырғанын зерттеп алсаңшы деп тағы басқа арнаға бұрып жіберді. Ол кез­де Мекемтас бұл тақырыптың аса қауіп­ті екенін, оны қозғаған Мұхтар Әуезов­тің өзі Мәскеуді сағалап кеткенін, ал Әуел­бек Қоңыратбаевтың Қызылордаға жылыс­тағанын білген жоқ-ты. Мұның бәрі 1949 жылы қабылданған СОКП ОК-нің космополитизм туралы қаулысының лаңы болатын. Ол қаулыға салсаң кеңестік (іс жүзінде орыстық) мәдениеттен ауытқығанның бәрі космополит, яғни шығыстың немесе батыстың буржуазиялық мәдениетіне табынушы, насихаттаушы болып шыға келеді. Аталмыш құжаттың уыты әлі де қай­та қоймаса да Әуезов музей-үйіне ғы­лыми қызметкер болып орналасқан Мекем­тас бұл тақырыпқа тәуекел етуге бе­кінеді. Өйткені оған Абай­дың шығы­сы­на Әуезов арқылы ену мүмкіндігі ту­ды. Міне, оның кабинетінің қасындағы бөл­меде ұлы жазушының 600 папка архиві жа­тыр. Қаулыға, әркімнің қабағына қарап жал­тақ­тасаң алдырмайды ондағы алтынға айырбастай алмас ойлар. Ал кіріп, ұлы жазушының Абайдың шығысы туралы қағазға түсіргендерінің ізіне түссе, «тәуе­кел түбі – желқайық» өте шығар өзі­не дейінгілерді қайырлатқан қиын өткелден.

Архив ақтару үстінде ол Мұхаңның да сан түрлі саясатқа сайлап айтқан, жазған немесе емеурін ғана танытып қоя салған тұс­тары бар екенін байқады. Байқады да бұл кезде нені оқыса да жазылған дәуірінің идеологиясы мен саясатын зерттеп барып бағалауды үйренген Мекемтас мәтіннің астарлы ойын айнытпай аңғаруға тырыс­ты. Содан да зерттеушінің қаламынан арада саясаты сан құбылған қаншама жыл­дар өтсе де уақыт сынына төтеп беріп, қазақ және орыс тілдерінде қайта-қайта жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проб­лемалары» атты іргелі еңбегі туды (2,3,4,6 томдар).

Бұл монографияның қазақ филология ғы­лымына салған олжасы мол болды. Ең алдымен ол жазушы Әуезовті ғалым ретінде ашты. Ғалым болғанда Абай өмір­баянын жасаушы, мұрасын жинаушы, өлеңдерінің текстологі екенін дәлелдеді. Сонымен бірге Әуезовтің пікірін алдыға сала отырып Абай ақындығының үш қай­нар көзі (ұлт мәдениеті, ислам шығысы, ба­тыс өркениеті) ішінде осы уақытқа дейін тыйым салынып келген ислам шығы­сының ақынға әсерін бұлтартпас дәлел­дермен батыл ашты бұл еңбекте. Оған ұлы жазушының Абай Шығысқа арқасын нық тіреп барып бетін батысқа бұрған деген пі­кірі тірек болды.

Бірақ Абай орыс және орыс әкелген батыс мәдениетінің жемісі деп шегеленіп қал­ған шетін ұғымды Хрущевтің «жылы­мығы» мен Брежневтің Қазақстанға бүй­рек бұруы да бұза алған жоқ еді ол кезде. Докторлық диссертация үшін жазылған бұл еңбек алдымен кафедрада, яғни кіші ғылыми кеңесте талқыланды. Ондағылар ис­лам шығысына қатысты тараулары дис­сертацияның ең осал жері, авторы дінге, философияға бекер кірген деген пікірлер айтып, еңбектің бұл тарауларын алып тас­тауын талап етті. Бірақ Мекемтас Абай­дың ұлылығын ашатын тараулардан бас тарт­қанша ғылым докторы болмай-ақ қояйын, деп ол ұсынысты қабылдамады.

Сөйтіп бұл қорғау отарлық жүйе тәр­биелеген кеңестік қазақ филологиясы­ның ғалымдары бұл кезде Абайды түсіне ала­тын деңгейде емес екендігін көрсетті. Осы еңбегін жазуға шағатай, бізден гөрі дінге жақын қазіргі өзбек, түрік, әзер­бай­жан, татар тілдерін, сондай-ақ араб гра­фикасын үйреніп, Құран Кәрім мен оның тәпсірлерін әлденеше рет оқыған Мекем­тас Абай ілімінің ақылдан гөрі жүрекке басымдық беретін мешаюин мектебінен тарағанын індетіп, оның шығыстың басқа ойшылдарымен де үндестігін көре алған кезі болатын.

Сондықтан ғалым Абай еңбектерінде кездесетін ғұламалар мен ғылыми және діни терминдерге түсінік жазып, алдымен осы мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзін Абайға дайындап алу қажеттігін түсінді. Әйтпесе, хауас жәуанмәртлік, иманигүл, мутакалимин, мантикин тәрізді Абай іліміне апарар ағымдардың өзінен хабарсыз құдайсыз қоғамның жемісі еді олар. «Абай және шығыс» (4 т), «Абай және сопылық ілім» (4 т), «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» (8 т), «Абай лұғаты» (10 т) тәрізді еңбектер содан кейін пайда болды.

Бұл еңбектер жалғыз әдебиетшілерді ғана емес, гуманитарлық ғылымдардың көп­теген саланың жастарын қызық­тыр­ды. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқ­­саныншы жылдары жастардың қа­тар­­дағы ғылым кандидатының төңіре­гіне үйірсектеуінің тағы бір сыры – Мырзах­метұлының отарлық саясаттың зардаптарын ашып көрсететін өткір мақалалар жаза бас­тауынан да еді. Өкініштісі, кеңестік кезеңде ол еңбектерінің ілуде біреуі ғана жарық көрді. Әрі сол жариялаған азаматтар да М.Мырзахметұлының өзімен бірдей, бәлкім тіпті артық тәуекелге барды. Мәселен, «М.Әуезов және абайтану проблемалары» атты атышулы монографиясын Ғылым академиясының ғалым-хат­шысы Зәки Ахметов «өзім редакторы боламын, жөндеймін, қысқартамын» деп уәде беріп, «Ғылым» баспасының редакциялық коллегиясынан өткізіп жі­берді. Бірақ қысқартпай жариялады.
(1983 ж.). Ал «Ванновка атауының сыры неде?» деген мақаласын («Оңтүстік Қазақ­стан» 11 қаңтар 1983 ж.) жазушы Мархабат Байғұт бар жауапкершілікті мойнына алып жариялапты. Ғалымның «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген көлемді еңбегін ешқандай редактор қабылдамай қойған. Тек, «Қазақ әдебиетінің» бас редак­торлығына жазушы Төлен Әбдіков кел­­ген соң ғана тақырыбы өзгертіліп, бө­ліп-бөліп жарияланыпты (7, 8, 9 т).

Алайда мұндай редакторлар да санаулы еді ол кезде. Мәселен, қаншама ұрпақ халқымызды ұшпаққа шығарғысы келген ағартушы деп оқып келген Ильминский, Алекторов, Остроумовтардың қазақ жерін отарлап, елін одан әрі шоқындыруды мақсат еткен отарлық жоба-жоспарлардың авторы әрі жүзеге асырушы миссионерлер болғанын бұлтартпас архив деректері арқылы дәлелдеп бергенімен баспасөзде жария­лау мүмкін болмай тек студенттерге ауызша айтып берумен шектелген кездері де болды.

Бұл еңбектерінде де Мекемтасқа тән та­­ғы бір мінез жатыр. Ол Абайды зерт­те­­генде философияға, дінге кіріп кете­тіні сияқты отарлаудың зардабын ашу мәсе­лесінде де менікі-сенікі деп тұрмай тарих және тіл ғылымдарының да өрісіне еніп кетіп отырды. Соның арқасында қазақ же­рінде болған барлық басқыншылық соғыс­тарды талдап, олардың тілімізде және санамызда қалған іздерін айқындады. Хал­қымыз үш алапат иірімге жұтылмай аман қалған екен. Олар: қытай, араб-парсы және орыс-еуропа иірімдері. Сондай-ақ сол бас­қын­шылықтардан тілімізде жеті қатпар қа­лып­ты. Олар: қытайлық, парсылық, грек­тік, арабтық, моңғолдық, қалмақтық, орыстық (еуропалық) қабаттар.

Ғалымның бұл еңбектерінің  (7, 8, 9 тт.) ұлт алдындағы маңызы орасан зор. Өйт­кені ол сонау сексенінші жылдары егемен­дікке ұмтылған халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіріп, ұлттың рухын көтеруге қызмет етті. Әлі де қызмет ете бермек.

Сол жылдары баспасөз М.Мырзахмет­ұлынан бірнеше сұхбат алды, өзі де үз­бей мақалалар жазды (7, 8 т). Олардың басты тақырыбы Абай және ел тағдыры деуге болады. Ғалым өзімен қатар жүрген көптеген әріптесі мен ақын-жазушы туралы да ойларын ортаға салыпты. Солардың бірі «Хақаңмен сырласу» деп аталады. (7 т.147-2005 б.). Бұл мақаладан ұлт үшін басын бәйгеге тіккен Қайым Мұхамедхановпен ішкі үндестіктерін, сырластықтарын ғана емес, сонау кеңес заманының өзінде-ақ түбі бір ақталады деген сеніммен Алаш арыстарының еңбек­терін астыртын баспаға әзірлеу жөніндегі әрекет­терін де көруге болады.

Мекемтас ағаға үнемі осындай ұлы мақ­сат­тар маза бермей жүретініне таныс-біліс болған жиырма жыл әбден көзім­ді жеткізді. Түркістан, Тараз универ­ситет­терінде жұмыс істеп жүргенінде Әл-Фара­би, Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Дулати, Бауыр­жан Момышұлы мұраларын зерт­теу­ге ден қойды ол. Сонымен қатар шә­кірт­­терімен бірге Түрік халықтары әде­­биетінің тарихын, хрестоматиясын, бағ­дар­­ламасы мен библиографиялық көр­сеткішіне дейін жасап шықты. Қазақ әдебиетінің тарихын бір мың жеті жүз жылға тереңдетіп, оны қайта дәуірледі. Кири­ллицаның түбі ауысатынын болжап, түркінің ежелгі сына және латын жазуларын зерттетті шәкірттеріне. Мұның бәрі түптеп келгенде абайтануға да қыз­мет етті. Өйткені бұл зерттеулер Абай хал­қы­мыздың оған дейінгі ақыл-ойының жиынтығы, синтезі, ал Абайдан кейінгі ақыл-ой ұлы ақыннан бастау алатынын одан әрі дәлелдей түсті. Оны дәлелдеген сайын  ғалым Абай ақыл-ойының шыңына бір табан жақындай берді.

Ол ақынның толық адам ілімін осылай ашты. Қырық бір жасында жазған «Интер­нат­та оқып жүр» (1886 ж.) өлеңіндегі адам­ның бес дұшпанынан және бес асық ісінен сыздықтап шығатын саналы жараты­лыстың ұлы миссиясы туралы ой­лары «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» (1888 ж.), «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895 ж.), «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» (1895 ж.), «Алла деген сөз жеңіл» (1897 ж.), «Жүректе қайрат болмаса» (1898 ж.), «Алланың өзі рас, сөзі де рас» (1902 ж.) және басқа өлеңдері мен қа­ра сөздеріндегі ойларын қуалай отырып, ғалым мұның бәрі жай ақындық сезімдер емес, санаға сіңімді, жүрекке қонымды болуы үшін сезіммен жырланған белгілі бір ілім екенін жүлгелеп шығарды. Толық адам ілімінің үш тұғыры бар екен. Олар ислам шығысының Хауас (Абайда үш түрлі мағынада қолданылады: біріншісі – адам­ның сыртқы бес, ішкі бес сезімдері, екіншісі – Алланың он сипаты, үшіншісі – Алла тағала мағынасында), Иманигүл (үш сүю: Алланы, адамзатты және әділетті сүю) және жәуәнмәртлік (ізгілікті үш қасиет: ақыл, рахым, әділет) ұғымдары.

Осы үш тағанды жанының азығы еткен жұмыр басты пенде кемелдене келе адамгер­шіліктің ең биік көрінісі болып табылатын ізгілік пен қайырымдылықты өзінің басты қасиеті ете алады екен. Түрлі терминдерге толы Абай өлеңдері мен қара сөздерінен кемелденудің көп сатылы жолын қарапайым оқырманға аңғару қиын, әрине. Ал Мекемтас Мырзахметұлының бұл еңбегі ақын өлеңдерінің сіздің көкіре­гіңізде шырақтай жануына үлкен септігін тигі­зетін бірден-бір құрал.

Ғалым еңбегінің халқымыз үшін аса ма­ңызды тағы бір ғылыми тұжырымы бар. Оның мәнісі мынада. Кеңестік-ком­мунистік жүйе біздің санамызға Абайды орыс мәдениетінің жемісі деп сіңіріп кел­ді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін «Абай­ларың құнды болса, қазаққа ғана құнды, ол әлемдік деңгейде ешкім емес» деген пікір­лер айтылып қалып жүр. Мекемтас Мырзах­метұлы осындай «жаптым жала, жақ­тым күйе» пікірлердің бәрін жоққа шыға­рып, Абайдың әлем ойшылдары арасында өзіндік орны бар екенін орнықты дәлелдермен көрсетіп берді. Қалай дейсіз ғой, айтайық. Толық адам ілімі аспаннан түсе салған батпан құйрық емес, әрине. Ол, Жаратушының саналы жаратылысқа берген қасиеті ретінде ұрық шашып, дамып жетілді. Міне, сол түп-тамырды іздеген ғалым ізгілік пен қайырымдылық туралы ілімнің қытайлық Конфуцийден (б.з.д. 551-449 ж.) «Жэнь», яғни, «адамды сүю» түрінде, ал Тұранның Ұлы би­леу­шісі Алып Ер Тоңадан (б.з.д. VII ғ.) «Ақи немесе жомарттық» түрінде бас­тау алатынын анықтады. Содан кейін әл-­Фарабидің «Парасатты адам» (Х ғ.), Жү­сіп Баласағұнидің жәуәнмәртлік (ХІ ғ.),­ Ясауидің «Хәл» (ХІІ ғ.), Абайдың «То­лық адам» (ХІХ ғ. соңы), Шәкәрімнің «Ар»
(ХХ ғ. басы) ілімі түрінде тербеліпті бұл ілім ұлы Тұран даласында.

Бірақ Абай бұл ілімдерді ешқандай да көшіруші, қайталаушы емес. Қайта одан әрі дамытып, жетілдіріп өз ілімін жасаушы екенін дәлелдеп берді Мырзахметұлы. Мәселен, Алланың сегіз сипатының іші­нен «ғылым» мен «құдіретті» бірікті­ріп «ақыл» деп алыпты Абай. Осы біріктіруі­нің арқасында ақын «ақылды» өте биік сатыға қояды. Дегенмен дүниенің «көрін­бей­тін бөлігіне» келгенде сезімнің жөні бөлек екен. «Ақылмен Хауас бар­лығын, біл­мейдүр, жүрек сезедүр» деген ақынның жан­тану ілімін кванттық физика ашқан жаңа дүниетаным арқылы ғана танып-бі­луге болады дейді ғалым.

Абай жәуәнмәртлік ілімін де сол қал­пын­да қабылдамаған.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – деп рахым мен әділетті жүрекке сыйды­рып, оған қайратты қосады. Әрі оларға «Ыстық», «Нұрлы», «Жылы» деген анықтамалар береді.

Сөйтіп туғаннан пайда болатын екі құмарлықтың ішсем, жесем дегенін емес, білсем, көрсем дегенін дамытып­ ба­­рып жоғарыдағы қасиеттерге ие бол­ған жұмыр басты пенде толық адам дең­гейіне көтеріледі екен. Ол деңгей­лер­­дің де пәленбай сатылары бар. Мекем­тас Мырзахметұлының еңбектерін бас­шы­лыққа алған адам оларды ақын шығар­маларынан оңай табады.

Бір сөзбен айтқанда, М.Мырзахмет­ұлы­ның «Абайтануы» ұлы ақын жұмба­ғын аша­тын кілт.

Айтылуға тиіс енді бір мәселе бар. Мен сөзімді әуелде отарлық саясат пен идео­логия жалған ғылым жасауға да мәжбүр­легенінен бастаған едім. Ал сол зор­лыққа көнбей жасалған шынайы ғы­лым – құнарлы топырақ сияқты болады екен. Оған түскен дән тез өніп, мол жеміс береді. Демек, шынайы ғылымнан ғана ғы­лыми мектеп туады. Абайтанудағы Мекемтас Мырзахметұлының мектебі бұл күнде шынында мәуелі баққа айналды. Ұлы Тұран даласында тербелген адамгершілік ілімінің Абайға келіп жинақталып, қорытылып, одан бергісі ұлы ақыннан бастау алып жатқанын ға­лымның шәкірттері тереңдете зерттеу үс­тінде. Ал Мекемтас Мырзахметұлының өзін бір ғана қазақтың ұлттық Абай атын­дағы педагогикалық университетінде жұ­мыс істейді дей қою қиын. Қай жерде ұлы идеяларды жүзеге асыруға мүм­кін­дік бар, Мырзахметұлы сол жерде. Ұлттық академиямыздың Әдебиет және Өнер институтында, Шымкенттегі Әуе­зов атындағы, Тараздағы Дулати атын­дағы университеттерде де Мекемтас Мыр­­захметұлының ғылыми жобаларымен көптеген шәкірті жұмыс істеп жатыр. Ұлы ақынның Отаны Семей универ­ситетіне, басқа өңірлерге де ат басын бұрып тұрады. Өйткені бәрінде де оның шәкірттері, олар айналысып жатқан жұмыс­тар бар.

Сол шәкірттерінің алғашқылары елі­мізге белгілі қаламгер ғалымдар Қой­шығара Салғарин мен Тұрсын Жұртбай әлдеқашан «сақалы шығып, жат болып» кетті. Қойшығара тарихтан, Тұрсын болса «Абай және әлем ойшылдары», «Абай және Алаш арыстары» деген тақырыптарды әрі алып әкетті. Одан берідегі Дулатидің «Тарих-и-Рашидиі» мен исі қазаққа, әсіресе Таразға қатысты көптеген әдебиет­ті парсы тілінен қазақшалап, Абай және парсы, араб ақындары туралы ғылы­ми монография­лар жазған Ислам Жеме­ней, Шығыс Түркістан халықтары әде­биетінен (қазақ және ұйғыр) диссертация, қытай архивтері негізінде Түркеш қаға­наты туралы монография жазған Әлім­ғазы Дәулетхан, «Абай қарасөзінің жанр­лық, стильдік ерекшеліктерін» ашқан Жабал Шойымбет, Абай мен Жүсіп Бала­сағұн байланыстары, сондай-ақ «Адам­гершілік ілімі және хакім Абай» сияқты іргелі еңбектер берген Мақсат Әліп­хан, «Абайтанудың Әуезовтен кейінгі кезе­ңін» жазып шыққан Рахат Саламатова, «Абай және Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау» атты еңбекті еңсерген Талғат Ербай, «Ұлыстық әдебиеттен ұлт­тық әдебиетке дейін» шолып шыққан Иман­ғазы Нұрахметұлы бастаған тізімді одан әрі жал­ғастыра беруге болады.

Бұрын ғалым кеңестік философтарды Абайды материалист еткені және еуроцентризмнен арыла алмай жүргені үшін сынайтын. Ал осы он томдықта тұңғыш рет философ Ғарифолла Есім­нің еңбектерінен үзінділер алып, өз пікір­леріне тірек етіпті. Демек, бұл салада да сең жүрді деген сөз.

Бұл мысалдардың бәрі абайтануда Мекем­тас Мырзахметұлы мектебі әлдеқа­шан қалыптасқанын, мынау он томдық сол мектептің негізгі мәйегі, құнары, ал сол құнар­дан нәр алған шәкірттерінің сан тарау­л­ы еңбектері Мырзахметұлы мектебі­нің жемістері екенін әбден дәлелдейді. Ғалым­ның ауыр жолы осылай сара жолға айналды.

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы