АБАЙ ЕҢБЕКТЕРІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕ
ABAY ESERLERİ TÜRK DİLLERİNDE
ABAY'S WORKS IN TURKIC LANGUAGES
(Бұл мақала "Түрклад" Халықаралық түркі тілдері зерттеулері журналының 2020, 4/2 санынан алынды)
Аңдатпа
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 30 мамыр, 2019 ж.Жарлығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Үкімет қаулысы қабылданып, еліміз беналыс-жақын шет елдермен қоса Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ)тарапынан да атап өтілгені мәлім. Мақаламызда қазақхалқының ұлы ойшыл-ақыны Абай шығармаларының шет елдерде, оның ішінде бауырлас түркі елдеріндегізерттеулеріне, еңбектерінің аударма нұсқаларына шолу жасалған.Кеңес Одағы дәуірінде біршама қағажу қалған бұлсала соңғы уақыттарда жандана түсуімен бірқатар олқылау тұстарының да бар екендігіне сілтеме жасалған. Абайтұлғасы мен шығармашылығын ғасырлар бойы үзілмей өміршеңдігін сақтап қалған жалпытүркілік аспектідеқарау, көршілес және Анадолы түркі халықтарының арасындағы гуманитарлық байланыстыңтарихилығы мен ортақтықастарына мән беру сияқты өзекті мәселелер қамтылған. Абай шығармашылығының Орта Азия түркі тілдерімен қосататар-башқұрт, азербайжан және түрік тілдеріндегі әртүрлі нысан мен мазмұндағы аударма еңбектері туралы мәлімет берілген.
Кілт сөздер: Абай өлеңдері, Кеңес Одағы, түркітану, Анадолы, Қазан, Қырым,
жалпытүркілік гуманитарлық кеңістік, кітаби тіл, жазба тіл.
...Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді [1], - деп орынды атап өткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, 9 қаңтар 2020 ж. жария еткен Абай туралы мақаласында. Әлбетте, Абай туралы, Абай шығармашылығы туралы жан-жақты және сан-салалы зерттеулер жүріп жатыр және
жүре бермек. Кезінде, Кеңес Одағы дәуірінде де жекелеген тақырыптық және мазмұндық шектеулерге қарамай Абай зерттеулері тамырын терең жайып дамыған, сан-алуан тақырып аясында зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған ғылым саласына жататыны анық.
«Абай — әлемдік әдебиеттен белгілі орын алған кемеңгер ойшыл, адам баласын шындыққа, игілік іске, еркіндікке шақырған ұлы ақын. Ақынның жазғандары өзінің бейнелі көркемдігімен сәулетті сұлу дүниедей адам көңілін баурап алса, оның мазмұны да жүрекке сәуле түсіргендей, жаңа бір қызықты, қуанышты дүниеге кіргізгендей болады. Бірақ кемеңгер ақынның қолжазба мұралары осы күнге дейін терең зерттеліп, бір ғылыми тәртіпке келмеген. Мұның әлпеті ретінде қазір менің алдымда бірнеше хаттар жатыр. Бұларды жолдаушылар – Абайды зерттеуші жас ғалымдар, Абай музейінің қызметкерлері, диссертация қорғауға дайындалып жүрген талапкерлер. Осы хат иелерінің барлығы да Абай мұрасы туралы кеңес сұрап, сыры ашылмай жатқан соны деректер жоқ па екен деп білгісі келеді», - деген екен кезінде, атақты ғалым Әлкей Марғұлан[2]. Осындай өсиет-бағдардай келелі сөздер айтылғалы да біршама уақыт өтіп, елімізде Абай зерттеушілерінің жаңа толқыны пайда болды, заманында қағажу көріп сырын ашқызбаған тақырыптар да тереңнен зерттеліп, зерделене бастады.
Бұл тұрғыдан алғанда Абайдың жекелеген өлең мен қара сөздерінің, поэмаларының зерттеулері аз емес. Мұнымен қоса Абай туындыларының әрбір сөз, жұрнақ-буын, атауларына дейін сұрыптап-саралаған ерекше мазмұнды ғылыми еңбектер де көптеп саналады. Солардың арасынан Абай шығармалары тілінің статолингвистикалық аспектілері атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация[3] мен Абай тілі сөздігін[4] айта аламыз. Себебі Абай тілі сөздігі түркі халықтары ақын-жыраулары арасында жеке-дара бір автордың шығармасына арналған сөздік ретінде танылады. Сөздік жарияланғаннан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де өз саласы мен бағытындағы көшбасшы еңбек болып келеді. Мұны ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған ғылыми жарияланымдар мен жекелеген мақалалардан көріп біле аламыз. Мысалы, «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жаз», «Күз», «Қыс» сияқты Абай өлеңдерін тұңғыш рет түрік тілінде сөйлету барысында аудармашы, сөздікті ұрымтал пайдаланып аудару процесін анағұрлым жеңілдете білген[5]. Ал Абай шығармаларының толыққанды көркем аудармаларының басы-қасында түрік ғалымы Зафер Кибардың жүргені мәлім[6]. Абайдың «Қара сөзін» Анадолы еліне таныстырып, әдеби түрік тілінде сөйлете білген Зафер Кибар, аудиожазбасын ютуб желісіне енгізіп[7] Абай еңбектерін Түркияның қарақұрым кітап рыногына ұсынған қаламгер ретінде де танылады[8]. Ал осы аударма негізінде түрік білім беру жүйесіне Абайдың «Қара сөзін» де енгізу тұрғысында еңбек етіп жүрген түркітанушы ғалым Екрем Аянның аяқ алысы ерекшелеу, орны бөлек[9]. Бұдан басқа сәтсіздеу, науқаншылыққа тап болған
аудармалар да жоқ емес, ол туралы сыни пікірлер жекелеген басылымдарда да айтылып жүр[10]. Ал жоғарыда аталған ғылыми авторефератта орын алған талдау-сұрыптау жұмысы да жалпытүркілік құндылық пен түркі тілдері зерттеулері тұрғысынан алғанда өзіндік ерекшелік пен орынға ие. Осы орайда түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен қоса қоғамдық немесе ресми мекемелердің де Абай шығармашылығы туралы ақпарат көздері аз емес. Бұған Халықаралық Түркі Академиясының сайтында орын алған деректер мысал бола алады: «Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты онлайн конференция өтті. Онда Абайдың түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған шығармаларының тұсауы кесілді. Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемнің тұғырлы тұлғасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты онлайн конференцияда Академия басып шығарған бірнеше жаңа кітап таныстырылды. Атап айтқанда, Абай шығармаларының түрік тіліндегі толық жинағының және Мұхтар Әуезовтың 2 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуы оқырман қауым үшін елеулі жаңалық екені сөзсіз. Бұл туындылардың барлығын түркиялық аудармашы-қаламгер Зафер Кибар аударған. Сонымен қатар профессор Нергис Бирайдың жетекшілігімен данышпан ақын туралы тың зерттеулер мен бұрын жарияланбаған құнды мақалалардан тұратын түрік тіліндегі ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Бұл көлемді басылымды Абайтану саласына қосылған қомақты еңбек ретінде атап өтуге болады. Себебі мұнда бауырлас түркі елдеріндегі танымал ғалымдардың Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтыған мазмұнды мақалалары топтастырылған. Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен поэмаларының қырғыз тіліндегі жинағы да оқырманға жол тартты. Бұған дейін де ұлы ақын шығармалары қырғыз тіліне тәржімаланғандар аз болмаған. Ал бұл алғашқы академиялық басылым болуымен маңызды. Жинаққа Абай мұрасының әр жылдарда аударылған туындыларының ең таңдаулылары топтастырылып, ғылыми түсініктемелерімен берілген. Сондай-ақ Абай «Қара сөздерінің» белгілі публицист Аида Эйвазова тәржімалаған әзербайжан тіліндегі басылымы мен префессор Қозоқбой Йулдошев аударған өзбек тіліндегі нұсқалары қатысушылардың назарына ұсынылды»[11].
Осымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келіп лекция оқып жүрген түрік ғалымдары аз емес. 2019-2020 оқу жылында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалаық университетінде лекция оқып, өз елдеріндегі түркітану, қазақ тілі мен әдебиеті туралы зерттеулерге шолу жасап тың хабар беріп жүрген ғалымдарды көптеп көруге болады. Ал осындай келелі әңгіме, сындарлы сұхбат барысында Абай шығармашылығы төңірегіндегі зерттеулер өз алдына жеке тақырып болып белгіленетіні мәлім. Осындай ғалымдар арасында Ардахан Университетінің профессоры, түркі фолкльористикасының білгір маманы Ердоған Алтынқайнақты айта аламыз[12]. Ол Түркияның жекелеген БАҚ-ы мен жергілікті -теле, -радио арналарында қазақ әдебиеті және Абай туралы көптеген сұхбат-интервьюлерімен танылып жүр[13]. Анкарадағы атақты Түрік тілі құрымының басшысы, Еге Университетінің профессоры Гүрер
Гүлсевин[14], түркітанушы ғалым, қазақтанушы Фырат Университетінің профессоры Ахмет Буран[15] сияқты танымал мамандар Абай мен қазақ әдебиеті туралы сындарлы пікірлері мен ғылыми тұжырымдамаларын жиын-конференцияларда, семинар мен лекцияларында ұдайы айтып-танытып жүр. Аталмыш ғалымдар ондаған қазақстандық магистрант-докторанттардың ғылыми жетекшісі ретінде де танылады.
Дегенмен, өткен ғасырдың 40-шы жылдары жарық көрген еңбектердің орны бөлек. Себебі сол уақыт Кеңес Одағының жекелеген саяси науқандары мен ұстанымдары жалпытүркілік құндылықтарға негізделген ортақ рухани ареалды теріске шығарумен әуестеніп кеткен еді. Мұндау үдеріс Абай тұлғасы мен шығармашылығын айналып өтпей қоймады, Абай дәуірінде өмір сүрген түркі халықтарының оқымысты, зерделі тұлғаларын ортақ зерттеуге, бір бүтін ретінде танып талдауға мұрсат бермеді. Ал сол дәуірде өмір сүрген зиялы қауым үшін Еділ өңірін жайлаған татар-башқұрт жұртының орны бөлек, мәні өзгеше болғандығы анық. Мұны Абайдың өзі де айтып отырған, татар-башқұрт зиялыларымен қоса Кеңес Одағының саяси функционерлері де жақсы білген. Осы тұрғыда Абай шығармаларының түркі тілдері арасында алғашқылардың бірі болып татар тіліне аударылуының маңызы ерекше еді. Түпнұсқасында Абай. Шигырьләр һәм поэмалар деп аталған еңбектің жарық көруінде аудармашы Мәһмүд Мақсұттың еңбегі зор. Кітап «Қазақ халқының ұлы перзенті» деген Суз башы - Кіріспемен басталып, Абайдың атақты «Ғыйлем тапмый мактанма – Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің цитатасымен жалғасқан:
Язу яздык,
Хат таныдық,
Дәрес алдық мулладан.
Ул уқудан, Нәрсә чыкты, Һәммәбез дә чи надан.
Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінің татарша нұсқасынан үзінді:
Қарлар яуса, бөркетче чыга агуа;
Ярылып ята һәрбер эзяңа қарда.
Яхшы ат, татау юлдаш бер гәнимәт,
Ятышлы уңай кием аучыларга.
Ашкына аучы күңле, түзә алмый,
Төлкенең киткән эзен күреп тауда.
Чамалап кая таба эз барганын,
Чөяргә дип кулына бөркет ала (7 б.).
Басылымда Абайдың 40 өлеңі мен Масғұт пен Ескендір поэмаларының аудармалары берілген[16]. Еңбектің интернет желісіндегі электрондық варианты да бар: https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=890.
Абай шығармалары Кеңес Одағы тұсында Қазақстан Жузушылар одағының бастамасымен де бауырлас түркі тілдеріне аударылған. Солардың қатарында ертерек жарық көрген көлемді туынды – ұйғыр тіліндегі нұсқасы. Еңбек Абай. Шеирләр вә поэмилар деп аталып М.Әуезовтың ұйғыр тіліне аударылған Мукәддимә - Кіріспе сөзімен басталған. «Ескендір» мен «Масғұт» поэмалары Д.Ясенов аудармасымен берілсе, «Әзім әңгімесін» Һ.Бәһниязов аударған. Ал жүзден аса өлеңдері бірнеше автор тарапынан орындалып ұжымдық еңбек ретінде танылған.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінің Һ.Бәһниязов аудармасынан үзінді:
Сонар чағда бүркүтчи чиқиду оға,
Таштин түлкә тепилар байқиғанға.
Яхши ат һәм чин иолдаш – чоң ғенимат,
Мувапиқ ихчам кийим очи жанға.
Учтумтутла йолуқча қайтқан изи,
Бир йәрдин издәп жүрүп из тапқанда.
Бүркүтчи тағ бешида, алғур ойда,
Изниң үстин түзитип тониғанда.
Томағани тартқанда бир тәрипидин,
Қирән қуш көрүп көктә қанат қаққанда (11 б.).
190 беттен тұратын көлемді еңбек Алматыда 1987 ж. жарық көрді[17]. Кітап Ұлттық кітапхананың электрондық базасында орын алған: http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1580951&lang=kk. Осымен қатар Абай. Көзимниң қарачуғи (Талланма шеирлар) атты басылымды атап өткен абзал. Ғылыми редакторы М. Һәмраев. Еңбектің титулдық беттегі шағын резюмесі: Улуқ қазақ шаири Абай Қунанбаевниң өткир вә әжайип таланти һәммиға мәлум. Униң әсәрлири нурғунлиған тилләрә тәржимә қилинған. Бу топламда улуқ шаир вә мутаппәкүрниң ең яхши шеирлири билән икки дастани бирилди. Абай шеирлириниң тунжа тәржимиси китапханлиримиз үчүн әң яхши төһпәдур[18]. Кітаптың электрондық адресі: http://lib.tarsu.kz/rus2/all.doc/Abai/78_Abai_Kozimnin_karachigi.pdf. Ал қазіргі ұйғыртілді абайтанушы ғалымдар қатарында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Алимжан Хамраевты атап өтсек бек орынды болмақ[19]. Ғалымның
Абай еңбектерінің аса күрделі тұстарына көңіл бөліп, жалпытүркілік бағыттағы күрмеуі қиын тақырыптық тұстарын зерттеп-саралауы көңіл аудармай қоймайды[20].
Абай еңбектерінің өзбек тіліндегі аудармасы «Қазақстан халықтары тіліндегі әдебиеттер» сериясымен Абай. Насихат сузлар деген атаумен У.Урунбоевтің орындауында 2006 ж. жарық көрді. Кітап «Қазақ халқының ұлы ойшылы және философ ақыны» атты Кіріспемен басталып (У.Урунбоев), Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Мағжан, М.Әуезов сынды ұлы тұлғалардың Абай туралы естелік – цитаталарымен жалғасады. Абайдың «Қара сөзінен» кейін «Ескендір» мен «Мағсұт» поэмасы, одан соң алпыстан астам өлеңінің аудармасы орын алған. Кітапта назар аударарлық шағын деталь ретінде, аудармашы, Абайдың «сарт» деген сөзін «өзбек» және «ұйғыр» деп көрсеткен, қар.: Екінші қара сөз, 10 б.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға - Бургутчи» өлеңінің өзбек тіліндегі аудармасынан үзінді:
Қор еққонда бургутчи чығар овга,
Тошдан тулки топилар полаганга.
Яхши от тотув йулдош – бир ғанимат,
Яхчидир ихчам кийим овчи одамға.
Бирданиғга йулиқса тулки изи
Ахтариб овчи харен куз солганда.
Бургутчи тоғ бошида, кулда бургут
Кетган изни синчиклаб пайқаганда.
Тумоғини бургутчи бошдан олар,
Қирон қуш кузи куриб интилганда.
Паст учсам тулкм урлар, қутулар деб,
Учади куз уйнатиб тик осмонга (87 б.)[21].
Бұл еңбекті интернет желісінен де оқып-көруге болады: https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=660.
Белгілі қырғыз ақыны Аалы Токомбаев XX ғасырдың бірінші жартысында Абай Құнанбайұлының ең әйгілі өлеңдерін аударған болатын, - деп атап өтті Перизат Алмазқызы, - kazakh-tv телеарнасына берген сұхбатында, - қазіргі кездегі Абай шығармаларын қырғыз тіліне аударушы[22]. Ал Аалы Токомбаевтың «Кунанбаев А. Стихи Абая». Фрунзе: Киргизгосиздат, 1954. -128 с. атты шығармасына интернет кеңістігінде жекелеген сілтемелер болғанымен тұщымды ақарат алуға жарамсыз екендігі байқалды[23]. Алайда қырғыз тілінде классикалық үлгідегі «советизмдермен»
өрнектелген деректер көптеп кездеседі[24]. Мұндай деректерден Абайдың қырғыз тіліндегі туындыларын көре алмағанымызбен Бішкекте 1995 ж. жарық көрген кітапты оқып-көру мүмкіншілігі бар. Абайдың қырғыз тілінде жарық көрген еңбегі «Даанышман ойчул – Данышпан ойшыл» атты Кіріспемен басталып (Абдысалам Обозканов), «Қансонарда бүркітші щығады аңға – Бүркүтчү» өлеңінің аудармасымен жалғасады:
Бүркүтчү жаш сонордо чыкты аңға,
Таштардан түлкү чыгат аңдыганга.
Жакшы ат менен ынак дос бир канымет –
Ыңтайлуу, женил кийм аңчы адамга.
Жолукса издегенде кайткан изи,
Сагадан түлкү качып из чалганда.
Бүркүтчү тоо башында, какчуу түздө,
Кубалар тапкан изди бет алганда.
Тартканда томосогун тигил кырдан
Кыраандын көзи көрүп талпынганда (14 б.).
Өлеңдерден кейін Жоомарт Бөкөмбаевтың аудармасында «Искендер ангемеси», «Жигиттин кызга айтканы», «Кыздын жигитке айтканы», «Сулуу кыз», «Билектеи акасында өргөн порум», «Кулактан кирип боиду алар», «Ашыктык кумарлануу – ал эки жол»; Совет Урманбетовтың аудармасында «Шашкеде сансыз күкүк ыр ырдаган»; Сүлайман Маимуловтың аудармасында «Илимдин надаан өтпөс уккан менен», «Мукаммаразга», «Абаидын Смагул деген инисине четте жаилап жүргөгдө аитканы», «Туугузган ата эне жок», «Заман акыр жаштары» сияқты туындылары орын алған[25].Осы еңбектің электрондық нұсқасы: http://lib.tarsu.kz/rus2/all.doc/Abai/70_Abai_Kirgiz_tilinde.pdf.
Абайдың азербайжан тіліндегі өлеңдері мен дастандары Кеңес дәуірінде жарық көрген құнды да көлемді аудармалардың бірі болып табылады. Кітап он беттен астам классикалық кеңес үлгісінде жазылған Дан улдузу атты Кіріспе бөлімімен басталып (Пәнаһ Халилов), Шерлар – Өлеңдер графасымен жалғасады. Абай өлеңдері жекелеген авторлар тарапынан аударылғандықтан ұжымдық еңбек деп айта аламыз.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға - Овчу әлиндә бергут ат чапыр бүтүн күнү» өлеңінің азербайжан тіліндегі аудармасынан үзінді (аударған Мәммәд Раһим):
Овчу әлиндә бергут ат чапыр бүтүн күнү
Тапачагдыр түлкүнү итидирсә көзләри.
Овчу шикар кәзәндә jахшы дуjар өзүнү,
Гачмаз нәзәрләриндән түлкүнүн тәрс изләри.
Jорулмаг билмjйәчәк кәзсә дә ниче саат
Бүдрәмәjирсә һәркәһ ов үчүн миндиjин ат.
Овчулар топланыбдыр jенә дағын дөшүнә,
Дөрд нала чапыр овчу, о, сел кими ахачах.
Гушун тез көзлүjүнү чыхарыр бирдән jенә
Ганадланыб бу заман бергут көjә галхачаг.
Назар аударған шағын деталь ретінде «бергут-бүркіт» сөзінің анықтамасын «аң аулайтын құс» деп берген (23 б.). Абайдың алпыстан астам өлеңінің аудармасынан кейін «Ескендір» - аударған Новруз Кәнчәли, «Масғұт» - аударған Насым Гасымзадә және «Әзім әңгімесі – Әзим һаггында нағыл» - аударған Әләкбәр Зиjатаj поэмалары орын алған[26]. Кітаптың интернет кеңістігіндегі электрондық нұсқасы: http://lib.tarsu.kz/rus2/all.doc/Abai/15_Abai_Azerbaijan_tilinde.pdf.
Абай шығармаларының қарақалпақ пен түркімен тіліне аударылған нұсқалары жайында жекелеген мекемелердің іс-шаралар хабарламаларынан көріп біле аламыз. Сондай деректерге қарағанда Абайды түркімен тіліне А.Хайидова, қарақалпақ тіліне Ш.Сеитова аударған[27]. Бұл тұрғыда ізденіс жұмыстары одан әрі жалғаса береді деп ойлаймыз.
Қырым татарлары туралы айтқанда Абайдың замандасы, өз дәуірінің танымал баспагері Ильяс Бораганскийдің айта аламыз. Ол аударма ісімен танылмаса да Абай өлеңдерінің баспадан шығып оқырманға жетуіне зор үлес қосқан, қазақпен қоса татар, башқұрт, қырым татарлары мен осман түріктеріне бірдей дәрежеде еңбек еткен ұлы тұлға, ағартушы – баспагер. Ол туралы танымал абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың өзі талай еңбектер жазып, мақалаларында көрсетіп кеткен[28]. Осы сілтемедегі хабарға қарағанда «Ильяс Бораганский – Абайдың тұңғыш баспагері» атты кітап 2009 ж. Алматыда жарық көрген. Мұндай шағын хабарламаларды қазақстандық ресми сайттар да растап, мазмұндас ақпардың басқа бір қырынан көрсете белген[29].
Абай мерейтойына арналған жекелеген жиын-басқосулар көршілес Алтай елінде де ұйымдастырылып, Абай еңбектері мен замандастары туралы ғылыми семинар, көрмелер өтуде[30]. Сол сияқты Қазақстан мен Абайға деген қызығушылық Якут-Саха елінде де бар. Саха азаматтарының Абай өлеңдерін оқып, қазақ тілін үйреніп жүргендері туралы жекелеген хабарлар жиі кездеседі[31].
Хакас елінің жекелеген ғалымдары да Абай шығармашылығы туралы сындарлы сұхбат-интервью, мақалалары арқылы Қазақстан мәдениеті мен әдебиетін танытуда белсенділік танытып жүр[32]. Әсіресе түркітанушы, шаманизм зерттеулерінің жетекші мамандарының бірі Тимур Давлетовтың
көптеген еңбектері мен мақалалары назар аударарлық[33]. Әманда татар халқымен қоса аталатын башқұрт жұртының мәні бөлек, орны ерекше. Абай еңбектерінің башқұрт тіліне аударылған нұсқаларын интернет көзінен табу мүмкін болмағанымен, башқұрт елі туралы, Уфадағы атақты «Ғалия» медресесі туралы көптеген сұхбат, шағын интервью мен ғылыми іссапарлар туралы мәліметтер көптеп кездеседі[34]. Бұл тұрғыда ізденіс жұмыстары жалғасын табады деп ойлаймыз.
Кеңес дәуірі тұсында Абай шығармашылығы сол кезең саяси коньюктура орай бейімделіп «тек қана қазаққа тән», «қазақтың төлтумасы» дегенге саятын этникалық және географиялық шекараға телініп келгені мәлім. Ұлы далаға[35] ие болып қалған қазақ этносының шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігі қалың түркі жұртының отаны екендігі қаперге алынбады. Абай шығармашылығының сарқылмас қайнар көзінің бір парасы ежелгі түркі өркениеті мен бертін келе орныққан орта ғасыр – Алтын Орда дәуірінің гаухардай жарқыраған ұлы мәдениетінің сәулесі екендігін айту қауіпті саналды, көзге қораш көрінді. Шыңғыстаудың іргесінде тұрған сібір түркілері мен Еділ асып кеткен ноғай мен қырым, «қол созым» жердегі Шәуешек пен Құлжа, мүнаралы Самарқан мен Хиуа, алыстан сағымдап көрінген Ыстамбұл, бер жағындағы азери мен керкүк, қала берді Бағдат, сопылық ағым – Ахмет Иассауи, - Абайға таңсық болмаған. Кемеңгер ойшыл бәрін біліп-көріп отырған. Өзі «сарт» деп, «қу молда татар» деп әрі ренжіп, әрі мақтап жүрген бауырлас елдердің тілі мен әдебиетіне көп көңіл бөлген. Дендеп меңгерген сайын сол туыстас тілдердің арап-парсыға мойын сұнғандай болып «қыңырайып» бара жатқанын да сезген. Біліп қана қоймай қорытынды жасаған. Ол қорытынды белгілі – қазақ тілінің әдеби нормасын өз жолына, - мыңжылдық түркі арнасына, ұлы көшпенділердің меншікті қара соқпағына, - бұл жолы европалық стандартта өрнектеп-мәнерлеп-сомдап, - салған. Мұны қазір, яғни сол кезде қолға алмаса кешеуілдеп қалу қаупінің орасан зор екендігін сезіп-білген. Бұған қоса бұл істің қазаққа етене жақын екендігін, қазақтың қолынан келетіндігін іштей сезінген, сол бағытта аянбай еңбек еткен. Манас, Қорқыт Атадан бастап Асан Қайғы, Бұқар Жыраулардың тілі, Қобыланды батыр мен Едіге батыр сияқты дастандар тілінің халықтық-фолкльорлық-дәстүрлік берік негізін көршілес жұрттардың кітаби тілімен салыстырып, екшеп-талдауды толығымен меңгерген. Кітаби тілдер деп аталатын тілдерге тән әдеби норма мен сан қырлы формалар; -фонетикалық (музыкалық-акустикалық), -фономорфологиялық, -семантикалық конфигурациялардың түркі тілі, яғни қазақ тіліне де тән екендігін толығымен дәлелдеп шыққан. Құрғақ тілмен айтқанда таза «түркизмдердің» әлемдік дәрежедегі сөз сәулетінің ең озық үлгілеріне бек дайын екендігін көрсете білген.
Шағын мақаламызды БАҚ-да орын алған жекелеген тақырыптық сұхбаттардың бір үлгісімен аяқтасақ дейміз: ...Түркі әлеміндегі Абайдың ықпалы зор болған. Абайдың өлеңдері шығысымен Ғабдолла Тоқай сынды азаматтардың арқасында Қазанда, Уфада алғашқы аудармалар таралып кетті. Кейін түркі халықтарының азаттығы жолындағы күрескерлер, түркітанушы ғалым Зәки Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқайларға жетіп түркі жұртына еңбектері аударылып, таралып бір-бір кітап болып шықты. Абайдың алғашқы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» проза еңбегі түркі әлеміне қатысты. Қазақ деген шығыстан шыққан. Арабтан емес. Түркі қағанатынан басталып, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Түркі әлемінің 2-3 мыңжылдық тарихы сол еңбекте айтылған. Қазақ хандығы құрылған XV ғасырмен аяқтайды. Ал одан бергі тарихты шәкірті Шәкәрімге аманаттайды. Содан Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбекті жазады. Демек ағалы-інілі азаматтар жалпы түркі әлемінің тарихын түгел қамтып отыр. Ол кездегі айтылған мәселелер, деректер ескірді деуге келмейді. Абай өз дәуірінде тарихты терең меңгерген жан. Ол «Русская старина», «Вестник Европы», «Тәржіман» сынды Семейге келетін қалың журналдарды алдырып үзбей оқып отырды. Одан басқа Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқаридан бері келе жатқан «Жақсы адам», «Парасатты адам» деген ұғым бар. «Адам қандай болуы керек» деген ұғым. Демек Абайдың «толық адам» ұғымы орта ғасырдан тамырын тартады. Бұл дегеніңіз Абай исламдық және түркі ғұламаларының еңбектерін жетік білген. Семейде оншақты мешіт болса, қасында міндетті түрде кітапханалар болған. Ол кітаптар ислам, түркі әлемінен жеткен, қажылық сапардан алып келген құнды кітаптар болатын. Сондықтан «Абай және түркі әлемі» деген алдағы уақыттарда терең зерттейтін ауқымды тақырып[36].
Мұндай сындарлы пікір Абай зерттеулерін басқа бір қырынан пайымдауға түрткі болады деп үміттенеміз. Осы тұрғыда көптен-көп пайдаланып, әрбір оқырман мен зерттеуші өзіне қажетті ақпаратты алып жүрген https://abaialemi.kz/post/view?id=876 адресіндегі «Абай әлемі» интернет-порталының орны бөлек, міндеті зор. Мақала жазу барысында көргеніміздей бірінші титулдық беттің сол жақ тұсында орын алған «Мәзір» графасында «Абай шығармашылығы», «Өмірбаяны», «Абай жолы (мр3)», «Абай әлем тілдерінде» деп келетін ұяшықтары әлбетте, тақырыптық және мазмұндық жағынан құнды деректермен жабдықталған. Алайда «Абай әлем тілдері» графасын басқанда ағылшын, түрік, орыс, қытай, неміс, моңғол, парсы, француз деп келеді де ең соңында «Өзге тілдер» деген графа көрінеді. Зерттеу нысанымызға алған туыстас түркі тілдеріне қатысты бірсыпыра деректер, атап айтқанда өзбек, қырғыз азербайжан, татар тіліндегі мәліметтер осы «Өзге тілдер» графасында орын алған. Осылайша «өзгешеленіп» урду, қытай тілдерімен қатар орын алып «алыстан көрінген». Мұндай елеусіз, шаблондық көріністер қатардағы оқырманды психологиялық тұрғыда түркі тілдерінен алыстатуға негізделгенін, бауырлас тілдерге қатысты екіұшты, дүбара «шет тілдері» көзқарасының пайда болуына итермелейтінін біле жүргеніміз абзал. Бұл да Абайды «кеңестендіру» өз алдына, жалпы кеңестік ойлау және пайымдау жүйесінің қаншалықты мығым да мызғымас екендігін паш етсе керек. Алдағы уақыттарда аталмыш интернет-портал қожайындары түркі тілдерін «түрік тілі» және «өзге тілдер» деп бөліп-жармай, қолда бар барлық мәліметтердің – тілдердің басын біріктіріп «түркі тілдері» графасы тәртібінде ұсынса деген уәж айтсақ дейміз.
P.S. Мақала жазу барысында танымал түрік қаламгері, аудармашы Зафер Кибар мырзаның «Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауда сіңірген еңбегі үшін» Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі Достық орденімен марапатталғанын естідік[37]. Әріптесімізді құттықтай отырып зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ МЕН СІЛТЕМЕ ЖАСАЛҒАН
ИНТЕРНЕТ КӨЗДЕР:
-
www.akorda.kz/kz/events/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-abai-zhane-hhi-gasyrdagy-kazakstan-atty-makalasy (09.01.2020. - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан атты мақаласы).
-
https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=876 (03.08.2015. – Абай қолжазбасы).
-
Төкебаева Ж.Ә. Филология ғылымдарының кандилаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация авторефераты. Алматы, 2001. 29 б.
-
Абай тілі сөздігі. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білі институты. Жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы А.Ысқақов. «Ғылым» баспасы. Алматы, 1968. 765 б.
-
Türk Dünyası Dil ve Edebiyat Dergisi. Abay Kunanbayulı ve Tabiat Şiirlerinden Seçmeler, Mustafa Öner. Sayı 1, Bahar - 1996, 90.- 106.
-
https://www.kaznu.kz/ru/17507/news/one/19232 (11.03.2020. - Встреча студентов с экс-консультантом по связям с общественностью и прессой Посoльства Республики Казахстан Зафер Кибар).
-
https://www.youtube.com/watch?v=c4ymCexp--8 (08.11.2019.- Аbay Kunanbayoğlu: 1. Söz/Kara Söz).
-
https://www.nadirkitap.com/abay-kunanbayev-nasihatler-kara-sozler-abay-kunanbaynev-kitap7840860.html (интернет кітап дүкені сайты)
-
http://isamveri.org/pdfdrg/D234592/2014_AYANE.pdf (Ekrem Ayan. Çağdaş Kazak Edebiyatının Kurucusu Abay Kunanbayev’in Kara Sözlerinde Eğitim).
-
Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл. Бауырлас екі ел әдебиеті, Е.З.Есбосынов. № 9(21) қыркүйек, 2010 ж. 5-6 б.
-
https://egemen.kz/article/236011-abay-shygharmalary-turik-azerbaydgan-qyrghyz-ozbek-tilderinde-tanystyryldy (21.05.2020. – Egemen Qazaqstan. Абай шығармалары түрік, азербайжан, қырғыз, өзбек тілдерінде таныстырылды).
-
https://www.kaznpu.kz/kz/2341/page/10458/news/ (11.02.2020. – Түрік профессорының университетімізге сапары).
-
http://ardahanhudut.com/haber/farabi-ve-abay-yili-arude-kutlanacak-2094.html (12.01.2020. - HUDUT Gazetesi. Farabi ve Abay yılı ARÜ’de Kutlanacak).
-
https://www.kaznpu.kz/kz/2341/page/9612/news/ (25.11.2019. - Түрік профессорының дәрістері).
-
https://www.kaznpu.kz/kz/2048/page/9041/news/ (15.10.2019.- Белгілі түрік ғалымы Ахмет Буранмен кездесу).
-
Абай. Шигырьләр һәм поэмалар. Татгосиздат. Матур әдәбият секторы. Казан, 1947 ж. 75 б.
-
Абай. Шеирләр вә поэмилар. «Жазушы» баспасы, Алматы, 1987 ж.190 б.
-
Абай. Көзимниң қарачуғи» (Талланма шеирлар). Тәржимән Учқун.Жазушы баспасы. Алматы, 1972 ж. 59 б.
-
http://sempozyum.ohu.edu.tr/tudas2017/files/II.CiltI.pdf (20-22.05.2015. – II. Халықаралық Түркі Әлемі Зерттеулері Симпозиумы. II Uluslararası Türk Dünyası Araştırmaları Sempozyumu. І том. – Мир Абая в уйгурской литературе. А.Хамраев. 517-519 ст.).
-
http://sozvuchie.by/proekty/abaj-shestvuet-po-planete/item/6564-a-khamraev-abaj-i-tyurkskij-khurufizm.html (16.07.2018. - А.Хамраев. Абай и тюркский хуруфизм).
-
Абай.Насихат сузлар. Редакторы М.Исламқулов «Жазушы» баспасы, Алматы, 2006 ж.
-
https://kazakh-tv.kz/kz/view/society/page_204833_uly-abaidyn-olenderi-kyrhyz-tiline-audaryldy (13.08.2019. - Ұлы Абайдың өлеңдері қырғыз тіліне аударылды).
-
http://pisatelikg.narod.ru/tokombaev.html (Сайт о писателях и поэтах Кыргызсата. Известные поэты Кыргызстана: Токомбаев Аалы (Балка).
-
https://kzref.org/tamara-tokombaeva.html?page=11#А._ТОКОМБАЕВ_–_ПЕРЕВОДЧИК (22.03.2019.–А. Токомбаев - переводчик).
-
Абай. Ырлар. «Шам» басмасы. Бишкек, 1995 ж., 177 б.
-
Абаj Кунанбаjев.Шеjрләр вә поэмалар. Азербайжан дәвләт нәшрийиәті. Баку 1970 ж. 207 б.
-
https://www.kaznau.kz/page/news/?link=abai_muralaryn_ulyktaiyk_1956&lang=kz (24.02.2020. Абай мұраларын ұлықтайық)
-
https://ru.krymr.com/a/27687027.html (21.04.2016.- Издатель Ильяс Бораганский).
-
https://www.inform.kz/ru/kak-byl-izdan-pervyy-sbornik-stihov-abaya_a3612824 (10.02.2020. – Как был издан первый сборник стихов Абая)
-
https://www.altstu.ru/structure/chair/io/news/17893/ (26.02.2020. Выставка в честь 175-летия Абая Кунанбаева).
-
https://sakhaday.ru/news/yakutyanin-izuchayushchiy-kazahskiy-yazyk-stal-geroem-publikacii-v-kazahskoy-presse (29.02.2020. Якутянин, изучающий казахский язык, стал героем публикации в казахской прессе).
-
https://aronberk.wordpress.com/2020/02/07/пресс-релиз-тюрксой (09.02.2020. Пресс – релиз ТЮРКСОЙ).
-
https://www.turansam.org/makale.php?id=162 (23.12.2008. Kültür Siyaseti Bağlamında Kazakistan. Timur B.Davletov).
-
https://adebiportal.kz/kz/news/view/20518 (12.09.2018. - Мырзабай Омар. Қазан - бірлік пен берекенің белгісі).
-
https://www.akorda.kz/kz/events/memleket-basshysynyn-uly-dalanyn-zheti-kyry-atty-makalasy (21.11.2018. - Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы).
-
https://qazradio.fm/kz/news/16138/ (26.02.2020. - Асан Омаров: Абайды кеңес дәуірінде қалдырмауымыз керек).
-
https://www.akorda.kz/kz/legal_acts/kazakstan-respublikasynyn-memlekettik-nagradalarymen-nagradtau-turaly-9 (Ақ Орда – 10 тамыз, 2020).
Ерғали Зияханұлы Есбосынов
ф.ғ.к., Абай Университеті Шығыс филологиясы және
аударма кафедрасының аға оқытушысы.