Қажыбекова А.С: АБАЙ - ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУІРІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ

 

 Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ  ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан

 

   Аңдатпа: Мақалада автор Ренессанс дәуірі мәдениетінің ерекшелігіне шолу жасаған. Абайдың қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық, реформаторлығын ақынның ағартушылық поэзиясының мақсат-мүддесі тұрғысынан, ренессанс әдебиетінің басты мақсаты болған адамға көңіл бөлудегі ақынның ұстанымдарын дәлелдеуге талпынған. Абайдың «толық адам» тұжырымының сырын ұғуда  «ақыл, қайрат, жүректің»  ролін талдаған. Абай жаңашылдығы алашты оятуға қызмет етті, Абайды қазақ мәдениетіндегі Қайта өрлеу кезеңінің көшбасшысы деп түйіндеген.

  Тірек сөздер:ренессанс, поэзия, ағартушы, ғылым, жырау, реформа, жаңғыру, көшбасшы.                                                                                                                                                

 Кіріспе: Абай ренессансы кейінгі жылдары айтылып жазылып жүрген тың мәселе. Сондықтан, еуропалық «ренессанс», орыстың «возрождениесі», қазақша  «қайта өрлеу дәуірі» деп аталған әлемдік мәдениеттегі зор өзгерістер кезеңі тарихының басты ерекшеліктері мен терминнің  түп мағынасы жайында не білеміз? Rinascimento, ол итал. ri – «қайта» және итал. nasci – «туылу» сөздерінен құралған термин сөз. ХІV-ХVІІ ғасырлар аралығындағы еуропалық  мәдениет қозғалысы.  Қайта өрлеу дәуірінің шығармалары гуманистік ізгі ойды жарқыратып көрсетумен, жаңарумен, жазушылар мен ойшылдардың ежелгі мәдениет пен өнерге үндеуімен, оның биік мұраттарына еліктеумен, үйлесімімен, сүйсінумен, Абайша айтқанда «ғибратләнумен» сипатталады.

   Еуропалық ренессансқа дейін  Азия мәдениеті, соның ішінде араб, түркі, парсы мәдениетінің негізінде мұсылман мәдениеті, шығыс қиырдағы Қытай мәдениеті әлдеқайда ерте дамығаны белгілі.

  Өзектілігі: Ренессанстық өзгеру, даму көп жағдайда тарихта жалпы халық үшін қайғылы, қиын, қаһарлы саяси реформалар кезеңінде пайда болған. «Байырғы көне гректердің құлдық қоғамы ширығып тұрған кезеңде классикалық өнері дүрілдеді, Еуропада орта ғасырлық діни мистиканың қанды шеңгелінде Ренессанс шешек атты, Алмания жерін Наполеон солдаттарының табаны таптаған кезде классикалық философиясы мен өнері шарықтады, крепостниктік (құлдық) Ресей XIX ғасырдағы әдебиеті мен өнеріне «алтын ғасыр» деп айдар тақты» - деп жазды жазушы, мәдениеттанушы, этнограф профессор Ақселеу Сейдімбек.[1,218]

Абай қазақ даласына отарлық саясаттың әбден орнығып, озбырлығы шектен шыққан  саяси-тарихи оқиғалардың кезінде дүниеге келді. Жасынан оқуға зерек, талапты бала Абайды әкесі ауыл молдасынан екі жыл ескіше оқытып, Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға береді, медресені бітірісімен «Приходская школаға» түсіп төрт ай оқиды. Ел басқару ісіне баулуды мақсат еткен Құнанбай бір мүшелге енді толған Абайды оқудан шығарып алып, бірден ел ісіне араластырып жібереді. Барып кел, шауып келге емес, көшелі сөз айтып, байыпты іс шешіп келуге тәрбиеледі. Мұсылманша оқуы бар, орысша да тіл сындырған жас Абай қазақтың ел билеудегі жарғысы мен шешендік өнеріне де төселіп, шариғат жолына да, орыстың заңына да білгірлігімен өз ортасында таныла бастайды. Абайдың өмірін архив деректеріне сүйеніп жазған Б.Байғалиев: «Абайдың Қоңыр Көкше елінде болыстық қызмет атқару  мерзімін 1876-1878 жылдар аралығы» [2,26] деген тұжырымға келген. Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлдың «Менің әкем 20 жасында Құдайберді деген ағасына кандидаттыққа бір сайланған екен» -деп жазады «Әкем Абай туралы» деген  [3,218] естелігінде. 20-21 жасында ресми билікке араласқан Абайдың жиырма жылға жуық уақыты би, болыстықпен өтеді. Бұл кезең орыс отарлаушыларының билік жүйесінде қазақтың аға сұлтандығын жойып, тек болыстық пен старшындықты ғана қалдырған кезеңі еді. «Бөліп ал да билей бер» деген саяси ұстанымы арқылы отарлаушылар қазақты енді осы абыройсыз билікке таластырып, алты бақан ала ауыз қылып қойды. «Абай жолы» эпопеясында бұл саяси –тарихи оқиғалар картинасы жан-жақты ашылып көрсетілген. Ақын: «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» өлеңінде:

Құтырды көпті қойып азғанасы,

Арызшы орыс – олардың олжаласы.

Бірде оны жарылқап, бірде мұны,

  Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы», -деп саясат сызына қарсылығын да білдірмеп пе еді?! «Ұлықтар алып берем деп даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп», «... мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп болды». (11-сөз) Отарлаушы елдер саясатының ежелден келе жатқан ескі әдістерінің бірі – бодан елдің ішкі қуат көзі – этникалық тұтастығынан айырып, руластар арасына іріткі салып іштен іріту.  Сайқал саясаттың сызын ерте сезніп, қалың еліне қабырғасы қайыса ескерткен ақынды өз сөзінен басқаны ұқпайтын, «Бас-басына би болғысы келетін» өзеуреген, елдің сиқын бұзған «өңкей қиқым» түсінбеді. «Көздің жасы, жүректің қаныменен»  елдің ішкі мұзын еріте алмаған ақынның ендігі үміті оқудағы «жаңаөспірім көкөрім» жастарда болды. Сондықтан да, Абайдың - дидактикалық,  тәлім тәрбиелік, ізгілік жайлы толғамдары ағартушылық лирикасының өн бойын көктей өтіп, қарасөздерінде дамытылып, педагогикалық идеяларының арнасына келіп құйды. Бодандық бұғаудағы елінің  болашағына алаң  ақын жалаң үгітке бой ұрмай білімді, ғылымды игеруге бастайтын талаптың,  «білмекке құштарлықтың» кілтін де ұсынады. «Fылым таппай мақтанба» өлеңiнде дәйектеп берді. Абайдың «Адам болам десеңiз» тезисi бойынша көтерген көкейкесті мәселесі, басты мақсаты-ұлт болашағы жастардың бойында әділеттік, адамдық, имандылық қасиеттepдің қалыптасуындағы білім-ғылымның маңызын терең таныту болды. Сондықтан отарлаушы елдің тілін, оқуын білу қажеттігін баса айтты: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» (25 қара сөз) «Абайға әкесі Құнанбай «орысшылсың  дегенге: Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де өнері мен ебінен үлгі алуға керек»,- дейді. Бұл М.Әуезовтің Абай өмірбаянын 1933 жылы жазған нұсқасында жазылған.[4, 52] Біз бұл жайды кеңес идеологиясының салдарынан басқаша түсіндіріп,  әлі сол шиырмен келеміз.

Абай жастық шағы мен жігіт ағасы кезінде жақсылық пен жамандық, әділет пен қиянат, тойымсыздық пен қанағат тәрізді жайларды ел ішінен көп көрді, өз басынан да өткерді. Мол өмірлік тәжірибесі ақынды жақсы мағынасында ерте қартайтты. «Қартайдық қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»  өлеңдерін жазғанда Абай  40- 41 жас шамасында. Ақын өмірінің нағыз «Талаптың мініп тұлпарын, Тас қияға өрлейтін» шағын, қайрат пенен ақылды білім мен ғылымға жұмсайтын шағы елі іші дауы мен шарын  тиюға қор қылды.

Болды да партия,

Ел іші бүлінді,

Әуремін мен тия

Қуың мен сұмыңды, немесе «Сегіз аяқтағы»  

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен өтті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

 Қорлықпен өткен қу өмір.  Ақын өзегін өртеген шер оның қаламының ұщынан ащы запыран болып төгілді, «Улы сия ащы тілге» ерік берді. Ақынның ащы сыны халқының мінін түзеуге қызмет етті. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» мақаласында: «Оның өлеңі – қазақ мақтанышы. Алашта рухани шығармашылықты мұншама асқақтатқан Абайға дейін ақын болған емес» [5,437] десе, бүгінде алаштанушы, абайтанушы ғалым Т.Жұртбай «Абай – бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркем ойының мүмкіндігін танытқан, сол арқылы адамзат санасының дамуына үлес қосқан дара дана. Дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай» [6,408], – деп бағалайды.

Ұлы Абайдың ағартушылық-демократиялық миссиясының маңыздылығы алашты оятуы болды.

Гуманистік мұраттар, зайырлы дүниетаным Ренессанс әдебиетінің басты ерекшелігіне айналды. Ренессанс әдебиетінің қайраткерлері адамның табиғатына терең үңіліп, тән келбеті мен жан  сұлулығын, ақыл мен сезімнің жарқын көрінісін, жаратылыстың ең жоғары туындысы бейнесінде суреттеді. «Күллі әлемдегі Ренессанстың ең басты заңдылығы, бұрынғы мәдениетті жаңғырту ғана емес. Мұндағы ең басты қасиет – Адамға көңіл бөлу, Адамды дәріптеу. Адамды барлық нәрсенің қожасы деп түсіну. Қасиетті Құранда солай ғой. Алла тағала Адам Атаны жаратқанда, оған барлық періштені бағындырып, мойындатқан ғой. Тек Ібіліс қана Адам Атаға мойынсұнбаған. Демек, Адамды бағаламау – шайтанның ісі. Адамды бағаламау, оны ойыншық ету әр дәуірде, әр қоғамда болып тұрған. Ұлы ақындар мен ойшылдар осыған қарсы болған, күрескен. Адамды түкке санамаған қоғамды олар надан қоғам деп атаған» [7, 28].

  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Көк тұман алдыңдағы келер заман», «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңдерінде, 38 қара сөзінде адамның жаратылысы, оның өмірдегі орны, жан мен тәннің өзіндік қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетеді. Хакім Абай махаббат пен ғадалат сезімі жайлы «Адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадалат, һәм махаббат бар. Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймеклік қарыз емес пе? Бәлки, ғадалат барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят ғадалаттан шығады. «Ғұмыр өзі – хақиқат» (38-қара сөз). деген басты тұжырымды алға тартады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ...»- дейді. Он сегізінші, отыз бірінші, отыз екінші сөздерде ой, ақыл, білім ұстаудың, үйренудің бірнеше қағидасын, шарттарын, жолдарын көрсетеді. «Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол сауыт бұзылмасын!» (32-қара сөз)деп, оны бұзатын әдеттер көрсеқызарлық, жеңілтектік, өсексөзге үйірсек-тік тәрізді келеңсіз мінездерді  атайды.

 «Әуелгісі – әрбір жасаншылықтың жағасында тұрып, адамның адамдығын бұзатын шылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

  Екінші – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

 Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады».

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің». (38 қара сөз)

 Хакім Абайдың адам және оның өмірдегі орны туралы көзқарасы, дүниетанымы адам бойындағы махаббат пен ізгілікті,  әділет пен ақиқатты гуманистік танымы тұрғысынан «Адам деген даңқым бар» деп асқақ жырлауында.

 Сократтық «Өзіңді өзің тани біл-ді» Абай, поэзиясында толғаған,қара сөздерінде тұжырымдаған:   

        Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

        Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

 

        Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі,

        Менімен менікінің мағынасы екі.

 

        Жүректің көзі ашылса,

        Хақтықтың түсер сәулесі.

        Іштегі кірді қашырса,

        Адамның хикмет кеудесі- деу арқылы ақын адам бойындағы асыл қасиеттер  ақыл, қайрат, жүректің бірлігін дәріптеп, «толық адам» тұжырымына негіз етіп алады. Ақынның армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік межесі  -«толық адам» тұжырымдамасында айқын көрініс тапқан. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», деп жырлаған ақын адам баласының бойындағы асыл қасиеттер «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректе» екенін тереңнен толғайды.

        Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

        Сонда толық боласың елден бөлек, – дегенде Абай осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге де ерекше мән береді. М.Әуезовтің «Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойды» деген ойы - ақынның эстетикалық танымын терең танудан туған пікір. Хакім Абай адамгершілік асыл қасиеттерді жалаң дәріптеп қана қоймай, адамгершіліктің, адам болудың жүйесі мен жолын, бағыт-бағдар да ұсынды.

         Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

     Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек- деп, адам болудың да басты шарты ғылым, білімде екеніне, адамтанудың, адамгершіліктің мәніне, сырына қанықтыра түседі. Ұлы ақын адамға қатысты ізгі ойларын «Адамды сүй, алланың хикметін сез», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» тұжырымдайды.  Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады. Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды.

       Атымды адам қойған соң,

     Қайтіп, надан болайын-деп,  «Надандық - білім-ғылымның жоқтығынан, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайтындығын, Білімсіздік хайуандық  болатынын» 38 қара сөзінде бір тиянақтап алып, «дүниенің ғылымын білмей қалмақтық — бір үлкен зарарлы надандық, ол құранда сөгілген» - деп «іші толған ғамалус салих» -құран сөзімен тұжырымдайды.

    «Абайдың толық адам танымы Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюді сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «камили инсан» мен «бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған» адам және Ирандағы «жәуанмәртілікпен» сабақтасып, туыстасып жатады» [8]. М.Әуезов Абайдың мораль философиясы туралы ойларының желісін сөз еткенде, «нравственная личность» мәселесімен тікелей байланыста қарастырып, «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді қолданады. Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың көп айтқан пікіріне жанасатын толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойларын, 38-қарасөзінде қолданылатын «толық адам» тұжырымдамасымен байланыста қарастырады.

Абайдың адам жайлы көтерген өзекті мәселесі толық адам арқылы көрініп, ең түпкі мәні махаббат пен әділетке, ізгілікке бастайтын  даналық дара жолы. Хакім Абайдың адамгершіліктің, адамның болмысындағы ең асыл, ең биік қасиетті жырлаудағы ренессансстық  жаңалығы.

Еуропада мәдениет қайраткерлері схоластика, мистика, аскетизм және өнер мен әдебиеттің дінге бағынушылығымен күрессе, өз заманының ойшылы Абай да дінді теріс және шала түсіндіруде «Дін ісін, құдай ісін айыра алмастармен», «мүттакаллимин, мантиқиндармен» күресті.

Көзінен басқа ойы жоқ, өлеңінде ақын:
Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе, 
Иемнің әділ пендесі?...

Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?- деп, дінді мал табу, тамақ асырау құралына айналдырған, «сыртын  қанша жусаң да, іші оңбаған» имансыздарды «улы сия, ащы тілмен» түйреді.

Иннатайна, кәлкәусар,  Пошол дереу күнәһар- деп әжуалады.

Әркімнің мақсаты өз керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

    Дін дағы, ақиқат та тереңінде- деп, дінге үстірт қарап, оның тереңіне бойлай алмаған дүмше молдаларды, қожа, ишандардың әрекеті ешбір ғибадат орнына бармайтынын  ащына айтты. Адамның ақыл ойының ең биік көрсеткіші ғылым.  «...Ғылымсыз ахирет жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды.» (10 сөз) Абай діни сенімнің негіздерін ақылға (рациоға) бағындырады. Абай адамның ақылына ең жоғары мәртебе береді, ақылға зор сенім артады «...Әрбір ақылы бар кісіге - иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Және әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек...» (28 сөз). Сопылардың «дүниеден баз кешу» деген ұғымның Алла атына кір келтіретін жалғандығын, Құран оқуын (ақылмен) білмегендігін көрсетеді.

 «Ұят кімде болса, иман сонда» деген қазақтың мақалына орай, иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады.

«...Көңілге тек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын,

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, - деген ойларына орай, «Абайдың діні - ақылдың, сыншыл ойдың діні болуға бет алады. Ислам схоластикасы көзімен қарағанда, Абайдың бұнысы - мұсылман ғұламалары ұсынған дін жолы емес, күпірлік. Шариғат ойланбай илан десе, Абай илану үшін ойланам, - дейді. «...Абайға шығыстан келген бұйымдардың басы-ислам дінінде», «Абай діні – сыншыл ақылдың шартты діні» екендігін М.Әуезов ескерткен. Ақынның Алла, адам, адамзат, әділет, иман,  жайындағы гуманистік ойларының  түйіні –төмендегі шумақта тұжырымдалған:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол алланы жаннан тәтті,

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және сүй, хақ жолы деп ғәдәләтті.Осы шумақты мысалға ала отырып, «Жұмбақ жанды» жазған Т.Әлімқұлов: Абайдың алласы мұсылманның алласынан бөлек. Ол қасиетті сезімге сенім іспеттес. Абай адамзаттың бәрін бауыр тұтуға, сүюге шақырады. Абайдың үндекі ұлы гуманистік үндеу екенін ұғынамыз. Абайдың сахарадан шырқау шығып кеткені де сондайлық биік пікірінен көрініп тұрады» . [9,72.]  - дейді

   Абайдың дін туралы пікірлері оның діни ойларының  адамгершілік, әділеттілік, имандылық қасиеттермен тұтасып, үндесіп жатқанын байқаймыз. Абай болмыстың ақиқатын, сырын терең танып, ислам дініне ізгіліктің, адамгершіліктің, бейбітшіліктің қайнар көзі ретінде қарап, құранның іші толған «ғамалус-салих» (ізгі ой, игілікті іс) – екенін айтқан.

Хакім Абайдың  өзі «кітаби тасдиқ» деп атаған 38 қара сөзін кейінгі кезде ғалымдар жазып жүргендей, діни философиялық трактат деп қабылдау жөн тәрізді. Жәдитшілер құранды түзету күнә, бірақ ... оның астарлы сырын ашып, мұсылмандарды дұрыс жолға бағыттап, заманға үйлестіре қабылдау –парыз десе,  Абай да құранды жаттанды діни құралға айналдыруға қарсы болды. « Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ - дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ.- деп, адамды аллаға жақындатқан тың ойын ұсынады.  

Біз бұл жайындағы ойымызды М.Әуезов атап көрсеткен: «Алла жолын, сөзін уағыздаумен қатар Абай өзінің де дүниетанымын,  өзінің бұл фәниге көзқарасын танытқысы келген», «Мұндағы тағы бір қасиеті – Абай діншіл мистикаға берілген Яссауи, Софы Аллаярдың бірде –біріне маңайламайды» деген пікірімен түйіндейміз.

   Ренессанс өнер мен әдебиеттегі жанрлар жүйесіне де түбегейлі өзгерістер әкелді.  Антикалық дәуірден белгілі кейбір әдеби жанрлар гуманизм тұрғысынан жаңарып, қайта қарастырылды, басқалары қайтадан қалыптасты.  Бұл дәуір әдебиетінде белгілі бір әдеби түрлер басым болды. (Абайдың қара сөздерінің формасы) Диалог белгілі бір Ренессанс жанрына (17 қарасөз) айналды. Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін жанр ойлап тапқан. Ол сөз жанры.Ақынның қара сөздері еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған мазмұн өзіне сай форма тапқан. [10,300]   

   Қайта өрлеу поэзиясы лирикалық тақырыптардың басым болуымен сипатталады.  Сонет әдеттегі поэтикалық формаға айналса, Абайдың бір ғана «Сегіз аяғы»  (әр шумағы 8  жолдан тұратын белгілі бір ұйқаспен: (а-а, ә; б-б, ә; в-в;)  әрі бунақ сандарының да: (1-1, 2; 1-1, 2; 2-2;) буын сандарының да:  (5-5, 8; 5-5,8; 8-8) жаңаша құрылымымен ерекшеленді.  Қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, тамырын көне түрік әдебиетінен бастап зерттеуді қолға алған Б.Кенжебаев Абайдың қазақ өлеңіне 18 түрлі реформа жасағанын айтады. Акдемик З.Ахметов: «...Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдігі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Қызарып сұрланып» деп, жиырмадан астам өлеңін атай келіп, ...Абай өлеңдерінің көбі не тақырыбы, не стилі, жанрлық сипаты немесе өлең өрнегі жағынан мүлде жаңа болып келетіндіктен осы топқа жатқызуға болады деген туындыларды түгел қамтып, бөліп алудың өзі қиын» -дей келіп, «Біздің айтпағымыз - Абайдың сарқылмас шығармашылық тапқырлығы, оның қолынан шыққан кемеліне келген, көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз өлеңдерінің көптігі және әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын, жаңаша сипатты дүние болып келетіні» [11.224]-деген тұжырым жасайды.  Ақын «Өлеңге әркімнің –ақ бар таласы», «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы», «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп, Теп тегіс жұмыр келсін,  айналасы» деген теориялық талабын поэтикалық пайымымен жеткізді.

    Ренесанстық ерекшеліктің бірі  - тұңғыш рет әдеби шығарманың жаңа көркем поэтикалық формаларын іздестіруі болса, Абай да өлеңге өзгеше биік талап қойып, жаңа мазмұн, жаңа түр үстеді.

    Ақынның ауыз әдебиеті үлгілерін жаңартып жаңғыртқанын, шығыс батыс әдебиеті үлгілерін қолайымымызға сай етіп жаңаша реңкте қолданып, ұлттық поэзиямыздың мазмұны мен түріне зор мағына, әдемі өлең өрнегін енгізді. Бұл өлең құрылысына қатысты бір ғана мысал.      

   Поэзияның ауыз әдебиеті, жыраулық поэзия үлгілері, шешендік арнау, толғау жанрлары жаңғыртылды. Жыраулар әлеуметтік мәні зор, ірі, келелі мәселелерді жырласа, Абайда өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарды. 

«Жақсылық ұзақ тұрмайды»-деп басталатын толғауында Абай:

Бір қайғыны ойласаң,

Жүз қайғыны қозғайды.

Жер қорығыш желгек шал

Желіп жүріп боздайды – деп Желмаясын боздатып, Жерұйықты  іздеген Асан қайғы өмірін мезгегендей әсер қалдырады. Асан қайғының:

Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады, 

Таза мінсіз асыл , Ой түбінде жатады. 

Су түбінде жатқан тас – Жел толқытса шығады, 

Ой түбінде жатқан сөз –Шер толқытса шығады – деген пәлсапалық толғауын «Мұң менен зарды қолға алған» Абай:

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен- деп заманының күйіне салып шерлене толғайды. «Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау» жырлаған зар заман сарыны Абай да бар. Абай «Өздеріңді түзелер дей алмаймын» деп, түңігендей болғанмен, сол отарлық азаптың қыспағынан шығар жолды іздеді.  Абай поэзиясын  біздер бүгінгі уақыт тұрғысынан бағамдап, баға берсек, оның білім мен ғылым, өмір, дүние, адам-пенде, т.б. жайлы ой-пікірлері, көркемдік сөз әлемі  әлі де  маңызы мен мәнін жоғалтпағанына, қайта сыры мен жұмбағы барған сайын ашыла түскендігіне көзіміз жете түседі. 

  Асан ата: «Ғылымның қандай пайдасы – білместі жолға салмаса» немесе,  «Ғылымым жұрттан  асты деп кеңессіз іс бастама, Жеңемін деп біреуді өтірік сөз қостама. –десе, Абай: 

Бір ғылымнан басқаның,

Кеселі көп асқанға, немесе

Ғылымның біліп пайдасын,

Дүниенің көркін болжамай? - деп ағартушылық идеясы тұрғысынан жырлады.

Сегіз аяқтағы «Атадан алтау» тіркесі ақынның өмірі мен туысына қатысты  нақты деректілік мағына берсе де Асан қайғы заманынан тұрақты тіркеске айналып қалыптасқанын аңғарамыз.

Атадан алтау тудым деп – асқынып жауап айтпаңыз, 

Атамның малы көп-ті деп – атты басқа тартпаңыз.

Абайдың бір кезде болыстық құрған Құндызды ауылының орталығындағы қорым- бейітте жатқан Ақтамберді жырау да:

Атадан алтау туғанның,

Жүрегінің бастары

Алтын менен бу болар.

...Жалғыздық сені қайтейін деп, толғайды. 

  Хандық дәуір әдебиетінде ел азаттығы жолында, ел мен жерді, елдік пен бірлікті қорғауда намыс пен адамдық ардың тазалығы үшін күрескен жырауларымыздың өршіл рухқа толы қайсар жауынгерлік жырлары Абай поэзиясына да әсер етпей қалған жоқ. Араға төрт- бес ғасыр салған дәуірдің еншісіндегі тарихи-саяси өзгерістердің, заманы мен заңы өзгерген уақыттың Асан қайғыдан Абайға дейінгі кезеңде халық мінезі мен көзқарасына, дүниетанымына ықпалы, Асан ата болжаған отарлықтың «Қалың елі қазағының» арқасына аяздай батқаны Абай мұрасында да көрініс тапқан. 

 Еуропалық Қайта өрлеу дәуірінің өнер қайраткерлері ерте дәуірдің барлық шығармаларын оқып, зерттеп, оларға ерекше мән берсе, Абайдың М.Әуезов атаған ақындық нәр алған үш мектебінің тәлімін айтсақ та болар.  Абай алдымен халық шығармашылығынан - фольклордан қана сусындады. Ауыз әдебиеті «тас бұлақтың суындай, сылдырап ағып жатқан Қасқабұлақтың қайнарындай емін еркін бас қойған рухани бұлақ-бастауы болды. Бұл тұрғыдан, Абайдың фольклорға қатысын академик С.Қасқабасов терең зерттеп тың, тұжырымдар жасады. «Абай тек ұлт фольклорын ғана емес, күллі әлем, әсіресе шығыс  халықтары фольклоры мен  классикалық әдебиетін меңгерген әрі оны өз шығармашылығына пайдаланған»[12,64]

Абай Батыс пен Шығыстың білімін бірдей оқып үйренуі арқасында өзіндік ой,  қоғамдық көзқарас, дүниетанымын  да қалыптастырды. «Шынында, Абай шығыс пен батыстың көркем өнердегі қол жеткен табыстарын творчестволық талғаммен меңгере отырып, өзінің эстетикалық көзқарасының өміршең жаңа жүйесін жасаған жаңашыл ақын». [13,108]

Абай өзінің дүниеге ерекше сыншыл көзқарасымен, «білмекке құмарлығымен»  рухымен өз заманындағы дүние ойшылдарының қатарынан орын алды. Адамның мінезі мен қалпын, ұлттың дүниетанымын, ментальдігін төл тіршілігімен байланыста қарап, суреттеуімен өз ортасынан дараланып әлемдік мәдениет көгінен көрінді.

          «Нидерландтың алтын ғасыры» кезінде (XVII ғасыр) Амстердамда құрылған «Мейден шеңберіне» көптеген жазушылар мен суретшілер, оның ішінде «Нидерланды тарихы» прозасын жазған әрі лирик ақын Питер Корнелисзон Хофт та кірді.  Хофт ерекше сезім күйін шерткен ортағасырлық голландтық халық әнінің сазымен үйлескен махаббат жырларын жазған көрнекті ақын.

        Қазақ поэзиясында Абай мүлде тың ғашықтық  лирикасында  сөзі мен сазы үйлескен «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық айды», орыстың көне тұрмыстық романсы жанрындағы «Айтым сәлем Қаламқасты» әкелді. Осы ән жайында Т.Әлімқұлов композитор Б.Г. Ерзаковичтің «Абайдың халыққа өте-мөте кең тараған «Айтым сәлем, Қаламқас» әні орыстың романс лирикасына жақын». Бұл ән «Карие глазки» деген орыстың тұрмыстық романысына әуен жағынан аса жақын. «Карие глазкиді» Абай өзінің орыс достарының бірінің үйінен естуі мүмкін» деген пікірін келтіреді. . [14.117]

         Қайта өрлеу дәуірі әдебиетінің бір ерекшелігі, ол ұлттық тілде де, латын тілінде де жазылып, барлық жетістіктері алғашқылармен байланысты болса,  Абай заманында да қазақ поэзиясында шағатай, арап, парсы тілдерінің ықпалы болса да, ақын ұлттық әдеби тілдің негізін қалады. Сөздің құдіретін тануы ( өлең сөздің патшасы, сөз сарасы) туралы түсінікті қалыптастырды. Абайдың тарихи ұлы еңбегінің және бір тамыры осында. «Ол шығармасының тақырып, идеясы жағынан жалпы адамзаттық гуманистік идея-мақсатқа қол созса, оны суреттеуде шет тілге аударғанда оңай келетін, өз халқына түсінікті «ортақ тіл» таба білді. Бізше, мұның үш-төрт түрлі себебі бар тәрізді. Бірінші, Абай өз өлеңінің тақырыбы етіп көбіне жалпы адам баласылық мәселелерді алды,... Екінші, қандай өлең, қандай сөзді болсын, мазмұн мен сезімге құрды... Үшінші, әрбір сөз мағына жағынан айтатын ойға қатесіз анық, айқын, дәл болуын берік ұстады. Төртінші, өлең, сөйлемдерде мағына қатынасы жоқ, шумақтың жол санын толықтыру үшін қолданылатын бос сөздерге қарсы қатты күрес ашып, өз өлеңдеріне сөйлеммен байланысы жоқ, басы артық бір де бос сөз жібермей, әр сөздің шумақтағы айтылмақ ой-пікірге нық байланысты болуы керектігін және оның мүмкіндігін өз өлеңдерінің үлгісімен дәлелдеп берді» [15,117] деп жазды кезінде академик Қ. Жұмалиев.

         Қорытынды: Ренессанс еуропаның орта ғасырдан жаңа заманға өтуінің көпірі болды. Қоғамның білім, мәдениет, саясат, өнер, діни сенім салаларында түгелдей жаңалықтар, өнер тапқырлықтар, төңкерістер болып өтті. Ренессанс әдебиеті тәрізді Абай поэзиясы да классикалық сипатқа ие болды, жаңа дүниетаным, көзқарас, әдеби жанрлардың әрі қарай даму жолдарын анықтады. Ренессанс әдебиетін бүкіл батыс еуропалық әдебиет-мәдениет, өнер қайраткерлері құрды. Қазақ әдебиетінің өзіне дейінгі әдебиетінің табиғатындағы ұлттық  мазмұн мен түрді жаңаша  жаңғыртып, өзінен кейінгі әдебиетке өнеге еткен классик ақын бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің де алтын көпіріне айналды. «Ұлы ойшылдың әр сөзі қазақ шындығының құймасындай салмақтанды. Көзі ашылған қазақтың көкірегін сусындатқан құнарлы сөз де сол еді. Ұлттық жаратылыс та, мемлекеттік мүдде де, қоғамдық ақиқат та ақын сөзінде айдай анық көрініп тұрған» [16]  Асқар Егеубаев.

           Ұлы ақын қазақ мәдениеті мен әдебиетіне әкелген тың жаңалықтары, реформалары үш ғасыр отарлық езгінің салдарынан надандық қамытын киіп, құлдық санаға бойұсынған,  «өз қолынан ырқы кеткен елінің» тұщы етіне ащы таяқ жұмсап, сыншылдық өлеңдері мен насихаттық –ағартушылық  лирикасы, қара сөздеріндегі насихаттық, фәлсафалық ойлары арқылы елін оятудың ұлтты ұйыстырудың  көшбашысы бола білді. Алаш рухының қайта өрлеуіне таңда туған шолпандай жарығын төкті. Ұлы далада ұлттық ояну кезеңі, жаңа мәдениет қозғалысы –қайта өрлеу дәуірі басталады. Ол көштің көшбасшысы - Абай даналығы.

 

    Әдебиеттер:

1. Сейдімбек А. Абайтану. Он томдық.VІ том. – Алматы: Қазақ университеті, 2016, 228-бет

2.Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде,-Алматы: «Арыс» баспасы 2001.-134 б.

3. Абайдың ақын шәкірттері. дайындаған Қ.Мұхаметханұлы.-Алматы «Дәуір», 1993-224 б.

4. Кітапта: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы.-Алматы, «Әдебиет әлемі», 2013.- 500 б.

5. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Избранное. –Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. 5-43 б.

6. Жұртбай Т.Қ.«Күйесің жүрек, .. сүйесің». –Алматы: Санат,2001.-408 б.

7. Қасқабасов С. «Абай поэзиясының ренесанстық сипаты» Абай мұрасы-тілдік өрістің негізі.   

    Халықаралық ғылыми –теориялық конференция материалдары-Алм.:»Информ»-А.2005 368б.

8.  Әуезов М.  Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, «Ғылым»,1967, 157 бет.

9.  Әлімқұлов Т.Жұмбақ жан. Зерттеулер мен мақалалар. Алматы, «Жазушы», 1978.- 368 б

10. Есім Ғ. Хакім Абай.-Астана: Фолиант, 2012.- 400б.

11. Ахметов З. Кітапта: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы.-Алматы, «Әдебиет әлемі», 2013.- 500 б.

12. Қасқабасов С. Абай және фольклор. Алматы «Білім», 1995, - 64б

13. Мырзахметов М. Абай және Шығыс. Алматы «Қазақстан», 1994, 207 б.

14. Әлімқұлов Т.Жұмбақ жан. Зерттеулер мен мақалалар. Алматы, «Жазушы», 1978.- 368 б

15. Жұмалиев. Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. ІІ том. - 

     Алматы, 1960. – 144-155-беттер    

16. Егеубаев А. «Ұлттық сананың ұлан асу ұлы құбылыстары» «Қазақ әдебиеті» № 21. 06.2005 

 

Ақбота Қажыбекова

 І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курс магистрі