Мөлдір БИЖАНОВА: АБАЙДЫҢ КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕМІ


Аңдатпа:

Абай өз заманының Құлагері деген атақты иеленгелі бері, оның еңбектері жан-жақты талқыға салынып, талдау жүргізілуде және соның бірі болып табылатын көркем-эстетикалық элементттердің Абай өлеңдерінде айқындалу мәселесі де қазіргі таңда өзекті тақырып. Бұл ғылыми мақаланың зерттеу мақсаты Абай өлеңдерінде кездесетін өзіндік көркем-эстетикалық түсінік пен элементтерді анықтап, талдау. Ғылыми жобаны жазу барысында көркемдік пен эстетика ұғымының шығу тарихына қысқаша шолу жасау арқылы көркем эстетика үлгілерін Абай өлеңдерінен анықтау, анализ жасау сияқты ғылыми танымдық әдістер қолданылды. Ішкі жан дүниесі мен жүрек дауысын жеткізуі, өмір мен өзін танып білудегі ұмтылысы, табиғат пен оны мекен етушілер арасындағы тығыз байланыс бейнесін сипаттауы, адамның өлмес рухын уақыт айналасында баяндауы, қазақтың ұлттық салтын қарапайым өмірге кірістіре байланыстыруы Абай шығармашылығында кездесетін өзіндік көркемдік әсері мен қайталанбас эстетика көрінісі деген нәтиже көрсетілді. Сондай-ақ, мақалада әр бөлімге сәйкесінше үлгі ретінде өлең үзінділері беріліп, топтастырылады.

Түйін сөздер: Абай, көркемдік, эстетика, өлең, философия.

 

Мазмұны:

 Кіріспе                                                                                                                       

  1. Абай өлеңдеріндегі өмір мен шындыққа қатысты көркемдік-эстетикалық үлгілері            3
  2. Абай өлеңдеріндегі табиғатқа қатысты көркемдік-эстетикалық үлгілері                     
  3. Абай өлеңдеріндегі ғашықтыққа қатысты көркемдік-эстетикалық үлгілері     

Қорытынды                                                                                                                 
Қолданылған әдебиеттер тізімі                                                                                    

 

Кіріспе

Эстетика сөзі грек тілінен алғанда (‘aesthetic’) «сезімдік қабылдау» деген мағынаны береді, сонымен қатар «талғам» деген терминнің мәнін анықтайды [1]. Ал философиялық терминдер сөздігінде бұл сөз былайша сипатталған: эстетика - өзара байланысқан екі құбылысты зерттейтін философиялық ғылым: адамзаттың әлемге деген құнды қарым- қатынасын көрсетумен ерекшеленетін эстетикалық сфера және адамдардың шығармашылық сферасы [2]. Одан бөлек, эстетика жөнінде сан түрлі теориялар қалыптасып үлгеріп, өзіндік сипаттамаларымен танылып жатады. Ортега-и-Гассет элитаризміне сүйенетін болсақ,  эстетикалық сана мен қабілет өмірден алыстаған әлеуметтік ойшыл топтың өзгелерден артықшылығы [3].  Ал X.-Г. Гадамердың түсінігі бойынша эстетикалық таным адамның даралығымен сипатталған  «ойлардың таза ойыны», еркіндіктің айрықша көрінісі [4]. Осы мысалдар арқылы эстетика адам санасында қатып қалған ойдың шекарасынан шығып, өзге түсінікпен, көзқараспен, бағытпен қарау екенін түсінуге болады.

Көркем эстетика түсінігі алғаш рет XVIII ғасырда кемеңгер ойшылдардың еңбектерінде атап өтілген. Ағылшын тілінде эстетика сөзі «aesthetics» деп берілген және бұл элемент тек өлең, үн және ырғақ ретінде көрсетілмей, күллі ғаламшардағы өнер туысында кездеседі деп түсіндірілген [1]. Аристотельден кейінгі ең ықпалды ойшыл болып саналатын Иммануил Кант Critique of Judgment еңбегінде өнерге талдауда үшінші сын ретінде «Сезім объектілерінің кез-келген формасы - бұл фигура (Gestalt) немесе ойын (Spiel). Соңғы жағдайда бұл не фигуралар ойыны, не сезімдердің ойыны» деп анықтайды [5]. Канттың бұл сөздері кейін әлем бойынша сезу ұғымын күнделікті қалыптасқан таптаурындардан жойып, басқа дүние ретінде көру жаңа көркемдіктің нышаны ретінде қалыптасады. Оған қоса «эстетикалық идеяларды» білдіруінде көрнекілік түсінігін қолдана алатындығына байланысты Кант поэзияны бейнелеу өнерінің ең биік шыңы деп санайтынын атап өткен жөн [1]. Бұдан эстетика элементтерінің поэзия өнерінде көп бағаланатыны мен кездесетіні айқындалады.

 Көркемдік эстетитканы талқылауға келетін болсақ, Философияның Стэнфордтық Энциклопедиясында объектінің көркемдігі мен сұлулығы оның табиғатынын келген құрылымынан туындайды, сол себепті кез келген заттың әсемдігін түсіну үшін оның құрылымын да түсінуіміз керек делінген [1]. Әрі біздегі ішкі сезім бұған дейін байқамаған көркемдік қасиеттерді сезуі мүмкін [6]. Әлі күнге дейін эстетика ұғымы қалыптасқан түсініктен өзгеше дүние мен сезім көрінісі немесе керісінше кез келген адамның белгілі бір дүниеге деген өзіндік көзқарасын анықтайтын сезім көрінісі ме деген мәселе толық шешілмеді. Ғалымдар арасында нақты көркем эстетиканы анықтау мен талдауда неге, қайда және қалай деген сұрақтарға нақты дұрыс жауап табылмай, қаншама ғасырлар бойы қызу талқылау үстінде [1]&[7]. Алайда анығы - көркем-эстетикалық элементтер автордың өзіндік стилі мен түсінігін айқындауда, көрсетуде, оқырманға жеткізуде маңызды әрі ажырамас рөл ойнауы.

Аталмыш көрініс алып ақын Абайдың еңбектерінде де кездесетіні хақ. Ғалым Қазыханова Бәтеш атап өткендей «Ұлы қазақ ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбаев: қазақ әнмен әлем есігін ашады және ән оның мәңгі серігі болады» деген. Қазақ өмірінде - қуаныш болсын, қайғы болсын - ол оз жан тебіренісін өлеңмен айтқан [8]. Осы арқылы Абай өз ішкі шерін қазақ халқы сынды әнмен, өлеңмен жеткізу арқылы сол кездегі қайталанбас эстетика көрінісін жүзеге асырған. Ал өмірін Абай дүниетанымын зерттеуге арнаған Қасым Бейсембиев те көркемдік эстетика талғамы Абай дәуірінде кездескенін, ары қарай көп талдауды қажет ететінін атап өткен [9]. Осы үлгілер арқылы қазақ халқының өзге ұлттарға ұқсамайтын философиялық көзқарасы, эстетика мәні мен көркемдік сипаты қалыптасқанын түсінуге болады, алайда аталған ерекшеліктер қазіргі таңда халық үшін таныс емес екені жасырын емес.

Абай тұлғасын мінсіз тұлға ретінде қарастыратын заманда Абай өмірін кеңінен танып білу тек қана Абайдың емес, өз халқымызды танып білудің мәдениетіне айналуы мүмкін. Қазақ халқының эстетикалық ерекшелегін зерттейтін ғылыми танымдық мақалалар аз, сол себепті ғылыми жұмыс Абай әлемінің көркемдік-эстетикалық түсінігін жан-жақты талдауымен айналыспақ, ал ол кезегінде қоғамдағы өзекті мәселе.

Абай - қазақта дана тұлға, дара тұлға. Ұлы Абайдың өзіндік даралығы оның шығармашылығымен шектеліп қалған емес, оның эстетикалық талғамының биіктігі де бұл дарылықтың тағы бір нышаны болып табылады.  Абай Құнанбаевтің эстетика призмасынан әлемді көру өнерін қарастыру Абайдың философиялық көзқарасы мен дүниетанымының толық зерттелуіне жол ашпақ. Ал бұл ізденіс өз кезегінде жас ақындардың өлең жазуда өзіндік көркем стилін қалыптастыруына өлшеусіз септігін тигізеді. Бұдан бөлек, Абайдың философиялық- эстетикалық мұрасын толық зерттеу және сыр қырын анықтап білу Абай өлеңдерінің эстетикалық мәнінің ағылшын тілінде сапалы әрі дөп жеткізілуіне орасан зор мүмкіндік береді. Ал практикалық мәніне келер болсақ, Абай туындыларының эстетикалық әлемін ағылшынша меңгеру, өз кезегінде, ұлт мәдениетінің берік іргетасын қалаған Абай әдебиетін, Абай болмысын болашаққа паш етуде, әлем аренасына шағаруда жетелеуші темірқазық болмақ. Осы себептерді ескере отырып, бұл ғылыми жоба мақсаты, өзектілігі, маңыздылығы айқындалған болатын.

Ғылыми мақаланың зерттеу мақсаты Абай өлеңдерінде кездесетін өзіндік көркем-эстетикалық элементтерді анықтап, талдау, тақырыптар бойынша топтастыру, шешімге келу. Жұмыстың әдісі кітап, ғылыми журнал және ғаламтор жүйесінен сенімді ақпараттарды жинап, Абайдың көркемдік-эстетикалық бейнесін анықтауда қолданып, талдау жасау болып табылады. Оқу барысында алдымен өмір туралы өлеңдер таңдалып, зерттелді. Өмір деген ақиқат пен шындық ұғымымен қатар жүретіндіктен, осы екі тақырып бір бөлім ретінде алынды. Одан кейінгі талқыланған табиғат бөлімі де Абайдың көркемдік, эстетика түсінігін әрі қарай көрсетуде жол ашады деп сенеміз. Махаббат ғасырлар бойғы пәлсапалық түсініктің қайнар бастауы мен мызғымас бөлігі болғандықтан, әрі махаббат көбінесе ғашықтықпен ассоцияцияланып жүретіндіктен, тап сол махаббат түрін талдау Абайдың көркем эстетикалық әлемін одан сайын түсінуде көмектеседі деген сенім бар. Аталмыш философияның үштігін (өмір/шындық, табиғат пен ғашықтық) қарастыра отырып, Абай дүниетанымындағы көркемдік пен эстетиканы аша алу мүмкіндігі жоғарырақ болатындықтан дәл осы тақырыптар ғылыми жобада талқыланады. 

 

II. Абай өлеңдеріндегі өмір мен шындыққа қатысты

көркемдік-эстетикалық үлгілері

Абайдың өлеңдеріндегі эстетикалық құбылыс тек жанды, материалды құндылықтармен ғана шектеліп қалған емес. Абайдың өмірге деген, үміт пен арманға деген көзқарастары да эстетикалық бояуларымен ерекшеленсе керек. Соның мысалында Абайдың  1901 жылы жазылған  «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» өлеңін алатын болсақ, Абайдың ішкі өкініш дауылы соңында шарасыздыққа тірелгенін байқауға болады. Өз өмірін үмітпен алға сілтеп өткен Абай үміт атты жапырақтың да бір күні солып, бояуы жоғалып, қуаратынын өкінішпен мойындайды. Сондағы жұбаныш эстетикасы жайқалған жапырақтың қуарғанында емес, Абайдың үмітті гүлге емес, жапыраққа теңеуінде. Гүлді өмір деп алатын болсақ, ал күлтелері өмірдің әр құндылықтары, қағидалары мен заңдылықтары болса, ал жапырақтары Абайдың пайымдауынша үміт іспеттес болған. Шынында да, үміт шексіз сенімге жетелеуші, жақсының жаршысы, адамзаттың  жігері мен күшінің қайнар бастауы. Бірақ жапырақ қуарса, гүл де гүлдеуін, нәр алуын тоқтатпайды ма? Абай да сол бір үміттің жетегінде  өмір сүріп келіп, үміттің алдамшы болғанын сезінген кезде, өмірінің мәні жоғалғандай күй кешеді. «Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн» дей отырып, Абай өткеніне көз жүгіртіп, қиял тұзағына түскен бос күндерін санамалап, өкінішін ашық жеткізеді. Осы орайда, Абайдың өзінің ішкі жан кұбылысын эстетикалық түйсікпен толық қабылдауын атап өткен жөн. 

  Абайдың эстетика талғамы сипаттаудан бөлек, шындықты айқындаумен, оны сезінумен ерекшеленеді. Абай үшін эстетика тек эстетикалық сезім мен ләззатты жеткізу емес, шындықты дөп көрсету, ащылығын сездіру.  Мысалы, «қарашы, өз бойыңда түгел ме екен ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?» деген жолдарда Абай жастықтың қуатынан қол үзгенін ерекше жолмен, яғни дәурен өмірдің түс екеніне көндіру арқылы сездірген. Эстетика Абай өлеңдерінде сұлулық құралы ғана болып қоймай,  Абай поэзиясында ол ақиқат тілінің бейнесі ретінде қалыптаса алған. Көркемдік эстетика шындықтың көркемдік образдар арқылы жеткізілу тәсілі мен оның шындыққа сәйкестігін тексеру амалы ретінде орнын тапқан.  Оған тағы бір дәлелді «Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің, Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!» деген жолдардың мағынасын қазбалағанда табуға болады. Өлеңдегі бұл жолдар ел алауыздығын артқа тастап, ел бірлігін күзетудің өзі қол жетпес армандай, жетем деген сайын алыстайтын бұлдыраған сағымдай көрінетіні туралы мұңды сыр шертеді. Көптің аузын лайдан тазартам деп тартысқа түсудің өзі өмірдің тыныштығын ұрлайтынын Абай өмірінің соңғы нүктелі шақтарында ғана біліп, ендігі амал өзіндік «менді» күзетуде екенін ұғынады. Бұл түйсіктегі тағылымды түсінік бірегей философиялық көзқарастың, сол замандағы сирек кездесетін қоғамдық сана формасының Абай мен оның әлем әдебиетінде қалыптасқанын дәлелдей түседі.  Абайдың эстетикалық бояулармен жазылған өлеңдері – Абайдың ішкі жан дүниесі мен жүрек дауысы.

Абайға тән философиялық-эстетикалық талғамы Абайдың өмірді және өзін танып білуге деген ұмтылысымен тоғысса керек.  Поэзия төңірегінде өмір мен өлімді таразыға салған Абай эстетикалық болмыспен өмірді тануға бір қадам жақындауға тырысады. “Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен” өлеңіне көз жүгіртетін болсақ, Абай өз өмірінің баспалдағы нұрлы аспанға жетелейтінін эстетикалық мәнмен сездірсе керек. Аспанға қарап бой түзеген Абай бір дәннен қаулап өсіп-өнген бидайдай шексіз аспанға қол созып өскен. Ал жаз мезгілінде бұл егін жасыл шөппен қосылып, жалаңаш жердің бетін өз бойымен, өзіндік өскен биіктігімен жасырып, жасыл көркем алаңға айналдарыды. Бұл Абайдың жас кезінде қуаты тасыған мезгілде жұрт санасына білім нәрін сепкендей көрініс тудырады. Дегенмен де, толассыз уақыт күтуді білмейді, «рахымсыз» жылдар ағып, егін орылар уақыт та жетті. Бұл Абайдың заманы өтіп, аурудың ауыз салып, өлімнің де кезегі келгенін білдірген еді. Ойдың бұл эстетикалық қыры өлімді, оның келіп жеткен шағын сипаттауға арналған. Эстетикалық сипаттың құдіреті сонша, ауырлығын көтера алмай, басы иіліп, дәнге толы бидай жерге ұмтылады. Бұл адамзаттың сүрерін сүргеннен кейін барар орны қара жер екенін эстетикалық, жанама тұрғыдан топшылайды.

Эстетиканы білім беру үлгісі ретінде қарастырған В.А. Сухомлинский «Эстетиканың негізі – бұл шындықтың құбылыстары, яғни белгілі бір нысаны бар және біздің жанымыздан тыс ойлануымыздың нысаны болып табылады» деп болжаған[10]. Абайдың жандыны жансызға балап, осылайша жандының жанын оятуға әрекет етуінің өзі нағыз эстетиканың бір тармағы болса керек. Мысалы, «адамзат — бүгін адам, ертең топырақ, бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ» жолдарында Абай адамның о дүниеге аттанғанда, топырақ кейпін оранып, адамдық өміріне қайтып келмейтіні туралы жыр шертеді. Бұның өзі адамды өмірін, оның құндылықтарын бағалауға шақырады, өмірдің бір-ақ берілетін тереңінен, тұспалдау арқылы түйсіктеріне жеткізеді. Яғни, эстетиканың міндеті сезіну және адамзатты, оқырманды әрекет етуге шақыру, адамзат санасын эстетикалық концепциямен ояту болса[10], Абайдың көркемдік-эстетикалық әлемі өз міндетін тыңғылықты әрі толықтай орындап шықса керек.

 

III. Абай өлеңдеріндегі табиғатқа қатысты көркемдік-эстетикалық үлгілері

Эстетикалық  талап-талғамды дана ақын Абайдың табиғатқа арналған өлеңдерінен айқын байқауға болады. Абай табиғаттың сұлулығын көріп, тамсанып қана қоймай, одан бөлек ішкі рухани дүние мен көзге көрінерлік сұлбасын салыстыру арқылы адамзат пен табиғат байланысын жеткізеді. Осылайша, жансыз табиғатқа жан беріп, тірілтеді, табиғат әсемдігінің мазмұнын ашады. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінде табиғат көріністері айрықша, әсем шеберлікпен суреттелген. «Желсіз түнде жарық ай, cәулесі суда дірілдеп…» шумақ жолдарында тылсым, сұлу айдың жарық сәулесі көл бетімен шағылысып, айна бейнесі қалыптасқан. Негізінде, қою қараңғы аспанда қимылсыз тұрған айдың көл бетінде су толқындарымен ілесіп қозғалысқа түсуі, «дірілдеуі» түнде тынығар табиғаттың эстетикалық әсерін сездіріп тұрғандай. Абайдың бұл өлеңінен тағы байқарлық эстетикалық көрініс ол – алынған әсердің сезіліп қана қоймай, оның одан ары шарықтауы, эстетиканың толығып, арта түсуі. Бұл Абайдың эстетикалық сұлулықтың мазмұнын ерекше ашу тәсілі іспеттес. «Қалың ағаш жапырағы сыбырласып өзді-өзі...» мәніне үңілер болсақ, жапырақтарға бейне бір жан бітіп, адамдарша жасырын сыбырласып тұрғандай эстетика тудырады. Яғни, жел лебімен бір толқынға түскен жапырақтардан естілген дыбыс олардың сыбдыр қағып, сыбырласуымен теңескен. Бұл Абайдың оқырманның табиғаттың көзге көрінер бергі көрінісімен шектеліп қалмай, табиғаттың жасырын көрінісін паш етуде қолданған эстетикалық теңеуі. Абай «Тау жаңғырып, ән қосып, үрген ит пен айтаққа...» деген жолдарда жануар мен табиғаттың қарым- қатынасын да эстетикалық тұрғыда сипаттаса керек.  Үрген иттің даусын күшейтіп, өз үнін естіркен таудың өз жаңғырығын ән түрінде жеткізуі кез келген адам санасына келе қояр ой емес. Оның өзін елестетуге, сезініп, қабылдауға да ерекше көзқарас пен философиялық дүниетаным қажет. Өлеңіндегі табиғат бейнесін жаратылыс бояуымен жеткізудің бір себебі -Абайдың бұл дүниетанымның иесі болуы.

Табиғат эстетикасы Абай үшін сұлулықты тану үшін ғана емес, өмірдің шындығын тану үшін де қолданыс тапқан. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деп өткен Абай шындық элементтерін табиғат элементтерімен байланыстырып отырып қарастырған. Табиғат құбылыстарының уақытша екенін, табиғат әсемдігің мәңгілік сақталмайтынын, шексіз құбылып отыратынын адамзаттың мәңгілік өмір қағидасына қарама қарсы қояды. Абайдың адам өлсе де, адамның рухы, адамдығы өлмейтінін табиғат эстетикасы аясында түсіндіре білуі, бұл да эстетиканың ашылмаған қыры еді.

Өлеңдер табиғатты қозғаған кезде, табиғат адамзатты қозғайды, себебі адам мен табиғат бір тұтас ағзадай бір-біріне тәуелді. Абайдың табиғатты эстетикалық  көркем жиынтық ретінде қабылдау үшін қолданатын тағы бір қыры - эстетикалық параллель.  Бұл қалыптасқан түсінік табиғат пен адам эстетикасының ұқсастығын өлеңнен байқауға мүмкіндік береді және адам мен табиғаттың тығыз байланысын бір уақытта эстетикалық бояулармен қанықтырады. Мысалы, «Күз» өлеңіндегі «жасыл шөп бәйшешек жоқ бұрынғыдай, жастар күлмес, жүгірмес бала шулай» шумақтың түйіні бәйшешек жоқ, сонымен қатар күлген жастар, жүгірген бала жоқ деген мағынаға тіреледі. Табиғаттың бір элементінің болмауының адамзат табиғатының элементінің жоғалуына әкелуін эстетиканың жаңашылдығы ретінде қарастыруға болады. Ал кей жолдарда Абай адамды табиғатқа ұқсатса, өзге жолдарда табиғат адамға ұқсап кеткендей кейіп танытады. «Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, жапырағынан айрылған ағаш, қурай» деп, жапырағы жоқ жалаңаш ағашты мүлкі жоқ қайыршы шал-кемпірге ұқсатады. Яғни, адамзатты тануға табиғат себепші болса, табиғатты тануға адамзат та себепші болса керек. Бұл философиялық түсініктің кеңдігін, Абайдың даналығы мен эстетикалық ойдың тазалығының нағыз дәлелі болмақ.

            Тағы бір айтып өтер зат - Абай табиғатқа байланысты өлеңдерінде қазақ нақыштарын келтіре баяндауы. Бұны біреулер қабілет дер, екіншісі өнер дер, не болғанымен, бұл да Абайдың өзіндік көркем сипаттау әдісіне жатқызуға болады. «Күз» өлеңін алатын болсақ, «Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?» үзіндісінен «Біреу тойып секіреді, Біреу тоңып секіреді» деген қазақ мақалындағы адам бейнесіне жануарды салып, ұлттық нақышты табиғат пейзажына кірістіруде. «Қыс» өлеңінде де Абай табиғатты қазақ ұғымына сәйкестендіріп, айқын әрі жылжымалы суреттермен бейнелеген. «Алты қанат ақ орда үй шайқалды» дегеннің өзі қарапайым қазақ тұрмысынан сыр шертеді. Сол себепті де Абайды алғаш рет қазақ нақышында қозғалмалы бейнелерді сипаттаған жазушы ретінде танимыз. Бұндағы эстетикалық мәні де сол – бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген түсінікті жаңғырту, қазақ салтын өлеңдерде табиғатпен байланыстырып сипаттау.

 

IV. Абай өлеңдеріндегі ғашықтыққа қатысты көркемдік-эстетикалық үлгілері

Абайдың лирик ақын болғаны бәріне мәлім. Көп жағдайда сезім махаббатпен ұштасып жататындықтан, махаббат тақырыбында жазылған Абай өлеңдерінен көркемдік-эсттеикалық элементтерді байқауға болады. «Махаббатсыз дүние бос» деген Абай махаббатты ерекше бағалаған.   «Махаббат» деген сөзді естігенде, ең бірінші болып біз түсінер ұғым жігіт пен қыз арасындағы ынтықтық, сүю сезімін кірістірген махаббат сезімі. Абай да бұл тақырыптан қалыс қалмай, бірнеше туындаларды жазған болатын. Бұл тізімге «Қыз сөзі», «Жігіт сөзі», «Білектей арқасына өрген бұрым», «Хор болды жаным» сияқты өлеңдерді кіргізуге болады. Әр өлеңде қазақ мәдениетіне сай лебіз бен ерекшелік байқалса да, бәрінің әрқилы көркемдік сипаттары кездесетіне де өтірік емес.

«Қыз сөзі» мен «Жігіт сөзі» екі пенде арасындағы диалогқа ұқсағанымен, әр өлеңде тек бір жақтың уайымы, ынтық сезімі, көңілі мен қалауы баяндалған. Жігіт қызға арналған сөзінде сезімін бірнеше жолдармен білдірді десек қателеспейміз. Мысал ретінде «Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас» жолдары жігіттің махаббат алдында дәрменсіздігін мойындағаны. Осы жерде Абайдың біз байқамаған көркем сипаттай білу қабілеті байқалады. Нағыз жігіт жыламайды деп тәрбиелейтін қазақ ұлтында жас шығару деген алпауыт сезім құлы болып, мойынсұнудан басқа қолдан келер шаруа қалмағанда ғана орындалатын іс, ендеше жігіттің қызды ойлай ыстық жас шығардым деп мойындағаны шынайылық пен сезімге деген берілістің нышаны. «Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айрылмас» пен  «Ыстық тартып барасың, Бір сағаттан бір сағат» үзінділері де ынтығып бара жатқан махаббаттың үлгісі дер едім. Ендігі бұл жерде тек қазаққа ғана емес, бүкіл адам баласына тән жауапсыз сүю процесі баяндалған. Бұндағы жасырын эстетика элементі - жігіттің қызды тырысса да ойдан шығара алмауы. Ойлаған сайын қыз бейнесіне құныға беретіні, қасында болса да, болмаса да, бар ойында сақтайтыны кез келген адам баласы сезсе де, түсінбейтін сезімдер. Психологиялық тұрғыдан біз бұл ісіміз үшін өзімізге есеп бермейміз, яғни біреу туралы махаббатпен ойлағанда оған деген өз құлшынысымыздың артып жатқанын байқаймыз, сол себепті де бұл махаббат философиясының эстетика элементі.

  Қыз табиғатынан нәзік келеді, ал Абай бейнелеген «Қыз сөзі» өлеңінде бұл нәзіктік пен тағдырға бағынушылық одан да бетер тереңінен сипатталатындай. Қазақ салтына сай тек хаттар арқылы тілдескен қыз бен жігіт арасындағы әңгімеде қыз да өзінің ыстық ықыласын білдіреді. «Сіз – жалын шоқ, біз – бір май. Ыстық сөзің кірді ішке, Май тұра ма шыжымай» деген жолдары да қазақ ғұрпынан сыр шертеді. Қыз өзін майға, ал жігітті шоққа теңеуі отқа лапылдап жанар майша атылайын деп тұрғанын көрсетеді. Қырғауыл тұйғынды тояттайтын сияқты қыз да жігітке толық келісімін беріп отыр. Назар аударар нәрсе қыз ашық «Иа!»- деп жауап қатпайды, керісінше қазақтың ұлттық дәстүр салттарымен салыстыра отыра, келістіріп айтады. Бұл да үлкен өнер десек болады. Бұл мысалдан Қыз сөзі сияқты Абайдың қазақтағы сезімдердің эстетикасы ретінде қарапайымдылық пен ұлт жадында сіңіскен түсінікті қолдана отырып, бір біріне ынтыққан екі ғашық сезімін, мойындауын сипаттағаны.

 

Қорытынды

Көркемдік пен эстетика ұғымы алғаш рет үш ғасыр бұрын енгізілгенімен, адамзат баласы бұрыннан-ақ өз айналасын толықтай танып білуге, ұғынуға, түсінуге тырысқан. Кез келген затқа өзіндік көзқараспен қарап, бағдарлау терең философиялық білім мен толғанысты қажет етеді. Философияның негізін қалаған кемеңгерлердің өзі поэзия бейнелеу өнерінің биік шыңы екенін мойындап кеткен, сол себепті өлеңдерді әсемдік тұрғысынан зерттеу жаңа тақырып болмаса да, әлі күнге дейін қызу талқылауды қажет еткен мәселе.

Соның бірі - Абай шығармашылығында кездесетін көркемдік-эстетикалық элементтерді тауып, талдау мәселесі. Қазақ халқының өзгелерге ұқсамайтын қайталанбас көркемдік пен эстетика тұрғысынан сипаттау стилі болғанын ғалымдар мойындаса да, әлі күнге дейін аз зерттелген тақырыптар тізімінде тұрғандықтан, өзекті тақырып болмақ. Сол себепті осы ғылыми мақала бұл мәселені шешуде өз ықпалын тигізіп, практикалық мәнін жоғарылатуда көмекгін тигізбек.

Философия өмір, ақиқат, шындық, сезім, табиғат, сезіну, саралау, ғашықтық, махаббат сынды ғасырлар өтсе де өз мәнін жоғалтпайтын сұрақтарды талқылаумен тығыз байланысты. Бұл жобада үш негізгі пәлсапаның бөлімдері таңдалынып, Абай өлеңдерін талдау арқылы көркем-эстетика элементтері қарастырылды. Өмір мен шындақ мызғымас әрі бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Бұнда Абай өзінің ішкі пенде ретінде өткізген жан құбылысын эстетика тұрғысынан адамшылдықпен байланыстыра отыра көрсеткен болса, кей өлеңдерінде осы жан дүниесінің жүрек дауысымен ұштастырып, өз эстетикасын басқа тұрғыдан анықтай білген. Ащы шындықты қабылдай білу де өнер, ал Абай ақиқатты бетке айтып, адамзаттың соңғы барар жері бір екенін эстетикалық, жанама тұрғыдан топшылаған.

Табиғат та кез келген жаның өзінің белгілі бір құбылысқа деген көзқарасын анықтауда көмектесетін таптырмас құрал болып табылады. Абай өз өлеңдерінде табиғат бейнесін жаратылыс бояуымен жеткізген және осы арқылы өз дүниетанымын да көрсеткен. Табиғат эстетикасы Абай үшін сұлулық, әсемділік пен кереметтілікті тану үшін ғана емес, өмірдің бұлжытпай орындалар  шындығын танып көрі үшін де қолданылған десек қателеспейміз. Адамның өлмес рухын уақыт пен табиғат айналасында баяндауы Абай шығармашылығында кездесетін өзіндік көркемдік әсері мен қайталанбас эстетика көрінісі еді. Әрі Абай шығармаларында табиғатты қозғаған кезде, міндетті түрде табиғат тірі жанды да қозғайды, себебі адам мен табиғат бір-біріне толық тәуелді. Эстетикалық параллелизмді қолданған Абай қазақ салтын ерекше етіп, табиғатты сипаттауда айқындауы әдебиетке енгізген жаңа бір өзгерісі еді.

Махаббат туралы жырламаған адам аз, алайда Абай психология жағынан өзіміз аңғармайтын және түсінбейтін істерімізді кірістіре отырып, жаңа бір эстетиканы көрсетіп, ғашықтар арасында туындайтын сезімдерді дәл көрсете алды.  Екі жас арасында орын алған жазбаша тілдесуде Абай қазақ қызының эстетикасы ретінде қарапайымдылық пен ұлт жадында сіңіскен салттарды, күнделікті тұрмыс-тіршілікті араластырып, махаббат сезімін түсіндірсе, жігіт арқылы бір-біріне ынтыққан екі ғашық сезімдерін, бұндай сезім алдында өз дәрменсіздігін көрсетіп, мойындауын сипаттаған. Оған қоса, Абайдың әдебиетке енгізген тағы бір жаңалығы, өз кезегінде эстетикасы, қозғалмалы табиғатты қазақ дәстүрі мен салтына келтіріп нақыштауында болып табылады. Яғни, Абайдың ғашықтық туралы өлеңдерінде сезім ұшқыны, ынтықтық пен сүйіспеншілік тақырыптары көтерілсе де, қазақ ұлтының сырлары да қалыс қалмаған. Бұл да ақынның өзгелерде кездеспеген эстетикалық ерекшелігі деп тануға болады.

            Ғылыми жоба өз мақсатына жете алғанымен, кейбір кемшіліктері де бар. Бет санының шектеуіне байланысты, Абайдың барынша маңызды деген өлеңдері қарастырылды, сондықтан өзге кіріспей қалған өлеңдері де баршылық. Дәл сол себеппен көркемдік эстетикалық түсінікті талдауда философияның басты деген бөлімдері қарастырылды. Осыған байланысты нақтырақ қорытындыға келу үшін бұл тақырыпты одан әрі зерттеу қажет.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі  

[1]. Shelley J. "The Concept of the Aesthetic". The Stanford Encyclopedia of Philosophy, 2017.  <https://plato.stanford.edu/archives/win2017/entries/aesthetic-concept/>

[2]. Румянцева E. “Что такое эстетика”. KtoNaNovenkogo.ru ақпараттық порталы. 13 Қазан, 2019. https://ktonanovenkogo.ru/voprosy-i-otvety/ehstetika-chto-ehto-takoe.html

[3]. Ортега-и-Гассет X. Дегуманизация искусства. Эссе о литературе и искусстве. Сборник. – М.: Радуга, 1991.

[4]. Гадамер Г.-Х. Актуальность прекрасного. – М.: Искусство, 1991.

[5]. Kant S. Critique of Judgement. New York, 1970

[6]. Reid, T. Essays on the Intellectual Powers of Man. Cambridge, MA: The M.I.T. Press, 1969

[7]. Ginsborg H. "Kant’s Aesthetics and Teleology". The Stanford Encyclopedia of Philosophy, 2019.  <https://plato.stanford.edu/archives/win2019/entries/kant-aesthetics/>

[8]. Казыханова, Б. “Эстетическая культура казахского народа”. Алма-Ата, 1973

[9]. Бейсембиев, Қ. "Мировоззрение Абая Кунанбаева". Алма-Ата, 1956

[10]. Жаманбаев Т. М. “Эстетика және адамның үйлесімді дамуы”. Bilimainasy.kz ақпараттық порталы, 3 Қаңтар, 2019. https://bilimainasy.kz/%D1%8D%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%82%D0%B8%D0%BA%D0%B0-%D0%B6%D3%99%D0%BD%D0%B5-%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%D0%BD%D1%8B%D2%A3-%D2%AF%D0%B9%D0%BB%D0%B5%D1%81%D1%96%D0%BC%D0%B4%D1%96-%D0%B4%D0%B0%D0%BC%D1%83/