Есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де етене таныс Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібековке амандаса барып, бүгінгі ғылымның өрісі, ұлттық таным, ұрпақ тәрбиесі тұрғысындағы ойларын тыңдап, батасын алып қайтқан едік. Балалық шағы зұлмат соғыс пен ашаршылық нәубетіне тұспа-тұс келген оның маңдайына тосын сыйы көп тағдыр қазақ ғылымына қалтқысыз қызмет етуді жазыпты. Жасы ғасырға жуықтаса да, санасы сергек, сөзі мірдің оғындай. Қатал уақыт қарттың қайратын алса да, көңіл көгіндегі сезім сәулесіне селкеу түсіре алмапты. Ғұмырлық қағидасында ұлттық мүддені бәрінен биік қоятын тұғырлы тұлғаның әңгімесі де әсерлі.
– Қуаныш, сүйініш, күйініш ет пен сүйектен жаралған әрбір пенде баласы татып көретін күй емес пе... Мен де бұл сезімдерден ада емеспін. Жасым жүзге жуықтаса да көңіл дөнен әлдеқашан алыстап қалған бала көктемнің бал шағын аңсайды да тұрады. Сөзімді осыдан бастайын. Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүние есігін аштым. Бебеулеп бесікте жатқан шақалағына әкем Досмұхамед деп есім беріпті. Қыш кірпіштен салынған аядай үйде менің өмір тарихым басталып кетті. Шағын ауламызға оны-мұны егіп сол кездегі жұрт секілді қоңырқай тіршілік кештік. Ол бір қиын замандар еді. Әкеммен бірге қауын егіп, ертелі кеш қасынан шықпайтынмын. Сол кездегі әңгелек қауынның дәмі әлі таңдайымда тұр. Сондай тәтті еді. Бірақ тағдыр адамға тәттісімен қатар ащысын да қоса асататынын бала көңіл біліп пе? Мен тоғыз жасқа толар тұста әкем өмірден өтті. Маған ең қатты әсер еткен алғашқы соққы осы дер едім. Әкемді мәңгілік мекеніне аттандырған жылы анам екеуміз есеңгіреп қалдық. Шешемнен «қауын егеміз бе, не істейміз?» деп сұрадым. Анам солғын үнмен «білмеймін» деп жауап берді. Қолыма өзімнен үлкен күрек ұстап әкемнің бақшасына келгенім есімде. Анама сүйеніш болуым керек деген ой мені ерте есейтті. Тірі адам тіршілігін жасайды. Ары қарай өмір сүру керек болды. Араға екі жыл салып анам колхозшы Рахмет Қуанышбаев деген кісіге тұрмысқа шықты. Бұл 1936 жыл болатын. Көп ұзамай інім Әбіш дүниеге келді. Қуанышымыз тағы да ұзаққа созылған жоқ. 1942 жылы анам ауырып қайтыс болды. Ұлы Отан соғысының қайнап жатқан кезі. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, өгей әкеміз де нақ сол жылы әскерге шақырылып, майдан даласына аттанды. Бес жасар Әбішімді құшақтап жалғыз қалдым. Міне осы эпизодтар жансарайымның төрінде әлі күнге дейін қатталып тұр. Қуанышым да, өкінішім де осы тұстан басталады.
– Болашақ ғалымның өмір жолы осылай басталған екен ғой. Одан кейінгі тіршілік ағысы қалай өрбіді?
– 1943 жылы Ленин атындағы Ташкент жаяу әскер училищесіне оқуға қабылдандым. Тірек тұтар туысымыз да жоқ еді. Ел іші емес пе. Қаршадай Әбішті көршілеріміз қарауына алды, үйдегі жалғыз сиыр мен әке-шешеден қалған азын-аулақ дүние-мүлікке де сол кісілер ие болды. Көп ұзамай Самарқандағы №368-ші запастағы атқыштар полкіне ауыстырып жіберді. Бір айдан кейін комиссия келіп, арамыздағы жарамды деген жігіттерді училищеге қайта қабылдады. Әне-міне командир болуға дайын тұрған сайдың тасындай саңлақтарды әскери эшелонға салып, соғысқа жіберді. Майдан даласына жетпей жатып жау әскері тұтас эшелонға бомба қойып, күл талқанын шығарды. Өндірдей өскіндердің өмірі қиылып түсті, ешкім тірі қалған жоқ. Ең өкініштісі, солардың ішінде өзімнің тұстастарым, достарым болды. Құдай қаққан болуы керек, егер сол әскери топқа ілігіп кетсем менің де тағдырым тынар еді. Мына құдіретке қараңыз. Сол оқиға орын алмастан бұрын бір топ жігіттер вокзал маңында үйіріліп тұрғанымызда қасымызға сыған әйел келді. Маған қарап «дай ручку, погадаю!» деді. Мен қолымды ұсындым. Жүзіме телміре қарап тұрып: «На фронте не будешь, живым вернешься и профессором будешь» деп тіл қатты. Қасымдағы бірге оқыған досым Тұрсынбек Мәлібеков те әлгі әйелге алақанын ұсынды. Балшы әйел «на фронте не будешь, но офицером станешь» деді. Қызығып кетіп қолын ұсынған тағы бір серігімізге сыған әйел «На фронте будешь, домой не вернешься» дегенде қаумалап тұрған жігіттер қолын ұсынуға жүрексініп қалды. Таңғалмай көріңіз. Бәрі де әлгі әйелдің айтқанындай болды. Алдыңда отырған атаң профессор атанды. Досым Тұрсынбектің өмірі әскери салада өрбіді, ал тағы бір серігіміз, айтқандай-ақ соғысқа аттанып бара жатқан эшелон ішінде мерт болды. Қапыда қаза тапқан әлгі жарықтық, Ұлттық ғылым академиясын басқарған Шахмардан Есеновтің туған ағасы еді. Айта берсек, әңгіме көп қой. Кеңес армиясы қатарында болып, Батайск қаласындағы А.Серов атындағы ұшқыштар даярлайтын әскери-авиациялық училищеде әскери ұшқыш мамандығын игердім. Қорыта келгенде, маңдайдағы жазу осы күнге жетелеп әкелді. Кейіннен ауылға келіп аз уақыт мұғалім болдым. Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдағаннан кейін сонда ұстаздыққа алып қалды. Кейіннен институт басшылығының ұсынысымен философиядан дәріс беруіме тура келді. Оқу ордасының басшысы «сіз ұшқыштар училищесін бітірдіңіз, таным көкжиегіңіз кең, сондықтан философия пәнін қолға алыңыз» деп қанаттандырып жіберді. Алғашқыда оңай болған жоқ. Себебі философия ғылымын танытатын бірде-бір оқулық жоқ еді. Кітапханаларды аралап жүріп Мәскеу жоғары мектебінің дәрістері жазылған брошюралар қолыма ілінді. Солардың көмегіне жүгіндім. Ол кезде философияның не екенін мен қайдан білейін. Сөйтсем, біздің өміріміз, тұрмыс-салтымыз тұнып тұрған философия екен ғой. Күндердің күні қазіргі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінен философия бойынша аспирантураға бір орын бар екені туралы хабарды оқыдым. Астына Сәтбаевтың қолы қойылыпты. Үш үміткердің ішінде менің асығым алшысынан түсіп, Қаныш Сәтбаевтың жолдамасымен Мәскеуге аспирантураға оқуға түстім. Алғашқы философия оқулығын құрастыру ісі де біздің мойнымызға жүктелді. Сол оқулықтар күні бүгінге дейін еліміздің барлық жоғары оқу орындарында шәкірттер кәдесіне жарап жүр.
1964 жылы қыркүйекте Орталық Партия комитетінің нұсқауымен қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық Политехникалық университетінің философия кафедрасына басшылыққа жіберді. Табаны күректей 56 жылым сонда өтіпті. Оқу орнының өткені мен бүгіні тұтас көз алдымда. Талай іргелі істің басында болдық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, университет қабырғасынан шығатын басылымның редакторы міндетін атқарған кезім де болды. Осы тұста рухани-мәдени шаралардың өркен жаюына көп күш салдық. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылуына да тікелей мұрындық болып едім. Чехославакиядан оркестр бұйымдарына тапсырыс беріп, Мәскеудегі министрліктен рұқсат алдым. Қазір бұл өнер ұжымының аты қазақ даласын тегіс шарлады. Бұл – өз алдына жеке тақырыпқа арқау болатын әңгіме.
– Халқымыздың философиялық дүниетанымын зерттеп-зерделеп, оның қасиет-қалыбынан ажырамауды өскелең ұрпақтың жадына сіңіріп келесіз. Жаңа бір сөзіңізде «қазақтың өмірі тұнып тұрған философия» деп қалдыңыз. Осы ойыңызды тарқатып өтсеңіз.
– Қазақ – дархан даланы жайлап мал баққан халық. Өзіңіз білетіндей, көшпелі мал шаруашылығы аса бір ауыр бейнетті қажет етпейді. Егін шаруашылығы сияқты көктемде тұқым егіп, оны суарып, күтіп баптап, ала жаздай қорып, түсімін қайта жинап әуреленіп жатудың қажеті жоқ. Мұндағы айтпағым, қазақ еркіндікті сүйді. Қыр басына шығып қазы кертіп отырып, кең дүниеге терең көзбен үңілді. Олай болмаса өне бойыңды шымырлататын алуан-алуан қисса дастандар, аңыз-әңгімелер, жыр толғаулар, бір кітапқа жүк боларлық мәйекті мәтелдер қайдан шықты. Яғни қазақтың шығармашылық ойлау деңгейі жоғары болды. Дүниеге басқа көзбен қарады. Еркіндікті, кеңдікті, кемелдікті сүйді. Қызының арын, ұлының намысын биік қойды. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын» дегендей, екінің бірі ойын өлеңмен өретін жағдайға көтерілді. Жоғарыда айтқан дастандар ауыздан ауызға тарап, жігі бұзылмай бізге жетті. Оқу-білімге, адам жанына үңілуге, ғалам жайлы толғануға, жақсылық жасауға бейіл болдық. Төмендеткенім емес, мұндай қасиет көп халықта жоқ. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп жырлаған Абай – философ. Ендеше Абайды тудырған қазақ та ойшыл халық. Бірақ кейде Абай сынаған жалқаулығымыздың кесірінен артта қалған тұсымыз да жетерлік. Біз осыдан сабақ алуымыз керек. Түп тамырымыз дүниені дүр сілкіндірген түркілерден тарайды. Өркениеттің өзегі, мәдениеттің мәйегі бізде жатыр. Біздің салт-санамыз, әдеп-ғұрпымыз дүниені тануға, айналамызға шуақ шашуға үйретеді. Осыдан ажырап қалмасақ екен. Қасиетті Қаратау қойнауы ғасырлар тарихынан, адамзаттың бастау-бұлағынан сыр шертіп тұр. Бұл әлемдегі ең кәрі тау. Тоғыз метрлік үңгірдің ішінен граниттен, кремнийден жасалған тоғыз мың жыл бұрынғы қарулар табылғанын білеміз. Екі дыбыстан атау құрап, ең алғаш жүйрік баптаған да біздің бабаларымыз. Орал тауы мен Алтай тауының арасы өркениеттің отаны. Мұны ақиқи тарих дәлелдеп келеді.
Бүгінде ұлт ұранына айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да өзегі осында жатыр. Кешегі кесапатты кеңес заманында бізді біреулер надан деп, жабайы халық деп төмендеткісі келді. Бас көтерген қаймақтарымызды қалқып алып, рухымызды жаншуға күш салды. Қолдан жасалған ашаршылықтан халқымыздың жартысына жуығы қырылып кетті. Бұл үлкен қасірет. Тарихтағы орнымызды тану, өткеннен сабақ алу, рухымызды жану бізге ауадай қажет. Абай туған халықтың ұсақталуға хақысы жоқ.
– Бар қажыр-қайратыңызды ұстаздық жолға арнаған адамсыз. Мыңдаған шәкіртке дәріс оқып, бірталай оқулық жаздыңыз. Болашақ мамандардың білігін арттырып, таным көкжиегін кеңейтудегі басты принцип деп нені атар едіңіз?
– Білімнің қайнар көзі – оқулықта һәм дәрісте. Міне, маман даярлауда басты принцип осы болуға тиіс. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Қай оқу орнында болсын, проблеманы түсінікті, тартымды, аз сөзбен ашып беретін оқулық болуы қажет. Бұл – білім беру негізі. Оқулық сапасына мемлекеттік органдар жауап береді. Өмір қозғалыста, талап өсуде. Оқулық та жаңартылып, қайта басылып отырады. Оған тәжірибелі, білімді мамандар қатысады. Ал лекцияны кімдер оқиды? Әрине білімді, тәжірибелі мамандар. Екеуі сай қосылса алға қойған мақсат орындалады. Жақсы оқулық, талантты лектор – жоғары оқу орнының көрсеткіші. Мәселе, университеттің атында, басшылығында ғана емес, кімдердің сабақ беруінде де. Өйткені беделді профессорлар сабақты да жүргізеді, ғылыммен де үздіксіз айналысады, оқулық та жазады. Жақсы профессордың лекциясы тыңдаушы жастардың реакциясы арқылы шыңдалады. Бұл – теория мен тәжірибе бірлігі.
Бір кезде жоғары оқу орнына түскенде қай профессорлар дәріс оқиды деп сұраушы еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің лекциясын іздеп барып тыңдайтындар болғаны ақиқат. Студенттер баяндауға емес, логикаға негізделген ғылыми лекцияны тыңдайды. Әр лекция – сын, мол дайындықты талап етеді. Жақсы лекция оқитын әрі оқулық авторы болған білімді профессорды студенттер мақтан етеді, сыйлайды, бағалайды. Атағы ісіне сай еместер де кездеседі. Бұл ащы шындық. Кей лектор сабақ кезінде «студенттер, тынышталыңдар» десе, онда лекцияның мәні төмен болғаны. Бұл лектор мен студент арасында байланыс үзілді деген жағдай. Өйткені лектордың сөзі бір бөлек, студенттер өзімен өзі бола бастаса аудитория да гуілдеп кетеді. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, лектор оқулықты қайталайды. Екіншісі, профессор лекцияға дайындалмай келеді. Берілген минутты толтыру үшін әр нәрсені қаужап, уақытты өлтіреді. Ал студент лекторға «лекцияңыз ұнамайды» деп айта алмайды. Бұл шындық. Не істеу керек? Ұдайы бақылап отыру керек. Кеңес жылдарында министрлік жиі комиссия жіберіп, қадағалап отыратын. Бүгінде бұл тексеру комиссиясы жоқ. Әр оқытушы, профессор өз беделін өзі сақтайды. Бірақ олай бола бермейді. Өйткені ғылыми еңбек жүргізу, оқулық жазу, лекция оқу – бәрін бірдей қолда ұстау оңай емес. Жалпы, оқу орнында беделді лекторлар бар ма? Әрине, бар! Оларды кім біледі, кім іріктейді? Әрине, студенттер. Әркімге баға беретін ректорат емес, студенттер. Профессорлар мен оқытушылар студенттерге қызмет етеді.
Біз кейде ғалымдарды Нобель сыйлығын алған деп мақтап жатамыз. Бұл дұрыс. Мұндай жоғары атаққа ғылымға енгізген жаңалығы мен қоғамға келтірген табыстары үшін ілеуде біреу жетеді. Бірақ көзге көрінбейтіндер де бар. Олар еңбек жазады, тыңғылықты сабақ жүргізеді, бір орыннан бір орынға жүгірмейді, ақша, атақ қумайды. Барына риза. Көптің бірі болып қызмет атқарады, жанды материал – жастарды қоғамға маман етіп даярлайды. Оларды кім көріп, бағалап жатыр? Олар білікті маман, патриот, қоғам қайраткерін дайындайды. Ұдайы талпыныс болмаса тоқырау басталады. Сондай-ақ оқулықтарды кімдер жазып жүр? Оған да мән беретін оқытушылар қауымы. Өйткені оқулық мемлекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің оңаша кәсібі емес.
– Өте өзекті жайдың тамырын қозғап отырсыз. Бұл тұрғыда көңіліңізді мазалайтын тағы қандай мәселе бар?
– Бүгінде елдің бәрі жаппай сауатты. Есепсіз кітап жазатындар қаулап барады. Бұл дұрыс-ақ дейік. Бірақ олар не жазып жүр? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Іліп алар өзіндік ойы, қоғамға қосар үлесі жоқ, текке шығындалған, қампиған кітаптар кімге керек? Екіншіден, адам өзін қалай тізгіндеп, тәрбиелейді? Бұл ішкі күрес. Әйтпесе «алтын көрсе, періште жолдан таяды» немесе кешегі кеңес дәуірінде байлық тізгіні қолында болса да айлықпен тұрған, қазіргі заманда тез байып жатқандар арасында адалдар мен құлқынның құлы болғандарды ашып көрсету керек. Бұл ауруды емдейтін дәрігерлер сияқты – қоғам психологиясын жазушылар ашып жазса, міне бұл тәрбие кілті. Бір ғажабы – жаны таза адамның тәні де таза. Баю керек. Бірақ мәселе қандай жолмен баюда. Бұған АҚШ сияқты елдерде мән береді, жөнсіз байып көр, не болар екен?.. Осының бәрі – тәрбие мен білімнен бастау алады. Бізге логикалық білімді дамытуға мән беру керек. Сол арқылы жастарымыздың санасын серпілтуге тиіспіз. Бұрынғы қоғам «ойланбаған халықты басқару оңай» деген принципті алға ұстады. Ал қазір, нағыз ойланатын, оянатын, ғылымға жаңалық әкелетін кез. Зерделі ұрпақ осыны зердесіне берік тоқуға тиіс.
– Бүгінгі Қазақстан ғылымының өрісі қай деңгейде? Неден оздық, неден кейін қалдық?
– Кеңес заманы Қазақстан ғылымының ең бір дәуірлеген тұсы. Тек біздің емес, сол кездегі кеңес елдерінің ғылыми әлеуеті қазіргімен салыстырғанда өте жоғары болды. Өйткені ол кезде ғылымды қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Қысқа уақытта жаппай сауатты болдық. Қазақ тілінде кітаптар шықты. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сияқты шоқтығы биік тұлғалар қазақ ғылымына құбылыс болып келді. Соның нәтижесінде үлкен табыстарға жеттік. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ғылым дамудың орнына, шөгіп қалды. Бұрынғы институттар жұмыс істегенімен, шығармашылық даму тұралады. Көп дүниеден кейін қалдық. Оны мойындауымыз керек. Ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтпай алға жылжу мүмкін емес. Ғалымдардың еңбегі бағалануы керек.
Биыл әлемді коронавирус дейтін індет шарпыды. Ақпарат құралдары сағат сайын індеттен сақтан, үйде отыр деп айтатын болды. Егер Абай бүгін тірі болса, еңбектеніңдер, егініңді күт, малға қара, тағам дайында, біліміңді көтер деген болар еді. Індеттен сақтан деген сөз еңбек етпей, үйде тығылып отыр деген сөз емес. Абайды бекер айтып отырғаным жоқ. Сол заманның өзінде данышпан «ғылым іздеп, өнер тап» деді.
– Әңгімеңізге қарап тамсанып отырмыз. Бұл жасқа келу, сіз бағындырған биікке шығу екінің біріне бұйыратын бақ емес. Әдемі қартаюдың құпиясы неде?
– Оның пәлендей құпиясы бар деп ойламаймын, қарғам. Өз өмірімнен мысал келтірсем, тіршілікте ешкімнің ала жібін аттамауға, қия баспауға тырыстым. Қызғаныштың қызыл итін жаныма жолатқаным жоқ. Мүмкіндігімше денсаулығымды күттім. Орынсыз нәрсеге бас қатырып, қол жетпеске құлаш созбадым. Қаншама жылды артқа тастап өздеріңдей жастармен әңгіме-дүкен құрып отырмын. Бұл да өзің айтқандай, Құдайдың берген бағы шығар.
– Құдайсыз қурай сынбайтыны рас қой. Әңгіме барысында жаратушының есімін жиі ауызға алдыңыз. Әдетте философтар материалист келмей ме. Аллаға деген сеніміңіз қандай?
– Аллаға сенем, ұлы құдіреттің барын мойындаймын. «Қашқанның да, қуғанның да сиынары бір Құдай» деген рас екен. Әкем атымды Досмұхамед деп жайдан-жай қоймаған болар, бір нәрсеге сенгендіктен, үміт еткендіктен қойды. Ес білген шағымда ол: «балам саған үлкен ат қойдық, осы атқа кір келтірмей алып жүр» деп еді. Сол үміттің үдесінен шыға алдым ба, әке арманын жалғап, ел сенімін ақтай алдым ба деген сауал өмір бойы көкірегімде тұр. Және сол сұрақ мені алға сүйреп келе жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»