Хромтау ауданында Абай аталатын ауыл бар. Аудан орталығынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде бүгінде 234 адам тұрады. Мұнда негізгі мектеп,
мектеп жанынан ашылған 25 балаға арналған «Бәйтерек» шағын орталығы, медициналық пункт бар. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның есімі берілген ауылда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Абай ауылдық округінің әкімі Әлібек Мұстафиннің айтуынша, бұл елді мекен кеңес заманы кезінде Сухиновка деп аталған.
— 1927-1930 жылдары жүргізілген жаппай ұжымдастыру нәтижесінде осы жерде үш ұжымшар құрылған. Атап айтсақ, Октябрь, Қызыл еңбек және Ворошилов. Ал 1950-1952 жылдары кіші ұжымшарлар біріктіріліп, Ворошилов атындағы үлкен ұжымшар болған. Бұл ауылда алғашқы балабақша 1980 жылы ашылған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1981 жылы егіннен мол астық жиналып, осы ауылға Дінмұхамед Қонаев келген. Кейін осы ұжымшарға 1989-1990 жылдары Абай атауы беріліпті. 1995 жылы елді мекенде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай «Белгісіз жауынгер» ескерткіші, ал ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай ақынның еңселі ескерткіші ашылған.
Бүгінде Абай ауылы — Абай селолық округінің орталығы. Оның құрамына Аралтөбе, Жарбұтақ, Тассай ауылдары кіреді. Жалпы ауылдық округ бойынша халық саны — 347, — дейді округ әкімі.
Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай аталған ауылда көптеген жобалар жүзеге асырылған. Республикалық бюджеттен 52 млн теңге қаржы бөлініп, Абай ауылының көшелеріне асфальт жамылғысы төселген. Оның жалпы ұзындығы — 2,2 шақырым. Сондай-ақ ауылға кіреберіс көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 182 млн теңге қаржы қарастырылған. Маусым айында басталған құрылыс жұмыстарының қазіргі таңда 80 пайызы іске асырылған. Көпірдің ұзындығы — 111 метр.
Жол және көпір жөндеу жұмыстарына Абай ауылының 23 тұрғыны жұмылдырылған.
— Бұған дейін ауылда медициналық пункт болмай, тұрғындар ауданға барып емделетін. Биыл осы игі істер аясында ауылымызда жаңадан медпункт ашылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда медициналық ғимарат айналасын абаттандыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы індет кезінде тұрғындар аудан орталығына жүгірмей, күндізгі стационарда ем алды. Мұқтаж жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, — дейді Ә.Мұстафин.
Биыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауыл кәсіпкері, «Жантізер» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Ержанов балаларға арналған футбол алаңын салып берген. Сондай-ақ ауылдан шыққан түлектердің бастамасымен хоккей алаңы, ал аудандық бюджеттен бөлінген 1 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынған. Сонымен қатар жыл басында ауылдағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші жаңартылып, тас төсеніштер төселіп, оның аумағына баннер орнатылған.
Бүгінгі күні Абай ауылына келген әрбір адам осы ескерткішке келіп, ақын рухына тағзым етіп, ұлы ойшылдың есімі берілген білім ордасына бас сұқпай кетпейді.
1985 жылы салынған Абай негізгі мектебінде қазір 41 оқушы оқиды. Биыл жыл басынан бері осы білім ордасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, аудандағы мектептердің директорлары арасында «Қазақта қарасөзге дес бермедім» атты байқау өткізіліп, онда Дөң мектеп-гимназиясының директоры Абзал Құрманов бас жүлдені жеңіп алған. Ал ақпан айында өткен «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты байқауға аудан әкімі Нағымжан Алдияров бастаған бір топ ел жанашырлары — Марат Қойлыбаев, Мирас Мұқаш, Мәди Камешов, ауыл кәсіпкері Бақытжан Ержановтар қатысқан. Ауылдан шыққан кәсіпкер Бақытжан Ержанов байқау жеңімпаздарына демеушілік көрсетіп, бағалы сыйлықтар табыстаған.
Сондай-ақ Абай негізгі мектебінің базасында Хромтау аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық деңгейде бірқатар байқаулар өткізілген.
— Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ауылымызда киіз үй құрып, ас беріп, атжарыс ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда әлемді жайлаған індетке байланысты кең ауқымды іс-шараларды кейінге қалдырып отырмыз.
Біз, Абай ауылының тұрғындары, осындай ұлы ойшылдың есімі берілген елді мекенде тұрып жатқанымызды мақтаныш етеміз. Облысқа да, ауданға да барсақ, жұрт бізді: «Абай ауылынан келді», — деп ерекше құрметтейді. Осының өзі — біз үшін үлкен абырой. Сондықтан қазақты әлемге танытқан ұлы ақынның рухы баршамызды қолдап жүрсін! — дейді ауыл әкімі ағынан жарылып.
Данагүл ҚАЗИХАН