Әлем ұлықтаған ұлы ақын

Бүгінгі күнге дейін шетелдерде Абай Құнанбайұлының есімі берілген көшелер мен ақынның құрметіне орнатылған ескерткіштер аз емес. Ал биыл ақынның 175 жылдығына орай тағы бірқатар мемлекеттерде орталықтар мен ескерткіштер ашылды. Сонымен…

1988 жылдан бері Украинаның астанасы Киевте Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Сондай-ақ ұлы ақын атындағы көше Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ашылған.

Мысыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы ашылса, Берлинде (Германия) 2000 жылы Абай-штрассе ашылған. Сонымен қатар Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында, тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Люксембургтен де ақын атындағы көшені кездестіресіз.

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында (Ұлыбритания) Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.

2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған.

2007 жылы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.

2011 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2013 жылы Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші бой көтерді.

2014 жылы Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды.

2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.

Биыл:

*Чехия астанасы Прага қаласының Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада «Абай» мәдени-ақпарат орталығы ашылды.

*Армения астанасы Еревандағы Ереван мемлекеттік университеті жанындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына Абай Құнанбайұлының аты берілді.

*Қарақалпақстанның (Өзбекстан) Мойнақ қаласында ашылған «Шайырлар» саябағына Абай мүсіні орнатылды.
*Әзірбайжанның Баку қаласында Абайға орнатылған ескерткіш тақта қайта жаңартылды. Сондай-ақ Баку қаласындағы көшелердің біріне Абай Құнанбаевтың есімі берілді.

*Болгарияның Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абай барельефі ашылды. Онда: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі», — деп Абайдың отыз жетінші қарасөзінен үзінді келтірілген.

*Румынияның Бухарест қаласының орталығына Абайдың бюсті орнатылды.

*Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ пайдалануға берілді.
*Литва астанасы Вильнюс қаласында Абай атындағы оқу залы салтанатты түрде ашылды.

*Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залы оқырмандарға есігін ашты.

*Ташкент қаласында «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйі ашылды.

*Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы пайдалануға берілді. Және Абайдың «Қарасөздері» алғаш рет малай тіліне аударылды.

*Ресейдің Омбы қаласында «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ашылуы ұйымдастырылды. «Отандастар қоры» КеАҚ биыл жыл соңына дейін Бішкек қаласында (Қырғызстан), Берлин қаласында (Германия), Ыстамбұл қаласында (Түркия) тағы үш «Abai Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйін ашпақ.

***

«ҚАРАСӨЗДЕР» СЛОВАК ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қазақстан елшілігі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп онлайн режимде Абайдың алғаш рет словак тіліне аударылған «Қарасөздер» еңбегінің тұсаукесерін өткізді.

Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылған және словак оқырмандарына алғаш рет ұсынылып отыр. Жаңа кітап словак жоғары оқу орындарының кітапхана қорына және Словакияның қоғамдық кітапханаларына таратылады.

Шараға Братиславадағы Экономика университетінің профессоры, Словакия Парламентінде Қазақстанмен достық тобының мүшесі Ольга Нахтманова, аударманың авторы, филология ғылымдар кандидаты Катарина Стрелкова, ал Қазақстаннан Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының докторы, филология ғылымдарының докторы Светлана Ананьева қатысты.

Ұлы ойшылдың «Қарасөздер» еңбегі 45 философиялық трактаттан тұрады.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.