ШЕРХАН МУХАМБЕТЖАНОВ: АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ӘН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ НЕГІЗДЕР

 

(«Қараңғы түнде тау қалғып», «Kөзімнің қарасы»,

«Aйттым сәлем, қаламқас» мысалында)

 

Аңдатпа: Абай Құнанбайұлының ән шығармашылғындағы ұлттық негіздер негізгі назарға ұсынылады. Автор шығармашылығын қарастыру барысында бірнеше әндер («Қараңғы түнде тау қалғып», «Kөзімнің қарасы», «Aйттым сәлем, қаламқас») алынып отандық музыкатану саласындағы белгілі ғалым Болат Қарақұловтың әдістемесі арқалы талдау жұмыстары жүргізіледі. Талдау композитор А.Құнанбайұлының әндеріндегі ұлттық музыкалық-позиялық шығармалар дәстүрінің жалғасын қарастыруға арналған, жұмыс нәтижесінде әйгілі композитор шығармашылығының ұлттық негіздерін нақтылауға мүмкіншілік аламыз.

 

Философ, гуманист және қазақ халқының басына біткен біртуар тұлға Абай Құнанбайұлының маңызы жағынан кем түспейтін, алайда жеткілікті зерттелмеген қасиеті – оның дара музыкалық қабілетін айта кету керек. Абайдың музыкалық дарынын поэзиясы да көрсетіп тұрады. Ол өз замандастарының қатарынан дара шығып, өзінің шығармаларында сол кезең адамының жан тебіренісін, өмірге, табиғат кереметтеріне тамсануын көрсете алды. Көптеген зерттеушілердің айтуы бойынша, Абайдың ән шығаруы бірыңғай шығармашылық үрдіс болған: өлең, әуен және мақам бір сәтте, бірін-бірі туындатып, біріне-бірі әсер етіп пайда болды.

 Aбайдың ән шығармашылығында мәтін және әуеннің сенкритизмі сияқты дара құбылыс байқалады. Осылайша, өзінің  жаңашыл поэзиялық теңдессіз туындыларын жасай отырып, оларды тірі, жүрекпен сезілетін музыкалық бейнеде де ести алды. Осының арқасында, өлең әуенді туындатып отырды. Бұл поэзиялық және музыкалық бастамалардың ажырамас бірлігі ұлы қосбірлікті қалыптастырады, тұрақты қарқыны өзгеріп отыратын, әуендік-ырғақтық ұйымдастырылуының интонациялық тірі сүйемелденуі айқын сезіледі. Ол толықтай өзінің стильдік ерекшеліктеріне сүйенген, әрқашан өзінің Менін көрсеткен. Әндерінде ол тек жеке сезімдерін ғана жеткізіп қоймайды, алайда қоғамдық-маңызы бар әлеуметтік-адамгершілік мәселелерді де қамтиды. Ол жерде асқан шебер, адам жанының шын психологы, сондай-ақ өмірлік құбылыстардың жағымсыз жақтарын айқын көрсетушісі ретінде көрінеді. Оның «Бойы бұлғаң» сатиралық әнін осы тұрғыда мысал ретінде келтіруге болады. Ендігі кезекте  Абайдың бірнеше әндеріне талдау жасап көрейік, талдау барысында ғалым Б.Қарақұловтың әдістемесін қолданғанымызды ескереміз.

 

«Қараңғы түнде тау қалғып»

 

Aқын композитордың әндері мазмұны жағынан әр түрлі. Олардың ішінде лирикалық монологтар, махаббат лирикасы, философиялық ой-толғаулар мен сұлу табиғат көрністері, тәрбиелік мәні бар, сондай ақ азаматтық тақырыбына жазылған әндері және тағы басқа шығармалары бар. Халық арасында көп тараған, сүйіп айтылатын Абайдың әсіресе лирикалық әндері көп. Оған оның белгілі «Көзімнің қарасы»,  «Айттым сәлем қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» және аударма шығармалары жатады. Мысалы, И. Гете мен  М. Лермонтовтың өлеңіне жазылған «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің негізгі бөлімі ұлттық речитацияда кең тараған 7-8 бұындық «жыр» өлшеміне сүйенген. Мұндай өлең өлшемі жырлармен қатар, тақпақтап айтылатын балалар ойындарында, мақал-мәтелдерде, қара өлең қайырмаларында, т.б. жиі кездесетіні белгілі. Яғни, 11-буындық «қара өлең» өлшемімен салыстырғанда, жыр өлшемі ықшамдау болғандықтан,  балаларға жаттауға ыңғайлы болып есептелген [2].  7-8 буындық өлшемнің мұндай қасиетін қазақтың ағартушылары мен ақындары ғана емес, орыстың  атақты балалар ақыны К.Чуковский  де байқап, бірқатар өлеңдерін 8-7 буындық өлшемде шығарған. «Қараңғы түнде тау қалғып» мәтінінің авторының бұл өлеңді  шығарғанда ақындық өнерге сүйенгенін және  оған ерекше мән бергенін  өлең өлшемімен қатар, негізгі шумақтарында байқауға болады. Әннің негізгі бөлімі 8 жолды шумақтардан құралған:

 

Қараңғы түнде тау қалғып, 

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал ғып,

Күн батады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сілкілкіне алмас жапырақ,

Тынығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ...

 

Tөменде «Қараңғы түнде тау қалғып» әні поэзиялық өлшемі мен құрылымын белгілейтін сызба берілген.

 

Hегізгі бөлімі:

 

3

2

3

3

2

3

3

2

3

4

3

-

 

 Әннің музыкалық құрылымы оның алғашқысы 8 жолды 4 элеметті музыкалық тирада болып табылады, ал қайырмасы поэзиялық құрамы бойынша 4 тармақтан құралғанын байқауға болады.   Шығарманың негізгі бөлімі, яғни, кеудесі  4 элеметті музыкалық құрлымы бар ABСД формасын көрсетеді. Дыбыстық қатыры бірінші октаваның  d дыбысынан екінші октаваның d аралығын қамтыйды. Әннің кеуде бөлімінің вокалды партиясындағы дыбыстық қатарына назар аударсақ, аталған бөлімдердің музыкалық тармақтары  d - moll тональдігінің  көлемдік кеңістігін қамтиды.

 

Әуендік жүйесі:

 

A

d1 e1 f1  -   -   -   -   - 

B

d1 e1 f1 g1 a1

C

-   -   -  g1 a1 b1 c2 d2

D

-  e1 f1 g1 a1  -   -   -

 

Hегізгі бөлімде әуен бірінші октавадан екінші октавада орналасқан децималық тонға дейін жетіп дамиды. Шығармада өлшемдік белгілері 3/4 тұрақты. Ән әуені шалқыта төгіледі, оның негізгі бөлігі өте сымбатты, кең ауқымды. Дана сазгердің ғасырлар бойы өмір сүрерлік шығармалар жазып, қазақ халқының ұлы ақыны болуы кездейсоқ емес. Оған себеп-дүниежүзінің прогрессивтік мәдениеті мен әдебиетінің қазақ даласына өзінің игі әсерін тигізуі болып табылады.

 

«Көзімнің қарасы»

 

 Aбайдың аса көрнекті лирикалық шығармаларының бірі (1891 ж.). Баяу жылжып, алғашқы тактілерінен-ақ әуен самғап, жоғары көтеріліп, кейіннен бұрынғы қалпына оралуы өлең сөзінің мазмұнын тереңдетіп, көңіл күйін дұрыс түсінуге себеп болады [1. 210 б.]. Автордың  «Қараңғы түнде тау қалғып» әні секілді құрлымы жағынан «Көзімнің қарасы» әні ұқсас, әнінің  буындық өлшемі 6 буындық 3+3 «жыр» стильін көрсетеді.

                                         

                                                         Hегізгі бөлімі:

 

3

3

3

3

3

3

3

3

 

Бұл шығарма поэзиялық құрылымы бойынша қайырмасыз төрт  шумақты формада жазылған. Әр әуендік тармақ жаңа музыкалық ойды білдіргендіктен шумақ 4 элементті  музыкалық құрылымды жоғарыда келтірген ән тәріздес ABCD формасын көрсетеді. Мұндай ерекшелік  ұлы ағартушымыз Абай Құнанбайұлының әндерінде, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Мәди Бәпиұлының өзін - өзі таныстыру әні «Қаракесекте», т.б. шығармаларында  кездеседі. Әннің негізгі e-moll тональді басынан аяғына дейін тұрақты. Шығармада өлшемдік белгілері ауыспалы 3/4,2/4. Әуен дыбыс қатары төменгідей көрсеткіште. Ән биік шыңға толқындата өрбиді, екпінді ағыс тәрәздес төмен құлайды. Өлең алғашқы тармағынан бастап-ақ әуенннің ішкі серпінді қуатымен дамыйды. Ән бірінші октаваның  e - нан екінші октаваның a дыбысы арлығын қамтыйды.

 

Әуендік жүйесі:

 

A

 -   -   g1 a1 h1 -   -   e2    -    -    -  

B

 -   -   -   -   -   -   -   e2 fis2 g2 a2 

C

 -   -   g1 a1 h1 - d2  e2  -    -    -           

D

e1 fis1 g1 a1 h1 -   -   -    -    -    -

 

Әуенде ешбір үндестік қайталанбай, өлең сөздің қисынымен біресе біртұтас дыбыс ағынын құрап, біресе жеке буындардың биіктігі мен ырғағын айқындап отырады.

 

«Айттым сәлем, қаламқас»

  Mаххабат лирикасының тамаша бір үлгісі ретіенде композитордың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін келтіреміз. Бұл әннің сазына орыс романсына тән элегиялық интонацияларды естуге болады [1. 209 б.]. «Айттым сәлем, Қаламқас, Саған құрбан мал мен бас...» деп басталатын Абайдың әйгілі әнін білмейтін қазақ кем де кем. Алайда, тыңдарманы қалың, үлкен сахналардан бастап ауыл арасындағы жиын-тойларда, көңілді кештерде шырқалып, бүгінге дейін ел ішінде сүйкімін жоғалтпай келе жатқан бұл туынды әр қазаққа, қазақ деймін-ау, тіпті, өзге ұлт өкілдеріне де жақсы таныс. Бұл әннің мәтініне мән берсек, Абайдың әйел затының әйдігі, хор қызындай сұлуға соншалық ынтық болғанын анық аңғарамыз. Әннің негізгі бөлімінің өлеңдік өлшемі 7 буындық 4+3 «жыр стильін» суреттейді.

                                                         Hегізгі бөлімі:

 

4

3

4

3

4

3

4

3

 

Әннің музыкалық құрылымы дәстүрлі әнші - композиторымыз Жаяу Муса және Абай Құнанбайұлының өзі  қалыптастырып кеткен 4 тармақты АВСД формасын көрсетеді. Музыкалық тармақтардың ешбір ішкі үзіліссіз шығарылуы, яғни, құрамындағы әуендік бунақтардың цезурасыз өтуі - ұлттық речитациялық дәстүрдегі музыкалық жолдарды шығару дәстүрімен үндес.

Әуендік жүйесі:

 

A

e1 fis1  g1 a1 h1  c2 - e2  -    -    -    -

B

e1    -    g1 a1 h1  -    -    e2 fis2 g2 a2 

C

 -     -    -   a1 h1  c2  -   e2 fis2 g2  -  

D

e1  fis1  g1  a1 h1  -   d2  -   -    -    -      

 

Oсындай типтегі музыкалық тармақтар әсіресе Ғарифолла Құрманғалиев мектебінің өкілдері репертуарларында кең тараған. (Мысалы: «Махамбеттің термесі», «Қазақ туралы толғау» т.б.). Әннің негізі тональдігі e-moll басынын аяғына дейін тұрақты. Өлшемдік белгісі 3/2 көрсетеді. Шығарма бірінші октаваның e - нан  дыбысынан  екінші октаваның  a дыбысы кеңістігіне  дейін өрбиді. Сазды да әуезді, адамның ішкі жан – дүниесін толғандырып, жүрегіне  ыстық сезілетін алуан түрлі Абай әндері бұл күнде көркем ойымыздың шырқау шыңы болып отыр.  Абай әуенінің негізгі қасиеттері – әуендік жеңілдігі, интонациялардың музыкалық кеңдігі, бейімделгіштігі, көркемдігі, әуендік көріністің даму қисындылығы, нақты  таңдамалы интонациялық иірімдер -  негізінен қазақ халық музыкасының образдық-стильдік ерекшеліктерімен байланысты. Оларды көп жағдайда абайлық, жеке бастаулар оның музыкалық стилінің айтарлықтай жоғары кәсіби деңгейде екендігі туралы қорытындыға келуге мүмкіндік береді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Жұмалиева Т., Ахметбекова Д ., Қарамендина Ә., Ысқақов Б.,  Қоспақов З., [Текст] / Т. Жұмалиева, Д. Ахметбекова Д,  Ә. Қарамендина Ә, Б. Ысқақов, З. Қоспақов. –  Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы. Алматы, 2005, 557 бет.

2. Б.Каракулов. О музыкальной форме казахской тирады// Вестник МН-АН РК, 1997 № 4. – 29-31с.

3. Б.Каракулов. Музыкальный квадрат казахской тирады// Традиции музыкальных культур народов Бл., Ср. Востока и современность. – М: Сов. композитор, 1987. – 272-277с

4. З.Ахметов. Казахское стихосложение. – Алма-Ата: Наука, 1964.

5. Байгаскина А. «Ритмика казахской традиционной песни».Алматы,2003 .-207 с.

6. Бисенова Ш.Песенное творчество Абая Кунанбаева. Алматы, 2005.

7. Мухамбетова А.И. Казахская традиционная музыка и XX век. - Алматы: Дайк-пресс, 2005.

8. Елеманова С. Казахское традиционное песенное искусство.Алматы, 185 с.

9. Бердібай А., Мұхамбетжанов Ш.Композитор Б.Байқадамовтың әндеріндегі ұлттық музыкалық-поэзиялық шығармаларының  құрылымдық типтері» «Инновациялық үрдістер: мәдениет пен өнер дәстүрлері және қазіргі заманғы қалпы»: Респ.ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.  Құрманғазы атындағы ҚҰК- .Алматы, 27 сәуір – 2015.-287 б.; 136-144.

10. Амирова Д. Аркинская песенная традиция: жанровостилевая система. - Автореф. дис. ... канд иск. – Л., 1994.

11. Тифтикиди H. Ф., Песенные истоки домбровых кюев, в сб.: Народная музыка в Казахстане, А.-А., 1967;

12. Негимов С. 94 б. Желдірме //Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбаев.− Алматы: Ана тілі,1996.−240б.,

13. Ахметова М. Песня и современность.−Алма-Ата.  

 

 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының

ІІ курс магистранты Шерхан Мухамбетжанов