АБАЙ ӘНІ АДАМЗАТТЫҢ АҢСАРЫ

Осы үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Жөн-ақ ұлы тұлғаның ақындығына әрі қара сөзге дес бермегеніне қоса әндер мен әуендер шығаруда да шын мәніндегі классикалық деңгейде көтеріле білгені бөлек бір әңгіменің еншісі. Абай әндерінің тақырыптық тұтастығы мен жанрлық табиғаты, ырғақты және өлшемдік оралымдылығы еліміздің әр қиырындағы концерт залдарынан көрініс таба алды ма?

Бұл сауалға толыққанды жауап қайтару оңай емес секілді. Биылғы наурыз айының басында ел аумағына шеңгелін сала бастаған індет Абай әндерін шырқауға мүмкіндік бермеді. Бұл бағытта алдын ала ойластырылған концерттік бағдарламалар кейінге ығыстырылды. Есімі елге елеулі өнер иесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, парасат орденінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Қатимолла Бердіғалиевтың дананың 175 жылдығына арналған "Өлеңді қайтып қоярсың" атты жеке концерті де осындай күйге тап болған еді. Әйтеуір көңілге медеу тұтарлық жәйт биылғы сәуір айына белгіленген тақырыптық концерт қазан айының басында онлайн форматта өз тыңдармандарын тапты.

Бүгінде кім концерт қоймай жүр? Мәселе мұнда емес, басты мәселе өнер тарланының өз бастамасы бойынша өткізілген онлайн концерт Абай әндерінің төл табиғатын тереңірек тануға , бұдан алынатын ляззатты бойға шымшымдап сіңіруге өлшеусіз әсер еткенінде. Сондықтан да келесі кезектегі Абайдың музыкалық мұрасына қатысты әңгімені авторлық концертте орындалған нөмірлермен байланыстыра баяндағанды жөн көреміз. Мұндағы басты мақсат Қатимолланың өзі айтқандай Абай әндерінің өлмес, өшпес рухын тыңдармағана беретін тәлімі мен тағылымын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіре білуге ұмтылыс болып шығады.

Әлемді сұлулықпен қоса махаббат та құтқара алатыны жадымызда жүргені жөн. "Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" деп ұлы да, нәзік сезімнің шетсіз де шексіз құдыретін дөп басқан дана өз әндеріне  де негізінен бірыңғай махаббатты арқау еткені аян. Жүрек түпкіріндегі махаббаттан сыр аңғартып, көңіл пернесін дөп басатын "Айттым сәлем қаламқас", "Көзімнің қарасы" және "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" секілді Абай әндерін әнші Даулеткерей атындағы Батыс Қазақстан облыстық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындады. Сондай-ақ данышпан тұлғаның "Ата-анаға көз қуаныш" "Сегіз аяқ" және "Бойы бұлғаң" секілді әндері жеке дауыста домбырамен айтуға ыңғайлы екені концерт кезінде айқын аңғарылды.

Абай орыстың әдет-ғұрып музыкасы мен қала романстарын бойына сіңіре алғанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бұл шынында да ерекше қасиет. Бұдан ұлы ақынның музыкалық ой-өрісі мен деңгейі әжептәуір өсе түскенін көреміз. Айталық Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аударылған "Евгений Онегин", "Татьянаның қырдағы әні" және "Қараңғы түнде тау қалғып" туындылары қазақ даласына жыр болып сіңіп, ән болып таралып кетті емес пе?! Халқымыздың ұғымы мен түсінігіне біршама жақындап санасына сіңісіп кетуі үшін аталған тарихи дүниелердің төл музыка аспабымыз – домбырамен орындалуының еш сөкеттігі жоқ секілді.

Музыка мамандарының мәлімдеуінше Абай әндері нотаға түсірілген күннен бастап фортепианоның сүйемелдеуімен орындала бастапты. Әрі бұл шығармалардың жеке дауысқа және хорға лайықталған түрлері бар екеніне айта кеткен жөн. Соның ішінде Абай әндері "Абай операсында" көбірек көрініс тапқаны белгілі. Қомақты музыка туындысына енген әндер өзінің алғашқы төл тума нұсқасы түрінде де, кейіннен кейбір шығармашылық тұрғыдағы өзгерістер кіргізілген күйінде де орындалып жүр.  Қатимолла Бердіғалиев оның қай қайсын да өз репертуарына енгізе алғанына куә бола аламыз.

Операдағы бір өзгешілік пен ерекшелік – бірқатар кейіпкерлер үшін Абай үлгісінде ән мен ариялар жазылғаны. Бұл ретте қазақ операсының ең бір биік шыңы көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидың "Абай операсы" деп есептеймін. Мен осы шоқтығы биік музыкалық туындыдан Абайдың ариясы өз репертуарымнан орын алғанын жөн көрдім дейді жасы жетпіске жақындап қалған саңлақ өнер иесі.

Әблахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев және Сыдық Мұхамдежанов секілді композиторлар Абайдың бірқатар өлеңдеріне әндер мен романстар жазғаны мәлім. Онлайн концертте бұл туындылар да бар болмыс бітімімен , тек өзіне тән бояуы мен нақышына келтіре орындалды. Бұған – Абайдың музыкалық шығармалары негізінде әр түрлі жанрдағы ариялар мен суюита тіпті оркестрге жеке қобызбен орындалатын туындылар да жазылған. Бір сағат 30 минут төңірегіндегі академиялық уақытқа жете қабыл уақытта аяқталған концертте осы тұрғыдағы номерлердің қамтылуы да оның синтездің тұтастығын құрай алады. Әрі осы көрсетілген уақыт ішінде орындаушы барлық номерлерді оркестрдің және фортепианоның сүйемелдеуімен, сондай-ақ домбыра мен жанды дауыста әуелете шырқады. Осы кезде Қатимолла Бердіғалиевтың нағыз шығармашылық бабында екені айқын көрінді. Түйіп айтқанда Оралда Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай өткізілген онлайн- концерт  осынау мерейлі дата құрметіне қосылған бір тамшы үлестей әсер қалдырды.  

 

Егемен Қазақстан