ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ

Құнанбай ӨСКЕНБАЙҰЛЫ – өте күрделі, тарихи һәм танымал тұлға. Оның әлеміне ене алсаң, қазақтың мінезіне, пиғылына, ой-санасы мен ақыл деңгейіне, қысқасы, адами болмысына енгенің. Өз заманының перзенті ретінде ол қазақтың кешегі уақыттағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдайларын өз қолымен қалыптастырды. Тоталитарлық тәртіп тұсында Абайды «ақтау» үшін Құнанбайды «құрбандыққа» шалған Әуезовті жазғырушылар көп болды, алайда «адуын» Құнанбай мен Абайды тартысқа түсіріп, автор Абайды ғана асқақтатып қоймай, Құнанбайдың өзін де биіктеткенін біраз жұрт сезген-ді.

Ірі тұлғаны қаралау науқаны ел тәуелсіздігі тұсында бәсеңсіді, шындыққа үңіле бастады. Бәрін тізбей-ақ, «Құнанбай» атты драма мен фильмді, ғалым Т.Жұртбайдың «Құнанбай» кітабын, тарихшы Е.Сыдықовтың «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде шыққан осы аттас кітабын атаған жөн. Сәл ертеректе Шәкәрімнің азды-көпті жазғаны, баласы Ахаттың «Құнанбай туралы» қолжазбасы т.б. дүниелер бар-тын. Алайда, ақпарат ағыны селдей қаптаған қазіргі кезеңде осынау ірі тұлғаны кеңірек танығанымыз жөн ғой деп, аталмыш дүниені оқырманға ұсынып отырмыз.

Кеңестік–коммунистік–тоталитарлық жүйенің зардабын Абай ғана тартқан жоқ, Құнанбай да тартты. Абай «ақталса» да, Құнекеңнің «ақталуы» ұзаққа созылды, Әрідегі өз алдына, бертіндегі Құнанбай, Абай үрім-бұтағы мен жақындарынан жетпістен астам адамды ату, қуғын-сүргінге ұшыратқан кеңестік биліктің зұлымдығын айтсақ та көп нәрсеге көзіміз жетеді. Ресей патшалығының заңды мұрагері кеңестік жүйе қазақты адам деп есептемегені өз алдына, Құнанбайдай кесек тұлға, Абайдай дала данышпанының ақыл-ой, ірілік қасиеттерінен қауіптенді. Кісі өлімінен шімірікпейтін қаныпезер, қатал, қатыгез, өз ұрпағын өзі буындырып өлтірмекші болған, теріс батасын берген көкжал, «еш жазығы» жоқ Қодар мен Қамқаны өз әмірімен өлтіртіп, екеуінің қанын өз мойнына жүктемес үшін өзгелерді ортақ қылған залым, қара басы лауазымды қызметке жетуі үшін елдегі беделді адамдармен, патша ұлықтарымен әмпей болған, бір ананы тел еміп өскен жақыны Бөжейді (Кеңгірбайдың немересі) сабап, басқа әйгілі адамдарға да қиянат көрсеткен, өз дегенін жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбайтын жауыз, Абаймен «жайдақсың», «орысшылсың» деп ұстасып өткен тас жүрек… қысқасы, Құнанбай иеленген мінездемелердің бір парасы осындай еді.

Бұндай пікірлердің қалыптасуына романшы М.Әуезов кінәлі емес еді, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы жүйе кінәлі еді (өзі де қан кешіп тарихқа еніп еді, бір оқ атылмай-ақ құлады ғой).

Сонымен, іс-әрекеті мен мінезі, пиғылы өте күрделі, кереғар қайшылықта болған Құнанбайға қатысты өз ойымызды аз да болса ортаға салып көрейікші.

Ол өз дәуірінің адамы еді. Болашақты болжаған көріпкел еді, кемеңгер еді деген қызыл сөзге бармай-ақ қояйық, бірақ қалай болғанда да алдағы ғұмырға қазақ қазақы болмысымен аяқ бассыншы деп тілеуші болды. Сол ұстанымына түсінбегендер мен қарсы шыққандарға ол тым қатал болды. Осыдан келіп, қатыгездік, тізеге басушылық, өктемдік пайда болды. Онда мыңғырған көп мал болған жоқ, демек, жер дауында ол тұрмысы төмен халықтың сөзін сөйледі, жесір дауында қазақылықтан айрылмаудың күрескері болды.

Құнанбай аты кеңінен тарай бастардың алдында Ақтайлақтай танымал тұлғаның оңтүстік өңірден бір топ қожа әулетін Арқаға, Аягөз маңына алдырғаны тарихтан белгілі. Атақты бидің бұл әрекеті елге есімі тарала бастаған Құнанбайдың орыс отаршылдарының зұлымдыққа негізделген діни – миссионерлік әрекетіне тосқауыл қоймақ ниетімен шебер ұштасты да, Шыңғыстау өңірінен келген қожалардың біразын өз еліне апарған. Сол қожалардың бірі – Бердіқожа. М.Әуезовтың бабасы. Ал, сол жолы Арқаға келген қожалардың ішіндегі Ешенсейіт, қазір Құл – Мұхаммед (танымал қайраткер Мұхтар Құл – Мұхаммедтің бабасы) қожа т.б. Аягөз төңірегінен Шәуешекке бет алған. М.Әуезов пен М.Құл – Мұхаммедтің туыстығы төрт-бес атадан қосылады. Барша ғұмырында өзі өзгеге үлгі боп, діндар болған, сәл кейінірек қажы атанған Құнанбайдың ұлы еңбегі халқын күшпен шоқындыру сияқты жымысқы саясаттан сақтануда көрсеткен осындай қажырлығы еді.

Құнанбай – ешкімге пара беріп, ешкімнен пара алмаған адам. Патша хандықты жойып, Аға сұлтандық билік институтын енгізгенде, төре тұқымын билік басында ұстаған. Алайда, олардың биліктен шеттетіле бастауы Кенесары бастаған күрестен соң басталды. Бір ғана Құдайменде, Ғұбайдолла төрелердің Кенесары хан жағында болуы орыс билігінің төрелерге деген сенімін шайқалтты. Оның үстіне қазақтың өзі де Аға сұлтандықты атқарады деген пікірді сүйіндік Шоң би, Қарқаралы округінде Құнанбай ұсынып, қолдаушылары Жанқұтты, Байсейт, Көпбай, т.б. болғанын қаперде ұстаған жөн. Сөйтіп, болыс, Аға сұлтанның кеңесшісі, еларалық би деген кеңселік қызметтерде болған Құнанбай Аға сұлтандыққа 1849 жылы түседі.Үміткердің біреуі – Құсбек Таукин. Шарға салғанда Құсбек жеңіске жетеді. Алайда, Омбы генерал –губернаторына ресми қағаз түседі (ҚР Ұлттық мұрағаты, 374-қор, 4387-папка. Бұл туралы жазушы Қ.Исабаев та «ҚӘ» газетінің 2004 жылдың 6 тамыздағы №31-санында мақала жариялады). Осындағы «Майор Құсбек Таукиннің айыптары» деген құжатта: а) оған (Таукинге) болыс Бекайдар Құрманов бір отар қой жинап берген; ә) ол генерал-майор Вишневскийге әр болыстан 300 рубльден жинап берген; б) Байғанов деген адамның мал-мүлкін тартып алған; в) Гласков деген көпесті, Воронков деген адамды Т.Шыңғысовпен бірігіп тонаған, – дей келе, «Аға сұлтан Қ.Таукиннің заңсыз талаптарын болыстардан тек Құнанбай Өскенбаев қана орындамаған» деп көрсеткен. 1849 жылдың 18 тамызында округтегі орыс қазиі Сухомлинов Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа осыларды рапортпен жеткізген. Горчаков Вишневскийді босатып, орнына полковник Клейсті, шарда жеңіп тұрған Құсбектің орнына Құнанбайды тағайындаған.

Аға сұлтандыққа тағайындалысымен ол оқу мәселесіне қатты көңіл бөлді. Бұрын әкесі Өскенбайдың асын елмен бірлесіп өткізгенде, өзіне келген Ғабитханды мұғалім етіп алады. Ел арасындағы зорлық-зомбылық, барымта, ұрлықты тыюға белсене кіріседі. Дегеніне жүре қоймағандарды билігімді орында, орындамасаң кері кетесің деп ескертіп, тыңдамағандарға ашықтан-ашық қиянат жасайды. Отырықшылдыққа үндеп, егін егуге жәрдем жасайды. Жер емшегін емуге бейімі бар, өзін паналап келгендерге жері мол шонжарлардың жерін күшпен алып береді. Жер – Құдайдыкі. Құдай бәрімізді жаратты. Жер де ортақ деп күшке салғанынан Бөжей, Байсал, Қаратай сияқты жуандармен арасы суып, ашық шайқасқа ұласқан. Соның ең ірісі – Бөжеймен тартыс. Бөжей – Құнанбайдың жақын туысы. Кеңгірбайдың немересі. Құнанбай мен Бөжей сәби кездерінде Зередей (Найман ішіндегі Матайдың қызы) асыл ананың төсін бірге еміп өскен. 1846 жылы дегеніме жүре қоймадың деп Құнанбай Бөжей иелігіндегі шұрайлы жерді тартып алады. Зардап шегуші аға сұлтан Құсбекке шағым айтады, ол Құнанбайға жерді қайтар дейді. Құнанбай қайтармақ түгілі, Бөжейді өзі барып шабады. Ол ол ма, қаралы көшке шабудан да тайынбайды. Бөжейге дүре соққызады. Мәселе қатты ушығады. Құнанбай Бөжей жақта болған бірнеше адамды жер аудартады. Саясаткер көкжал енді Бөжеймен татуласады. Алдында жерімізді қайтар деп көп сый-сияпатпен келген Бөжей адамдарының ештеңесін алмай, бітімге келмеген Құнанбай бітімді енді өзі іздейді. Уақытша болса да екі жағы пәтуаға келеді. Алайда, көкіректе асқынған кек қалады. Бір деректерде Құнанбай Аға сұлтан болсымен, бұрынғы кикілжіңді жуыпшаю мақсатында бұрынғы болыстық орнына Бөжейді сайлатуға тырысады. Бірақ бұрынғы кекті ұмытпаған Бөжей өзі ұсынған болыстық орынды Майбасарға беріп, Құнанбайды інісінің қолымен тұқыртпақшы болады-мыс. Құнанбай еш шара қолдана алмайды. Ел Майбасардың қиянатынан зар жылайды. Майбасар өзін көтерген Бөжейге ермек түгілі онымен тартысады. Арызды естіген Құнанбай бәрін істеген Бөжей ғой, мен бұған билік айта алмаймын деп мәлімдейді. Сонан аға сұлтан Құнанбай інісін болыс қылды, оның істеп отырған әділетсіздігі көп, баяғыда Құнанбай істеген қиянатты бізге бұл тағы да жасап отыр деген Бөжейлер тобының арызы патша ұлықтарына қарша борап, барып жатады. Ақыры, 1852 жылы аға сұлтандықтан түсіріп, Құнанбайды Омбыға тергеуге алдырады. Өзін шығарып салған қалың жұрт кіжініп, Бөжей, Байсалдардан кек алмақшы болғанда, Құнанбай тыйым салады. Омбыда тергеуде басқа да адамдармен жүргенінде, елдегі Майбасар мен Бөжейлер ортасы ушығып жанжалға ұласады. Майбасар да Омбыға тергеуге барады, бірақ тез босап шығады. Қалада ұзақ жатқан Құнанбай ұлыққа барып, күнде кеп, бәріміз шұбырмай-ақ қояйық, мен кеп тұрайын деп, рұқсат алысымен, жолдастарын білдірмей елге қайтарып жібереді де, өзі бір келгенінде тергеушіні ұрып жығып, өзі туралы бүкіл материалды пешке сап, өртейді де, елге қайтады. Келе сап, өзі жоқта Бөжейлерге өтіп кеткен жерін өзін паналап келгендерге қылдай етіп бөліп береді. Орыс оязымен тез тіл табысып, кеңесші боп алады. Бөжей тобынан кек алуға тырысады. Елге жасаған қиянаты үшін орыс шенеунігін өлтірген, ұрлық жасаған адамды ұстап береді. Сөйтіп, беделі шарықтап шыға келеді. Бұрынғы қылмыстық ісі сиыр құйымшақтана келіп, жабылады. Дала көкжалының күрделі тұлға екендігіне осылар дәлел болса керек.Өзі жақындарына: «Мені сырт жау алмайды, іш жауым, өз бауырым алады» деп отырады екен. Бір ғана Бөжей төңірегіндегі жуандар – Құнанбайдың өз жақындары еді. Ал, бес болыс қана тобықты емес, жиырма болыстай ел кірген Қарқаралы округі руларының бәрі де Құнанбаймен тамаша сыйластықиа болды деуге болмайды, біз жоғарыда айтқан ел ағалары төре тұқымы емес, қазақты қазақ басқаруы керек деген пікірде ғана болмай кейбіреуі Аға сұлтандыққа да түспекші болған. Бірақ, қалың қаракесектің ешқандай атқамінері Құнанбаймен жауласқан жоқ, жекелеген келіспеушілік орын алса да, бір-біріне қастық ойлаған емес. Құнанбай мен төңірегіндегі мықтыларға қатысты мұрағаттарда арыз түсіргендердің ішінде бірде-бір қаракесек т.б. рулардың адамы жоқ. Тек тобықты адамдарының ғана аты-жөндері бар. Қаракесекке жататын Сарым мен Керней еліне жерге қатысты мәселені шешуге келгенде сәлем берген Байсейітке таяғын ұсыныпты, сонда Байсейіттің айтқан уытты сөзі, Құнанбайдың ренжіп, аттанып кеткені, ерекше сыйлас досы Жәкеңнің (көзі тірісінде жақсы деген атқа ие болған Жанқұтты бидің) шығарып сап тұрып: «Құнеке, қарадан хан боп туған қарағым-ай» дегенді саған алғаш мен айтқам. Жердің үстімен кеп ем, енді астымен кетіп барам, қалай болды дедің ғой. Күнде келмейсің- ,осы келісіңнен бір белгі қалар» дейді. Расында да Жанқұтты бидің ұйғарымымен Құнанбай аталған қыстақ Шет ауданындағы Кеншоқы ауылдық округіне қатысты Батыстау елді мекенінің іргесінде тұр қазір. Өзі ренжіген Байсейітпен аралары суысып кетіпті, жауласыпты деген әңгіме бірде-бір құжатта, ел аузындағы аңыз, әфсаналарда кездеспейді. Ол тұста ірілердің ұсақталмағанына осындай жайттар дәлел болса керек. Ал, адуын Құнекең Жігітектің адамдарын айдатып жібергенде, Жәкеңнің Аға сұлтан досына: «Көңілдерің бүгін де жай тапқан екен, Жігітін Жігітектің айдатқан соң», – деп бетіне басуы да мінді айтқандық, дұшпандық емес дегеніміз абзал.

Қодар – Қамқа оқиғасына Құнанбайды кінәлау орынсыз, себебі, құдай маған қысастық көрсетті, мен сол құдайға ерегісіп осындай іске бардым деген Қодардың күнәсін Барақ сұлтаннан естіген ол діни басшыдан сұрап, екеуін шариғат алдында үлкен күнаһар деп тапқандықтан, өлім жазасына кескен. 1874 жылы 70 жасында (Құнанбай 1804 жылы туып, 1886 жылы 82 жасында дүниеден озған) қажылыққа сапар шегіп, сапарлап барған ауқатты адамдарды ұйымдастырып, қаржы жинап, елден келген кедей жандар жатсын деп арнайы үй « Тәкияны» салдырған (қазір Меккеде ол жерде зәулім мейманхана тұр). Қарақаралыда мешіт салынуына ұйытқы болған. Шекара басқармасына 1847 жылдың 23 қазанында, жолданған хатқа (1848 жылдың 16 наурызында рұқсат алынады. Қарқаралыдағы мешіт солай салынған. Жолданған хатқа (мұрағатта бар) 16 адам – болыс басқарушылары қол қойған (араларында Жанқұтты Ботантайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, хорунжий Құнанбай Өскенбайұлы сияқты және т.б. танымал тұлғалар бар. Құнанбай жасында мұғалім болмай, білімді толық меңгермеген. Өз бетімен көне дүниелерді – діни кітаптарды оқи алатын болған. Білімге құштар адам болғандықтан, балалары Халиолланы орыс оқуына, Абайды жақсы медресеге берген. Өзі шекара комиссиясына арнаулы білім беретін училище ашуға жәрдемдесуін сұрап, хат жолдаған. Ол Кенесары қозғалысына қосылып, жәрдем бере алмаса да, іштей құптады деуге толық негіз бар. Оңтүстікке көшіп бара жатқан ханды шабу үшін орыс әскері құрамында қазақ жасағын басқарып барғанында намаз оқып тұрған Кенесарыға ешкімді тиістірмейді, бір деректе астыртын адам жіберіп, төнген қауіпті сездіреді, сөйтіп, хан әскерінің аман-есен сырғып кетуіне жол ашады.

Халқы Құнанбайды жарлы-жақыбайды, сырттан келген басқа ұлт өкілдерін қолдап, пана болғаны үшін және әділ билігі үшін «Мырза» деп атаған. Өзі бәлендей бай болмаған. Үйленгенде Өскенбай отыз шақты жылқысының он шақтысын енші ғып берген екен. «Қалың елім мені мойнына бұршақ сап, ақсарбас айтып, Аллаға жалбарынып, екі рет ажалдан алып қалды, сол халқыма өле-өлгенше қызмет етуге тиіспін» деп отырады екен өзі. Бірі – жасында шешек шығып, өлім аузында жатқан сәттегі ел тілегі, екіншісі – қайынатасы Ағанас биден ештеңе алмай, басы қатты тұлпарын сұрап, отырып алғаны, ақыры алып, елінде жылқыға келген барымташыларды қуғанда найзаға шаншылып қалуы, сондағы елінің жалбарынып ажалдан аман қалуы. Құнанбай туралы зерттеуші Б.Сапаралин жылқы алған барымташылармен айқасқан Құнекеңнің қатты жараланып, өлім аузында жатқанда елінің кәрі-жасы мойындарына кісесін салып, көздерінде жас, Алладан оның амандығын тілегенін айтады. Есін жиған Құнанбайды көріп, ақсарбас шалған. Осында бір дерек назар аудартады. Құнекеңді білетін Шыңғыстау өз алдына, қазіргі Ақтоғай ауданындағы Қызыларай – Бегазы өңірінің бір кедей адамы оның жаны қалса екен деп, жалғыз сиырын сойып елге үлестіріпті. Таң қалған жұртқа: «Құнанбай – халықтың адамы» деген екен. Осы бағаға көп мағына сыйып тұр. Кейіннен ауруынан айыққан Құнекең әлгі адамға риза боп, мол тарту, мал беріпті. Сәл шегініс жасайын. Мен өскен ауылда кезінде Дүйсен деген қария болды. Ұлы алпысыншы жылдары қайтыс болды. Әлгі ақсақал осыған қайғырып, Құдайдың өзіне тіл тигізуден тартынбайтынына куә болдық. Жалғыз ұл болған соң күйінгені ғой. Өзі жүйрік ат ұстаушы еді. Біз баламыз, әлгі кісі таңғы 3-4 – терде сонау Қызыларайға кетіп, түнде қайтып оралатын. Сол елден бір шеберден аттың бірнеше ерін алып кеп, елге тарататын. Біздің үйге қымыз ішуге кеп отырып, «Шіркін, кедейдің жомарты ғой» деп сол Қызыларай өңіріндегі біреуге риза болушы еді. Ненің парқы мен нарқын білгендей едік, сонда кімді айтқанын да сұрамаппыз. Мүмкін, біз жоғарыда айтқан кедей болса да, Алла разылығына бөленген жанның ұрпақтары шығар?!. Ахаттың жазғаны мен Семейдегі мұражайдағы қолжазбаларды мұқият қараған адам Базаралының екінші рет итжеккенге жер аударылуына Құнанбайдың еш қатысы жоқтығын айтады. Оқиға былай болған сияқты. Қажылықтан кеп, дүние ісіне араласпаймын деп ант берген Құнанбай жас тоқалы Нұрғаныммен оңаша болғаны белгілі. Сөзден сөз шығып отырып, өзінің Базаралыны құрметтейтінін, оны нағыз жігіттің сұлтаны деп бағалайтынын айтқан ғой. Нұрғаным ынтық боп, Базаралы мен екеуінің арасы тереңдегенге ұқсайды. Бұған намыстанған Абай Базаралыны айдатып жібереді. Жазасын өтеп келгенде, Абай сәлемдесе барып, мені кешірді ме екен деп, «қалай, орысша үйреніп қайттыңыз ба?» десе керек әңгімеге тартып. Сонда Базаралы: «Е, шырағым-ай, орысшаны үйренетін жерге жіберіпақ ең, мен өз кещелігімнен үйрене алмадым», – депті. Абай өзін Базаралының кешірмегенін сезіпті. Ірі тұлғалар бірін-бірі мақтай бермей, сынай да білген. Мәшһүр Жүсіп Шәкәрімнің шығарған шежіресін сынап, оны Базаралы, Бөжей, Оразбайды кіргізбеген деп, Абайды әкесі өлгенде ас бермеді деп және Базаралыны айдатып жіберді деп кінәлаған. Оның: «Естіген құлақтың жазығы жоқ»: біз естіп едік: «Бірі қалса, мені өлтірмей тынбайды!»- деп, Ыбырай (Абайды айтып отыр.-М.Х.) осы төртеуін (Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопанды айтып отыр.-М.Х.) түгел айдатты» дей келіп, Абайды қатты кінәлаған. Бұлардың бәрін айтуымыз, Құнанбайдың немесе Абайдың төңірегіндегі өз кезінде болған әңгімелерге қарап, олардың бұрысын не дұрысын саралау емес, нақты қағазға түскен жайтты жеткізу. Сол замандағы қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттардан туындаған ірі тұлғалар қарым-қатынасынан хабардар ету. Сыншылдықпен бір-біріне пікір айтқан осынау ұлы тұлғалар ешқашан бір-біріне дұшпан болған емес, керісінше, бірін-бірі бағалаған, өмірлік ұстаным, отаршылдыққа қатысты пікірлер де біртұтас болған.

Құнанбай да, баласы Абай да өз уақыттарының перзенттері. Пікір алшақтығы, қоғам тынысы мен уақыт талабынан туған сәттері болған. Оның бәрін жазуға газет көлемі көтермейді. Реті келсе, алдағы уақыттарда жазармыз.

Бір жайтқа ерекше ден қоюымызды керек етеді: ол – Құнанбайдай ұлы тұлғаның ғибраты мол екендігі және оның өз биігінде қалатындығы. Абайдай ұлы тұлға халқының, Құнанбайдай кесек жанның ұлағатын бойына сіңіре отырып, адамзат баласы тарихында руханият саласы бойынша ренессанс жасады, ал, оған бата берген, Құнанбайдай жанның биіктен көрінуіне нақты жәрдем жасаған, өз ғұмырында ымыраға келмес қос ұғым – Жақсылық пен Зұлымдық жайлы философиялық ой түйіп, осы сала ренессансының авторы дәрежесіне көтерілген Жанқұтты би еді. Мүмкіндік болса, бұл жеке тақырып, маңызды мәселе болғандықтан, алдағы уақытта өз ойларымызды ортаға салармыз.

Мәуен ХАМЗИН,

профессор,

филология ғылымдарының докторы.