АБАЙДЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ АЙНАЛАСЫ ЖӘНЕ ДӘУІР САБАҚТАСТЫҒЫ

Еліміздің тәуелсіздік алуы ұлттық құндылықтарымызды, тамыры терең тарихымызды, соның ішінде өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамына адал қызмет етіп, жасампаз шығармашылығын арнаған Алаш арыстары тағдырын шынайы танып, зерттеуге қуатты серпіліс берді.
Қазақ елінің біртуар данасы Абай Құнанбайұлының тұлғалық айналасы бүгін үлкен мәдени құбылыс ретінде қабылданса, мұны өз әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қайраткерлік тұлғасымен замана аясындағы пайым-парасатынан, бауыры Шәкәрім Құдайбердіұлының шәкірттігінен, ақындығы мен ойшылдығынан, сондай-ақ тағдыры Алты Алашқа мәлім ерлердің ізі қалған Семей шаһарынан, Алашорда үкіметінен, Алаш қаласынан бөліп қарау мүмкін емес. Ұлт қамын ойлаған ұлы тұлғалардың ортасы мен іс-әрекеті, шығармашылығы мен күресі өзара сабақтастықта дамып отырған.

Абайдың тұлғалық айналасын зерделеу ұлт тізгінін ұстаған Әлихан Бөкейхан, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов заманынан бастау алғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметінің біржақты таптық идео­логиясы зардабынан ондаған жылдар бойы жабық болып келген бұл тақырып Қазақстан егемен мемлекет санатында саяси тәуелсіздігіне қол жеткізген шақта ғана қайта зерделенуге мүмкіндік алды.
Міне, осы арнада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов ұзақ жылғы жүйелі зерттеу жұмысын жүргізуінің нәтижесінде отандық тарих ғылымына қомақты үлес болып қосылған бірнеше монография, ғылыми танымдық кітаптарды өмірге әкелді. «Шәкәрім» (2008) тұлғалық энциклопедиясы мен «Шәкәрім және Алашорда» ғылыми-танымдық кітабы, «Алаш қаласының тарихы» (2010) атты монографиясы, Мәскеудегі әйгілі ­«Молодая гвардия» баспасының «Жизнь ­замечательных людей» (ЖЗЛ) сериясымен орыс тілінде шыққан «Шәкәрім» (2012) ғұмырнамалық кітабы және «Құнанбай» (2019) тарихи-мемуарлық кітабы отандық және еуразиялық тұлғатану ғылымына зор жаңалық болып енді. Бұл кітаптардың бәрін тоқайластыратын тақырып – ең алдымен, Абай айналасының өзара ­заманауи байланыстығын тұлғаландыру; екіншіден, тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық идеясы жолындағы ұлт зиялыларының қайраткерлік келбетін айшықтау және олардың «тар жол, тайғақ кешудегі» тағдырларын тарихи деректермен дәйектеу; үшіншіден, авторлық тың көзқарастар, пайымдар мен тұжырымдар. Бұлар – гуманитарлық ғылымдар контексінде жаңа ғылыми ізденістің ­бастамасы деуге толық негіз бар.

Е.Сыдықов ғылыми редакциясын басқарып, жүйелеген «Шәкәрім» энциклопедиясы 2008 жылы жарық көріп, 2019 жылы толықтырылып басылды. «Шәкәрім» энциклопедиясының шығуы – өткен кезеңнің көрнекті тұлғалық ­басылымдары «Шекспир», «Гете», ­«Шиллер», «Гюго», «Пушкин», «Абай» сынды энциклопедиялардың жарық көруімен және ауқымымен, маңызымен салыстырылатын мәдени шара.

Энциклопедия сөздігінің мазмұнында бұрын да белгілі мәліметтерден басқа Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа фактілер алғаш рет айналымға түскен. Еңбекте атаулардың, ұғымдардың, терминдердің, категориялардың, мақала атауларының тақырып ауқымы төмендегі тақырыптарға топтастырылған.

Жалпы «Шәкәрім» энциклопедия­сының сөздігіне екі мыңға жуық есім енгізілген. Оған ақын шығармаларының барлығы, қолжазбалар мен естеліктер, мұрағат материалдары, мақалалар мен зерттеулер кіреді. Ақын өмірінің белгілі бір кезеңі шетелдерді саяхаттауға және таным көкжиегін кеңейтуге арналды. Абай Құнанбайұлының нұсқауынан кейін және оның қаржылай қолдауымен Шәкәрім Түркияға барып, Стамбул кітапханасындағы ежелгі мәтіндерді оқып, Меккеде (Арабстан) қажылық парызын өтеді. Ш.Құдайбердіұлының ­Францияда Париж кітапханасында сақталған ежелгі кітаптардың мол жинағына ерекше ­назар аударуы, Абайдың кеңесімен Лев ­Толстой мен Александр Пушкин сынды орыс классиктерінің шығармаларымен танысуы, Шығыс шайырларынан ­Хафиз, Физули, Навои шығармалары қызықтыруы, ­сондай-ақ ақын ағылшын және америкалық ­жазушылар мен романтикалық дәуір ақындарының шығармашылығымен ­танысуы энциклопедиядағы мақалалар арқылы кең ауқымда көрініс тапқан.

Шәкәрімнің әдеби мұрасында қамтыл­ған және оның ғылыми зерттеулерінде, көркем шығармаларында қолданылатын көркемдегіш құралдар (теңеу, символ, эпитет және т.б.) қарастырылған. «Шәкәрім» энциклопедиясында танымдық, көркем­дік, эстетикалық, діни ұғымдар мен терминдер, философиялық және басқа категориялар (поэтика, стиль, артықшылық, сұлулық, инабаттылық, ақиқат, ар-ождан, өнегелік және т.б.) нақты сипатталған. «Жалын» баспасынан шыққан «Шәкәрім. Жолсыз жаза» және «Арыс» баспасынан шыққан «Иманым» өлеңдер мен поэмалар жинағынан алынған қызықты сөздер мен ұғымдар сөздікке қосымша енгізілген. Бұлардан тыс, энциклопедияға сараптамалық негізде Шәкәрімнің «Өнер» баспасы шығарған «Аманат» әндер жинағы, «Казақстан», «Мерей», «Ақиық» баспалары бірлесіп басқан «Түркі, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі мен «Мұсылмандық шарты» жинағынан алынған ұғымдар да кірген. Энциклопедияда тарихи тұлғалардың және оның кейбір шығармаларындағы кейіпкерлердің түптұлға есімдері де бар. Мысалы, Әнет баба, Қабанбай, Қалқаман – Мамыр, Еңлік – Кебек, Нартайлақ – Айсұлу және т.б. Оған қоса, энциклопедияға Шәкәрімнің шығармаларындағы әдеби бейнелер ­туралы бөлек мақалалар да енгізілген.

Сөздікте Шәкәрімнің өміріне қатысты әрі шығармаларында көрініс тапқан географиялық атаулар; тарихи маңызы бар жерлер; Семей, Ыстанбұл, Мекке, ­Париж сияқты Шәкәрім болған қала атаулары, Шәкәрімнің атымен байланысты елді ­мекендер, көшелер, оқу орындары (Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет және т.б.) да қамтылған.

Сөзтізбекте түрлі кездерде Шәкәрімнің еңбектерін шығарған баспаларға, ақынның мұрасын зерттеу мен насихаттаумен айналысқан әдеби ұйымдарға, көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдарға да орын берілген. Оның ішінде Қ.Мұхамедханов, З.Ахметов, М.Мағауин, Р.Нұрғали және басқа да көптеген есімдер бар. Энциклопедияда Шәкәрімнің көзі тірісінде қарым-қатынаста болған белгілі тұлғалар туралы мақалалар да орын тепкен. Бұл орайда ақынның ата-­бабалары мен тума-туыстары, жалпы ақынға қатысты шежірелік мәлімет берілгенін көреміз. Энциклопедияға Шәкәрімнің көзін көрген Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов және басқа да қазақ халқының көрнекті тұлғаларының есімі енуі ұлы ақын өмір сүрген және қызмет еткен дәуірдің мән-мазмұнын аша түскен.

Ұлы Абайдың тұлғалық айналасын жарқырата көрсететін «Шәкәрім» энциклопедиясы – жеке ақынның ғана емес, бүкіл халқымыздың рухани өмірінің шежіресі. Бұл – тарихи танымның жасампаздығы. Мұндай энциклопедияның Орталық Азияда әзірге баламасы жоқ. Бұл еңбек – ғалымның абайтану мен шәкәрімтануға қатар қосқан үлесі. Іргелі зерттеулерінің бір белесі. Аталған энциклопедия Шәкәрімнің барлық мұрасын толық қамти отырып, ақын мұрасын әлемдік руханият биігіне көтеруімен құнды.

Е.Сыдықовтың «Шәкәрім және ­Алашорда» атты кезектегі тарихи деректі еңбегі ұлтымыздың ерен тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің тұсындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік ұстанымдарының сындарлы сәттегі көрінісін мұрағаттық деректер арқылы дәйектеп баяндауға негізделген. Алғаш 2008 жылы шыққан, 2017 жылы толықтырылып қайта басылған «Шәкәрім және Алашорда» атты бұл еңбегінде ғалымның басты ғылыми қағидасы – Шәкәрім Құдайбердіұлының белсенді қайраткерлік қызметін Алаш қозғалысы қайраткерлерінің «Алаш автономиясы» ұлттық-территориялық қалыптағы автономиялық мемлекеттік құрылымды қалыптастыру жолындағы тарихи әрекеттерінің барысымен сабақтастықта жазу.
Тарихшы архив деректерін өзге де сирек деректермен жарыстыра талдап, кеңестік тоталитарлық жазалау жүйесінің Шәкәрім Құдайбердіұлына қарсы жасаған қылмысты әрекеттерін ашады. Алашорда ақсақалы тағдырына қатысты бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғаларды дәйекті деректермен жан-жақты салыстыра талдап, тың пайымдаулар ұсынады.
«Алашорда және ұлт ­зиялылары» атты бөлімде «Алаш» партиясы мен ­«Алашорда» үкіметінің қайраткерлері мен жақтастарының сол кезеңдегі ұлт алдың­дағы қызметі туралы бұрын-соңды белгісіз болып келген тарихи оқиғалар – архив деректерімен, сондай-ақ естеліктермен, жеткен хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып баяндалады. Қазақ өлкесінің апатты жағдай алдында тұрғандығын Кеңестік билік басында Троцкий сынды саясаткер арқылы ашық жария етуге әрекет еткен қос бірдей алып тұлғаларымыз – Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермеков екендігін дәйектеп көрсетеді. «Зұлмат жылдар зобалаңы» атты бұл бөлім – «Ахаң және Семей зиялылары», «Қара тізімге іліккен кітаптар» және «Қызыл қырғын құрбандары» деген тараулардан тұрады. Автор әр тараудың өзін жеке-­жеке тарқатып қарастыратын тақырыптар екендігіне зерттеушілердің назарын аудартады. «Ахаң және Семей зиялылары» деген ­тарауда Ахмет Байтұрсынұлының Семей өңірінен шыққан қазақ зиялыларына ықпалы, тигізген тәлім-тәрбиесінің кейбір қырлары тарқатылған. «Қара тізімге іліккен кітаптар» атты ­тарауда ұлт зиялыларының 1923-1937 жылдар аралығында шығарған мектеп оқулықтары, әдеби және саяси мазмұнды кітаптары, түрлі бағыттаушы кітапшаларының кеңестік билік жүйесі ­тарапынан зиянды деп табылып, жойылғаны жөнінде талдау жасалған. «Қызыл қырғын құрбандары» ­деген ­тарауда әміршіл-әкімшіл тоталитарлық жүйенің саяси қуғын-сүргініне ұшыраған қазақ ­зиялылары тағдырлары архив деректері негізінде қарастырылған. Еңбектегі Абайдың тұлғалық айналасын толықтыратын деректер, материалдар бүгінгі ғылым талабына толық жауап береді.

Әуелі 2010 жылы жарық көріп, 2017 жылы толықтырылып қайта басылған академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың «Алаш қаласының тарихы» атты ғылыми-танымдық еңбегі – мұрағаттық деректер негізінде жазылған құнды туынды. Бұл зерттеуде де Абайдың тұлғалық ­аясын және дәуір сабақтастығын ашатын деректер мол. Кітап 1918 жылдың қаңтар айынан 1919 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықта ­«Алашорда» үкіметінің саяси орталығы болған Алаш қаласы жайлы құнды тарихи деректер және Алаш қайраткерлері туралы мәліметтермен жазылған алғашқы зерттеу. Еңбекте Алашорданың орталық үкіметі мен Семей облыстық комитеті, облыстық қазақ комитеті, облыстық және уездік ­земс­тво басқармалары, Алашорда үкіметінің кеңселері сынды тарихи орындар алғаш рет кең ауқымда қарастырылған.

Автордың ұзақ жылдарғы ғылыми ізденісінің нәтижесінде отандық ­архив қорларындағы сақталған деректер монографияның ғылыми талаптарға сай ­жазылып, тарихи шынайылықты нақты беретін факторлар ретінде жан-жақты көрсетілген.

Алаш қаласы шын мәнінде ­Алашорда үкіметінің басты әкімшілік орталығы болып есептелді. Алғашқы тарауда осы мәселеге ерекше акцент берілген. Себебі бұл қалада Алашорданың орталық үкіметі мен Семей облыстық комитеті, облыстық қазақ комитеті, Семей уездік земствосы, Алаш қалалық думасы мен Алаш қоғамдық басқармасының кеңселері орналасты. ­Автор, Алашорданың үні – «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы және «Алашорда» баспаханасы» атты тарауда мерзімді басылымдар құрылу тарихынан бастап, көтерілген мәселелерге толықтай талдау жасаған.

Халық ішінде Тінібай мешіті, Жоламан мешіті және Тас мешіт деген атаулармен мәлім болған дін ошақтарының тарихы да осы тарауға арқау болған. Халықтың мәдени даму тарихында діннің орны ерекше екені тарихтан белгілі. Міне, Алаш қаласы тарихындағы бұл мешіттердің ұлттық деңгейде атқарған тағылымды қызметі, мешіттерді салдырған Тінібай Жоламанұлы сияқты тұлғалар туралы мол мағлұмат келтірілген.

Қазақ халқының рухани дүниесін қалыптастыру жолында жазылған «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегі бүгінгі ­заман талабына сай жазылған, ұлттық сананы қалыптастыру жолындағы тың әрі танымдық мағынасы зор жұмыс.
Абайдан басталатын ұлттық оянулар­дың заңды жалғасы Алаш тұлғалары мен тағдыры арнасында жазылған «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегі қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар еңбектер сияқты әрдайым халық сұранымы сапынан түспейді.

2012 жылы «Молодая гвардия» ­баспасынан «Жизнь замечательных людей» (ЖЗЛ) сериясы бойынша Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабы шықты. Бүгінде «Шәкәрім» кітабы қазақ, орыс, түрік, ағылшын, қытай тілдеріне аударылып, әлем оқырманына ұсынылды. Кітап өмірі қилы заманға тұспа-тұс келген қазақтың көрнекті ақыны, философ Шәкәрім Құдайбердиевтің тағдырына арналған.
Кітап автордың әкесі Бәтташ Сыдықовқа арналған естелікпен ­басталады. Ол 1960-жылдардың басында биліктің тыйымына қарамастан замандастарының Шәкәрім Құдайбердиев туралы естеліктері мен куәліктерін жинақтаған алғашқы комиссияның мүшесі болған.

Автор Шәкәрімнің өзін-өзі жетілдіру процесіне жеке талдау жасап, ойшылдың бұралаң әрі қиын, қуанышты жаңалықтар мен ащы өкініштерге толы интеллектуалдық жолына барлау жасайды. Е.Сыдықовтың Шәкәрім туралы кітабында бастан-аяқ үш өмірлік тірек, үш ұстаз, үш анық жөніндегі өтпелі идея көрініс береді. Бұл кездейсоқтық емес.

Ерлан Сыдықов Құнанбайға арналған жеке монография жазып, 2020 жылы ­басып шығарды. Ол осылайша Шәкәрімнің ұрпақтарына табыстаған аманатын ­орындады деуге болады. Автор бұл кітапты жазу үшін тұлғалық әрі кәсіби ұзақ жолды еңсерді. Ол Сыдықовтар әулетінің жүрегі мен тағдыры арқылы өтіп, қалың оқырманға жол тартты.

Қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында 2019 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» («Жизнь замечательных людей») сериясымен белгілі тарихшы, академик Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабы жарық көрді. Кітапта тарихи тұлға, ұлы ақынның әкесі – Құнанбай өмірбаянының және ол өмір сүрген заманның, бұрын белгісіз болып келген кейбір тұстары ашылады. Кітап Абай тұлғалық айналасын жаңа қырынан ашуымен ерекшеленеді.

Мұнда қазақ халқының тарихында терең із қалдырған белгілі тарихи тұлғаның өмірбаяны деректік түрде баяндалып, зерттеу объектісінің өмір жолы мен тағдыры аясында ХІХ ғасырдың тарихы тұтастай қарастырылады. Сондықтан да бұл кітап танымдық көркем тілмен жазылған тарихи зерттеу деуге негіз бар.
«Құнанбай» еңбегінің материалды беру тәсілі анағұрлым бөлек. Құнанбайдың туу дерегі мен шежіресіне арналған тарауда «би» және «шежіре» категориялары сараланады. Зерттеуші Құнанбай өмір сүрген дәуірдегі қазақ қоғамын билеуші топтардың өзара қиын қарым-қатынастарын да назарынан тыс қалдырмайды. Әсіресе осы мәселе 1837-1847 жылдар аралығындағы Кенесары ханның патшалық Ресейге қарсы соғысы кезінде асқына түскені белгілі. Бұған байланысты кітапта бір қызықты жайт келтіріледі. Бірде колониалдық экспедициялық әскер құрамында Құнанбай екі жүз сардарымен қатысып, жапан далада үдере шегініп бара жатқан Кенесары хан жасақтарын қуып жетеді. Сөйтіп, екі жасақ арасында зеңбірек оғы жететін қашықтық қана қалады. Ал Кенесары хан әскері болса бесін намазын оқып жатыр екен. Осы сәтте колониалдық әскерлердің зеңбіректермен атқылаймыз деген пиғылын біліп, бұған Құнанбай үзілді-кесілді қарсы шығады. Ол «егер намаз сапында тұрған әскерлерге оқ атылған жағдайда бұл соғыс саяси астардан діни астарға ауысып, ал бұл бұдан да үлкен текетіреске соқтыратынын» айтып, орыс әскерінің бетін осы әрекеттен қайтарады. Бұл тарихи деталь бір жағынан, сол тұстағы патша шенеунігінің саяси сұңғылалығын танытқан болса, екінші жағынан қазақтың соңғы ханының жасырын жақтасын да айқара анық көрсетеді.

Е.Сыдықов «қазақ элитасы жалпыға ортақ парадигмалардан гөрі, колониалдық билік жағын неге ұстанды?» деген сұраққа тарихи оқиғаларды терең талдап, ұлт тұлғаларының мақсаты елдің бірлігін, ұлттық бірегейлікті сақтау арқылы мемлекетті жаңғыртуды ойлағанын жан-жақты түсіндірген. Бұдан аға сұлтан Құнанбайдың өз уезінде атқарған реформалары басты мақсат ретінде ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, оларды нығайтуға бағытталғанын аңғартады. Оған Қарқаралыда – мешіт, Меккеде – тәкие (қажыларға арналған қонақүй) салдыруы айғақ бола алады. Бұл тұрғыда Құнанбай қажы өз заманынан озып туып, колониалдық биліктің рухани-идеологиялық экспансиясына қарсылық ұйымдастыра келе, еліміздің шетелдегі алғашқы дипломатиялық өкілеттілігін де ашты деуге болады. Ол өзінің өмір жолы арқылы жұртқа ұлағат көрсете білді. Құнанбай – әр ісінде Құдайды еске алып, өз еліне адал қызмет еткен адам. Ол – Абайдай баласына, Шәкәрімдей немересіне халыққа қызмет етуді бала ­жасынан қанына сіңіре алған үлкен әулеттің иесі. Жазылмаған дала заңы мен ұлт дәстүрін білуді, өмірге сергек қарап, ұстамды болуды ұрпақтарының бойына дарыта алған әке тағылымы да осы кітаптан табылары анық. Ол ұрпағына ағартушылық ислам негіздеріне сүйеніп тәрбие берген, сонымен қатар баласы Халиоллаға еуропалық білім алғызған. Сол арқылы болашақтағы елдегі дәстүрлі білім беру жүйесінің де түбегейлі өзгерістерге ұшырайтынын сезгенін аңғартады.

Бұл кітапты Абайдың тұлғалық айналасын ашқан зерттеу ретінде тарихшылар мен гуманитарлық ғылымдар саласының мамандары қажетіне жарата алады. Мұндағы Құнанбай ұрпақтарының, әсіресе Абайдың шығармашылық ортасының өмірбаянына қатысты тың фактілер әлем оқырманы үшін де маңызды.

Балтабай Әбдіғазиұлы,

филология ғылымының докторы,

Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің профессоры