"ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ"

 Абайдың шығармашылық өнер­намасында өзiнiң ұстанымын, көз­қарасын танытатын «сөз сарасы», «сөз майы», «сөз мәнiсi», «шын сөз», «қасиет тұтып, ойға ұмтыл, қан қайнап, қуат егiлсiн!», «қуаты күштi нұрлы сөз», «таза ойла», «сөздiң шыны», «ақыл сөз», «жақсы сөз» дейтiн кесек-кесек, лек-лек мағыналы ұғымдар ақын поэ­зиясының асыл сипаттарын айқын танытады.

1886 жылы жазылған «Жiгiттер, ойын арзан, күлкi қымбат» дейтiн жыр-толғауы жанды сыр-cұхбат, әңгiме айту, ақыл қосу, жас берендердiң ой-cанасын, көңiл сарайын күмбiрлетiп, оятып-серпiлту үлгiсiнде өзiнiң мол тәжi­ри­бесiмен ортақтасу, бөлiсу тұр­ғысынан жазылғандай. Шығыс өркениетi мен Ұлы дала мәдениетi тарихында жақсылардың мәслихаты – cұхбат, әңгiмелесу түрiнде ұйымдастырылған. «Жақсы адаммен бiрге болып сұхбаттасу жұпардай әсер қалдырады (өзiң де сондай боласың)», деген Мұхаммед (с.ғ.c.) өз хадистерiнде. Я болмаса Алла мен оның Елшici 90 мың тақырып бойынша (шариғат – 30 мың, тариқат – 30 мың, хақиқат – 30 мың) cұхбаттасқан. Сұхбат құру, мәжiлiс жасау – ұлттың интеллектуалдық әлеуетiн жақсартады. Ертеде шахтар қабылдау (меджлис) жасап, өлең оқып, музыка тыңдайды екен.

Халық қызметкерi Абай да сұхбат­тасу, әңгiмелесу дәстүрiн гүлдендiр­ген, кең қолданысқа енгiзген, жанды құбы­лысқа айналдырған, ел игiлiгiне жаратқан. Ол да тыңдау өнерiне баулып, шәкiрттердi оқытқан. Себебi 1880 жылы Жидебайда медресе ашқан. Абайдың ұлттық дүниетанымы, пәлсапалық көзқарасы, мәдени дәрежесi, ойшыл зеректiгi ел қайғысын ойлаған, iлгерiнi болжаған. Сұңқарлық санаты, тылсым табиғаты елден ерек екені жырында да, сырында да тұнып тұр.

Шын көңiлмен сүйсе екен, кiмдi cүйсе,

Бiр сөзiмен тұрса екен, жанса-күйсе.

Немесе:

Керек ic бозбалаға – талаптылық,

Әр түрлi өнер, мiнез, жақсы қылық.

 

Болмаса:

Жолдастық, сұхбаттастық –

 бiр үлкен ic,

Оның қадiрiн жетесiз адам бiлмес.

 

Әйтпесе:

Кемдi-күн қызық дәурен тату өткiз,

Жетпесе, бiрiңдiкiн бiрiң жеткiз!

Күншiлдiксiз тату бол шын көзiмен, –

Қиянатшылдық болмақты естен

 кеткіз!

дегенiнде жiбектей есiлген жақсы қы­лыққа, қараса ханнан көзi өткiр, сөй­лесе жаннан сөзi өткiр қасиеттерге ие «шын көңiлмен» «шын күлерлiк», жүзi шұғы­ла, шынар тұлға «сүйiктi ер», «ер жiгiт» болса екен деген ұлы тiлек, ұлы уайымы бар.

Абай ер жiгiт тағдырында жар таңдаудың мәнiсi хақында:

Бiреуді көркi бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсеқызар нәпсiге ерме.

Әйел жақсы болмайды көркiменен,

Мiнезiне көз жетпей, көңiл берме.

деп, «жеңсiкқойлық», «жеңсiкқұмар» дегендерден ада болып, сана сабырлығына бас ию, тұрлаулылықты темiрқазықтай тiрек ету ләзiм.

Адам өмiрi мен тағдырының жай-күйiн жүйрiк зерделейтiн, ұшан-теңiз бiлiмнiң, өлшеусiз тәжірибенiң, интуи­цияның иесi Абай:

Жасаулы деп, малды деп байдан  алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, –

деп, қандай құсты қолға қондыру керек­тiгiн нақтылап, шегелеп жеткiзедi.

Осы бiр даналық тағылым, мағыналы өсиет Жүciп Баласағұнның:

Тегі таза, құтты болсын тамыры,

Ұяты мол, инабаты hәм iрi.

Қол тимеген, болсын аттап

 шықпаған,

Сенен басқа еркек бар деп ұқпаған.

Сенi cүйiп, сенен басқа iздемес,

Жаман қылық, жарамсыз ic icтемес,

деген бәйiттерiмен үндеседi.

«Толқынын жүрегiңнiң хаттай таныр» пейiштiң шынарындай, уылжыған уыздай әйел затын:

Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,

Кем емес алтын тақтан жар төсегi.

Әйтпесе:

Ақыл керек, ес керек, мiнез керек,

Ер ұялар iс қылмас, қатын зерек,–

деп, кемел сипаттап, сұлу сезiммен сурет­тейдi.

Ненi айтса да сөздiң алмастай өткiрiн, уыттысын қолданатындығына «Салақ, олақ, ойнасшы, керiм-кербез», «жыртаң-тыртаң», «сасық ми» деген сөздерiн мысалға келтiруге болады.

Қазақ қауымы iшiнде қай заманда да көріксіз, өрескел жайттар да, сыз­дауықтар да жетерлік болған. Бұл Абай сынынан да тыс қалмады. Ақын:

Кей құрбы бүгiн тату, ертең бату,

Тiлеуi, жақындығы – бәрi cату,

деп түңiлсе, үмiтi кесiлсе:

Көкiрегiнде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас

 қайран тату! –

деп, қөңiлi cүйсiнедi.

Тағы да:

Пайда деп, мал деп туар ендiгi жас,–

деп шошынады.

Түптеп келгенде, бұл өлеңде заман келбетi, әлеуметтiк қайшылықтар, ел ор­тасындағы ахуал, адамдардың тәр­тiбi (жалақорлық, жанжалқұмар­лық, арыз­құмарлық, опасыздық), пейiл, қарым-қатынас шынайы көрсетiлген.

Стратег Абай зәре-құтыңды қашыра­тын жан түршiгерлiк жаманшы­лықтар­дан қорғайтын қамал-қорғаның:

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,

Өзi зордың болады ығы да зор, –

деп, ғибратты пiкiр ұсынады.

Абайдың «Жiгiттер, ойын арзан, күлкi қымбат» дейтiн жаратындысы – оның өс­кен-өнген өлкесiнде сұхбат құрудың, әңгi­мешiлдiк, шешендiк өнердiң өрге өрле­гендiгiне, өркендегенiне бiрегей өнегелi мысал. Сұхбат – тәрбие мен бiлiм құралы.

Психологиялық әсерi мол ақын дауысында мейiр, тазалық, сыршылдық, құш­тарлық, рухани кеңiстiк пен кемелдiк бар.

Жақсыдан қалған көз – Көкбай Жана­тай­ұлының мына бiр әдеби шығарма­шылық дерегінен елеулі мәлімет аламыз:

Семейге Абай келсе бiзде думан,

Ән салып босамаймыз айғай-шудан.

Бас қосу, бақастасу, мәжiлiс құру,

Секiлдi бiр ғылымның жолын қуған.

Тарихтан неше түрлi Абай сөйлеп,

Өзгелер отырады ауызын буған.

Бiр барсаң мәжiлiсiнен кеткiң келмес,

Хакiмдей Аплатон аңырап тұрған.

Келбетiне, бiлiмiне лайықты,

Япыр-ау, мұндай адам қалай туған.

Мұнда Абайдың туабiттi әңгiмешiл­дiк, сұхбат құру өнерiн толық түсiндiрiп түйiндеген.

Келешектiң тұлғасын тәрбиелеудi мақ­сат тұтқан Абай – ұлт рухының символы.

 

 Серік Неғымов