Мәскеудің «Русский раритет» баспасынан орыс және қазақ тілінде «Абай» таңдамалы шығармалары жарық көрді.
«Абай» таңдамалылары Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жариялаған Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған.
Кітапты құрастырушы һәм алғы сөз авторы әдебиеттанушы-филолог, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Ресей Әдебиет Академиясының Пушкин атындағы медалінің иегері Сәуле Мансурова.
«Абайдың бұл жинаққа енген поэзиясы мен прозасы өздігінше өмір сүруге енді ғана қадам басқан жас буын өкілдерінің жүрек төрінен лайықты орын алатынына сенімдіміз. Ақынның даналық ойлары бүгінгі аласапыран өмірде олар үшін маңызды бағдарға айналып, жастарды толғандырып отырған көптеген күрделі адамгершілік түйіндерге қатысты мәселелерде жол табуға мүмкіндік береді. Мұндай мәселелер қазіргідей ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған осызаманғы қоғамның жан-жақты жаһандану кезеңінде жиі көрініс беруде», - дейді Сәуле Мансурова кітаптың алғы сөзінде.
Сәуле Мансурова «Абай Кунанбаев», «Пушкин и Абай» секілді орыс тіліндегі бірнеше кітаптардың авторы.
Кітапқа Ұлы ақынның 45 қарасөзі мен 60-тан астам өлеңдері орыс тілінде енгізілген. «Қарасөздерін» аударған көрнекті жазушы және әдебиеттанушы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Виктор Шкловский.
Бұдан сырт Абай өлеңдерінің таңдамалылары қазақ тілінде және қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының Абайға арнаған өлеңдері мен мақалалары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді.
Кітапта жарияланған көркем суреттер Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының архивінен алынды.
abaialemi.kz