Әділет АХМЕТҰЛЫ: ЖАЛҒЫЗ

Қазақта ақын көп-ақ, хакім жалғыз,
Өлеңді өзге жұрттан асырғанбыз.
Хакімді білген сайын, Хаққа үңіліп,
Жаратқанның Нұрына жақындармыз.

Алашта ғұлама көп, Абай біреу,
Табаладық тәйір-ай, талай мінеп.
Сол Абай адамзаттың ұлы болды,
Оған айғақ шүлен күн, арайлы көк.

Әлемде философ көп, Абай дара,
Абай асқан әулие, Абай дана.
Жершарыға ортақ бір асыл туған,
Бұл қазақ мақтанбасын қалай ғана?!

Желсіз түнгі жүзіндей имек айдың,
Ұлы ақиқат маңдайын сүйді Абайдың.
Тектілігі тереңде Құнанбайдың,
Топырағы сап алтын Жидебайдың.

Абай бізге шүйілген, сүйінбеген,
Қамшысын тектен текке үйірмеген.
Екі өмірдің тым ащы ақиқатын,
Қырық бес ауыз сөзге түйнідеген.

Сонда да Ұлы Абайдан сөз қалмаған,
Қайран жалған дүние-ай көзді арбаған.
Асыл текті ақынды баурыңа алып,
Мың сырды бүгіп жатсың маңғаз далам.

Абайым, егей ұстаз, ар-ұстамым,
Алашымның айбаты, арыстаным.
«Мыңмен жалғыз алыстың, кінә қойман»
Мың жылда бір туатын данышпаным.

Әулие жүз жылда бір туатын-ды,
Мойындайды жалпақ жер қуатыңды.
Мен сенің бір басыңа теңгермеймін,
Ғаламнан жиып келсе мың ақынды.

Шыңғыстау, Алтай, Көкше, Бұланайсыз,
Мәңгілік шаң қонбайтын мұражайсыз.
Қазақты елестету қиын бүгін,
Ғаламның мінін айтқан ұлы Абайсыз.

Абай жыр, Абай ілім, Абай ғалым,
Абайға жыр жазғанда абайладым.
Абайды оқып, таниды өз бейнесін,
Адамзат қарсы алдында шар айнаның.