"Баршаңызды елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтіп жатқан Абай күнімен құттықтаймын!⠀Бұл – қазақ үшін тарихи оқиға, зор қуаныш және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесі, елдік пен егемендіктің жарқын көрінісі.⠀Ұлы ойшылдың 175 жылдығында осындай дербес күннің белгіленуі өте орынды бастама. Өйткені санамызды жаңғыртып, сапамызды арттыруда Абай еңбектерінің алар орны ерекше. Сондықтан бұл шешімді бас ақынға ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, тұтас ұлт руханиятына көрсетілген зор құрмет деп қабылдаймыз", - деп жазды Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, ұлы ақынның шығармаларын қазіргі заманның талаптары мен тетіктерін ескере отырып, кеңінен насихаттаған жөн.
"Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, ұтымды ойларын ортаға салғанын жақсы білеміз.⠀Мемлекет басшысы бүгін "Егемен Қазақстан" газетіне жарияланған "Абай – рухани реформатор" атты мақаласында да ұлы ойшылдың ілімі қазіргі бірқатар бағыттарға орайлас келетініне назар аударып, елді білім игеруде, тәрбие мәселесінде, жаңа кәсіп үйренуде және ынтымақ-бірлікте Абайға жүгінуге шақырады. Шын мәнінде, ұлт ұстазының ұлағаты – ешқашан маңызын да, құндылығын да жоғалтпайтын өнеге, өшпес өсиет", - деп жазды ол.
Сондай-ақ ол өз жазбасында ақынның еңбектерін дәріптегенде науқаншылыққа жол бермеу керек екенін атап өткен.
"Президентіміз айтқандай, ғұламаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымыз үшін қажет. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі мерекенің мән-маңызы айрықша, көтерген жүгі ауыр екенін ұғамыз.⠀Ендеше ұлтымыздың өркениет өріне жасаған кезекті қадамы ұзағынан болғай! Ұлы ойшылдың шығармалары халқына рухани қызметін жалғастыра берсін! Абай күні құтты да қайырлы болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын!"- делінген жазбада.