АБАЙДЫ ТАНЫТУ – БОРЫШЫМЫЗ

 10 тамыз – «Абай күні» деп белгіленіп, мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Ұлы ақынға көрсетілген жоғары құрмет – ұлттық руханиятымыз бен әдебиетімізді дамытуға және сөз өнерін қастерлеуге жасалған тарихи қадам.

Жалпы, биылғы жыл исі қазақтың жаңғыруынан, жаңаруынан, Абай әлеміне бет бұрудан басталды. Ақын әлемін танып-білуге, «Толық адам» ілімін зерттеп-зерде­леу­ге, елімізді тың серпінмен дамыту жолында еңбектерін басшылыққа алуға ден қойдық. Француздық ғалымдар Жоселин Перер мен Мариванн Перер «Адамзаттың ойшылы» деп ардақ тұтқан бірегей ғұламамызды Қазақстанның бренді ретінде дүние жүзіне кеңінен таныс­тыруға, ой-тұжырымдарының мән-мағы­насын жан-жақты талқылауға кіріс­тік. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасыр­дағы Қазақстан» мақаласы арқылы мерей­тойлық жыл аясында атқарылуы тиіс осындай міндеттерді межелеп берді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО бағдарламасы аясында өткізілген ақын­ның 150 жылдық тойында «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады» деген еді.

Той тойлау үшін емес, рухани ой-өрісі­мізді өсіруді көздеген биылғы іс-шара­­лардың ең әуелі ой салудан бастал­ғаны бек қуантады. Өйткені күллі адамзат тарихының қаншама ғасырлық сан алуан белестерінен өткен әдебиеті мен мәде­ниеті, яғни халық даналығы мен сөз өнері барша әлем халықтарының рухани құн­дылықтар қазынасын құрайтыны белгілі. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді бұл баға жетпес байлықтың да әр ұлттар мен ұлыстардағы жекелеген ұлы тұлғалар шығармаларынан нәр алып, уақыт өткен сайын қордалана беретінін жақсы білеміз.

Қайнар көзі қадым замандардан бас­тау алатын қазақ әдебиеті тарихында жинақталған ұлы мұраларымыздың бар­лығының да өзіндік ерек­шеліктері, ұлттық сипаты мол. Мұнымен қатар олардың басым көп­ші­лігінің бү­кіл әлем­д­ік әде­­­биет­тің классикалық нұ­сқа­ларымен де үн­дес­тігін, үзеңгі қа­ғыс­тыра алар бәсеке­лестігін бай­қамау мүм­кін емес. Осы орайда қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі, «сөз патшасын» ұлттық деңгейден әлемдік аренадағы биік шыңдарға дейін алып шыққан Абайдың алып тұлғасы күн өткен сайын асқақтай түсуде!

Осы ретте ақын мерейтойында Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті айтқан мына сөз тағы да еріксіз еске түседі. «Абай... барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр. Бұрын-соңды көтерілмеген тақырыптарды көтерді. Бұрын-соңды үрдіске енбеген жанрларды енгізді. Сырт сипаттау, сырт дәріптеуді қойып, адам­ның ішкі жанына үңілетін, болмыстың тұңғиық қалтарыстарын ашатын аса мәнді философиялық-әлеуметтік лирика туғызды. Шығыс поэзиясына тән нәзіктік, әуезділік, ойнақылық батыс әдебиетіне тән жіті зерт­теуші зердемен байыды...

Сезімтал ақын, сергек ойшыл ғұлама дала тіршілігін өзге дүние тіршілігімен салыстыра зерттеп барып түсінгісі келді. Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, Шығыс поэзия­сына, тарихына, философиясына соны көзқараспен қарап, жаңаша баға берді».

Осылайша Елбасы абайтану іліміне мемлекеттік деңгейде мән беріп, тың көзқарастар мен жаңа пайымдағы парасатты пікірлер легіне жол ашып берді. Мемлекет басшысы бұл үрдісті әрі қарай жарасымды түрде жалғастырып әкетті. Ұлы ақын, хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында Прези­дентіміз: «...интеллектуалды ұлт қалып­тастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өрісін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн» деп ұлағатты пайым жасады.

Ендеше Абайды терең танып, оқыға­нымызды көңіл көкжиегіне Темір­қазықтай қонақтатып, айналамызға түсіндіре беру, баршамыздың азаматтық әрі патриоттық борышымыз деп білемін.

Өлеңдері мен қара сөздерінде Абайды айрықша алаңдатқан мәселе – қазақ ұлты­ның болашағы екені талассыз ақиқат. Осы орайда кесіп-тіліп, сынап айтса да, уытты тілмен мінеп айтса да, тіпті асқақ пафос­пен жырлап айтса да көкейінің түпкірінде ұлтына деген ұлы махаббатының жатқанын бек түсіне аламыз.

4-қара сөзіндегі мына бір пікіріне назар аударайықшы: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғымен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уа­йым қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды қарекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күл­кі­менен азайтпа, орынды қарекетпен азайт!»

Орынды қарекет туралы бұдан асырып не айтуға болады? Орынды қарекетпен айналыспақ тұрмақ, мынау аласапыран тірлікте өз орнын таппай жүргендер аз ба бүгін? Жоғарыдағы пікірін данышпан ақын былай түйіндейді: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің раха­тының қайда екенін білмей, бірін бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, бос, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».

Хакім Абайдың қара сөздеріндегі адамзат баласына, оның ішінде қазаққа қарата айт­қан ғақлияларының басты кредосы – жама­ндық пен арамдықтан мейлінше алыс­тап, жақсылық пен адалдыққа барынша жақын­дау, еңбекті сүю, масылдықтан аулақ болу.

«...Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «ырыс баққан – дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аяма­саң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым» дейді Абай 22-қара сөзінде. Көз алдыңа бүгінгі орта тапты қалыптастыруға ба­рынша үлес қосып жатқан кәсіпкерлер қауы­мы келмей ме? Міне, бүгінгі күнде де сон­шалықты қол­дау мен қорғанышқа зәру боп отыр­ғандар да осы тапқанын тапқанына жал­ғап, отбасы мен мемлекеттің тілеуін тілеп жүр­ген қаяу көңіл кәсіпкерлер екені шын­­дық! Ендеше осындай іскер азаматтар­ды қолдап, демеу жасау іс басындағы аза­мат­тар­дың абзал борышы деп ұғынған абзал.

Сонау ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ тағы бір данышпанымыз, ұлт кемеңгерлерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы хакім Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп таныды. Ахаң Абай туралы: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», дейді. Алып-қосары жоқ, ондыққа дәл тиіп тұрған айдан анық бағалау!

Абай хакімнің әр сынында терең жақсы көру мен өз халқына деген айнымас махаббаттың жатқанын бек түсінуіміз керек. Данышпан ақын сынай отырып, сөз ұғар санасы бар әркімге бағыт-бағдар нұсқайды, жол көрсетеді.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық», – деген ақын сөздеріне ден қояр болсақ, қаншама заман өтсе де еш ескірмеген жанашыр ақыл мен бүгінгі қоғам мүшелеріне де керекті насихатты көретініміз ақиқат.

Өткен ғасырда айтылса да құнын жоймаған, күн өткен сайын әр қырынан жарқырай түсетін мұндай маржан сөздер Абайда аз емес. Ғажайып сөз зергерінің ұлылығы да осында шығар.

Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.

Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,

Жіберсем өкпелеме көп жамандап.

 

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Һәркім жүр алар жердің ебін қамдап.

Мақтан қуған малқұмар нені ұға алсын,

Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.

Мұнда да байқайтынымыз, кешегінің емес, бүгінгінің сөзін көріп тұрғандаймыз. Жеріне жеткізе сынау, ақынның өз сөзімен айтсақ, «жамандау» арқылы жұртының қамын ойлау, тек елін соншалықты сүйген ойшылға ғана тән қасиет болса керек.

Ұлы ақынның өлеңдерінде де, қара сөздерінде де бажайлап қарайтын болсақ, өнер және еңбек атты ұғымдар егіз жүйеде, параллель кеңістікте талданады. Бұл әрине кездейсоқтық емес. Қай заманда да бұл екі ұғымның бір-бірін толықтырып, өмір мәнділігін құрайтынын жақсы білеміз.

Қазағым деп көкірегі қарс айырыла күрсінетін хакім Абай өз ұлтын шексіз сүю арқылы күллі адамзат қауымына деген асыл махаббатын да тынбай жырлаумен өтті.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы төрт жол арқылы данышпан ақын­ның өмірлік кредосын, тек қазақ халқының ғана емес, әлемнің асқан ойшылы, гуманист, философы екенін көзі қарақты әр оқырман тап басып тани алады деп сеніммен айта аламыз.

Қазақтың ұлы ойшылының тағылы­мы мол ілімі мен білімі арысын айтқанда пайғамбардан, берісі түгел түркі жұртының пірі саналатын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастау алатыны ақиқат. Оның даналығы, терең ойшылдығы түріктің ақыны Юнус Эмремен, әзербайжан ақыны Несимимен үндеседі.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!!!» Кез келген халықаралық ұйымның, әлем бедерінде бейбітшілікті насихаттаумен айналысатын дүние жүзіне ортақ қоғамдық мекемелердің айнымас девизі осы емес пе?! Абайды әлемге таныту бары­­сында ақынның осы бағыттағы ой-пікірлерін темірқазық етіп ұстансақ жа­ңыл­маймыз деп ойлаймын.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассам­б­леясы «Абай күні» және ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай 10 тамыз күні «Абай: тарих және қазіргі заман» халықаралық онлайн конференция­сын және республикалық онлайн поэзия фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Ғылыми конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттерінен абайтанушы-ғалымдар мен тарихшылар және ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын талқылайды.

Поэзия фестивалінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген барлық ұлт өкілдері қазақ тілінде ақын өлеңдерін оқып, әлеуметтік желіде жариялайды. Мұндағы мақсат – этномәдени бірлестіктер арасында ойшыл ақынның шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. 130-дан астам ұлт өкілдері Абай поэзиясының аясында шынайы өлеңмен жүздесіп, шырайлы өлең тілімен тілдесетін болады.

Абай күні, ақын мерейтойы және бірегей ғұламаның шығармашылық әлемі өз кезегінде көпұлтты халқымыздың жарас­ты ынтымағын арттырып, береке-бірлігімізді бекемдей түспек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары