«БІРІНІҢ БІРІ СӨЗІН ҚҰП АЛМАЙ ЖҮР»

(Абай өлеңдеріндегі ел тағдыры)

Заман қанша аумалы-төкпелі болса да, ақын қашанда халқының қамын жеп, ертеңін ойлап, тыным таппайды. Кейде жұртының жат қылығына, теріс іс-әрекетіне ренжиді, көңілі қалады. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңі сол мағынада жазылған. 

Көңілім қайтты достан да,

дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда.

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

 

Пайда үшін біреу жолдас

бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?

 

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Ақын достан да, дұшпаннан да көңілі неге қалғанын ашық айтады. Біреудің пайда үшін жолдас болатынын, бастан жыға қисайғанда, яғни бастан бағың тайғанда тайып тұратынын бүкпесіз жеткізеді. Абай өзін түсінетін, озық ойлары мен ізгілікті істерін қолдап, құптап, соны әрі қарай жалғастыратын дос іздейді. Мұнан менің қай жерім аяулы деп, майданда, демек айтыс-тартыста, мүдде-мақсат жолындағы күресте тірек болар жанашыр жолдасқа зәру. Екінің бірінің сөзіндегі ұрлық-қарлықтан ел ахуалының ауырлығы білінеді. Сөзді ұғатын саналы жан таппай қиналады. Еліне көңілі толмайтыны – мейірі қанып, мәз болып қуанатын, «бәрекелді!» дейтін жақсы істің жоқтығы. Өзгелердің көшіне ілесе алмай, қараңғылықта, надандықта қалып қойған жұртына налиды.

Бір күшті көп тентекті

жыға алмай жүр,

Іште жалын дерт болып,

шыға алмай жүр,

Арақ ішкен, мас болған

жұрттың бәрі,

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүруі – өз жай-күйі. Қайтсек ел боламыз деген жалынды ой-байламдарының жүзеге аспауы, іштегі жалын дерт болып сыртқа шыға алмауы да өзін, сөзін ұғарлық жанашыр жандар таба алмауы.

Жетілтіп жаз жайлауға

қона алмай жүр,

Күз күзеуде жанжалсыз

бола алмай жүр.

Қыс қыстауың – қып-қызыл

ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

 

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,

Сұрамсақтар нәпсісін

тыя алмай жүр.

Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң,

Қандай жан сырттан сөз боп,

сыналмай жүр?

Ақын арақ ішіп, мас болған жұртының не пайда, не залалды біле алмай адасып жүргеніне қорланады. Не жаз жайлауға жайланып қона алмай, күз күзеуде жер­ге таласып, жанжалдасып, қыс қыс­тау­да тағы қып-қызыл пәле қуып, айтыс-тартыспен тірлік кешкен, ешбір шаруасы оңалмай, кері кеткен халқына қапа­ланады. Ең қауіптісі – елдің елдігінің, әдеп, сыйластығының кетуі. Жасы кіші үлкеннен ұялмай ерсі қылықтарға барса, сұрамсақтар, яғни парақор, жемқорлар аранын ашып, нәпсісін тыя алмай жүр, тіпті сәлемін де сатып, жақсылығын, кө­ре алмай қырқысқан, тоз-тоз болған жұр­тынан әбден көңілі қалады. Бір жағы­нан Абай Ресей отаршылдық жүйесінің көш­пенді халықтың қалыпты өмір сүру дағдысын бұзғанын да айыптайды.

Саудагері де саудасын тыныш жасай алмай, қолдан зат, дүние немесе қарызға ақша беріп, оны қайтара алмай әуре-сарсаңға түскен. Елден жырақта күш көрсетіп, топ адамның алдында айт­қанынан танатын арсыз жұртының қылығы жанына батады. Естілердің ісіне қуанбайтыны, ел азды деп надандардың мұңаймайтыны да ақиқат. Ала жылан, аш бақа күпілдектердің, яғни екіжүзді, аяр, өсек-өтірікші ағайынның үлкенді сыйламай жүрген ұятсыздығына қынжылады. Ел тонап, ұрлық-қарлық жасаған тентек­тердің жазаланбай, жайбарақат жүргені де жанын қинайды. Ырқынан кеткен елді жөнге салатын бір билеушінің жоқтығын аңсайды.

Қарындас қара жерге тыға

алмай жүр,

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.

Құда-тамыр, дос-жарың,

қатын-балаң –

Олар да бір қалыпты

бола алмай жүр, –

деп қоғамның азғындалуымен бірге, адамдарының да азғындалып, рухани-моральдық жағынан дағдарысқа ұшы­рағанын, заманның ащы шындығын аяусыз көрсеткен. Қарындас дегенде мұнда ағайын-туыстың бір-бірін сыйламай, бірін-бірі күндеп, мінеп, жерге тірідей тыға алмай жүрген қараниеттілігін, арам пиғылын айтса керек. Құда-тамыр, дос-жар, қатын-баланың бірқалыпты болмауы да – заманның бұзылуы. Адамдардың пейіл-ниеті өзгеріп, адамгершілікті аяқ­асты еткен кезеңдегі ел жайы жанын күйзелтеді. Іштей егіледі, жүрегі жылайды, жырлайды. Достан да, дұшпаннан да көңілі қалған ақынды халқының отар­шылдық бұғауындағы хал-ахуалы мазалайды. Басқа бір заман демесең, Абайдың осынау жан-жүрегімен ақтарылған ішкі дерті бүгінгі заманнан да табылады.

Нағыз елін сүйген, мұң-шеріне күйген ақын өзін халқынан бір сәт бөлектей алмайды. Оның жүрегі халқым, ұлтым деп соғады. Жанымен жабырқайды, күйзеледі. Ол елінің барлық жағдайын, тірлігін өз жүрегінен өткізеді. Абайдың кейде күйреуік сезімге берілуі де – оны тыңдайтын, құптайтын, ақыл-ойла­рын өмір кәдесіне жаратуға себепші қам­қор қолдаушының болмауы. Абайдың жалғыздығы – өзінің ғана емес, елінің үлкен қасіреті.

Ақынның достан да, дұшпаннан да көңілінің қалу себебі жан толғанысынан аңғарылады. «Күшік асырап, ит еттім» өлеңінде көрініс тапқан.

Күшік асырап, ит еттім

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты.

Ақын оқытып, ақыл-кеңес, тәлім-тәр­биесін беріп, есейтіп, ержеткізген кей­бір ағайындарының өзіне қарсы шық­қа­ны­на, зұлымдық, жауыздық пиғы­лына қа­паланады. Заман аздырып, тоздырған адам­дардан ақын көңілі әбден суынып, кей­де жаны егіліп кетеді.

«Көлеңке басын ұзартып» атты өлең­нің тақырыбы да тұспалды, бір қарағанда табиғат лирикасына ұқсайды. Ақынның көңіл күй лирикаларының бірі.

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса.

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса;

 

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа,

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

Ақын көлеңке басын ұзартып, ымырт түсіп, алыс өңірлерді көзден жасырып, күнде кешкі мезгіл уақытты қысқартып, көкжиектен асырып, батуға таяу шақты суреттегендей көрінгенімен, өткен өмірін астарлап жырлайды.

Өткен өмір – қу соқпақ,

Қыдырады талайды.

Кім алдады, кім тоқпақ

Салды, соны санайды.

 

Нені тапсаң, оны тап,

Жарамайды керекке.

Өңкей уды жиып ап,

Себеді сорлы жүрекке.

 

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой

Өкінді, жолың бекінді,

Әуре болма, оны қой.

Онсыз да әбден қапаланған, көңілге, сорлы жүрекке у сепкеннен ақын қасіреті, азабы қандай аянышты. Ақынның өткен өміріне көңілі толмайды. Елі үшін қан­шама өнегелі, өрісті істер жасады, одан қайыр болмады. «Адасқан күшік се­кілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» деген тұспалды әрі мағынасы терең байламында халқының жай-күйін ойлап, ертеңін уайымдап, қаншама пайдалы ақыл-кеңесін айтқанымен, бірақ одан ештеңе өзгере қоймауымен аңғартады. Оны бидай сепкенімен егін орнына ермен қаптап кетуімен тұспалдап түсіндіреді. Баяғы самарқау, сабырсыз, арсыз, еріншек жұрт.

Ол өткен өмірді қу соқпаққа балай­ды. Өткен өмір белестеріне ой көзімен қара­ғанды, оның қу соқпағымен қыдырып, кімнің алдағанын, кімнің не таппақ болға­нына көз жеткізеді. Сол бір кезеңнен «не тапсаң да, соны тап, керекке жарамай­ды» деген шешімге келеді. Өйткені заман өзгерді, сол заманға сай адамы да өзгеруі тиіс.

Ермен шықты, ит қылып,

Бидай шашқан егінге.

Жай жүргенді уерд қылып,

Тыныш өлсеңші тегінде.

Бидай шашқан, егінге, ермен шығып, иттей ығырын кетіргенін, яғни ел-жұртына жасамақ жақсылығының жамандыққа айналып өзіне қайтарылғанын аңдатады. Адам қанша оқып, тәлім-тәрбие алса да, кейде пендешілікпен көкірегіндегі «мені» билеп, менменсіп, тәкаппарланып кетеді. Кезінде ақыл-кеңесін айтып, қажет жерде қолұшын берген ағайын кейіннен теріс айналып көңілін қалдырған болар. Қаншама жақсылық жасап, жөн-жоба көрсеткенімен, кемеліне келген кезінде өзінше толып, болып, бәрін өзі жасағандай желпініп шыға келетіндер де табылады. Ақын ағайын арасындағы үміт, сенімін ақтамай, көңілін қалдырғандарға ренішін білдірген.

Адам баласының өмірдегі басты ой-мұраты да – өмірді өкінішсіз сүру, ба­қыт, қуаныш-қызығына бөлену. Адам деген асыл, ардақты атауды абырой­мен сақтап қалу – басты парыз. Абай­дың «Қарашада өмір тұр» өлеңі фило­софиялық тұжырымдауымен ойлантады, толғантады. Ақын мұнда егделік пен жастықты салыстырмалы түрде қа­тар алып, өткен уақытын елестетіп, тір­шіліктің қымбат құндылығын бағалайды.

Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң, қайтып келер ме?

Қараша – күздің қыспен жалғасар айы. Күз маусымының соңы болғанымен – суық, ызғарлы, тіпті кейде қар түсетін, қыстың қаһарын байқататын мезгіл. Ақын қарашада, яғни егделікте тұрған өмірді тоқсан тоқтатсаң да келмейді, өткен өмір өтті, кеткен уақыт кетті, енді өкінгенмен кері бұра алмайсың дейді. Арттағы майды, жайнаған жастықты көңілдің жүргенінен, енді жалынып-жалбарынсаң да қайтара алмайсың. Май-мамыр – көктем айының ең шуақты, жарқын, жайнап, жайқалған, жасанған, жасарған мезгілі. Бұл жастықтың жарқын кезеңдеріне баланған. Жастық шақтағы көңіл күй көктемнің көрікті кездеріндей керемет. Енді сол шақты оралту – тек қана арман. Сол жастықтың қадіріне жетті ме?

Майдағы жұрттың іші қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да сөнер ме?

Тұспалды сауалда бәйшешектің көк­темнің алғашқы күндерінде қар ери бас­таған шақта қылтиып, қақ жарып өсетінін ойға салады.

Абай – ойшыл, суреткер, сезімтал психолог. Бәйшешектің қауашағының ішіне қарасаңыз, сап-сары алаудай кө­­рінеді. Бейне қар астынан жарып шық­­қан гүлдің қауызында жылт еткен күннің бір үзік сәулесі тамғандай. Та­биғаттың осы бір ерекшелігін ақын адам­ның жан дүниесімен салыстырма­лы сипаттайды. «Ішінде кімнің оты бар болса, қар жауса да сөнер ме?» деп тұс­палды тұжырымдайды. Риторикалық сұрақ қойып, оны ой тереңдігімен, тіл даналығымен шешеді. Іштегі от мәнісі мына шумақта айқындалады. Ол – талап, ұмтылыс, құштарлық, асыл мұрат, жарқын ой. Бірақ оны сезініп, түсінетін жастар ма?

Талаппен ұшып, талпынып,

Шартарапты көздемес.

Пайданы қуып, алқынып,

Өзгені әсте сөз демес.

Ақын талап қуып, талпынып, жігер­леніп, арман көгіне самғап, шартарапқа шарықтауды көздейтін үміттілерді із­дейді. Шартарап – дүние жүзі, әлем, ға­лам мағынасымен синонимдес. Абай «Талаппен талпынып ұшып, шартарапты көзде» дегенде, білім, ғылымды, өнерді меңгеріп, өзге өркендеген елдер қатарына қосылуды, өркениет әлемімен тоғысуды өнегелейді. Мұны халқы түсінді ме? Бас пайдасын қуып, қайтсем байысам, ішсем, кисем, жесем, малымды, дәулетімді қа­лай сақтасам деген пасық пиғылдан арыла алмады. Өнегелі сөздерді елеп, ескеріп, құптап, қолдап, қажетіне жаратар жұрттың сиқы мынау.

Кеудесі толған қулық ой,

Бәрі де пысық, езбе емес.

Құмары оның – айт пен той,

Пайда мен мақтан өзге емес.

Мұндай қауымға пәлендей ақыл айту да, бағыт, бағдар беру де қиын. Бәрі де пысық, езбе болмағанымен, көпшілігінің кеудесіндегі қулық, сұмдықты тазаламай, жарқын, ізгі ойларға жол ашылмайды. Оның үстіне айттау, тойлау, думандату, бір нәрседен пайда түсіру, ебін тауып екі асау, одан қалса есіл-дерті мақтауға ауып, ештеңені елеп, ескермейтін, елірген, ертеңін ойламаған жұрт қалай оңалады? Ақын сондай қу, зымиян залымдардың жеккөрінішті қы­лығын өткір бейнелейді.

«Алдадым, ұрдым, қырдым», – деп,

Шалықтап, шалқып, шатпай ма?

«Қапысын аңдып тұрдым», – деп,

Қулығын бұлдап, сатпай ма?

Сол кездегі халықтың арасында жүр­ген қулар, сұмдар, алаяқтар мен неше түрлі айла-шарғымен күн кеше­тіндер мінезделген. Бір нәрсеге тап бол­са, «пәленді алдадым, ана біреуді ұрдым, қырып жібердім, қорқыттым, мен қандаймын» деп өзінше шалықтап, шал­қып, еліріп сөйлейтін ұрдажықтардың жағымсыз мінездерін, мақтаншақтығын мінейді. Әр нәрсенің басын бір шалып, шатып-бұтып сөйлейтін, не сөзінде, не ісінде мән жоқ берекесіздерді сынайды. «Қапысын аңдып тұрдым да, жөнге келтірдім» не «бабын тауып, амалымды асырдым» деп. Не жасаса да қулығын бұлдап, сатып, соған сый-сыяпат күтіп, әр ісінен бірдеңе дәметіп жүретін, тілі мен жағына сүйенген ездер елде әр кез болған. Қазір де табылады. Небір қулық, сұмдықпен, арамзалықпен аңқау халықты алдап, жеп, тонап, құртуға құмар пысықайлар мен сұмырайлардан халқын сақтандырады. «Момыннан жаман қорқақ жоқ», «Қу, пысық» деген ат қайда?» деп халықтың бойындағы надандықтан бөлек бір жағымсыз нәрсе момындық деп біледі. «Қу», «пысық» дегенде неге осылай болмайсыңдар демейді. Ел болғасын момындықтан арылып, серпіліп, жаңа істерге, қоғам талабына ілескен жөн. Қойдай жуас халықтың момындықтан зардап шеккенін ашық көрсеткен.

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?!

Ақын атақ үшін ар-ұятыңды аяма, арсыздыққа бар деп тұрған жоқ. Қайта, керісінше, кейбіреулердің арсыздықпен, арамдықпен атақ-абырой иеленіп, кісі­ліктен кетуіне қынжылады. Халықтан адалдық пен ар-ұят кеткенін, әркімнің өз бетінше өмір сүруге жанталасқанын, адамгершілік қасиеттердің жоғалуын заманына ғана емес, келешекке де ескертіп дабыл қағады. Ақынның күйінетіні – Құдайдың маңдайға берер бағынан гөрі, кейбір бай-дәулеттілердің неше түрлі қулық, сұмдықпен, айла-шарғымен өз есебін түгендеп, халықты қанап, тонап күн көретіндігі. Бақ оларға алдам­шылықпен келетін бір нәрсе іспетті. Абай заманының бұл шындығы бүгінгі уақытпен де үндесіп, қазіргі заманның да сұмдығына айналып кетті.

Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» дейтін даналық қағидасы өмір сүрген дәуреніне ғана емес, бүгінгі күнге де үйлеседі. Зиялы қауым шығармашылық және ғылым өкілдері кейде атақ, билік, мансап, дәреже жолында арын сатады. Адамның болмысын ар-намыспен саралайды. Әлбетте, ар-намысы жоқ, кісілігі, ұяты кеткен елдің ізгілікке бет бұруы да қиын. Мұны Абайдан кейінгі заман ағымы да аңдатып келеді.

 

Әнуар Тарақов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері

факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы