Абай мұрасының виртуал көрмесі өтеді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұлы ойшылымыздың 175 жылдығына орай қалың жұрттың назарына "Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі" виртуал көрмесін ұйымдастырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елбасының жеке архиві, кітапханасы мен музейінің қор материалдарынан жасақталған көрме философия, әдебиет, поэзия, музыка салаларымен ұштасқан кемеңгердің мирасынан сыр шертеді.

"Көрме материалдарының қатарынаа кірген Елбасы Н. Назарбаевтың халық алдында сөйлеген сөздеріне қарап-ақ қазақ халқының тарихи санасы мен мәдени мұрасын жаңғыртудағы Абай мұрасының маңыздылығын аңғаруға болады. Тұңғыш Президенттің әр баяндамасы қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған ойшылдың шығармашылығына талдау жасайтындықтан, ғылыми зерттеуге татиды.

Жаһанның мәдени-гуманитарлы кеңістігінде Қазақстанның бейнесі мен мемлекеттік, ұлттық бірегейлігі Елбасының ел шекарасынан тыс Абай мұрасын жүйелі насихаттауымен тұспа-тұс қалыптасты. Ақын мирасын әлемге паш ету жолында ЮНЕСКО тарапынан 1995 жыл "Абай жылы" деп жарияланды. 

1995 жылғы 9 тамызда Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай Алматыда өткен салтанатты жиында Елбасы былай деді: "Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен  пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы.

Ұлы ойшылдың есімі мен мұрасын сақтау жолында жасалған бұл жұмыстардың арқасында қазақ халқы да, жер-жаһан өркениеті де Абай әлемін ашып, ақын шығармашылығының терең мәнімен таныса алды. Данагөй ағартушы шетелдік классиктердің қаламынан тамған туындыларды аудару арқылы жерлестерін әлем мәдениетімен таныстырды. Бүгінде ХХІ ғасырдың өкілдері Абайды адамзатқа ортақ құндылықтардың тұтқасы деп қабылдайды. Олардың түсінігіндегі Абай –  қырғи қабақтан азат бейбітшіл ұстанымдардың үлгісі, Елбасы бастамаларының негізіне алынған абыройдың тұғыры. Мұны бейнелейтін аталмыш көрме Абай мұрасының халық қазынасы екенін дәйектейді. Қоғамның рухани тірегіне айналған ойшылдың мирасы құндылықтар сабақтастығын сақтап қала бермек", - делінген кітапхананың хабарламасында. 

Жібек АҒДАРИ

Egemen.kz