1.ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ
Абай мен Мәшһүр Жүсіп бір ғасырда туғанымен, екеуінің жас алшақтығы бір мүшелден сәл артық. Яғни, алғашқысы 1845 жылы, екіншісі 1858 жылы дүниеге келген. Бірақ, қашан табиғат берген дарындарының арқасында ақындық аты шығып, елге танылғанша бұлар бір-бірімен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлеспепті. Тек сырттай ғана танып, өзара құрмет тұтысады екен.
Хакім Абай осының орнын толтыру мақсатымен бір жылы Қоянды жәрмеңкесінде арнайы жолығысып, танысып – білісіп, кеңінен сұхбаттасу үшін Мәшекеңе сәлем жолдапты. Мұны естіген ол да жолға жиналыпты. Бірақ, бұл хабардан құлағдар болған оның руластары – Сүйіндік – Күлік руындағы бір топ еріккен қызыққұмар жігіттер ортасынан біреуді сайлап, екі-үш күн ерте жәрмеңкеге аттанып кетеді. Сонда барысымен олар Абай тіккен киіз үйге маңдай тіреп, аттан түсіп, сәлем беріп кіріп барады ғой. Есікке қарсы тұрған Абай бұлардың сәлемін алып, Мәшһүр Жүсіп болып келген жігітке бірден «Құдай қайда? Жұмақ пен Тозақ қайда?» деп сұрақ қояды. Оны күтпеген әлгі алдамшы не жауап қайтарарын білмей, «Ә-ә, Құдай ма, жұмақ пен тозақ па, көкте, көкте ғой» деп, саусағымен шаңырақты көрсетеді, асып-сасып. Осыдан кейін Абай өз адамдарына «Мына жігіттерді жақсылап күтіп, шығарып салыңдар» дейді де, өзі теріс айналып кетеді. Күтім көріп, ас ішу қайда, қулықтары әшкере болған қулар алды-артына қарамай, безе жөнеледі.
Арада екі-үш өткеннен кейін Қояндыға шын Мәшһүр Жүсіптің өзі келеді. Үйіне енген оған Абай жаңағы сауалын тағы қайталайды. Мәшекең де еш іркілместен «Абайдың Құдайының қайда екенін білмеймін. Менің Құдайым – жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ – әркімнің өз босағасында. Жақсы болса алғаның, жұмақ емей немене?! Жаман болса алғаның, тозақ емей немене?!» деп жауап береді. Осыдан кейін заманының екі асылы бір бірімен төс түйістіріп, құшақтасып, амандасады. Неше күн бойы екеуі армансыз әңгімелесіп, сұхбаттасып, шер тарқатысады.
2. СЕМЕЙДЕ
Жәрмеңке қызығы тарқап, ел тарар сәтте Абай Мәшһүр Жүсіпті Семей қаласын көріп қайтуға шақырады. Мұнда олар біраз жерлерді аралап, қаншама адамдарда қонақта болып, бірде кешкілік қалалық орталық мешітке соғады. Бұл уақытта тарауық намазы басталғалы жатса керек. Келген кісілердің кім екеніне қаныққан мешіт имамы Мәшһүр Жүсіптен бүгінгі намазды өткізуді өтінеді. Онысы Мәшекеңнің діни білімдарлығын тексеріп, сынамақ болғаны да.
Мұны құп алған ол тарауық намазын бастап та жібереді. Ал имам болса, оның әр қимылын бағып, көз алмай аңдып тұрады. Соны сезген Мәшһүр Жүсіп намаз кезінде біресе қолымен тақиясын түзетіп, біресе оны ышқырына жүгіртеді.
Тарауық намазы аяқталысымен жерден жеті қоян тапқандай болған имам оған жетіп келіп «Мәшеке, сіздің намазыңыз қаза болды. Өйткені, сіз оны өткізіп тұрып қолыңызды біресе тақияңызға, біресе ышқырыңызға жүгірттіңіз» дейді мысқылмен. Оған сасатын Мәшекең бе? Асықпай жай ғана «Имамеке, менікі емес, керісінше, қаза болған сіздің намазаңыз. Себебі, намаз кезінде адамның көңілі де, көзі де бір Аллаға аударылуы тиіс. Ал сіздің көзіңіз менің тақиям мен ышқырымда тұрған ғой» дегенінде, ұялған имам ләм-мим дей алмапты.
Тегінде, Мәшһүр Жүсіп дін оқуын тауысқан терең білімді ғұлама болғанымен, өмірінде молдалық құрмаған адам. Дегенмен өзін сүріндірмек болған әлгіндей молдалар мен имамдардың санын сөзден тосып, ұтымды уәжімен жеңіп отырған.
3. «НҮСІПХАН»
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағының 3-ші томына (Алматы «Алаш» 2004 ж.) енген деректі дастаны (265-324 беттер) осылай аталады. Ақынның өзі осы шығармасының басында:
Көрмеген ешкім опа мал мен жаннан,
Аттанған кебін бөзбен бұл жалғаннан.
Ақыны Баянауыл – Керекудің,
Сөйлейді Мәшһүр Жүсіп Нүсіпханнан.
Аралап губерниялық Семей жерін,
Тамсанттым өнеріммен Найман елін.
Мейман боп сол аймақта жатқанымда,
Естідім Тобықтының кемеңгерін, – деп жазғанындай, бұл туындыны басынан аяғына дейін оқып шыққан адам Мәшекеннің Ұлы Абаймен жай ғана таныс-біліс емес, аралас-құралас, сырлас-мұңдас та болғандығына көз жеткізгендей әсерде қалады. Өйткені, Нүсіпхан туралы хикаяны ол басы-қасында тұрғандай, бүге-шігесіне дейін жырлап, баяндайды. Оны сол сапарында Абайдың өзінен естімегенде кімнен естиді, тіпті, оның ауылында қонақта болып, әкесі Құнанбайды да көрген-ау деген тұжырым жасауға тура келеді.
Оқиға мазмұны өткен ғасырда өмір сүрген Семей өңіріндегі «Өнері асып туған Арғын еліндегі» Нүсіпхан атты ірі саудагер көпес жігіт жайлы. Бір атадан жалқы туып, төрт әйелінен бір перзент көрмей, асқан байлығы мен ақыл – парасатымен елге ерте танылған шағында, саудасын жасап, Қызылжардан артынып-тартынып келе жатып, жүрек ауруынан 25 жасында жолда көз жұмады. Нүсіпханның ақтық демі алдындағы арыздасып, қоштасу зары, әрі қарай досы Омарбектің Абай мен Құнанбайға өлімін жұмбақтатып естіртуі, ең соңында төрт әйелінің бірі Жамалдың Меккеге Құнанбаймен қажылыққа еріп барып, сонда қаражатына мешіт, медресе салдырып, қайтыс болуымен аяқталады.
Мәшһүр Жүсіптің Абайды етене жақсы білгені дастанның өн бойынан аңғарылып тұрады. Мәселен, ол Абайды қазаны естірте барған Омарбектің сөзімен:
Керейде Біржан салдың батасын ап,
Өнерге он жетіңнен мойын бұрдың.
Үмбеті пайғамбардың болғаннан соң,
Сыйлайды, дін қадірлеп, сізді құрбың.
Жасыңнан туын ұстап дін ислам,
Атаңның жолын қуып, айттың нұсқа.
Тұғырдан ойда жоқта ұшып кетіп,
Болып тұр сұңқарымның ғұмыры қысқа, – деп сипаттаса, Құнанбай туралы Абай аузымен:
Жасыңнан жақсы ауылға таңдап қонып,
Жайлы орын ақыреттен аласың ба?!
Ақсүйек топтан озған тұлпар едің,
Тұнықтан жүзіп ішпей, қанасың ба?! – деп айтқызады.
Мұндай мысалдар дастанда жетерлік. Ал, Нүсіпхан Абайдың жан досы болып, әр кез оның болыс сайлауында, тағы басқа қысылтаяң шаруаларына көп демеушілік жасаған адам. Бірақ, «Абай жолы» роман – эпопеясында ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов не Нүсіпхан, не Мәшһүр Жүсіп жөнінде бір ауыз сөз жазбайды. Әрине, Мұхаң бұл жайттарды білмеген емес, білген. Мұны сол кездегі кеңестік саясаттың салқыны, діни сарындағы шығармалар мен әдебиет өкілдеріне қырын қарауынан деп түсінгеніміз абзал. Тіпті, дастанның өзі, оның өзінде толық емес нұсқасы, «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы жетінші санында алғаш рет Бейсенбай Байғалидың әзірлеуімен жарияланған.
…Міне, халқымыздың заманы бір кемеңгер екі тұлғасы Абай мен Мәшһүр Жүсіптің өзара қарым-қатынасы хақында әзірге құймақұлақ қариялардан естіп-білгеніміз, кітаптан оқығанымыз осы. Бұлар бірін-бірі білмеді, араласпады деу ешқандай ақылға сыймайды. Одан әрі оны Абай өмірін зерттеуші ғалымдарымыз зерттеп, тереңдете түсер деген ойдамын.
Ержан ИМАШЕВ.