ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ

Абай – ұлы ақын, композитор, би-шешен, ұстаз, аудармашы, философ және қоғам қайраткері. Абайдың философиялық толғаулары – өмірге өзінше қарау, адамның тіршіліктегі позициясын айқындау. Абайдың ойлы поэзиясы – этикалық бағдар мен тағылым биігі. Ақын санасы, бір ортаға – адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылады, сол арқылы өмір сырын ұғынуға шақырады. Абайға керегі – адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік қасиеті. Кемеңгер Абайдың поэтикасы – адамның ішкі дүниесімен қауышу, адам мен адамның өзара татулығын арттыру. Ол халқын оянуға, жан тірлігіне, ұлттық намысқа, үздіксіз рухани еңбекке шақырады. Ақынның сөзі мен ісі бір жерден шығады. Айтылған сөз – атқарылған іс болып қабылдануы керек. Тек осылай ғана, адам жанын тазалыққа, бірлікке тәрбиелеуге болатынын айтты. Ақын жырының өткірлігі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Шығыстың ақылы мен Батыстың озық ойлы идеясын Абайдай зерделеп, өз өнеріне мұрат еткен қазақ ақыны болған емес. Даланың дана ақыны Шығыс пен Батыс поэзиясының суреткерлік ерекшеліктерінің басын құрап, аса терең мағыналы гуманистік Шығыс-Батыс синтезін ашты.

ХIХ ғасырдың соңы Ресей самодержавиесі Қазақ даласын темір бұғаумен әбден шырмап, матап тастаған кезі еді. Отаршылдықтың қыспағында қалған Дешті-Қыпшақ даласы экономикалық, әлеуметтік, мәдени құлдық шырмауында жанталасты және шырмаудағы көшпенділердің мәдениеті де, адамдардың санасы да күйреді. Осынау қиын-қыстау кезде ұлы Абай халқына бағыт-бағдар беріп, демеу жасап, рухани биіктен көруді армандады.

Абайтану саласы бүгінгі әдеби өмірде үлкен ғылыми арнаға айналып отыр. Алайда, ұлы кемеңгердің өнері мен творчествосы хақындағы алғашқы зерттеу мақала қашан және қайда жарияланғаны оқырман қауымға онша белгілі емес.

Абайдың өскен ортасы мен творчествосын жүйелеп, тұңғыш рет бір ізге салған Абай әлемінің белгілі білгірі Тұрсын Жұртбайдың дерегі бойынша, Абайтанудың негізін қалаған – Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ әдебиеттану саласының үлкен арнасы – Абайтанудың негізін салды. Кәкітай (Абайдың інісі – Ысқақтың баласы) Абай өмірінің бел-белесін, творчестволық жолын, ізденіс бағыттарын саралап, бір жүйеге негіздеп, тұңғыш рет Абай туралы деректерді Әлихан Бөкейхановқа жиыстырып береді. Абай қайтыс болған соң жеті айдан кейін, яғни, 1905 жылы Семей қаласындағы Географиялық бөлімшенің «Семипалатинский листогында» орыс тілінде Әлихан Бөкейхановтың азалы ғұмырнамасы (некролог) жарияланды. Оның соңында бұл деректерді ретке келтіріп, баспаға ұсынған Кәкітай Ысқақов екендігі туралы сілтеме бар. Бұл – қазіргі толысқан Абайтану ғылымының бұлақ бастауы, оған Абайдың Географиялық қоғамдағы достары – Михаэлис, Гросс, Коншиннің ниеттестігі себеп болғаны анық.

Сондай-ақ, 1907 жылы сол Географиялық қоғамның арнайы жинағында Абайдың суреті тұңғыш рет баспа бедеріне түсті. Сонымен қатар, 1909 жылы Кәкітай Ысқақов Петербургтегі Бороганский баспаханасынан Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, өмірбаяны, өлеңдері тақырыпқа реттеліп, түсініктемелер берілді. Абайтанудағы Кәкітайдың еңбегі туралы Мұхтар Әуезов: «…Бұл жөнінде қазақтың мәдени тарихына Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған – Кәкітай Ысқақұлының еңбегін ерекше айту керек. Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашқы таңдамалы жинағын бірінші рет 1909 жылы Петербургтегі Бороганский баспаханасында шығарды. Сол жинақтың аяғында ақынның Кәкітай жазған бірінші өмірбаяны беріледі» – деп жазды. Шындығында, бұл Кәкітайдың әңгімесі бойынша Әлиханның Абай өмірі туралы толықтырып жазған екінші мақаласы еді. Оның алғашқы нұсқасы 1905 жылы «Семипалатинский листокта» орыс тілінде басылды. Біз осы мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Бұл ұлы Абайдың қағаз бетіне түскен ең алғашқы ғұмырнамасы болатын. Абай әкесі жағынан тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, Тобықтының батыр-биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың елуінші жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол Тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы жайылымы мол Шыңғыстауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай халыққа әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың адамдарына өктемдік жүргізген, оны тек төре тұқымдарына тән лауазым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі Құнанбайдың беделін өсіре түседі. Абайдың шешесі Ұлжан да Бошан руының затты тұқымы Бертістен тарайды. Ол да Ырғызбай сияқты Қаракесек руын Қарқаралы уезіндегі Қу, Едірей, Мыржық тауына бастап келген. Абайдың шешесі Ұлжанның төркіні қушыкеш Қантай мен Тонтайдың есімі қазақ даласына кеңінен мәлім. Бірде Қантай бай ұзақ ауырады. Қожа мен молдалар жиналып, оның көңілін сұрайды. Сонда Қантай жантәсілім етіп бара жатып: «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас» – деті.

Абай 1845 (жылан) жылы туып, 1904 (қоян) жылы алпыс жасқа қарағанда қайтыс болды. Ол он-он екі жас аралығында хат таныды. Он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептегі оқуы аяқталады. Ол далаға келген соң он бес жасында қазақ рулары арасында беделі зор, 1822 жылы Сібір қазақтарының басқару ережесіне сай монополиялық күшке ие болған сұлтан тұқымдарымен саяси билік тартысына түскен өз әкесінің қасына еріп, ел ісіне араласады. Бозбала болса да, Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, оны ел-жұрт би етіп сайлайды. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмәр атанады. Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігінің арқасында қазақ ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, атақты би атанар еді. Ислам дінінің орнығуының пайда-зиянына орай, жаңа заманның талабымен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді. Табандылығы мен бейімділігінің нәтижесінде өз бетімен араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, қасиетті біліммен сусындады. Молдалар мен қожалар өздерінің кемшін тұстарын әшкерелеуден қорқып, Абаймен кездесуден, сұхбаттасудан қашқақтап жүретін. Осы арада Абайдың ислам дініне қатынасын да айта кету, ләзім. Ол өз өлеңінде молдалардың арамзалығы мен алаяқтығын сынап, мінейді.

Құнанбайдың отбасындағы діни ұстанымдар мен ғұрыптар, әкенің үстемдігінің күші – Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік қасиеттерін сезінуге жол ашты. Отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байларымен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жаулары сескенетін беделді қазақ атанды. Өзінің қабілеті мен білімінің арқасында билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Ол өз Отанының сом алтыны еді. Дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты. Он төрт жасынан бастап, сықақ өлеңдер шығарды. Өлеңдері кең таралғанымен, оған онша мән бермеді. Негізінде, дала атқамінерлерінің «ақын» деген атты иемденуден қашқаны әсер етсе керек. Қазақ сұлтандары өздерінің арасынан бақсы мен ақын шықпағанын мақтанышпен айтатын. Кейін ақындық жолға түскен Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап, өзін өлеңшісымақтардан аулақ ұстады.

Егер, 1880-ші жылдары өлең туралы көзқарасын мүлдем өзгертпегенде, өзінің ұлы дарынын көрсете алмай дүние салған болар еді. Сол жылдары «Қазақтардың заңдық әдет-ғұрпы» туралы қырдан дерек жинап, кейін Маковецкий және Михаэлис мырзаның редакциялауымен жарық көрген кітапшаға материал іздестіріп жүрген саяси жер аударылушы Гросс мырзамен танысты. Гросс пен Михаэлис екеуі де Абай ауылында қонақта болып, оны орыс әдебиетімен таныстырды. Солардың ықпалымен Абай Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Шедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писаревтің творчествосымен танысты. Абай өз өмірінің соңғы сәтіне дейін Михаэлисті ерекше ілтипатпен еске алып: «Дүниеге көзімді ашқанға үлкен себепкер болған кісі – Михаэлис» – деп өзінің оған борыштар екендігін білдіретін. Соңынан Абай Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясын», Дрепердің «Европаның ақыл-ойының дамуын», Н.Чернышевскийдің «Современник» кітаптарын оқып, олардың тағдырымен жақсы таныс болды. Абай, әсіресе, Лермонтовтың шығармаларын сүйіп оқыды және «Ой», «Қанжар», «Дұға» және тағы басқа өлеңдерін ден қоя аударды. Қазаққа түсінікті әрі пайдалы деп санаған Крыловтың көптеген мысалдарын тәржімалады. Қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды, оның ішінде, аудармашының өзі ән шығарған «Татьянаның хаты» қырда үлкен сүйіспеншілікке бөленді. «1899 жылы Көкен болысының әнші қазағы Әділхан бізге «Татьянаның хатын» скрипкаға қосып орындады. Бізді таңқалдырғаны: «Татьянаны қайдан білесің» – дегенде, Әділхан өзін нұсқап қойып, орыстың өзі сияқты Пушкин деген ақыны болыпты, ол Татьяна сұлудың Онегин деген жігітті сүйгенін айтып хат жазғанын жырлайды. Сол кеште Әділхан бізге Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңін әнмен айтып, сонымен қатар Лермонтов өмірге риза болмаған, ал Пушкин оған данышпанша қарады деп түсініктеме береді». Осы жолдардың авторы соңынан Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдерін домбырамен қосып айтқан бірнеше ақындарды кездестіреді. Абай Толстой мен Салтыковтың талантына бас иді. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына арнап, қазақ балаларының парақор, ұлық, полиция чиновнигі болуға ұмтылатынын сықақ етіп, Толстой мен Шедриндей болуға меңзейді:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көріп тұрып тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім».

Өткеннің орнын толтыру үшін Абай өз балаларын орыс мектептерінде оқытып, өзге қырғыздар сияқты шен-шекпенді емес, білімді уағыздады. Абай өзінің балаларын оқуға тәрбиелеу туралы былай деді:

«Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет кылсын, шен алсын деп бермедім».

Екінші баласы Әбдірахман қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығарып Тюменьдегі реальды училищеге береді. Ол – оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман училищені тәмамдаған соң Петербургтегі технологиялық институтқа аттанады. Онда бір танысының (Лосевский мырза) кеңесімен Михаилов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке орай, өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбдірахман Артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген кезінде, 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады.

Орыс әдебиетімен танысу Абайға үлкен әсерін тигізіп, қазақтың ұсақ-түйегінен аулақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. Өкінішке қарай, өлеңдерін жинамады. Абай айтқан әрбір сөз бен қағаз бетіне түскен өлеңін жастар іле жаттап алды. Әсіресе, Абайдың сатиралық өлеңдері қырғыз даласының түкпір-түкпірінен кездеседі. Абай өзінің туыстарына да сын көзбен қарап, өз талантының тәсілін түсіндірді.

«Жан көрінбес көзіме,

Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды,

Тобықтының езіне».

Жоғарыда көрсетілгендей, Абай соңғы кезде қоғамдық істерге араласпады, оның жаулары сонда да оны қудалауын тоқтатқан жоқ. Өзінің көп көлеңкесінде қалғанын келесі шумақтар арқылы жеткізді.

«Өзіме басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді жек көрмедім».

1904 жылы мамырдын 14 жұлдызында Абайдың сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болды. Кезінде денсаулығының нашарлауына байланысты баласын қалалық училищеден қайтарып алған болатын. Бұл қаза Абайды қатты қайғыртып, ешкіммен сөйлеспеді, өзін көптен жырақ ұстады. Қырық күннен кейін өзі де дүние салды. 1893 жылы жазған өлеңдері алдынан шыққандай көрінді.

Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, императорлық Россияның Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарды.

Өлеңдерінен көрініп тұрғандай Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Еуропаның атақты ақындарының қатарына қосар еді.

1913 жылы «Қазақ» газетінің №39-41 сандарына, сол газеттің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақала жариялаған болатын. Тіпті, бұл мақаланың өзі қазақтың бас ақыны туралы жазылған алғашқы кең көлемді мақала еді. Жалпы, Абайды елге кеңінен танытудың, зерттеудің, Абайтанудың басында осы алаштықтар тұрды. Мұрағат құжаттары Ұлы Абайға байланысты бірнеше тың деректерді жарыққа шығарды. Атап айтқанда, Абайдың үш әйелінен жиырма баласы болған. Балаларының бәріне өзі білім берген. Тек ұлдары емес, қыздары да орысша оқып, жаза білген. Өзі де білім-ғылыммен терең түрде айналысқан. Кітап, газет-журналдар жаздыртып алып отырған. Ауқатты тұрмыс құрып, 1000 жылқысы мен 2 000 қойы болған. Патша басшы шенеуніктері халық арасында көп жыл бойы патша өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізеді деп сезіктеніп, оның жүріс-тұрысын аңдып, құпия тексеріс жүргізіп отырған.

Бұрынғы абайтанушылардың Абай ешқандай да билік қызметтер атқармаған, тек қана шығармашылықпен айналысқан деген жаңсақ пікірлері әдебиет пен бұқаралық ақпараттарда кең таралған болатын. Бұл пікір Кеңес үкіметінің саясаты бойынша таралып, Абайды тек бұқара халықтан шыққан ақын қылып көрсету үшін қолдан жасалған пікірлер деп тұжырым жасауға болады. Ал шындығында, Абай 16 жасынан бастап билікке араласқан. Атап айтқанда, 9 жыл бойы Шыңғыс болысын және 3 жыл бойы Мұқыр болысын басқарған. Алты жыл би болып сайланған. 1885 жылы Семей қаласынан 70 шақырым, Шар өзенінің жағасында, Қарамола деген жерде Павлодар, Қарқаралы, Семей және Өскемен уездері билерінің съезінде, Семей уезінің Шыңғыс болысының биі ретінде қатысқан Абай төбе би және съезд төрағасы болып сайланады. Осы съезде оның жетекшілігімен 96 баптан тұратын «Қарамола заңдары» деген атпен белгілі, сол заманға сәйкес әдет-ғұрып заңдары қабылданады. Заңды қабылдауға 40 болыстың беделді билері қатысқан. «Қарамола заңдары» Қазан қаласында қазақ және өзбек тілдерінде жарық көрген және Кеңес төңкерістеріне дейін кең көлемде қолданылған.

Бірнеше мың жыл бойы Еуразия көшпелілерінің жуан ортасында Алаш туының астында болған қазақ руларының өз бетімен мемлекет құрған уақыты – 15 ғасырдың ортасы. Керей мен Жәнібек хандардың кезінде мемлекеттік идеяның өміршеңдігі үшін күрескен қазақ рулары Қасым ханның тұсында мемлекетті нығайту, заң ережелерін бір қалыпқа келтіру, ішкі және сыртқы саяси ахуалға заңдарды ыңғайлау мәселесіне кірісті. Қазақ хандары әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғам талабына орай өзгертіп, оларға ресми сипат беріп отырды. Қасым ханның кезіндегі (1510-1523) «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның кезіндегі (1598-1628) «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның кезіндегі (1680-1718) «Жеті жарғы» атты заңдар жинағы – соның айғағы.

Міне, «Жеті жарғыдан» кейін қазақ даласында әдет-ғұрып құқық нормаларының жүйелеп жетілдірілген нұсқасы – «Қарамола заңдары». Бұл – қазақ билерінің ең ауқымды және соңғы қабылдаған әдетғұрып заңдары.

Ұлы Абай: «Бізге ата-бабаларымыздан мұра болып қалған заңдардың жиынтығын – Қасым салған қасқа жолды, Есім салған ескі жолды, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білу қажет» – деген.

фонд 64 оп.1 д.938)

Секретно Господину

Степному Генералъ-Губернатору.

 

На предложенный отъ 1 августа сего года за №124 имею честь представить Вашему Высокопревосходительству, что киргазъ Чингизской волости Ибрагимъ Кунанбаевъ имееть отъ роду 60 леть, женат на трехъ женахъ: отъ которыхъ имееть 20 человекъ детей: обладает сравнительно большим состояніемъ (около 1000 лошадей и 2000 баранов). Кунанбаевъ человекъ весьма развитой и умный: он служил два трехлетия біемъ. Три трехлетия управителем Чингизской волости, а за темъ, по назначенію отъ Правительства, прослужилъ три года Управителемъ Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумнымъ управлениемъ исполнительностью, энергіею, преданностью Правительству и отсутствіемъ фанатизма. Один изъ сыновей Кунанбаева по окончаніи курса Михайловскаго Артиллерійскаго Училища былъ произведенъ въ офицеры и будучи на службе, умеръ въ Туркестанскомъ округе. Ныне замужняя дочь Кунанбаева окончила курсъ наукъ въ киргизскомъ интернате, все остальныя дети его пишут и читаютъ по-русски. Грамоте обучал ихъ отецъ. Кунанбаевъ весьма интересуется русской литературой, выписываетъ книги, газеты и журналы. Въ прежнее время онъ пользовался громаднымъ вліяніемъ среди инородческого населенія степи, но въ настоящее время вліяніе его далеко не то. Он постарелъ, отяжелелъ, вовсе не вмешивается въ киргизскіе дела. не принимает на себя руководительтства въ партіяхъ, хотя главари ихъ часто обращаются къ нему за советомъ.

Въ разговорахъ и сужденіяхъ своихъ съ лицами местной администраціи Кунанбаевъ обнаруживаетъ полное понимание государственныхъ интересовъ и правильные взгляды на культурную миссію нашего отечества въ Азіатскихъ владеніяхъ. Онъ съ негодованіемъ осуждает попытки мусульманъ фанатиковъ противодействовать Правительству въ его стремленеяхъ. Искренность высказываемого имъ убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведеніемъ.

Эти данные указывають, что Кунанбаевъ въ политическомъ отношеніи не внушаеть никакихъ опасений, и долженъ быть причисленъ къ числу лицъ вполне благонадежныхъ.

От Генерального штаба ГенералъМаіоръ Галкин (подпись) Чиновникъ Особыхъ Порученій (подпись).

***

Қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздігі биігінен көз салсақ, ұлттың руханият әлемінде тереңдеп зерттелмеген, әрі әділ бағасын ала алмаған талай «ақтаңдақты» көруге болады. Ал халықтың даму, өсіп-өркендеу тарихында «ақтаңдақтардың» болуы оны бұрмалауға, ұлттың мәйегі мол руханият мұраларының еленіп-ескерілуіне әкеп соғатыны белгілі. Сондықтан, түпкі мақсаттың бірі – Абай заманындағы тұлғаларға, қазіргі заман мен уақыттың биігінен, жаңаша көзқараспен зерделеу. Қазақ елінің бостандығын сақтап қалуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың ұлттық санада тудырған сілкінісі мен серпілісі, оның көсемдері, ұлттық болмысымыз бен бітіміміздің, қайсарлығымыз бен ерлігіміздің символы – халықтан шыққан билерге саяси-құқықтық дәрежеде әділ бағасын беру.

Ал, енді, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы жағымсыз жағынан көрінген кейіпкерлер туралы, мұрағат деректеріне сүйене отырып, мағлұмат беріп кеткенді жөн көріп отырмын, оқырманның өзі әділ бағасын берер.

„Алшеке, алтын толған етегіне, Орыс, қазақ, бәрі ерген жетегіне…“ –деген Алшынбай Тіленшіұлы (1790-1868) шамамен 1790 жылдары туған, бабасы Қаздауысты Қазыбектің аруағы көтеріп, Орта жүздің төбе биі болған. Айбике-Шаншар елінің болысы әрі 1844 жылы Қарқаралы дуанының заседателі болған. Алшынбай Абайдың шешесі – Ұлжанның (1810-1887) аталас туысы да, әйелі – Ділдәнің (1848- 1924) атасы болып келеді. Ең сорақысы – бүгінгі күнге дейін ресми жарияланымдарда Ділдә Алшынбайдың қызы деп жазылып келе жатыр.

Сол шын асылдың сынығы Алшынбай – өз заманында ірі тұлға, қоғам қайраткері атанған адам, даланың әкімшілік тізгінін ұстаған. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенге сайып, ағымдағы сол кездегі саясатқа орайлас әрекетке көшкен.

1830 жылдың 24 сәуірінде Ресей патшасының арнайы шақыруымен (депутация) Петербургке барған. Аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов пен сұлтан Құсбек Таукинмен бірге патшаның қабылдауында болып, Ресей Императорының қолынан бриллиантпен көмкерілген Анненск лентасындағы алтын медаль, қымбат тастармен әшекейленген қанжар және аса бағалы киімдер және 150 күміс рубль алады. Енді сол кездегі 150 күміс рубльдің қанша құнды екенін салыстырмалы түрде көрсетіп кетейік. Сол Санкт-Петербургке барған 7 адамға 4 сәуірден 26 сәуірге дейін, яғни, 22 тәулікте жұмсалған шығын 73 рубль болған. Оның ішіне, олардың сойған қойлары, ішіп-жеген тамақтары, жаққан ағаш пен көмірі, аттарға берген шөптері, жандырған майшамдарының құны кірген. Сол кезде ту биенің бағасы 20 рубль болған. Осы қабылдауда аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов патшадан өзіне хан дәрежесін беруді, ол дәрежеге мұрагерлік жолымен баласы Төлекті тағайындауды, Бөкейдің тұқымдарына «князь» деген атақ беруді және тағы да депутацияны басқарып келуді өтінеді. Бірақ, ол өтініштерді патша құптамайды және тәртіп бойынша депутаттарды патша бір-ақ рет қана қабылдай алатын болған (ҚҰА. 338-қор. 1-байлам. 410- іс. 232-237, 345 беттер).

Алшынбай би басындағы патша саясаты – аға сұлтандыққа тек сұлтандар (төрелер) сайлансын деген саясатты бұзған адам. Қарқаралы округіне (дуанына) өз беделін және төбе би дәрежесін пайдаланып, сол кездегі әлі де болса ел тізгінін ұстап тұрған ірі шонжарлар, кәдімгі шынжырбалақ, шұбартөс байлар, Шыңғыс ұрпақтары – Бөкейханның немерелері бұрын аға сұлтан болып тұрған Кұсбек төре мен Жамантай (Тұрсын) Шыңғыс ұлдарын сұлтан етіп сайлатпай, өзінің әрі күйеу баласы, әрі құдасы Абайдың әкесі Құнанбайды сайлатып жібереді. Нәтижесінде Құнанбай Өскенбайұлы 1849 жылы Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып сайланып, Алшынбайдың арқасында қарадан туып, хандыққа қол жеткізеді. Аға сұлтандықта қаламын деп әрекеттеніп, Алшынбайдың аузын алу үшін Құсбек төре оған төрт мәрте сыйлық жіберіпті (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2695-іс. 41-42 беттер).

Қуандық-Алтай елінің шежіресін жазған, елімізге белгілі ғалым-жазушы Рашит Каренов өзінің «Қареке Таңшолақ би» деген еңбегінде былай деп жазады: «Әрі би, һәм болыс болып, ел басқарған Алшынбай Қуандық Таймас болыстың үйінде қонақта отырып, осы үйге кіріп келген қауғадай қара сақалды Таңшолақты көріп: «Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін Қареке руының Таңшолақ шешені осы ма?» – депті. Бірақ, Таңшолақ жауап қатпапты. Кейіннен Таңшолақтан: «Неге Алшынбайға жауап бермедің?» – деп сұрағанда, ол: «Жауап берем деп ыңғайлана беріп қарасам, Алшынбайдың екі иығында екі періште отыр екен, осыдан кейін тілім байланды да қалды. Екеуі аузыңды ашып көр, тұрған бойында жұтып жібереміз дегендей, маған екі айдаһар болып көрінді» – жауап беріпті.

Осы арада Алшынбай би мен Құнанбайдың арасындағы бір әңгімені келтіре кетейік.

Алшынбайдың қартайып, тұғырдан түсуге таянған шағы болса керек. Ол Құнанбайға: «Екеуміз Құдай қосқан құда болдық. Менің де шапағатым тиген шығар, әйткенмен, Алла жар болып, қарадан шығып хан болып, аға сұлтандық дәрежеге жеттің, бүкіл дуанды биледің. Енді маған өкпең болмас» – десе керек. Құнанбай: «Алшеке-ай, менде қандай өкпе болсын, аға сұлтандықтың атағы менікі, ал абыройы сіздікі болды ғой. Аға сұлтан бола тұрып, мен бес болыс Тобықтының басын қоса алмадым. Ал, сіз ешқандай да лауазым иесі болмай-ақ, Қарқаралы дуанының жиырма төрт болыс елін ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда ұстадың» – деп жауап берген екен.

Алшынбай Ағыбай батырды ақтап алу үшін көп еңбек сіңірген, 1858 жылы Қарқаралыда Ағыбай батырды ақтап алу мақсатында Орта жүздің игі жақсыларын жинап «съез» ашып, қазақ халқының атынан 65 болыс қол қойып, патша ағзамға кешіру хатын Ағыбаймен бірге Омбы генерал-губернаторына өзі алып барған.

Кемеңгер Қаздауысты Қазыбек ұрпақтарының бәрі де зор болғанын мына әңгімеден көреміз. Өзі шешен әрі ісмер, қолөнер шебері болған Абайдың әйелі Ділдә бір жақсы тон тіккен екен. Құнанбайдың тәрбиесінде болған Абайдың үлкен баласы Ақылбай тонға қызығып, сұраса Ділдә күліп: «Тонды өз балаларым киеді, сен атамның баласы едің ғой» – депті. Сонда Ақылбай:

„Қазыбек арғы атаң әулие өткен,

Дүниеден фәни-жалған о да өткен.

Қиыр шеттен бір адам «баба» десе,

Аруағы сол сағатта келіп жеткен.

 

Бекболат туып қалған артық заттан,

О дағы қарғағанын дереу атқан.

Орта жүзді билеген Абылай да,

Қаймығып, ақыл алған Бекболаттан.

 

Тіленші одан туған ел билеген,

Одан қорқып Арғынға жау тимеген.

Алдына барған жанға әділ екен,

Тентекті, тәртіпсізді нанша илеген.

 

Алшынбай одан туған орны басқа,

Ешбір жан сөз асырмас жүйрік қасқа.

Алқа қотан халқына ақыл айтса,

Теріс деп, ұзақ тартып шайқамасқа.

 

Одан соң мырза Жүсіп нағашы атам,

Сөзімді сөкпеңіздер болса қатам.

Әрі бері әулетін түгел айттым,

Анама осы өлеңді тонға сатам» – депті өлеңдетіп.

Осы кезде Абай күліп: «Ділдә, тонның құны жетерлік болды!» – дейді. Ділдә Ақылбайдың мандайынан сүйіп, тонды өз қолымен кигізіпті.

Алшынбайдан кейін елді көп жыл бойы оның үлкен баласы – Абайдың әйелі Ділдәнің әкесі, шамамен, 1817 жылы туған Жүсіп мырза басқарады. Жүсіп мырза Айбике-Шаншар болысын 20 жылдан аса басқарған, одан кейін билікті Алшынбайдың екінші баласы Қақабай алған. Атап айтқанда, Едірей болысын 1887 жылдан бастап, Алшынбайдың екінші баласы Қақабай Алшынбаев басқарады және ол Мемлекеттік думаға депутат сайлаушы болады.

Ділдә Жүсіпқызы (1848-1924) туралы тарихшылар мен зерттеушілер осы күнге дейін бірнеше жаңсақ деректер жариялап келеді. Атап айтқанда, Ділдәнің әкесін Жүсіп емес, Түсіп деп атау және Ділдә Абайдан бірнеше жас үлкен екен деген мағлұматтар жиі кездеседі. Бірақ, 1867 жылғы Қарқаралы округінің аға сұлтаны Шалғынбай Биралин дайындаған ресми анықтамада (формулярный список) Жүсіп мырзаның (барлық мұрағат құжаттарында Юсуп Альчинбаев деп көрсетілген) Айбике-Шаншар болысының басқарушысы, 50 жаста екені, екі әйелі, ұлдары: 20 жастағы Бекжан, 18 жастағы Қадыр, 14 жастағы Надыр, 9 жастағы Сасанбек және қызы 19 жастағы Ділдәнің (мұрағат құжаттарында Тильда деп көрсетілген) бар екені көрсетілген (ҚҰА. 345-қор. 1-байлам. 961-іс. 66-69 беттер). Шындығында, Ділдә 1848 жылы туған болса, яғни, Абайдан үш жас кіші болғаны және ол ел ішінде беделді, орысшаға жүйрік, жан-жақты білімді, сөзге шешен болған.

Ділдә Жүсіпқызынан Абайдың ең дарынды балалары – Ақылбай, Хакімбай, Әбдірахман, Мағауия және Күлбадан мен Райхан деген қыздар туған. Абаймен қосылып, балаларының бәріне өзі білім берген. Тек ұлдары емес, қыздары да орысша оқып, жаза білген. Ділдә мен атақты Мәди немере туыс болып келеді. М.Әуезовке Абай туралы кең көлемде деректер берген де осы Ділдә апамыз еді. Апамыздың жазығы – Қаздауысты Қазыбектен бастап, атақты би-болыстардың ұрпағы болғаны. Атақты жазушы романның бірінші нұсқасында Ділдә апамызды тек жағымды жағынан көрсеткен. Одан кейін коммунистік режимнің қысымымен Ділдә апамызды жағымсыз кейіпкерге айналдырғаны тарихи шындық.

Құнанбай Өскенбайұлы (1805-1885) өзінің өткірлігімен, шешендігімен танымал болып, әуелі старшын, одан кейін болыс болған, хорунжий шенін алған. 1849-1852 жылдары Қарқаралы дуанында аға сұлтан болып қызмет атқарды. Аға сұлтандықтың соңғы кезінде көп қиыншылықтар көріп, өз руластарының патша чиновниктеріне жазған шағымының кесірінен, Омбыда алты ай абақтыда да отырады. Ел жақсыларының өтініші бойынша ғана босатылады. Сол кезде Құнанбай: «Қазақ десем өзіме тиеді, соқыр десем көзіме тиеді» – деген екен. Төрт жылға созылған Меккеге қажылыққа барған сапарында бірге барған қазақтың бірнеше игі жақсыларымен бірігіп, «Тәкие» деген қонақ үйін салғызған. Осы қажылықтан қайтқаннан кейін, ешқандай да ел арасындағы билік, дауларға араласпай, мұсылмандық жолымен ғана өмір сүрген. Құнанбай қажы қайтыс болғаннан кейін, көп жылдық тарихы бар Кеңгірбай әулетінің басына көп қиыншылықтар түседі. (ҚҰА. 374-қор. 1– байлам. 861,1937, 2545, 4967 -істер).

Тәттімбет Қазанғапов (1817-1864) – Қаракесек Шаншар Бертіс ханның ұрпағы, Шаншар-Нұрбике болысының басқарушысы әрі елімізге белгілі күйші. Өз заманының озық ойлы адамы, жан-жақты білімді, орыс тілін жетік білген. Тәттімбет – Абайдың шешесі Ұлжанның інісі. 47 жасында қайтыс болған. Ол 1842-1854 жылдары болыс болып, өз өтінішімен отставкаға кеткен. 1855 жылдың 24 наурызында Ресей патшасы II Александрдың таққа отыру тойына, арнайы шақырумен Петербургке барып, сол кездегі қазақ зиялылары, оның ішінде, аға сұлтандар – Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шормановпен бірге патшаның қабылдауында болады. Еуропаның өнерсүйер қауымы алдында домбыра тартып, күміс медаль иеленеді. Тәттімбеттің бізге дейін жетіп, нотаға түскен 27 белгілі күйі бар. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі кезінде шертпе күй бай-шонжарлардың өнері саналып, оларды халық арасында кең таратуға тыйым салынған. Тек, Әбікен Хасеновтің қайсарлығы арқасында үнтаспаға жазылып, бізге дейін жеткен. Кезінде елімізге белгілі күйші Мағауия Хамзиннің: «Жан сақтау үшін, біз төкпе күй мен шертпе күйден «гибрид» жасап, халыққа шертпе күйлерді жеткіздік қой» – деп айтқаны бар.

Тәттімбет белгілі көпес Варнава Ботовпен бірігіп, қазақ даласындағы тұңғыш тауар биржасы – Қоянды жәрмеңкесін ашады. Бұдан бұрын қазақтар малдарын Қытай мен Ресейге айдап апарып сататын немесе алыпсатарларға арзан бағаға өткізетін. Енді қазақтар ауыл шаруашылық өнімдерін сол жерде саудалап, тікелей өздері пайда тауып отырды. 1913 жылы Коянды жәрмеңкесінің айналымы 5 миллион рубльге жетіп, мыңға жуық киіз үй тігілген. Сол кезде ең қымбат мал – бір ту биенің құны 20 рубль болған. Осы Қоянды жәрмеңкесінің арқасында сол кездегі қазақ даласындағы ең ауқатты адамдар – Орта Жүздің байлары болды.

Тәттімбеттің енді бір қыры – Шығыс Түркістандағы қандастарымызға арнайы барып, тезірек Ресей империясының қоластына өтуге кеңес бергені. Өйткені, Ресей мен Қытайдың шекарасы жабылса, қазақтар екіге бөлінетінін сол кездің өзінде сезген. Сол уақытта оның шығарған күйлері: «Алшағыр-Шаған», «Қорамжан» және «Жазғы қайғы» осы оқиғаларға арналған. Ол Кенесары ханмен тығыз қатынаста болып, халық көтерілісін белсенді түрде қолдаған. Тәттімбеттің Шығыс Түркістанда болуының басты себебі – Кенесарыны қырғыз жері арқылы Қытайға өткізіп жібермек ойы болған. Бірақ, Кенесары қолы қапыда қырғыздар құрған торға түсіп қалады. Тәттімбет сол қайғылы оқиғаға байланысты «Азына» деген белгілі күйін шығарған. 1849 жылғы Қарқаралы дуанында аға сұлтандыққа өтетін сайлауда, басты кандидат Тәттімбет еді. Өйткені, ол қай жағынан болса да, басқа үміткерлерден оқ бойы алда тұрған. Бірақ, Омбыдағы генерал-губернатордың Тәттімбеттің кандидатурасын өткізбей тастауының басты себебі – оның Кенесары ханмен тығыз байланыста болғаны.

Тәттімбет қазақ жерінде алғашқылардың бірі болып, кен өңдейтін завод ашқан. Архив құжаттарына сәйкес, 1856 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Х.Гасфортқа және Алтай тау-кен заводының басқармасына хат жолдап, алтын кен орындарын барлауға рұқсат сұрайды. Осыдан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесінде алтын кен орындарын барлаушы Тәттімбет Қазанғаповқа арнайы іс ашылады. 1856 жылдың 13 тамызында Ресей империясының қаржы министрлігінен, Тәттімбет Қазанғаповқа Орталық Қазақстанда алтын және басқа да бағалы металдарды барлауға және өңдеуге рұқсат қағаз келеді. Бұл рұқсат қағазды Тәттімбетке Томск қаласында орналасқан Алтай тау-кен заводы басқармасының төрағасы арнайы өзі келіп тапсырған. Өмірінің соңына дейін, Тәттімбет өз атағын одан сайын асқақтатқан, әрі сол кездегі басқа да қазақ зиялыларына үлгі боларлық осы кәсіппен айналысқан (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2695-іс. 67-68 беттер). Тәттімбеттің жолын ұлы Мұсатай жалғастырады. Мұсатай атақты Шорманның Мұсасының қызын алған.

1847 жылдың 12 қыркүйегінде бір топ ел басшылары Омбы генерал-губернаторының алдына барып, Қарқаралы мұсылмандары үшін мешіт салуға рұқсат сұраған. Акт жасап, қол қоюшы 16 адам болған. Оның ішінде мына азаматтар бар:

  1. Жалықпас болысы – сұлтан Жәңгір Шамаұлы.
  2. Күшік Тобықты болысы – хорунжий Құнанбай Өскенбаев.
  3. Әлтеке-Сарым болысы – Жанқұтты Ботантаев.
  4. Нұрбике Шаншар болысы – Тәттімбет Қазанғапов.
  5. Кәрсен-Керней болысы – Есберген Садырбаев.
  6. Мәмбетей Тобықты болысы – сұлтан Шалғынбай Бірәліұлы.
  7. Тарақты болысы – Боқтыбай Дайырбайұлы.
  8. Байбөрі болысы – Алдаберген Еділбайұлы.
  9. Керей болысы – Үйсінбай Жанұзақұлы.
  10. Қояншы-Тағай болысы – Қадыр Айтпекұлы
  11. Қарауыл Қамбар болысы – Тілеген Нұржанұлы.
  12. Надан Тобықты болысы – Сармантай Байзақұлы.
  13. Дүйсенбай Шекшек болысы – Ақберген Дәулетұлы.
  14. Қара Әйтімбет болысы – сұлтан Тәуке Бөкейұлы.
  15. Көшім болысы – Бегайдар Құрманұлы.
  16. Төлеңгіт болысы – Сұлтан Хұдайменде.

Осы құжат Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Кұсбек Таукиннің басшылығымен дайындалған. Мешіт салуға рұқсат 1847 жылы алынып, 1852 жылы Құнанбай Қарқаралыға аға сұлтан болып тағайындалған соң мешіттің салынып бітуін ұйымдастырған. Бір айта кететін жайт, мешіт салуға Қарқаралы дуанының барлық халқы ат салысып, әркім өз шамасына қарай қаражат бөліп, демеушілік жасаған, яғни, Қарқаралы мешіті – бүкілхалықтық құрылыстың нәтижесі. Осысы тарихи құжатта генерал-губернаторға Нұрбике Шаншар елінің атынан қолын қойып, мөрін басқан және генерал-губернатордың қабылдауында болған, мешіт салуға Қарқаралы халқын жұмылдырған және өзі де қомақты қаржы бөлген Тәттімбет Қазанғапов (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2545-іс. 74-115 беттер).

***

Абайдың философиялық тұжырымы мен лирикалық межелері, халқының ортақ ойы, ортақ мүддесін, ортақ ұлттық мәдениетін толығымен қамтыды.

Айуандық пен әділетсіздікке қарсы күрескер, еркін азамат – Абай концепциясы ақын шығармаларының биік рухани бағасы болып табылады.

Ақынның ерекшелігі – өмірді тек қана сүйіп-күюдің ордасы немесе тағдырдың межелі бөлігі ғана емес, ұзақ, күрделі күрес жолы деп ұғынуында.

Абай өлеңдері поэтикалық шарттылыққа емес, ұстамды ой әлемінің толассыз көшіне ілесті. Бұл сөз қадірін биік деңгейге көтерді. Ақын шығармашылығының басты бағыты – адам мен ғарыштың, жан мен тіршіліктің тынымсыз бірлікте екенін ұғындыру болды. Абай өлеңдерінде рухани һәм тарихи құбылыстардың ажары терең бейнелене түскен.

Абай әлемінің шын мәнін, қазақтың ой кеңістігіндегі алатын орнын пайымдағанымыз – тек жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында ғана.

Абайдың пайымдауынша, адамзат баласы, ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да, адам өмір сүруі, еңбек етуі және барынша адамгершілікке ұмтылуы қажет.

Көп жылдар бойы, жанын толғантқан мазасыз ойын, іздегені мен тапқанын, оқығаны мен тоқығанын, үрейі мен жанталасын, қапасы мен қуанышын, рух ұмтылысы мен азапты өмірін, көңілінің көгендегенін, ыза мен құлшылығын жинап жазғаны – «Қара сөз» жиынтығы және ақиқат үшін жан салған ақын ойы. Бұл сөздердің идеясы – қарапайым да құдыретті.

Дүниенің теңдессіз жетістігі – адам, адамның жаны мен тәні, сұлулық пен келісімнен айнымауы керек деп айтудан Абай жалыққан емес, осы сөзінен ол тайған да емес.

Заман өзгерсе де, адам өзгерген жоқ. Абайдың сөздері өзінің мәңгілігін, мәнін, қажеттілігін, өзектілігін ешқашан да жоғалтқан емес.

Сондықтан, Абайдың қара сөздерін әр қазақ білуі керек.

Мектептерде, арнаулы оқу орындарында, жоғарғы оқу орындарында «Абайтану» пәнін міндетті түрде енгізу қажет.

Өмірімізде болған бірақ мысал, Кеңес Одағының басшылары К.Маркстің «Капиталын», В.Лениннің көп томдарын, Коммунистік партияның тарихын, әр Совет азаматы білуін заң жүзінде міндеттеді. Егер, студент осы пәндерден емтихан тапсыра алмаса, стипендия ала алмайтын, тіпті, оқудан шығарып жіберетін жағдайлар да болды. Басшы қызметтерде, тек коммунистер ғана қызмет атқарды, ал коммунист болудың алғышарты – жоғарғы аталған еңбектерді жатқа білу болатын.

Ал, бізде бүгінгі күнге дейін сол науқаншылық басым. 2020 жыл – «Абай жылы» деп аталып еді, жаппай науқаншылық басталды. Бұл үрдіс дұрыс та шығар, бірақ оны популизмге айналдырмай, дұрыс тенденция ретінде бүкілхалықтық сипатқа айналдыру қажет.

Ал, Ұлы Абай айтқан «толық адам» болу үшін, тұрып жатқан мемлекетіміз де, өмір сүріп отырған де ортамыз да толық болу керек. Ал, бізге толыққанды болу үшін талаптанып, көп ізденіп, жатпай-тұрмай еңбек етуіміз қажет.

Қазіргі кезде басшылар Лао-цзы мен Конфуций, Платон мен Сократ, Достоевский мен Толстой, Вольтер мен Руссо былай айтты деп солардың сөзін жатқа айтып, цитата келтіріп жатады. Солар Абайдың айтып кеткен сөздері деп, жиын-кеңестерде хакім Абайды неге үлгі етпейді?!

Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет мен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтпақ емес. Өйткені, ақынның мұрасы – бүкіл қазақ халқының рухани азығы.

Абайды ұлтымыздың мақтанышы ретінде насихаттаудың ең оңтайлы амалы – оның ақылын алып, айтқанын істеу. Сонда ғана Алаштың темірқазығы Ұлы Абайды дүниежүзіне паш ете аламыз.

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,

публицист, ағыбайтанушы, өлкетанушы.