АБАЙ БЕЙНЕСІ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған халықаралық көрме өткізіліп жатыр. Бұл шараға Қазақстанмен бірге Аргентина, Литва, Ресей, Польша, Хорватия, Украина, Башқұртстан, Татарстан, Чувашия секілді әлемнің 10 елінен 43 суретші қатысып жатыр. 

— Биылғы жағдайға байланысты аталған шара онлайн форматта өткізіліп жатыр. Оны ұйымдастыруға университетіміздің көркем еңбек және дизайн кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы ұйытқы болды. Бұл шараның мақсаты — Абайды тек сөзбен емес, көркемөнер арқылы да әлемге таныту. Абайдың даналығын, оның адам сүңгісе қанбайтын терең әлемін дүниежүзіне өнер арқылы паш ету. Бұл шараға әлемнің ондаған елінің белгілі суретшілерімен бірге студенттеріміз де қатысуға ниет етіп, туындыларын қойды, — дейді аталған кафедра меңгерушісі Мергенбай Қорғамбеков.

Көрменің басы-қасында жүрген белгілі экслибрист, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығаринаның айтуынша, көрмеге 22 тақырыптық экслибрис, 3 кескіндеме жұмыс, 1 мүсін, сәндік-қолданбалы жұмыстар, киім, сөмкелер мен аяқ киім дизайндарына қатысты туындылар да қойылды.

—  Бұл туындылар жинақталып, арнайы каталог жасақталып, университет баспаханасынан шығарылып, әр суретшіге жіберіледі. Суретшілердің барлығы Абайдың шығармашылығымен, қазақ тарихымен танысты. Хорватиялық суретшінің өз туындысын «История» деп атауы бекер емес. Қатысқан суретшілердің барлығы әлем бойынша танымал суретшілер, олардың әрқайсысы кем дегенде 50-150 көрмелерге қатысқан. Олардың ішінде белгілі қазақстандық экслибристер де бар. Мәселен, Әнуар  Өтеген-Тана, Борис Ткаченко сынды экслибристерді атап өтуге болады, —  дейді М.Жақсығарина.

 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ