Адамзаттың ұстазы Абайдың бүкіл әлемнің Абайы болып танылуы – заңды құбылыс

Ұрпағына ұлағатты өсиет қалдырған ұлы Абайдың бүгін бүкіл әлемнің Абайы болып танылуы - заңды құбылыс.  

Кемел де кемеңгер көсем, ділмар шешен, заңғар философ, ойшыл суреткер, поэзия пайғамбары, әруақты бабамыз Абайдың өнермен өрілген рухани өрісі, тәрбиелік өнегеге толы педагогикалық ой-тұжырымдары – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениеттің інжу-маржаны.

Әлем өркениетінің биік тұлғасы Абайдың ұлағатты тағылымы адам болудың даналық дастаны, адамдықтың киелі кітабы, ұстаздықтың ұлы ісі. Абайдың асыл арманы – «жан жақты жетілген, мәдениетті тұлға, ғалым адамды тәрбиелеу».

Өзге елдердің тілін үйрену, салт-дәстүр, мәдениетін білу, тұлғаның жан-жақты дамуына, дүниетанымының кеңеюіне, мәдени өрісінің ұлғаюына жол ашады, кемелденуіне ықпал етеді. Данышпан Абайдың: «Әр елдің тілін, өнерін білген кісі өзгемен бірдейлік деңгейде сұхбаттаса алады.», -деген сөзі бүгінгі өмір талабына сай нағыз ақиқатқа айналды.

Дағыстанның ұлы ақыны Расул Гамзатовтың «Тілге тілдің жаулығы жоқ» - деген қанатты сөзі Абай пікірімен өзектес. Тіл шындығында нағыз достықтың дәнекері, ұлттардың татулығын Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан сөзі ақынның нағыз гуманистік көзқарасын аңғартады. Бұл адамзатқа тән асыл қасиет. Бұл сөз ұлт пен ұлыстарды татулыққа, ынтымаққа, бауырмалдылыққа бастайтын ұранға айналды.

Ұлы ойшылдың тәлім-тәрбиелік маңызға толы философиялық ой-толғаулары болып табылатын «Қара сөздері» халықтың рухани игілігіне айналды. Қазақтың әрбір шаңырағындағы отбасы тәрбиесіне Абай тәлімі ауадай қажет. «Бала – адамның бауыр еті», «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген қанатты сөздері ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана рөлінің маңыздылығын көрсетеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Абайдың қара сөздері – қазақтың бой тұмары» деп бекер айтпаған. Президентіміз К. Тоқаевтың Абайды әлемге таныту мақсатында жүргізілген іс-шаралары үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Жас ұрпаққа Абайды тану - мұрат, Абай армандаған «жан-жақты жетілген толық адам» болуға талпыну – парыз. Ұлы Абайдың мұрагері, ұрпағы деген қастерлі атты алып жүру үшін Абай әлемінің кеңістігіне еніп, тереңіне бойлау, Абайды тану – басты міндет. Абайды таныту – қазақ халқының даналығын, құдіретті сөз өнерін, ғажайып бай тілін таныту. Абайды таныту – махаббатты, адамдықты таныту, адамды сүюді, Алланы сүюді таныту.

Асыл адамгершілік қасиеттерге жатқызудың бір жолы ынтымақ, достық, бірлік деп түсінген ақыл «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп халқының байлығы татулықта екенін ерекше ескертті.

Абай рухы, өнегелі әрбір сөзі ұлы ұстаздың ұлан-ғайыр мұрасы, тәлім-тәрбиелік өнегелі сөздері – ұрпақтың жан-тәні тілеп тұратын мәңгілік қорегі, ешқашан адастырмас бағдаршамы.

 

Күліш Төлеуханова,

Қарағанды облысы ҚХА

Аналар кеңесінің мүшесі