ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТ ӨРІМДЕРІ

Биыл елімізде және шетелдерде қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осы айтулы оқиғаға орай республикамыздың Ұлт­тық кітап­ханасының ұжымы «Абай­дың ақын ұлдары» атты көлемі 37,4 баспа табақ кітапты жарыққа шығарды. Ол, өзінің аты айтып тұрғандай, хакім Абайдың дарынды ұрпақтарына арналған.

Кітапқа ақынның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл мен немересі Әу­бәкір Ақылбайұлының көркем туын­ды­лары және олардың өмірі мен шығар­машылықтары туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар топтастырылған. Жинақ­тың алтын арқауы – ғұлама Мұх­тар Әуезов, көрнекті абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханұлының еңбектері.

«Абайдың ақын ұлдарын» оқырманға таныстыруға ұйтқы болып, идея берген тұлға – мемлекет және қоғам қайрат­кері, көрнекті ғалым, абайтанушы Мұх­тар Құл-Мұхаммед. Кітаптың жалпы редак­циясын басқарған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрағасы Бақытжамал Оспанова.

Ал оның құрастырушысы – Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Болат Жүнісбеков. Осының алдында Ұлттық кітапхана ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арнап Б.Жүнісбековтің «Абай сәулесі» атты зерттеулер мен мақалалар жинағын басып шығарған еді.

 Абайдың ақын ұлдарының өлеңдері мен аудармаларын оқи отырып ұлы ақын әрі данышпан әкенің өмір мен өнер мектебінің мәуелі жемісіне тамсанып, «өлсе де өлмегенге тең» зор өнегеге тәнті боламыз. Кітап әдебиетсүйер қауымның және барша жұртшылықтың қызығушылығын туғызады деп сенеміз.