КЕНТАУДА АБАЙДЫҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Кентау қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай еңселі ескерткіш орнатылып, елорда күні ашылу салтанаты өтті. Биіктігі 4,5 метр ескерткіш 3 метрлік тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі 7,5 метр, салмағы 3 тонна ескерткіш қала орталығындағы Абай даңғылы бойында орналасқан. Авторы мүсінші – Бауыржан Жалын, - деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов елорда күніне орай Кентау қаласында бірнеше нысан пайдалануға берілгенін атап өтті.

"Соның арасында шоқтығы биігі биыл мерейтойы аталып жатқан қазақтың мақтанышы, ұлы данышпаны Абайға арналған ескерткіштің ашылуы. Бұл нысанның кентаулықтарға, жастарға идеологиялық, тәрбиелік мәні зор. Осында кентаулық жастар ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқитын болады. Бүгін қалада ашылған жаңа нысандар елдің игілігіне жарай берсін", - деді Сәкен Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, кентаулық зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар жылы лебіздерін жеткізді. Жас ақындар ұлы ақынға арнап арнаулар айтты. Елорда күніне орай, сондай-ақ Кентау қаласында "Ұстаздар аллеясы" ашылды. "Жастар саябағы" күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

 

Түркістан облысы