(ақын Нармахан Бегалиевпен сұхбат)
«БАЛА КЕЗІМДЕ ОҚЫҒАН АБАЙ, ЖАСТЫҒЫМДА ҰҒЫНҒАН АБАЙ, СЕКСЕНГЕ ТАЯНҒАНДА ТҮСІНГЕН АБАЙ ҮШ БӨЛЕК»
Ұлттың тарихын, мәдениетін ұлы тұлғалар ғана құрайды. Өйткені, тарих – тектілердің ғана таңбасы қалатын тұғыр. Соның негізінде ұлтқа ұстын, өзгелерге айна болатын да – Ұлылар. Әрбір сөзінен ақиқат пен даналық лебі есіп, парасаттың әуезі сезілетін Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл. Бұл мерейлі мерекені атойлап атшаптырып емес, рухани байлықты кемелдендіретіндей рәуіште атап өтер болсақ құба-құп! Себебі, ХІХ ғасырда Абай айтқан абзалдық, еңбекқорлық, талапшылдық қарекет бүгінгі қазаққа керек. Өте керек. Қазақ сынға алған қасаң қағида, таптаурын әдетін бүгінде түзеуге керек. Ендеше, алдымызда ой көзімен, көкірек көзімен Абайды оқып, сананы жаңғырту міндеті тұр. Осы тұрғыда белгілі ақын Нармахан Бегалұлымен аз-кем әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
— «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп айтқан Ахмет Байтұрсынұлы. Оқырман көзқарасы тұрғысынан айтайын бұл, Абайға берілген алғашқы баға, тұңғыш теңеу. Ал, сіз ақын ретінде Абайды қандай құбылысқа теңер едіңіз?
— Абай – қазақ поэзиясындағы күн деп қарасақ болады. Күн бір-ақ мәрте Алла тарапынан жаратылса, Абай да қайталанбас тұлға. Абайдың мен байқаған ерекшелігі – бала кезімде оқыған Абай, жастығымда ұғынған Абай, сексенге таянғанда түсінген Абай үш бөлек. Бәлкім, бізден кейінгі ұрпаққа біз көз жеткізе алмаған қырлары, аша алмаған құпиялары жететін шығар деп ойлаймын. Әр ұлттың өзіне тән тұлғалары бар. Шекспир десек – ағылшын, Гете десек – неміс, Пушкин десек – орыс халқы егіздей елестейді. Абай да басқа елдің оқырмандары үшін қазақ халқының есімімен етене бітіскен.
— Абай өлеңдері тұнған пәлсафа екеніне сөз жоқ. Ал сіз үшін Абай қандай ақын?
— Абай – бірінші әділеттің, екінші-шыншыл ойдың ақыны. Бұл қасиеттер оның үнемі құрметке бөленіп, абыройы асқақтай беруі үшін қызмет етеді. Мысалы, Мәскеуде Ресей билігіне наразылық білдірген оппозиция өкілдері Тверь көшесіндегі Пушкин ескерткішіне емес, Тверь аллеясында тұрған Есенин ескерткішіне емес, Чистые прудыда тұрған Ұлы Абайдың ескерткішінің алдына жиналып, өздерінің пікірлерін білдірген. Бұдан шығатыны, менің ойымша, Абай – Құдайдың нұры түскен ақыны. Әділетшіл болғаннан, орыс оппозициясы Абай ескерткішін таңдап алған. Сонымен қатар, Абай ескерткішінің «Чистые пруды» деген жерде тұруы – тазалықтың символы сияқты.
— Шығармашыл жандардың, соның ішінде ақындардың, жазушылардың Абаймен рухани байланысы бар екені анық. Осы турасында ұлылардың желісі үзілмеген жалғасы мынау еді деп, әңгімеңізді жалғай отырсаңыз.
— Қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовпен араласып-құраласып тұратынмын. Бірде Сырбай аға маған мынадай әңгіме айтқан еді:
«Қасым Аманжолов төсек тартып жатқанда, күн сайын бір ақын барып басында күзеттік. Менің кезегім келгенде әйелі Сақыпжамалды жұмсап, қызыл шарап алдырды. Екеуміз қылдай бөліп ішіп, ұлы ақынның маңдайы тепшіп терледі. Содан кейін маған:
Сырбай, мен бүгін өлмеймін, көріп отырсың, сен үйіңе барып бел шешіп жата бер. Бірақ жан баласына айтпаған бір сырым бар еді, оны айтайын, - деді. «Айтыңыз, Қасеке» деп ем:
Бүкіл өмірімде үш арманым бар еді. Бірінші арманым – бүкіл Париж көшеге шығуын асыға күтіп тұратын Виктор Гюгоның даңқындай даңққа ие болсам деп едім, болмады. Екінші арманым – аударма жұмысында Абайдан ассам ба деп ем, жеткізбеді. Үшінші арманым – қазақтың Евгений Онегинін жазсам ба деп ем, бұл да қиял боп көрге менімен кіретін болды, - дейді.
Енді, Қасым Аманжоловтың екінші арманына тоқталайық. Аударма мәселесінде Қасым да керемет жұмыс жасаған, Абайға жетеқабыл болған ақын еді. Мысалы, Тарас Шевшенкодан аударған:
«Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ.
Сыбағам қайда, сыбағам,
Жоқ па сірә, ешқандай.
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а Құдай» деп басталатын аудармасын қазақ оқырманы, қазақтың төл туындасындай қабылдайды. Тіпті аударманы Шевченконың түпнұсқасына қимағандай болдым. Абай ұлы Гетеден аударма жасады. Гете «Түнгі жолаушы» әнін жазғанда Абай әлі дүниеге келмеген. Арада жүздеген жылдар бар. Сол әннің аудармасын Герольд Белгер Гетемен салыстыра талдады. Осы талдауларға қарағанда Абай аудармасы Гетенің түпнұсқасынан аспаса, кем түспейді.
Поэзиядағы аудармада ақын түпнұсқасы авторының бәсекелесі. Қарапайым тілде: аудармашы түпнұсқадағы ақынға жаңа нұсқамен өлең жазып береді. Сол үшін Абай Татьянаның хатын керемет аударды. Қазақтың төл туындысындай болып, Абай шығарған ән қазақ сахарасын бүгінгі дейін сазына бөлеп тұр. Бұл Қасым армандаған Абай аудармасының мәні осы.
«Сегізаяқ» туындысы – Абайдың поэзия әлемінде жасаған тың төңкерісі деуге болады
— Абайдың кейбір өлеңдеріндегі текстологиялық қателіктер туралы айтсаңыз.
— Мысалы, «Сегізаяқ» туындысы – Абайдың поэзия әлемінде жасаған тың төңкерісі деуге болады. Абайға дейін қазақ өлеңінде «Алты аяқ» деген өлең болған. Одан әрі Тан династиясында Қытай әдебиетінде «Жеті аяқ» дейтін жеті тармақтан тұратын өлең болған. Бірақ, оның арғы-бергі тарихын байқасақ, жеті тармақты өлеңнің ізі түгілі иісі де сезілмейді. Ал тек Тан династиясында болуының себебі, оның негізін көне түркілер қалаған. Демек, көне түркілерде жеті тармақты өлең жолдары болды. Абай осының бәрін білді, зерттеді және одан да асырып, сегіз тармақтан тұратын өлең құрылысын жасады. «Сегізаяқты» кейбір басылымдарда:
«Алыстан сермеп, жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қисынын тауып, Хиуадан шауып,
Тағына жетіп, қайырылған» деген жолдар бар.
Осындағы Хиуа – Абай сөзі емес. Себебі, Абай не сөз айтса да, анық-қанық етіп айтқан. «Хиуадан шауып» дегенге оқырман түсінбейді де оның қолтаңбасы еместігіне көз жеткізеді. Мен бұрынғы басылымдарды, зерттеушілерді салыстыра қарадым. Профессор, академик Қажым Жұмалиевтің Абай әдеби тілінің мәселелерін қозғағанда Хиуадан шауып емес, «Қиядан шауып, тағына жетіп қайырылған» деп келтірген. Хиуадан шауып дегенді «Қиядан шауып» деп өзгерту керек.
Абай қазақ өлеңіне, қазақ сөзіне жаңа тіркестер, жаңа сөйлемдер алып келген. Бұрынғы ақындарда «Ылдидан шауып, төске озған» деген тіркестер болғанымен, Абай мұны қолданбай «Қиядан шауып» деген жол жасаған. «Тағына жетіп қайырылған» деген де қазақ үшін тосын сөйлем. «Қиыннан қиыстырар ер данасы» деген Абайдың поэзиядағы талабы «Қиядан шауып» деп көрсетуіне осы да дәлел. Себебі, қиядан шабу – ылдидан шабудан да, өрге шығудан да қиын.
— Абайдың 175 жылдығына орай ұлт рухын көтеретін қандай игілікті іс жасау керек?
— Бұл тұрғысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында жан-жақты айтты. Қазіргі қадамдар Абай мұрасын тереңінен зерттеуге бағытталып отыр. Сондықтан осының өзін ұлттың рухын көтерер іс-шаралар деуге болады. «Қазақ әдебиеті» газетінде Тұрсын Жұртбайдың «Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім» мақаласы жарияланды. Одан соң қарағандылық ақтаңгер ақын Серік Ақсұңқарұлының мақаласы шықты. Мұның бәрінде қазақ рухын көтерер мәселелер айтылады.
Абайдың тілі жапонға рух беріп, керемет аударма жасады
— Бүгінгі таңда Абай аудармаларын қалай қабылдап жүрміз?
— Абайдың Гетеден аударған «Түнгі жолаушының әні» әлемнің 9 тіліне аударылды. Тоғызыншы тіл – жапон тілі болған. Жапондар бұл әнді түпнұсқадан емес, Абайдан аударды. Өйткені, жапон тілі – алтайлықтардың тіліне ұқсас. Тіпті, жапондардың Алтай түркілерінің тілінде 70% сөйлеген. Осы тоғызыншы аударма, белгісіз жапон ақынының өлеңі деп қайтадан немісшеге аударылғанда, мұның Гетеден аударма екендігі белгілі болған. Абайдың тілі жапонға рух беріп, керемет аударма жасады.
— Абай жолында ақын әр барған сайын қаладан көптеген кітаптар алып келіп отырған. Енді осылардың негізінде Абай кітапханасы жинақталған шығар? Оны қалай табамыз?
— Негізінен Абайдың кітапханасы болған жоқ. Біріншіден, өзі көлемі бойынша бір томға жетерлік қана мұра қалдырды. Ал, бірақ Абай оқыған кітаптарын Мекемтас Мырзахметовтың Абайтану жөніндегі көлемді екі кітабынан тауып, жасауға болады.
Абай негізі буддадан, құраннан бастап діни кітаптарды жете оқыған. 1966 жылдың 22 тамызда Абайдың Семейдегі мұражайын көруге бардым. Сонда Абай оқыған кітаптар қойылыпты. Бірақ, музей қызметкерлері алып көруге рұқсат бермеді. Тым болмаса, энциклопедияны көрейін деп, сол үшін алыстан келгендігімді айтып, өтініш жасаған соң, музей қызметкерлері жеңілдік жасауға келісіп, «Малая русская энциклопедияны» қолыма берді. Қарасам, Абай энциклопедияны қызыл қаламмен сызып отырып оқыған екен. Тағы да айтамын, нақтыланған кітаптар тізімі жоқ болғанымен, оны М.Мырзахметов еңбектерінен таба аламыз.
— Абайдың 150 жылдығына орай, аударма кітаптарын шығару керек болды. Аударманы тәжірибесі аз, білімге енді сусындай бастаған студенттер жасағандықтан орашолақ шыққанға ұқсайды. Бұл дегеніміз аударма үшін қиянат қой...
— Иә, оныңыз рас. Абайды аудару кәсіби маманның да қолынан келуі екіталай. Абайға жаңа қырынан өлең жазып беретін шебер аудармашы керек. Өкінішке орай, қазақ тілінің байлығы соншалықты кей дүниелер орыс тіліне де дұрыс аударылмай жүр.
Абайдың орысты қалай аударғанына тоқталсақ. Татьянаның хатында: «Разреши мое сомнение, Может быть это обман» деген қарапайым жолдар бар. Бірінші жолды Абай: «Шеш көңілімнің жұмбағын» деп аударды. Қарапайым ақындар аударма жасайтын болса, «сомнение» дегенді «күдік» деп сол қалпында алар еді. Мен аударған болсам: «Көңілімнің сейілт күдігін» дейтін едім. Абай аударғанда күдіктің арғы жағында жұмбақ тұрғанын көреді. Гетеден аудармасын айтар болсақ, «Түнгі жолаушының әнін» М. Лермонтов арқылы тәржімалайды. Сонда «Горные верщины» деген қарапайым жолды, мағынасына қарап «Қараңғы түнде тау қалқып» дейді. Мысалы, дәл осыны суретшіге сал десек, толыққанды жеткізе алмас еді. Түнді, тауды салар, бірақ қалай қалқытады?! «Ұйқыға кетер балбырап» дегенді ұйықтап жатқан даланы салар, бірақ қайтіп балбыратады?! Мұндай суреттеу Лермонтовтың, тіптен Гетенің өзінде жоқ. Яғни, Абайды аудару үшін де онымен тетелес ақын керек.
Сұхбаттасқан: Әзімбек Қойлыбай