О.СӘБДЕН: ТОЛҒАҚТЫ ОЙЛАР ТОҒЫСЫ

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей нұсқауымен ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты кешенді жобалар жүзеге асуда. Абайдың ой-өркениеті жалпы тыныс-тіршілігімізде қалай жүзеге асу керек? Осы орайда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Оразалы СӘБДЕННІҢ тосын ойларын оқырман назарына арнайы ұсынамыз. Ой қосыңыз.

БІРІНШІ ОЙ: АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ КОДЫ

Халқымыздың ұлы ойшылы, қазақ ­поэзиясын биік шыңға шығарған кемеңгер ақын Абай атақты ғұлама көріпкел ­Нострадамус сияқты бар болғаны 59 жыл өмір сүрді. Абайдың көптеген қара сөздері екі ғасыр бойы руханиятқа қызмет етті, қазір де қоғамның тынысымен үндес, өміршең, өзекті. Бірақ заман өзгеруде, қазір XXI ғасыр, жаһандану процесі алға кетті. Дүниеде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың көптігі соншалықты, кейде қоғам оларға ілесіп үлгере алмауда. Оларды ғаламтордан, т.б. ақпараттық өзгерістерден байқауға болады.
Сондықтан, біздің ойымызша, жаңа білім, ғылым, жоғары технология, ­рухани жаңғыру арқылы өркениетке жаңа көзқарас керек. Ол жаңа цивилизациялық дамуға серпіліс береді. Бұл үшін біз ұлы Абайдың қара сөздеріне жүгінеміз, ақыл-ой таразысына салып, болашақ өмір сүру жолдарын болжай аламыз. Өйткені ұлы ақын өзіндік бағытты ұстана отырып, адам бойындағы қасиеттерді саралап береді. Ақын не айтады? Қалай айтады? Нені болжайды? Осының түйінін шешуді болашақ ұрпаққа, яғни бізге қалдырады. Сол себептен Абайға жүгініп, қара сөздерін талдай келе, «Қазіргі заманға – XXI ғасырға не лайық?», «Келешекте не істеу керек?» ­деген сұрақтарға жауап керек.
Егер дәл қазір Абайдың өзі болса, алыс-жақын айналада және өзімізде ­болып жатқан құбылыстарға, адамзаттың жанайқайына не айтар еді? Оның өңменіңнен өтетін ащы өмір шындығына, өжет пікіріне, лауазымына қарамай айтатын сынына, дәлеліне қазіргі билік сол бұрынғы Абайға қарағандай қарар ма екен?! Жоқ, әлде басқа қылықтарын ­жасай ма екен?! «Қазақтың идеалы – Абай». Абай – өз заманының биік парасат иесі ғана емес, бүгінгі заман қайшылықтарын шешуге де бағыт берген биік тұлға. Ол қазақ деген елдің атын әлемге шығарды. «Абай – ой мен сөз бостандығының символына айналды». Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек». Ұлы Абайдың феномені ­ерекше. Оның ой-өрісін, болмысын бәріміз: үлкеніміз де, кішіміз де, байымыз да, кедейіміз де жақсы көреміз, таңырқаймыз, мойындаймыз. Ал іске келгенде, неге біріміз оның айтқандарын іске асыруға тырыссақ, екінші жартымыз керісінше жасаймыз? Осы сұрақтың ­жауабын табу қиын-ақ.
Ұлы Абайдың феномені – ол үлкен өркениеттен шеттеу жатқан аймақта өмір сүріп-ақ керемет рухани идеялар тудырды. Оған «толық адам» ілімі, мораль философиясы, поэзиясы, «Қара сөздері», тағы басқа гуманизм мен рухани құндылықтары куә.
Ұлы ақынның «Қара сөздерін» оқып отырып, ойға қалдым. Оқыған сайын ақынның айтқан сөздері, оның ақиқатты танып-білуі, сол жолды меңзеуі мені қанаттандырды. Қазіргі өмірдегі ­болып жатқан келеңсіздіктерге қамсыз қарап отыру зиялы қауым үшін ауыр. Әңгіме көптомдық еңбек жазғанда емес, тұнып тұрған шындықты шығара отырып шешімін табатын жол көрсетуде.
Ұлы Абай сол уақыттағы қиындықтарға шыдай алмай, жер кезіп кеткен жоқ, не халықты көтеріліске шақырған жоқ. Керісінше, қолына қалам алып, өткір ойлары арқылы халқының рухани көтерілуіне жаңа жол тапты. Мұны Абайдың ­«Рухани революциясы» деп атауға болар еді. Ойымыздың төркіні – ақыл-ой, ғылымға деген дүниетанымдық көзқарас пен әлеуметтік қарым-қатынас түзелмей, мәдениеті жоғары өркениетті ел болуымыз қиын-ақ. Хакім Абайдың «ғалым өз ойларын хатқа түсіре бермек керек» секілді әр азаматтың елінің бүгіні мен болашағын ойлап, көрген-білгенін заман талабымен, ел болашағымен сабақтастырып, оны тәжірибелік тұрғыдан іске асырудың механизмін қарастыру қажет деген ұтымды ойлы толғамдары қажет.
Әрине, ұлы Абай бізге қазіргі заманда өз бақытыңа қалай жетудің тура жолын, оның әдістерін қолымызға ұстатқан жоқ. Абайдың данышпандығы, ақыл-ойының тереңдігі, өміршеңдігі, көрегендігі кейінгі ұрпаққа әртүрлі проблемаларды шешуге, өз жолын табуға көмектеседі. Қалғаны қазіргі азаматтардың еншісінде, келешектің еркінде. Абай дүниетанымын түсініп, оны ғылыми негізде ұғыну, оның ұлттық, шығыстық рухани жүйесін әлемдік ой өркениетінің дамуымен ­байланыстыруда, қазіргі XXI ғасырдың цивилизациялық жаңалықтарымен ұштастыруда деп ойлаймын. Сонда ғана біздер Абай дүниетанымы болмысына ғылыми тұрғыда дендеп, оны қазіргі және келешек өмірге бейімдеп іске асыра аламыз. Әрине бұл оңай жол емес.
Абай қара сөздерінің құндылығы, оған жүгіну, одан өзімізді толғантқан мәселелердің жауабын іздеу үшін Абайды танып-білуіміз керек. «Адал жүріп, адал тұр» дейді Абай. Адам баласы қашанда артық білуге ұмтылуы керек. Адам өзін-өзі батыр болуға, жұртты сүюге тәрбиелеуі қажет. Сонда ғана өзімшілдіктен, масаттанушылықтан құтылуға ­болады. Білім арқылы ғана қазақтың көзі ­ашылады, халықты, жерді заң бойынша қорғай алады, басқа өркениетті елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туады.
Өзіңе-өзің сын көзбен қарауды ұмытпа. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің» дейді Абай.
Абай туралы жазылған пікірлер өте көп, оған таласымыз да жоқ. Бірақ бұл тақырыптың миссиясы бөлек, тәсілі жаңа. Топтастырып келтірген қара сөздердің әр сөзінің мазмұны екі бөліктен тұрады. Біріншісі: «Неге жеттік, мәселенің қазіргі жағдайы қалай?», екіншісі: «Не істеу керек, қалай шешу керек, тетігі қайда?» деген сұраққа жауап іздеп, ұсыныстар беру – қиынның қиыны. Түпкі мақсат – Қазақ елін жаңа цивилизацияға, ізгілендіру қоғамына көтеру. Мәселе алға жетелейтін төмендегі базалық құндылықтардың тетігін көрсету.
Олар:
– әлем қайда, біз қайда бара жатырмыз?
– руханият, адам капиталы;
– білім, ғылым, денсаулық, спорт, жастар;
– ауыл тағдыры;
– әр адамға, отбасына керегі не?
– кіші кәсіп елге нәсіп пе?
– Мемлекетті тиімді басқару;
– осы және басқа факторлардың басын қосып, елді демократиялық жолмен тиімді басқару.
Шындығына келсек, маған қандай жақсы болса да, социалистік советтік өткен дәуір де және қазіргі капиталистік-нарықтық өмір де толыққанды ұнап тұрған жоқ. Өйткені адамзат үшін әлемде келеңсіздіктер шексіз көбеюде. Халық пен биліктің, бай мен кедейдің арасы алыстап барады. Шын мәнінде, осы халық пен билік арасының артықша қасиетін көре білу танымы Абайда жақсы көрініс тапқан.
Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап
қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Абайдың сөз қолданысындағы «Ер» сөзі көбінесе кісілікті адам бейнесінде ­танылады. Ал кісілікті адам Абай арман­даған «толық адам» ұғымымен төркіндес. Мұны Абай «Қара сөзін» үңіле оқыған оқыр­манның өзі де байқай алады. Осы бір ғана ойдан кісілікті кісінің бейнесі әдемі-ақ берілген.
Сондықтан ақиқаттың ақ жолы, Абай айтпақшы, «толық адам» ілімінің жолы басқаша болуы керек деген мәселеге ­жауап іздеудемін. Оны өзімізді өзгертуден, ішкі жан дүниемізді түзетуден, қоғамды ізгілендіруден бастаған абзал.
Жаңа қоғам – интегралды инно­ва­циялық қоғам болмақшы, ол эконо­ми­калық жаңа укладқа (формацияға) көшуі. Сол уақытта экономиканың даму моделі қазіргідей пайда табуға емес, ол әр адамның ақылға сай керекті қажеттілігіне негізделген болады. Жаңа жағдайда қолымыз бен ойымызды бұғаудан босатып, рухани реформатор, ұлы-ойшыл ­демократ Абайдың армандаған мұраттарына қол жеткізуге атсалысайық: бұл, әсіресе жастарға айтар сөзіміз. Ұлы Абай біздікі ғой, басқанікі емес. Ендеше, Абай ой өркениетін іске асыру арқылы жаңа өрке­ниетті заман құру, жаңа формациялық қоғамның құрылымын жасау тек біздің мойнымызда, біздің парызымыз.

ЕКІНШІ ОЙ: КІМ ЕДІК? КІМБІЗ? ҚАЙДА БАРАМЫЗ?

Осы сұрақтың шешімін табу үшін біз, ең алдымен, тарихымызға жүгінеміз. Өйткені тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Бұл киелі жерде дүниежүзі дамуының тарихи логикасын, көп ғасырлық эволюциясын еске алсақ та болар. Мысалы, ежелгі Еуразия, Қазақстан жерінде тас ғасыры, қола, темір дәуірі, скиф, сақ, ғұн, қаңлы, үйсін мемлекеттері, түркі қағанаттары, т.б. орта ғасырлық мемлекеттер мен хандықтар болғаны белгілі. Каспий теңізінен Қытайға дейінгі аралықтағы алып кеңістікте біздің өркениет тарихымыз болғанын білеміз. Арғысын айтпағанда біздің тегіміздің «Түркі» деп аталуының өзі V-VI ғ. жаңа дәуірге дейін Қытай, Араб, Иран, ­Сирия жазбаларында бар. Нақтырақ айтар болсақ, біздің тарихымыз сонау Шайбани Әбілқайыр ханнан әлдеқашан бұрын ­басталып, сонан соң Керей мен Жәнібек хандар, Қасым хан, т.б. көптеген хандардың есімдерімен жалғасын тауып, Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүрген еді. Міне, сол кездегі ел тағдыры хандар мен батыр бабаларымыздың қолында болып, ұлан-ғайыр жерімізді бөгде елге бермеу үшін барын салған болатын. Өйткені олар қазақ жерін нығайтуда, қазақтардың үстемдігін орнатуда орасан зор әрекеттерге барды. Қазақ хандығы тұсында астанасы Түркістан қаласы болған қазіргі Қазақстан жері стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелерінің біріне айналған еді. Қазақ халқы шамасы 3000 жылдық тарихы бар түркі этносы ретінде танылған арғы ­заманды айтпағанның өзінде, 550 жылдық хандық тарихында аса ауыр саяси, рухани, әлеуметтік-экономикалық процестерді басынан кешірді.
Ата тегімізге көз жіберсек, ­тарихта біз сияқты империялық ой мен іс жасаған халық аз. Олардың қатарында Римлян, грек, парсылармен қатар, түркі халықтары бар екендігін әсіресе жастарымыз ұмытпауы керек. Бұл тектілік генофондымыз XXI ғасырда қазақ елінің, жалпы түркі әлемінің қайта түлеуіне негіз болады деп сенемін.
Ал бүгінде барша әлем мойындаған, үлкен беделге ие болған, ертең дамыған мемлекеттердің қатарына енгелі отырған тәуелсіз Қазақстанның тарихы күрделі кезеңдерден тұрады.
Қазақстан Республикасы егеменді мемлекет мәртебесін алғалы 30 жыл. Жоғарғы Кеңестің депутаттығына 4 рет сайланып, сол кездерді еске алар ­болсам, ­Президиум мүшесі ретінде алғашқы заңдардың ­жасалуы, мемлекеттік институттардың құрылуы, өз ақшамыз «теңге» шығып, қаржы жүйесіне енгізілуі, бірінші рет Ата Заңымыздың қабылдануы әлі де көз алдымнан кетер емес. Рәміздерімізді Жоғарғы Кеңесте қабылдап тұрғанда, «ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалды» деп көзден жас шыққан да уақыттар болды. Ал қазір біз дүниежүзі мойындап, дамып келе жатқан елдер қатарындамыз. Бірақ мына жаһандану заманында, алдағы еліміздің болашағын ойлар болсақ, еліміз дағдарысқа ұшырамау үшін, одан қалай шығу үшін алда атқарылар істер көп.
Біз дүниежүзіндегі елдерді тарих ­таразысына салар болсақ, әр елдің даму тарихы әрқилы. Айталық, ең алдымен, біз Қытайдың 5 мың жылдық тарихын, өзіміздің 3 мың жылдық тарихымызды, Азия мен Еуропаның дамуын зерделесек, сонымен қатар қазіргі жаһандану процесіндегі жаңалықтарды електен өткізер болсақ, бір ой туады. Біздің шығыс халықтарының тарихына келер болсақ, тағдыр бізге 2 тарихи мүмкіндік берді. Біріншісін біз пайдалана алмадық, ол кетті. Ал екінші мүмкіндікті енді тиімді пайдалана алмасақ, не алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетеміз, не өмір бойы мәңгі шикізат елі болып соларға қызмет етеміз. Тағдыр бізге осындай сұрақты көлденең қойып отыр.
1-ші мүмкіндік дегеніміз – бұдан 1000-1500 жыл бұрын біз, шығыс елдері дамыған еді. Соның дәлелі ретінде ғұлама ғалымдарымыз әл-Фараби, Ибн-Сина,Ұлықбек, т.б. сынды ғұламалар ­математика, медицина, философия ­салалары бойынша әлемдік деңгейдегі озық ойлы жаңалықтарды ашқандығын айта аламыз. Еуропа сол уақытта артта қалған еді. Түркі текті Шыңғыс ханнан бастап, Құбылай, Әмір Темір, т.б. жарты әлемді басып алды, биледі. Мысалы, бір Құбылайдың өзі, ұрпақтарымен толық Қытайды, Сун империясы мен Вьетнамды қоса 100 жыл бойы биледі. Пекинде отырып олар Қытайдың өркениетін дамытуға қызмет етті.
Кейінгі 500 жылда Еуропа мемлекеттері шығыстан, соның ішінде түркілерден қаншама жаңалықтарды алып, жылу машинасын жасап, теңіз көлігін, зауыт-фабрикалар салып, өндірісті қарқынды дамытты. 2012 жылы Лондон олимпиадасы ашылғанда олардың тарихи дамуын көрдік. Дүниежүзіндегі екі ұлы империя – Қытай мен мұсылман елдері қалып қойды. Кейіннен Еуропада: Эйнштейн, Ньютон, Эдисон, Фарадей шықты, Гегель, ­Рикардо, Маркс, т.б қоғамның дамуына үлес қосты. Қазір сол Еуропа бізге үйретуде.
Әлемдік ТОП-университеттері де батыс елдерінде, Америка Құрама Штаттарында шоғырланған. Ал сол шетелдерге білім қуып барып жүрген жастар, ілім берудің қайнар көзі – біздің Шығыс болғандығын біліп жүрулері керек. Эмпирикалық ілімдер, өмір мен дүние жаратылысы ­туралы мәселелер, даналық, терең философия, т.б. барлығы да Үндістан, Қытай осы бүгінгі Азия жерінен бастау алады. Ислам өркениетінің өзі ғылым мен мәдениетке көп нәрсе берді. Алайда оның бәріне «капиталистік», «рационалды рух» берген батыс болды. Осылайша, ХІІ ғасырдан бері Қараханид династиясы құлаған соң, Түркі өркениеті терең күйзеліске ұшырап, тағы басқа себептермен біз өзіміздің бай, терең негізімізді өзіміз жалғап алып кете алмадық. Бірақ Қытай кейінгі 20-30 жылдың ішінде экономикасына серпіліс жасап, қазір дүниежүзін мойындатып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.
Ал енді 2-ші мүмкіндік дегеніміз – ол біздің ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге қалдырған мұрасы. Ол табиғи қазба байлықтары мен адам капиталы. Қазақ халқының бойындағы тектілік, қан тазалығы, ғалымдардың зерттеуі ­бойынша, интеллектуалдық әлеуеті жоғары ұрпақтың қалыптасуына әсер етеді екен. Демек, ұлттық генофондымыз да табиғи байлықтарымыз сияқты біздің үлкен басымдықтарымыздың бірі. ­Дегенмен, дүниежүзінде ең бай елдердің біріміз, бірақ әлі де кедей тұрамыз. Неліктен? Ең бастысы – жұтылып кетпей, осы қыруар байлықты халықтың игілігі үшін тиімді пайдалану. Алдымыздағы негізгі мақсат – өркениетті елдердің қатарына қосылу. Ескіше айтқанда, нардың жүгі қазіргі ұрпақтың мойнына түсіп отыр. Бұл тұста сапалы, бәсекеге қабілетті, рухы жоғары адами капиталымыз негізгі рөлді ойнайды.
Ежелгі Түркістан байырғы рухани орталық ретінде Ұлы Жібек жолында ерекше орын иеленгендігі тарихтан мәлім. Дүниежүзілік атласты алып қарасаңыз, Орта Азия аумағында ежелден келе жатқан Түркістан, Самарқанд, Бұхара, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бүкіл тарихты таразылар болсақ, өте ерте кезеңдерді алмағанның өзінде,VI-VIII ғасырларда осы өңірде Түркі қағанаты, былайша айтқанда, түркітілдес халықтар өмір сүрген. Сол Түрік қағанатында ежелгі Түркістан қаласы рухани орталық ретінде тарихи орын алды. Кейін тарихтың ағымына байланысты түркітілдес халықтар әр тарапқа шашырап кетті. Мысалы, біраз түріктер Анадолыға кетті, сол жақта дамуының арқасында «Осман империясын» құрды, кейін Мұстафа Кемал Ататүріктің революция жасауының нәтижесінде жаңа өркениетті мемлекет болып қалыптасты. Бүгінде 85 млн халқы бар Түркия 20 дамыған мемлекеттер қатарына қосылуда, басқа туыс халықтар да өз мемлекеттерін құрып, даму үстінде.
Менің болжамым бойынша, егер Түркия демократиялық жолмен дамып, жаңа білімге, ғылымға, технологияға, адам капиталына аса мән берсе, бұл түркі мемлекетінің келешегі мол. Осы жолда 2030-2040 жылдары Түркия өзінің географиялық мүмкіндігін, халқының бірлігін, патриоттық күштілігін пайдалана отырып, Еуропа елдерінің алдына суырылып шығуы ғажап емес, тіпті мұсылман елдерінің лидері болуы да әбден мүмкін.
Мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін интеграциялық идея болуы абзал. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өзгерістер ашылады. Қоғамның ар-ожданына кір келтірмей, деградацияға ұшырамауына, қауіпсіздікті сақтауда бір үлкен қадам жасау қажет. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгеруі тиіс. Бұл дүниежүзілік өрке­ниеттің талабы. Ал өзімізге келсек, тұтас ұлтты оятатын ойлар, іске асыратын жаңа жобалар керек! Оларды тарихи ұлы тұлға­ларымыздың мұраларынан тауып дамы­туға болады. Қазір бізге рухани-­тарихи тегімізді терең білу концепциясы керек және ұзақ мерзімді (2021-2030 жж.) ­ғылы­ми бағдарламаға мемлекеттік тапсырыс қажет.
Бүгінде біз Түркітілдес елдердің басын қосып, олардың дамуына серпіліс беру арқылы ең дамыған капиталистік елдермен бәсекеге түсуіміз керек. Шамамен 2030-2040 жж. дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер біз мұны ­жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп, цивилизациялық жолдан сыртқа шығарады. Тек осылай «амбициялық мақсатты» қойып шеше білсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың орны өзгеше.
Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық потенциалын алсақ, жылда өтетін дүние­жүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың мүшкіл екенін көруге болады. Жаһандық бәсе­келестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне тек Әзербайжан 37-ші ­болып кіріп тұр. Қазақстан 53, Түркия 55, Қырғызстан 111 орында болса, ­Өзбек­стан мен Түрікменстанның Давос эконо­микалық форумына көрсеткіштері ­енбеген. Ал, тереңірек қарасақ, Түркітілдес елдер денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе ­бизнес, инновациялық дамудан көп ­артта келеміз (80-100 орындамыз). Бізге осы ­көр­сеткіштерге, әсіресе жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.
Менің ойымша, Түркі әлемі елдеріне XXI ғасырдың цивилизациялық ­пое­зының соңғы вагонына міну үшін бізге үдемелі дамудан басқа жол жоқ. Ол үшін Түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Біз жаһандану процесінде әлімдік цивилизацияны алып қарасақ, оның ішінде G7 мемлекеттерінің дамыған жолын таңдай келе, біз олармен экономика, жаңа технология, экология, қауіпсіздік, ғарышты игеру ­салалары ­бойынша бәсекелестікке түсе алмаймыз және біз көп арттамыз. Мысалы, біз ғылыми техникалық прогрестен, технологиялық укладтарды игеруден көп жылға артта қалып қойдық.
Дамыған мемлекеттермен бәсекелес­тікке түсіп, алға жылжуымыз қажет. Алда жүруіміз үшін Түркі әлемінің бір ғана жолы бар, ол рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту.
Біздің түркітілдес мемлекеттері әлі де болса көптеген тарихи, ­рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археология­лық ізденістер арқасында көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл – біздің генетикалық тегіміз. Уақытысында ата-тегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрылығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға әбден болады.

Оразалы СӘБДЕН,
Мемлекеттік сыйлықтың
иегері, академик