Көркемсөз жайлы Абай айтқан талап, талғам – өлшеусіз өнеге. Қазақтың жазба әдеби тілінің тарихындағы «қайта өрлеу» дәуірінің басында тұру бақыты Абайға біреудің ұсынысы бойынша берілген «мәртебе» емес, уақыт өлшемінен сараланған даналық ойға, ақындық қуатқа, көркемдік даралыққа, әлемдік ой-сана парасатымен бәйге алаңынан үн қатқан озат ойлы классикті мойындаудан барып қалыптасқан шынайы пікір.
Абайдың эстетикалық ойларының негізгі мәні, оның көркемдік туралы ұғым-нанымы айқын белгі беретін «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» деген өлеңін еске түсірейік. Өзінің даналық болмысы, сөз өнеріндегі даралық сипаты поэзия әлемінде ерекше биіктікке көтерілген Абайдың әдебиетке қояр негізгі көркемдік талғам-талаптарын өлең сөзге байланысты білдіруі заңды еді. Абай айтқан талап-тілектердің бастыларының бірі көркем шығарманың мазмұнды, идеялы болып келуіне айрықша зер салса, екіншіден, мазмұн мен түрдің үйлесімін қадағалауды, бірлігін сақтауды қатты көздеген. Өнер әлеміндегі Абайдың осы өнегелік сипаты өзінен кейінгі қазақ әдебиеті үшін тың идея, соны түр, жаңа көркемдік үлгілердің бастау көзі ретінде күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, әрқашан бағдар бола беретін құбылыс. Абайдың өнегелік қырларының бағдары сала-сала. Қазақ жазушыларының ішінде одан үйренбеген, оның көркем өнерге қойған талап-тілектерін басшылыққа алмаған ақын-жазушы жоқ. Алайда ол талаптарды бойына сіңіре білу әр жазушының талант-дарынына, зерттей ізденіп, көңіліне зерделеп тоқи білуіне байланысты. Әдебиеттегі Абай тұлғасының биіктігі, классик өнер туындысын жасай алуы, көркемдік үлгіні ерекше меңгеруімен қатар өзі өмір сүрген ортаның, қоғамдық қатынастардың реалистік бейнесін жасай білуінде. Өз заманының мінез-құлқын зерделеп, бүгінгі дәуір мен кешегі күндерін саралап, болашақ өмірді пайымдай алуында.
Қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Ғ.Мұстафин шығармаларында Абай өнегесі, Абай дәстүрі берік орын тепкендігі, жазушының алдына жаңа идеялық мақсаттар қойып, өз дәуірінің көркем бейнесін жасай білуде Абаймен үндестігі айқын сезіледі. Ондаған әңгімелері мен бірнеше шағын пьесасын былай қойғанда, «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген» сияқты роман, повестері арқылы жазушы қазақ әдебиетінің дамуына, көркемдік жетістіктерге жетуіне мол үлес қосты. Жазушының қатар түзеген бұл шығармалары бір-біріне жалғасып жатқан үлкен кезеңді қамти отырып, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының көркем шежіресін жасады деуге болады. Осы тұрғыдан келгенде Ғ.Мұстафин ұлы ақын дәстүрін, Абай өнегесін бірнеше түрлі сипатта сабақтастыра алды. Бірінші, Ғ.Мұстафин де Абай сияқты тақырыпты өз дәуірінен, бірге тыныстап, қатар тіршілік жасап жүрген замандастарының іс-әрекетінен, көзімен көріп, бастан кешірген өмір шындығынан іздеп тапты. Екінші, сөз өнері жайлы Абай көрсеткен талап деңгейіне ден қойды. Әр сөздің, әр сөйлемнің көркем құрылуы мен ондағы ойдың терең де мағыналы болып шығуына ерекше назар аударды. Жазушының жоғарыда айтылған шығармаларының қай-қайсысында болсын, мақал-мәтелге айналып кеткен жолдар аз кездеспейді.
Ғабиден Мұстафин үшін Абайдан үйрену деген ұғым – жай еліктеу емес, жазған шығармаларында өз тарапынан қандай бір көркемдік үлгі әкелу, ешкімді қайталамайтын жаңа көркемдік өлшем енгізе білу. «Үйрену деген – көшіріп не жаттап алу емес, шығармашылық меңгеру», деп жазады жазушы «Әдебиетіміздің жайы мен міндеттері» атты мақаласында. Жазушы Ғ.Мұстафин Абай қалдырған көркемдік өлшемді бойына қаншалықты сіңіруге талпынса, өзінен кейінгі буын өкілдерінің де сол талап биігінен көрінулеріне ықпал ететін ойларын ортаға салады. Өзі басып өткен шығармашылық жолдағы қиындықтар мен оны игерудегі тәжірибелерін еске сала отырып, былай дейді: «Жазушы еңбегі – қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлғақтай беремін, шарқ ұрып іздене беремін. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып жарамды дегенімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын».
Әуелі он жасында ауыл молдасынан ескіше хат танып, 1916 жылы Спасск зауытының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген адамнан аздап орысша дәріс алады. Одан кейін зауыт жанындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, бірер жыл ғана оқыған Ғабиден Мұстафиннің одан әрі ресми оқу орнында білім алуға мүмкіндігі болмайды. Бұдан соң өмір бойы өз бетінше ізденіп білім жинауда да Абай дағдысымен үндесіп жатқанын көреміз. Ғабиден табиғи талантына қоса өз бетінше ізденіп, білім нәрімен сусындамаса, көз майын тауысып тер төге еңбек етпесе, көшпелі ауылда, көп болса әкесінің адалдығы мен турашыл мінезін ұстап қалған ақсақалдың бірі болып қалар еді. Қоғам, әлеуметтік орта, қажырлы еңбек оны өз уақытының суреткері етіп шығарды.
Жазушы болмысы, оның өзіне ғана тән ерекшелігі туралы академик С.Қирабаев: «Ғабиден таланты – халықтық талант. Ресми алған білімі аз болса да, ол – өз бетінше оқып, өзінше ізденуден жалықпаған адам. Оның жазушылық өнері де қараңғы адамның таланты емес, ізденгіш, өсу үстіндегі жазушының таланты. Ол бір кітаптан бір кітапқа жетіле, толыса түсуде. Оны «Шығанақ» пен «Миллионерден» кейін жазылған «Қарағандыдан», ал одан соң туған «Дауылдан кейіннен» тіпті көреміз», деп сипаттайды.
Кезінде бұл шығармалардың қазақ әдебиетінің кәсіби деңгейге жеткен, одақтық әдебиет дәрежесіне көтеріліп, дүниежүзілік аренаға шыққан әдебиет ретінде бағалануы жайдан-жай емес. Өз оқырмандарымыз ғана емес, шетелдік оқырмандардың да қызығушылықтарын туғызып, Ғабиден романдарының кейіпкерлері туралы пікірлерін білдірген сансыз хаттар келіп жатуы әдебиетіміздің абыройын көтергенін айғақтайтын фактілер. Сол хаттардың авторларының бірі сонау Аустралиядан хат жазған Ральф Буасье деген азамат «Миллионер» романы туралы әсерін былай баяндайды: «Құрметті Ғабиден Мұстафин! Мен «Миллионерді» жаңа ғана оқып шықтым. Бұл кітап мені күнделікті өмірдің батпағынан құдайлар мекені – тау басына алып шықты... мен сіздің еліңізді білмеймін, жер кәсібімен де шұғылданған емеспін, оның үстіне сіздердің колхоздарыңыздың қалай дамып келе жатқанынан да хабарым аз. Соған қарамастан, егер мен осы кітапты оқып шыққан колхозшы болсам, романның кейіпкері Жомарт істеген істерден екі есе артық істеген болар едім». Бұл жерде мәселе Ғабиденнің не туралы жазғанында емес, «соцреализм» шарттарының орындалуы немесе орындалмауы жайында емес, оқырманға әсер етер образ сомдау шеберлігі жөнінде болып отыр. Мұндай көзқарас, пікірлердің сарынынан Абай тағылымын терең зердемен ұғынып санаға сіңіре білген қаламгердің тағы бір шеберлік қырын аңғарамыз. Ал неміс ақыны Бертольд Брехтің Ғабиден романының әсерімен Шығанақ Берсиев туралы поэма жазғанын қалай түсінуге болады!? Бұл орайда дүниежүзілік шеңберде назар аудартып, туған әдебиетіміздің абыройын асқақтатқан Мұстафин творчествосының қаншалықты маңызды болғанын жоққа шығара алмаймыз. Жазушының Абайдан сіңірген дағдысы жалпы көркем шығарма, әдебиетке байланысты толғаныстарында да үнемі көрініс тауып, өз тәжірибесінен жинақтаған ойларын ортаға салып отырады. Мысалы, «Зор міндет, жоғары талап» деген мақаласында шығармашылықта кездесетін кейбір олқылық шеңберінде ой қозғай келіп: «Біздің арамызда «өмірдің өзі көркем, оны ештеңе қоспай-ақ сол күйінде жазып берші» деушілер де бар, әдебиет еңбегін тым жеңілге сайғандық. Жазушы фотограф емес. Көргенін көрген, білгенін білген қалпында жаза салған, өзінің творчестволық елегінен өткізбеген жазушы нағыз жазушы емес. Өмір шындығын әдебиет шындығына айналдыру жолында талай өткелдер жатыр... Тақырып, фактілер қандай қызық болғанмен, жазушы үшін материал ғана. Жақсы материалды олақ қол қор етеді, шебер қол жөндеп материалдан бірдеме шығарады», деп түйіндейді.
Қаламгер халықтың бейнелі, қанатты сөздерін орынды пайдалана отырып, өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жасай білген. Абай өлеңіндегі көптеген жолдың мақал-мәтелге айналып кеткені секілді Ғ.Мұстафин шығармаларында кездесетін: «Біткен іске сыншы көп, піскен асты жеуші көп», «Сыншының бәрі бірдей мінші ме, жеушінің бәрі бірдей енші ме?», «Өмір егер ащыны бермесе, тәттіні білер ме едік, тәттіні бермесе, ащыны білер ме едік?», «Теңіздей терең халық ішінде алмастай асыл ойлар жатыр», «Жақсы тәртіп әдетке айналса – ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса – қырсық», «Барды қанағат тұтып, жоқты іздемеу – мешеулік» т.б. тәрізді бейнелі тіркестер қанатты сөздерге айналуы соның айғағы. Кейіпкер бейнесін сомдау барысында портрет жасау шеберлігі де оның өзгеше өнерпаздық қырын айғақтап тұрғандай. Осының бәрі де – Абай тағылымын өнеге тұтып, Абай дәстүрін сабақтастыра білудің жемісі. Аз сөйлеп, көп толғану тағылымын әбден бойына сіңірген жазушы әдебиет жайлы ойларын да айтуға міндетті тұста ғана сыншыл зерде, биік талғам деңгейінен сүзгіден өткізіп, сығымдап беріп отырған. «Әдебиет – адам өнерінің ішіндегі ең ұзақ жасайтындардың бірі» дей отырып, сөз өнері жайлы былайша толғанады: «Әдебиет – ойдың, тілдің жемісі. Алғыр тіл күн шалмағанды шалады, қараңғы көңілге сәуле бере алады, суық көңілді жылыта алады». Осылайша әдебиеттің маңызы, міндеті жайлы, әр кездегі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері, олардың шығармалары туралы толғаныстарын білдіріп отырған.
Өзінің әдеттегі жинақы да қысқалықты бағдар тұтатын қалпын сақтай отырып, ұлы Абай мұрасы жайлы да ойын бір мақаланың аумағында сабақтаған. Абайға арналған «Жұлдызы өлең-жырдың сөнбейтұғын» атты мақаласын Ғ.Мұстафин 1971 жылы ұлы ақынның жүз жиырма бес жылдық мерейтойына арнап жазған. Жазушының 1978 жылы шыққан «Ой әуендері» кітабында басылып, кейін бес томдық шығармалар жинағының бесінші томына енгізілген. Мақалада Абайдың әдебиеттегі тарихи орны, ақындық тұлғасы жайлы сыр толғайды. «Әдебиет, шын мағынасындағы әдебиет жойылмайды. Өз тұсындағы қауым тіршілігін, табиғат тіршілігін кейінгі ұрпаққа, кейінгі қауымға жеткізіп беріп отырады. Осының мысалын алыстан іздемей-ақ, өзіміздің қазақтың фольклор, эпосынан немесе Абай шығармаларынан көріп, біліп келеміз» дей келіп, ұлы ақынның шығармашылығындағы ерен үлгі мен жан-жақтылығына, аудармашылық шеберлігіне тоқталады. «Абай шыңы бәрімізден жоғары тұр. Орыстың үлкен әдебиетшілері айтқандай-ақ Пушкиннің, Толстойдың орны бос тұр демекші, біздің Абайдың да орны бос тұр», дейді жазушы. Абай талантының қайнар көзі, даналық сипатының негізі жайлы ойын былайша өрбітеді: «Әрине ешбір шың тек өзі ғана тіп-тік шығып көтерілмейді. Шың неғұрлым биік болса, солғұрлым оны қоршаған төбе, шоқылар да көп болмақ. Абайды Абай еткен – алдымен өзінің халқы. Тастақ жерге өсімдік өспейді. Абайды өсіретін ортасы – әріден келе жатқан халықтың мұрасы. Шығыстан, Еуропадан алған білім нәрлері». Аз сөзге көп мағына сыйдырып айтылған бұл жолдарда тарихи баға, терең тұжырым жатыр.
«Еңбек жалыны, ой қанаты» деген мақаласында Ғ.Мұстафин біздің рухани мәдениетіміз жалаң тақырда өспегенін, оның терең тамыры, негізі прогрессивтік мәдени дәстүрімізде жатқанын айта келіп, бүгінгі қазақ жазушылары Абай дәстүрін, реализм мен гуманизм дәстүрін ардақтайтынын еске салады. Бұл орайда әдеби дәстүрді жаңарту, байыту дегеніміз ең алдымен өзіміздің классик – Абайдан еңбек адамына деген сүйіспеншілікті үйрену, туысқан халықтардың озық дәстүрлерін сыйлау секілді жақсы қасиеттерді қабылдап, оларды әлеуметтік жалынымен, ұшқыр ойлармен байыту екенін ұқтырады.
Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор