Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты мерейтойлық мүшәйра өз мәресіне жетті. Бірнеше жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі жыр бәйгесі биыл Абай рухына арналды.
Аламан жыр жарысына республикамыздың түпкір-түпкірінен 150 ақын қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Жанболат Аупбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы болды.
Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе, Бас жүлдені «Абайдың бұлағы» деген топтама өлеңдері үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Жанат Әскербекқызына (Нұр-Сұлтан) табыстады.
Бірінші орынды жас ақын Қабиден Қуанышбайұлының (Нұр-Сұлтан) «Арманы жоқ Абайы бар халықтың» атты өлеңдер топтамасы иеленді.
Екінші екі орынның бірін «Алаш», «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, ақын Исраил Сапарбай (Алматы) «Имани гүлдің төркіні» топтамасымен, ал екіншісін республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ақын Бақытжан Раисова (Өскемен) «Кемеңгер» өлеңдер топтамасымен жеңіп алды.
Үшінші үш орын белгілі ақындар Серікжан Қажидың (Алматы) «Ақылына жау емеспін Абайдың», Болат Үсенбаевтың (Алматы) «Абайнама», Ұларбек Нұрғалымның (Нұр-Сұлтан) «Ғасырлардың мінберінде – ұлы Абай» атты өлеңдер топтамасына берілді.
Бес ынталандыру сыйлығын Серік Әбілұлының (Нұр-Сұлтан) «Абай бол», Шәмелхан Бұхатханның (Нұр-Сұлтан) «Бір қонып қайтайыншы Жидебайға», Жігер Нысановтың (Ақтөбе) «Тірі жүрек», Қайрат Зекенұлының (Семей) «Абайға жүгін», Балтабек Нұрғалиевтің (Алматы) «Ұлылық» атты өлеңдері иеленді.