Еске сала кетейік, Халықаралық түркі академиясы биылғы Абай мерейтойы аясында онлайн-конференция өткізген болатын. Оған Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманқұлов та қатысты.
Конференция барысында қырғыз тілінде жарыққа шыққан «Абай» кітабы таныстырылды. Онда министр Азамат Жаманқұлов сөз сөйлеп, 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында бірқатар іс-шаралар өтетінін мәлімдеді. Атап айтқанда А. Осмонов атындағы Ұлттық кітапханада онлайн кітап көрмесі өтеді. Сонымен қатар Бішкектегі Қазақстан елшілігі, Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы және Мәдениет министрлігінің қолдауымен Абай орталығы ашылады.
Одан бөлек, министрдің айтуынша, 27 мамырда «Абай Құнанбайұлының әдеби және рухани мұрасының құндылығы» атты онлайн конференция өтеді. Оған бірнеше елдің ғалымдары қатысады.
Айта кетейік, Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырған конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, қырғыз халық артисі Түгелбай Қазақов, Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Қалыбеков, сонымен қатар Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан, Татарстан және Түркия елдерінің танымал түрколог ғалымдары қатысты.