Абай – поэзиясында мәдениет, дін, ілім, «терең ой, терең ғылым» тарих, өнер құндылықтары, асқан суреткерлік шеберлікпен жинақталған. Осындай бір «бәйітмысалы» - Жалын мен оттан жаралып, жарқылдап Рағит жайды айдар» өлеңі. Құран кәрім мен хадис ілімін терең меңгерген хакім Абай, рухани әлемінде ақиқат деп білген растықты шығармаларында келтіреді, яғни сөзді нағыз қайнарбұлағынан алып, асыл-түпкі мағынаға ақиқат дәлелдер келтіру, жақсылыққа шақыру мақсатында аят, хадистерден алынған сөздерді өз өлеңдерінде де қолданады. Прозалық жанр нақты сілтеме беруге, интермәтін (Т.О., Есембеков, Е.М. Солтанова, Абай поэзиясы және интермәтінділік, https://abaialemi.kz/post) орналастыруға кеңінен мүмкіндік беретіндіктен, Құран кәрім мәтінін сақтай отырып алынған аяттар (Абайдың отыз сегізінші қара сөзіндегі Құран мәтіндерінің берілуі мен мағынасы., Ы.,М. Палтөре, 2016) мен Абайдың өзі «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәссәламнің хадис-шарифінде айтқандай» деп нақты сілтеме берген хадис мәтіндерін пікірлеріне дәлел ретінде қарасөздерінде қолданған. Өлеңдерінде бұны тікелей, жанама, меңзеу, ишара түрінде, сілтеме көрсете отырып та, бейнелі-образды түрде де бейнелейді. Өлеңдері, қарасөздері, поэмалары, аудармаларында бір бүтіннің бөлшектері секілді эстетикалық көркемдік, жүйелілік, реттілік, өлшемге құрылған суреткерлік шеберлік ерекше дара әдеби стильге айналған. Осы орайда, ертеректегі, Абай шығармаларын әлі көп ешкімге ұқсата қоймаған кезеңде жазылғанымен, Абайдың батыс, шығысын қамтуымен, әрі Абай өлеңдерін толық алып сипаттама берумен құнды, 1923 жылы Ташкенттен шығатын «Ақжол» газетінде жарияланған татар ғалымы Абдрахман Сағдидың зерттеуінен үзінді келтіре кетейік: «Абайдың өзінен өлең шығарушылық дәуірінде ешбір халықтың әдебиетіне әм ешбір адамға еліктегендігі білінбейді». (abaialemi.kz. Абдірахман Сағди, Абай)
Классикалық шығыс әдебиетінде Құран кәрім мен хадистен алынған сөзді, «бейнелі оралымды» (Ә. Қайдар, 2003) өлеңге орналастырудың әдеби дәстүрі, әдісі болған. Екі жолды, бір бәйітке өте терең мағына сыйғызу өнерінде шығыс шайырлары алдына жан салмаған. Осындай өнердің бірі – аят, хадистерді поэзияда келтіру шеберлілігі. Шығыс әдеби дәстүрінде бұл әдеби тәсілдің өзіндік ережелері, өте нәзік эстетикалық талғам мен суреткерлік ұсталықты қажет ететін тұстары болған. Диуан шайырларының поэзиясында «иктивас» деп аталған осы әдеби әдісті қолданған бәйіттер барлығында дерлік бар.
«Жалын мен оттан жаралып, жарқылдап Рағит жайды айдар» өлеңінде мағаналық тереңдікпен қатар ілім бар, осы өлеңінде Рағыд сүресінің белгілі аяттарына меңзеу, ишара жасалған. Абайдың ақиқат деп білгендері, өз заманының мәдениеті, дәстүрі, өмір салты аясында, адамдар арасындағы қарым-қатынас әдебінен, әртүрлі мінез-құлықтардан мысалдар келтіріле отырып, шығармаларында көрініс тапқан. «Рағыт» ұғымына Абай шығармаларының 2005 жылғы басылымында мынадай түсініктеме берілген: «Жалын мен оттан жаралып» (1903) Өлең 1909 жылғы кітапта басылған. «Қуаты күшті нұрлы сөздің ерекше қасиетін толғайды. 244-245 бет, 2- том, 1977 жылғы жинақта Жарқылдап Рағит жайды айдар,- деп басылып, Рағит» деген сөз «Дін ұғымында найзағайды, жайды билейтін, күнді күркіретуші періштенің аты». Дұрысы: «Рағит емес, «Рәғид» (арабша күн күркіреу( гром) деген сөз. Құранның 13 сүресінде «әлрағыд» күн күркіреу деп аталады. (Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 245-б, «Жазушы», 2005).
Классикалық шығыс әдебиетіндегі тақырыбымызға тікелей қатысты әдеби дәстүр, көркемдік – эстетикалық стильді көрсету мақсатында 15-ғасырдың атақты шайырларының бірі Аһмед Пашаның бір бәйітінен мысал келтірейік. Ахмед Паша (ө. 902/1496-97) өз заманында «шайырлар сұлтаны» атанған Анадолы, Румда ғана танымал болып қоймай, тіпті атағы Хусейн Байқараның Гераттағы сарайына дейін жеткен шайыр. Жазба деректерде мынадай әңгіме айтылады: 15-ғасырда Алишер Науаи II-Баязитке 33 ғазалын жіберген екен, падишах бұларды Аһмед Пашаға оқытыпты. Науаидің өнеріне сүйсінген Аһмед Паша бұл ғазалдарға жазған назирасы да бар. Падишахтың Науаи өлеңдерін Аһмед Пашаға жіберуі дәуірінің ең мықты шайырларының бірі болғандығын көрсетеді. Аһмед Пашаны өзінен кейін келген шайырлар ұстаз санаған. Ахмед Паша төмендегі бәйітіне мағына тереңдігін қату үшін «Рағыд» сүресінің бір аятындағы ілімнен пайдаланған. Ол кезеңде аят, хадис мәтіндері өте танымал, барлық адамдар қандай аят, қандай хадис екенін өте жақсы білетіндіктен, бір түсініктеме беру артық саналған.
«Ағлар икен аһумыз ефлаке ирди рағыд-веш
Ол себебден гөк даһи иашлар дөкүп налан олур (газал, 79/4)
(Қазақшаға былай деп аудардық: Жылағанда аһымыз көккі жетті рағыд-тай, соған орай көк те көз-жасын төгіп, ағытты-ай» ) Бәйіттегі мағына жаңбырдың жауғаны жай кездегі біз білетін жаңбырдың жауу емес, «көктің біздің жылауымызға көз жасымен қосылуынан» деген әдемі себеппен байланыстырылған. (Zehra Pezük, The concept of “âh” in Ahmed Pasha divan)
Абайдың «Жарқылдап Рағыд жайды айдар» өлеңінің мазмұны мынадай: «Рағыдтың жайды (найзағайды) айдауы»; «жаңбыры жерге таралып, жасарып шығып гүл жайнауы»; «жайына біреу келсе кез, сор қайнауы»; «қуаты күшті нұрлы сөз, қуатын білген абайлауы»; «жалын мен оттан жаралған сөз ұғатын қайсың бар» деген риторикалық сұрақ; әрі қарай, «пария жиып, пара алғандар, қулық пен құбылдар» жөнінде айтылады; «түзелмесе шұғылдан»; «несі өмір, несі жұрт»; әу баста өлеңнің басында айтылған жай-найзағай дыбысымен дыбыстық жағынан үндесетін «қырт», «қаңғырт» сөздерімен өлеңнің аяқталуы. Өлеңде сырт көзге бір-біріне қатысы, байланысы жоқ секілді көрінетін табиғат құбылыстары мен адамдардың мінез-құлық әрекеті бірге айтылуының даналығы – осы өлең жолдарында келтірілген әртүрлі санаттағы жағдайларды байланыстырып, бір-бірімен қатыстырып тұрған – «РАҒЫД мысал- сөзі».
Рағыд сүресінің (13) 12-ші аяты «Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатын, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді, әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттарды жаратады». (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 250-бет)
«Күннің күркіреуі» жайлы, Рағыд сүресі 13-аят «Оны мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер де Оны ерекше құрметпен әрі қорқа отырып, ұлықтайды. Сондай-ақ, Ол қалғанының төбесіне жай түсіреді” (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 250-бет)
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Рағыд сүресі 17-аят «Ол аспаннан жауын жаудырады, сөйтіп, сай-саладағы өзендер мен жылғалар әрқайсысы арнасына қарай тасып ағады. ...Міне, Алла осылайша мысалдар келтіреді». (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 251-бет)
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Рағыд сүресі, 4-аят «Жер бетінде іргелес (алайда біріне-бірі ұқсамайтын) құрлықтар бар. Сондай-ақ, әр-әлуан жүзім баулары, егістік алқаптары мен бір түптен бірнешеу болып шыққан немесе дара біткен құрма ағаштары бар. Осылардың барлығы бір сумен суғарылады. Алайда Біз оларды (дәмі, иісі, түр-түсі, нәрлілігі мен сапасы жағынан) әртүрлі етіп, бірінен-бірін артық қыламыз. Міне, осылардың бәрінде ақылға салып ойланатын қауым үшін сөзсіз көптеген белгілер мен дәлелдер бар» (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 249-бет). 38-қарасөзінде Абай өзі келтіретін ғақлия (ой жіберіп ақылмен ойлау арқылы келтіретін) дәлелі: «Ақыл көзімен қара: «Күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрді дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рақат гүл-бәйшешектерді, ағаш жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбәтәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып жатыр екен....»
19-аят. «...Саған Раббыңнан түсірілген (Құранның) хақ екенін білетін адам мен (көкірегі көр, көңілі) соқыр адам тең бе? Дегенмен, ақылы һәм түсінігі барлар ғана ойланып, ғибрат алады». (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 252-бет)
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар? Ары қарай, «жалын мен оттан жаралған, қуаты күшті нұрлы сөз» бар екенін ескерткеннен кейін, «қулық» пен «құбыл», «партия жиып» іс қылып, «харекеті-әрекет» болған, жамандықта біріккен адамдар туралы айтылады.
Партия жиып пара алған,
Пейілі кедей байсыңдар.
Қулық пенен құбылдан.
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан...
Рағыд сүресі, 10-аят «Араларыңнан сөзін құпия түрде айтқан да, ашық айтқан да немесе түн ішінде жасырынған да, күндіз ашықтан-ашық бой көрсеткен де Ол үшін бірдей»; Рағыд сүресі 33-аят «Әрбір адамның не істеп, не қойып жүргенін, қандай сауап алып, нендей күнәға батып жүргенін толық көріп, бақылаушы Алла...» (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма, «Көкжиек» баспасы, 2015, 253-бет). Өлеңнің қорытындысында, Абайдың жай, найзағайдың жарқылымен үндесіп кететін жолдар келеді:
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт! Осы өлеңге әдеби талдауымызды Абайдың ақындық дәстүрін (Нұрқатов А, 1966) жан-жақты зерттеп, монография жазған ғалым Айқын Нұрқатовтың осы өлең жайында айтқандарымен қорытындыласақ: «...жаңашыл поэзияны Абайға дейін ешкім жасай алған жоқ, Абай классик-ақын деңгейіне көтеріле алды. ...Абай поэзиясы өзінің бейнелілігімен ғана емес, сонымен бірге музыкалық үйлесімімен, әуезділігімен де ерекшеленеді. «Жалын мен оттан жаралып» өлеңінде Абай «ж» дыбысынан басталатын сөздерден... құйылып тұрған, төгіліп тұрған жыр тудырған» (Айқын Нұрқатов, Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы, abaialemi.kz).
Абайдың тек табиғат құбылысының суретін өлеңмен салған «Жалын мен оттан жаралған», «Қуаты күшті нұрлы сөз» дегені секілді көркемдігін, бейнелілігін айтуға тіліміз, біліміміз жетпейтін басқа өлеңдерінде де мынадай керемет суреттер бар: «Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас», «қуаты оттай бұрқырап (сөз), "Жаңбырлы жайдай сырқырап, көк бұлттан үзілген»; Бір басқа өлеңінде Рағыд жоқ, тек табиғат құбылысының көркем сөзбен салынған мынадай суреті бар:
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай.
Көк торғындай аспан-көк,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.
Абай өлеңдерінде аят, хадистерде айтылған ақиқат-мағыналарға меңзеу, ишара жасалған дегенімізде, «діни өлең» деген ой тумаса керек. Абайдың «жалынмен оттан жаралып» өлеңі діни болмағаны секілді, дәл осы өлең жолдарында зевс те, «күнге табыну» да, мифология да жоқ. Бұлай деуіміздің себебі, Абайдағы «Рағыт» ұғымын зевспен байланыстыратындар да бар: «Рағит (арабша «Рәғид») - найзағайды, күнді күркірететін періштенің аты. Зевс - грек мифологиясындағы бас құдай, найзағай құдайы»; Күнге табынумен байланыстырған бір пікір: «Абайдың діни догматикаларды жоққа шығаратын Күнтану жайындағы көркемфилософиялық кемел сөздерінің бір парасы: «Жарқылдап Раһит жайды айдар...» Рағыд ұғымын Зевске, Күн құдайына ұқсатудың себебін Мағжан Жұмабаевтың «аналогия» туралы түсіндіруі ашып беретін секілді: «Аналогияның қате болуы екі зат , яки екі көріністің бір-біріне болмашы бір сында ұқсайды деп ой шығарудан болады. Мысалы, киімдері де ұқсас екі адамның білімдері де бірдей деп нәтиже шығару, әрине қате» (М. Жұмабаев, Аудармалар, ғылыми еңбек, мақалалар, Алматы, 2008, 3-том, 159-бет) ...әрине, салыстыру үшін заттарды тар тапта алсақ, олардың ұқсастықтары көп болады. Егер кең тапта алсақ, ұқсастықтары аз болады...(бұл да сонда, 151-бет). Абай «жалын мен оттан жаралып» өлеңінің мифология, күнге табыну, зевске қатысы жөнінде өзі 45-қарасөзінде былай дейді: «...әйтсе де, бұрыннан бақсы балгерге инанып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмапты. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар...: ...Бұған ұқсаған ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды. Осы мәтінде Абайдың пікірі (қай сөзге қандай баға беріп тұрғаны, оң көріп тұр ма, теріс көріп тұрма, қабылдап, мақұлдап, әлде қарсы болып тұрғаны) қарапайым бүгінгі әдеби қазақ тілінде, ешқандай ұғымға түсініксіз сөздер қолданылмастан, ашық, анық берілген. Абайдың мифология, ертегіге қатысы туралы өз өлеңдерінің қандай екенін айтқандарынан да біле аламыз.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.
Абай әр дәуірдің уақыттың талабына, жеке адамдардың білім, танымына қарай түсіндіріліп келеді, бұның көптеген объективті, субъективті себептері де бар. Абайдың «Жарқылдап Рағыт жайды айдар» өлеңіне әдеби тұрғыдан талдаудағы мақсатымыз – құры болжаудан гөрі, Абай мәтіндеріндегі фонемадан бастап, сөздік қор, сөйлемге дейін мәтіндегі тілдік бөлшектің бәрі, ілім, білім, ұғым, терминдер, Абайдың өзі көрсеткен сілтемелер (referense), цитаталардың мәтінде қолданылуы (fonksion referencial) секілді мәселелерге ғылыми тұрғыдан дұрыс түсінік берілуі, суреттеу мен суреттелген нәрсе (recit) арасындағы байланыстың анықталуы, осылардың бәрінің мәтіндегі орны мен қызметі және әдеби стиль, әдеби дәстүр аясында қарастырылуының маңыздылығына назар аудару. Тұп-тура ғалым А. Ж. Жаксылыковтың Абай шығармаларындағы діни мотивтер жайлы «...ответ могут дать только произведения самого Абая и только произведения» дегеніндей. («Поэтика и эстетика Абая» http://abai.kaznu.kz/ 2012).
Бану Мухияева,
Алматы, май, 2020.