Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Визуалды өнерде Абай әлемін бейнелеу» тақырыбындағы республикалық жас суретшілер байқауы мәреге жетті.
Кәсіптік білім кафедрасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шығармашылық сайысқа колледж және мектеп бітіруші түлектер қатысып, өздерінің тырнақалды туындыларын ұсынды.
– Байқауға қағаз бетіне немесе кенепке түрлі-түсті бояумен немесе графикалық құралдармен Абай Құнанбайұлының шығармаларына арналып салынған жұмыстар қабылданды. Суретті салуға бар болғаны 2 сағат уақыт бөлінді. Zoom платформасы арқылы комиссия мүшелерінің бақылауымен қатысушылардың туындылары бағаланды. Алғашқы сайысқа 26 жас талап қатысып, бақтары мен баптарын сынады, – дейді Кәсіптік білім кафедрасының меңгерушісі Рахия Дарменова.
Онлайн форматта өткен шығармашылық сайыста бірінші орынды «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбындағы картинаны салған Қызылорда облысының Арал ауданындағы №260 мектептің 11-сынып оқушысы Фарида Жолмырзаева иеленді. Екінші орынға «Абайтану» туындысымен дайындық курсының тыңдаушысы Бүлдіршін Тұрдыбай лайық деп танылса, үшінші орын «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты суреттің авторы Алматы технология және флористика колледжінің студенті Меруерт Садықоваға бұйырды.
Сонымен бірінші орын алған бойжеткен Қыздар университетінде оқуға бір жылдық оқу ақысына 50 пайыздық, екінші орын алған қыз 25 пайыздық және үшінші орын алған қатысушы 15 пайыздық жеңілдік алады.
– Абай туралы, оның поэзиясы жайлы аз айтылған жоқ. Алайда, бүгін мен болашақтың алтын діңгегіне айналған ойшылдың тұлғасын толық танып үлгердік деу асығыстық. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығармалары әлі де баршылық. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек. Адамзаттың ақылманы ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қандай болатынын көрсетті. Сынады, сынау арқылы ұлтының өсіп-өркендегенін көздеді. Абайдың ерекшелігі – надандықтың орнына білімпаздықты, тайталастың орнына татулықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, халқымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Ақын мерейтойы қарсаңында тұңғыш рет ұйымдастырылған байқау Абай ұлылығын жастар арасында кеңінен дәріптеуді мақсат тұтудан туындады, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
АЛМАТЫ