Ұлы Абайдың өмірі мен асыл мұрасын насихаттау Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығына орай өткен жылы жаңаша сипат алды. Мемлекет басшысының тікелей өзі қатысып, елімізде ғана емес, шетелде де қолдау тапқан ақын өлеңдерін оқу акциясына алғашқы күннен бастап Ұлттық кітапхана да белсене атсалысып келеді. Әсіресе, біздің ұжымның өткен жылдың тамыз айында Афинада өткен Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс аясында «Абай – ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш ұйымдастырғанын атап айтар едім. Салтанатты шара еліміздің Грециядағы елшісі А.Ю.Волковтың құттықтау сөзімен ашылды. Жиналғандар ұлы ақынның өмір жолы және асыл мұрасымен таныстырылып, экран арқылы арнайы көрсетілім (слайд-шоу) ұсынылды. Абай Құнанбайұлының әлем тілдеріндегі өлеңдері оқылып, «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас» әндері шырқалды. Грек елінің Ұлттық кітапханасының алтын қорына және қазақстандық елшілікке Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағының көшірмелері мен ақын шығармашылығы жайындағы кітаптар сыйға тартылды.
«Абай – ұлы даланың ақыны» әдеби кешінің ежелгі грек жерінде, ұлы ойшылдар Гомер, Сократ пен Аристотельдің елінде өтуінің де ұрпаққа тәрбиелік тағылымы терең оқиға екені даусыз. Адамзат өркениетінің қазақ халқының бай рухани мұрасымен іс жүзінде хәкім Абайдың арқасында танысқаны мәлім. Сондықтан осы сапарда да біз ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, дана ойлары мен дара көзқарастарын шетелде мейлінше кең тарату ісіне нақты үлес қосу мақсатын көздеген едік. Ал, дүние жүзі кітапханаларының жетекшілері бас қосатын халықаралық конгресс Абай мұрасын насихаттау үшін таптырмас мүмкіндік болатын.
Төл шығармаларында ежелгі заманды, көне тарих пен ескінің сөзін оқтын-оқтын тілге тиек ете отырып, хәкім грек халқының рухани тәжірибесін зерделейді. Ежелгі эллиндердің өнері, философиясы мен тарихы туралы өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде айтқандары оған грек классикасының рухы жақын әрі түсінікті болғанының айғағы. Абай өзінің жиырма жетінші сөзінде сұхбатқа қатысушылардың бірінің атынан былай дейді: «Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын».
Ұлы даланың көшпелі әлемі «Одиссея» поэмасында қарсылас жақтың құндылықтарына шынайы адамгершілік тұрғысынан баға беретін Гомерге де белгілі болған. Грек ойшылының даналығы сонда, ол сақтардың аң стилі дәстүрінде дүниеге келген көшпелі елдің өнер туындыларын мадақтай отырып, қайшылықтардың тігісін жатқызуға, жуыспас жақтарды жақындастыруға тырысады. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы деп ғаділетті» деген терең адамгершіл өсиет қалдырған Абайды бүгінгі ұрпақтары ұлттар мен ұлыстар арасындағы зор мәмілегер ретінде құрмет тұтамыз.
Мемлекет басшысының жыл басында ұлт айнасы «Егемен Қазақстан» газетінде және басқа да ақпарат құралдарында жарияланған «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлы дала ақынының шығармашылығын жан-жақты зерттеу мен насихаттау жұмысының бағыт-бағдарын айқындап берді. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз, - деп ой түйеді мәртебелі автор. – Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты».
Олай болса, еліміздің кітапхана саласындағы ғылыми-әдістемелік орталығы әрі оқу мен білімнің ордасы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына жүктелер жауапкершілік жүгінің де жоғары екені айқын. Мәселен, бізде қазір 122 тілдегі 7 милионға жуық кітап сақталса, оның 30 мыңнан астамы сирек кітаптар мен қолжазбалар болып табылады. Соның бірі – Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы 1909 жылы Петербургтегі И. Бораганский баспасынан жарық көргені мәлім. Асылы, ақын шығармаларының барлық жинақтарына 1905, 1907, 1910 жылдарғы Мүрсейіт қолжазбаларымен қатар аталмыш тырнақалды кітап негіз етіп алынып келеді.
Абай тұлғасын ұлықтауға байланысты Ұлттық кітапханада өткен жылы қолға алған ауқымды жұмыс биыл одан әрі сәтімен жалғасуда. Мәселен, жыл басында, нақтырақ айтқанда, 16 қаңтарда Ұлттық кітапханада «Абай» әдеби орталығы ашылды. Мақсатымыз қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушының әрі алғашқы классигінің рухани мұрасын кең таныстыру және насихаттау болып табылады. Ашық қор тұрпатында жұмыс жасайтын орталықтағы ақын шығармалары мен ол туралы басылымдар, сирек әндердің ноталары мен күйтабақтар ұдайы толығып отырады. Өйткені, қазақстандық әдебиетшілер мен жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың Абай тақырыбына қалам тартпағандары кемде-кем және оның жалғаса берері де айқын.
Адамзаттың барша ұлы тұлғалары секілді иісі адам баласына деген сүйіспеншілікті өсиет еткен Абай мұрасының, ақын тағылымының шығармашылық адамдарын қызықтыруы заңды құбылыс. Оқырмандар мұндай орталықтың ашылуы әртүрлі мәдени-көпшілік және тарихи-танымдық шаралар өткізу мен жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін жақсы мүмкіндік екенін айтуда. Мәселен, осында ұлы ақын жайында ғалымдармен, ақын-жазушылармен түрлі кездесулер, танымдық лекциялар, тақырыптық конкурстар мен көрмелер, экскурсиялар тұрақты түрде өтіп, өнер ұйымдарының Абай туралы қойылымдарынан үзінділер көрсету, рухани мәселелер бойынша телехабарлар түсіру дәстүрге айналады.
Ұлттық кітапханадағы мерзімді басылымдар, шетел әдебиеті, диссертациялар және өнер бөлімдерінде де оқырмандарға Абай көрме-бұрыштары қызмет көрсетуде. Ақын өзінің ең басты миссиясы – туған халқын озық ұлт ретінде қалыптастыру мақсатын барша адамды сүю қағидаты мен жоғары адамгершілік құндылықтар негізінде жүзеге асырды. Көшпелі жұрттың тіршілігіндегі заман иығына түскен және өз басы қатерін айқын сезінген қауіп-қатерлер оны қатты қапаландырады. Хәкімге елінің лайықты ертеңі үшін «қайран қазағын» қараңғылық пен надандықтан, яғни азып-тозу азабынан құтқару қажет болды. Ол замандастарынан ерте оянды және ұлы даланың басына түсетін күштеп ұжымдастыру, қасақана ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіндер секілді орны толмас нәубеттердің апатын ерте көре біліп, у ішкендей жүрегі сыздады.
Сондықтан ұлы Абай сол кездегі Семейдегі кітапхана арқылы шығыс пен батысты танып, ғылым мен өнер іздеп, олардағы өнегелі істі ел-жұртының құлағына құйғанша асығады. Осы жолда ақын «Қиналма бекер, тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ – ойға олақ» немесе «Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» деп іші өрт пен дертке толы. Амал қайсы, қарындастары арасында ұлы замандастарын түсінерлік жан аз болып, ол өз өлеңдерінде «жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп, ел келешегіне зор үміт артады. Қазір ғылыми қызметкерлеріміз Абай өмірі мен шығармашылығына, оның туыстық және ақындық айналасына қатысты бірнеше кітап пен библиографиялық көрсеткіш әзірлеу үстінде.
Абайдың жаңа жазба әдебиетіміздің негізін салуында дүние жүзінің ұлы ақындарынан, яғни олардың кітаптарынан үйренгенінің пайдасы зор болды. Хәкім білім мен ғылымды «ерінбей оқып, білуді, тіленбей тірлік кешуді, әділетті болуды» аманат етті және бұларды бақыт биігіне жетудің баспалдақтары деп санады. Ал, кітап пен кітапхананың әрбір адамның көкірек көзін ашып, өмір мәнін ұғынудағы орны ерекше екені белгілі. Біз оқырмандармен, жалпы жұртшылықпен кездесулерде бұл жайында нақты мысалдар арқылы жеткізуге тырысамыз. Демек, «жастар интернет тұрғанда кітапты қайтсін, бәрін ғаламтордан алады» деу мүлде ағаттық.
Кітапхана қызметі де, әлбетте өткір бәсекелестік талабына шапшаң бейімделуі аса қажет. Дегенмен, интернет, қанша ұшқыр болса да, кітапты алмастыра алмайды. Бұлай деуге нақты дәлелім де жеткілікті. Мәселен, Ұлттық кітапханада жыл сайын Қазақстан кітапханалары басшыларының республикалық Кеңесін өткізу дәстүрге айналған. Осы басқосуларда әріптестер ақпараттық технологиялар заманындағы кітап пен кітапхананың жай-күйін кең отырып, ашық талқылаймыз және олардың нәтижесі кітап пен кітапхананың мәртебесін биіктете түсуде. Соған орай жұртшылық біздің ұжымды ертеңгі ғалымдар мен елжанды қайраткерлерге рухани қазына кілтін ұстатып, олардың болашақтарына өріс ашып, білім сапарына жолдама беріп отырған парасат ордасы ретінде танып біледі.
Абай секілді ұлы адамдар оқып, кемелденген кітаптар мен кітапханалар әрбір мәдениетті жан үшін іс жүзінде ақыл мен ойдың, қайрат пен парасаттың орталығы ретінде қымбат. Ендеше, адам ғаламторда шырмалған кезеңде де өркениет қазынасы сақталған кітап пен кітапхананың ақпарат көзі ғана емес, жаңа айтылғандай, оқырманның «диалог алаңы» әрі рухани ақылшысы екені жалғыз менің ғана пікірім емес. Бұл, тіпті кітапханашылар ғана емес, барша оқырман қауымның көзі жеткен шындық: тап кітаптай дос табу екіталай. Біз кітап арқылы жаңа, сырмінез таныстармен жүздесеміз, олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге деген саналуан көзқарасына қанығамыз. Өзіміздің өмірлік ұстанымдарымыз бен ой-пікірлерімізді автордың және оның кейіпкерлерінің жеке көзқарасымен, сондай-ақ жүріс-тұрыс, мінез-құлқымен салыстырамыз.
Абай «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» немесе «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес» десе, сондай адал достың бірі тағы да кітап пен кітапхана екені күмән келтірмейді. Шыны керек, екпіні ересен ақпарат айдыны – ғаламтор толқынында бір жұтылып кетсеңіз, оның қайта босата қоймас тұңғиық, иі жұмсақты илеп жіберер иірім екені анық. Адам өмірі оқып, тоқумен әлдеқайда мәндірек және кітаппен кездесу біздің әрқайсымызды өркениет теңізіне бойлатып, адамзат ақыл-ойы мен ұшқыр қиялының асыл қазынасын мегзейді. Ол, сондай-ақ ұлы тұлғалармен жолықтырып, олармен өзара қызықты да тартымды сұхбат құруға шақырады.
Ал, нағыз мәдениетті әрі рухани терең болғысы келген замандас кітап әлемін шарламай тұра алмайды. «Мыңды жығатын» білім сапары қолымызға алғаш әліппе ұстаған күннен бастап, мектеп және ауыл кітапханасымен достастырады. Бұдан әрі ол халық рухының қазынасы тұнған аймақтық, салалық және Ұлттық кітапханада жалғасады. Ежелгі Отырар, Александрия мен Бағдат кітапханаларының енді қайтып оралмасының өкініш туғызатыны да, өркениеттің зор жетістіктерінің бірегейі ретінде біздің ойымызда кітап тұратыны да содан. Тіпті, қазіргі техника мен технология дамыған кезеңде, ғаламтор қанша қыспаққа алса да, сырлас дос – кітап құпиясы оған ден қойған адамға әрқашан жаңа қырынан таныла түспек.
Қазір кітапхана қызметін пайдаланушылардың көңілдерінен шығу мен оқырман тарту ісінде бізді толғандыратын ең бірінші мәселе – саланың нормативтік-құқықтық негізінің жетілмегенінде болып отыр. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» заңында кітапхана қызметіне қатысты бір ғана 24-ші бап бар. Халық руханиятының осы бір саласының ілгері басуы үшін, біздіңше, аталмыш баптың санын, яғни аясын кеңейту немесе өз алдына дербес, жеке заң қабылдау керек. Өйткені, қолда бар нормативтік құжаттар мен заң актілері кітапханалардың ақпараттық және мәдени-танымдық, оқу-тәрбиелік білім беруге бағытталған қызметін толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Бір сөзбен айтқанда, адамзат әлеуетін дамыту жолында, оның Абай секілді ұлы тұлғаларының, зияткерлік, рухани, көркем мұрасына қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсат етіледі. Айталық, кітапхана кеңістігінде «Абай» әдеби орталығын ашу сияқты жұмыс әдістері тұлғааралық диалог қалыптастыруға көмектеседі деп білеміз. Бұл үшін мемлекеттік және халықаралық бағдарламаларға қатыса отырып, өзіміздің әлеуметтік міндеттерімізді мейлінше толыққанды іске асыруымыз қажет. Демек, кітапханалық қауымдастыққа топтасу саланың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге, ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға және кітапханалар жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға көмектеседі.
Ал, қойылған міндеттерді табысты орындау, шынында да, мамандардың біліктілігі мен қарым-қабілетіне тәуелді. Өкінішке қарай, біліктілігі кітапхана саласының заманауи талаптарына сай келетін қызметкерлердің тапшылығы жұмысқа елеулі кедергі келтіруде. Еліміздің көпшілік кітапханаларында 9 мыңнан астам адам еңбек етсе, соның әрбір үшіншісінің арнаулы білімі жоқ. Балалармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасауға қабілетті кітапханашылар, басқарушы менеджерлер, кітап реставраторлары және басқа да маман кадрлар өте тапшы. Айталық, республикада «кітапхана ісі» бойынша маман даярлайтын 9 жоғары және 13 арнайы орта оқу орыны болғанымен, олар жыл сайын талапкерлерді қажетті мөлшерде қабылдай алмай отыр.
Қазір халқымыздың Абай сияқты ұлы тұлғаларының мұрасымен кітапханаға арнайы келмей-ақ, қашықтықтан танысуға мүмкіндік бар. Айталық, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ашылған «Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхана» жыл сайын әлемнің 115 мемлекетінің 120 мыңнан астам пайдаланушыларына қызмет көрсетеді. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ, Франция, Аргентина, Чили сияқты елдердің азаматтары бар. Қазір онда Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен көркем әдебиетіне қатысты 30 мыңнан астам электрондық-цифрлық контент (кітаптар, ғылыми еңбектер мен сирек басылымдар) жинақталған.
Ұлттық электрондық кітапхана азаматтардың дүниежүзілік өркениет құндылықтары мен білімге қолжетімділігін, объективті және жан-жақты ақпарат алу құқын жүзеге асыруға көмектеседі. Бұған қоса өз тарапымыздан басылған мәдени мұрамызды мейлінше кең танытуға байланысты халықаралық «Әлемдік цифрлық кітапхана» және «Еуразияның алтын колекциясы» жобаларына қатысамыз. «Сирек кітаптар мен қолжазбалардың электронды қорын» ұйымдастырдық. Бұған қоса «Қазақтың классикалық әдебиеті», «Қазақстанның қазіргі әдебиеті» электронды кітапханаларының ресурстары кез-келген оқырман үшін қолжетімді болып табылады.
Жақында ұлы Абайдың өмірі мен мұрасын шет елдерде де кеңінен насихаттау мақсатындағы Еуропа сапарынан оралдық. Бұл ауқымды жоба республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктерінің қолдауымен ойдағыдай жүзеге асырылды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның жетекшілігімен басталған сапарға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Солтүстік Қазақстан, Түркістан мен Алматы облыстық және Алматы қалалық кітапханаларының директорлары Бейбіткүл Әбілмәжінова, Шәрбану Динасилова, Ғалия Тоқабаева, Роза Қабиева және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы сапарға жиналғаннан бастап, шетелде Ұлы Абайды ұлықтаған және алыс жолдан елге қайтар күндерде мұқият әрі тиянақты ұйымдастырушылық жұмыс пен әріптестерге деген сергек көзқарастың куәсі болып, елге ерекше ризашылықпен сеніммен оралдық.
Ұлы ақын Абай мұрасын шет елдерде дәріптеу сапарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы осы жобаның жетекшісі Үмітхан Мұңалбаеваның орасан зор творчестволық ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады.
Абайдың асыл сөзінің батысқа сапары барысында Чехияның Прага қаласындағы Клементинум атындағы Ұлттық кітапханасында осы елдегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері М.М. Тәжиннің қатысуымен «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. Шараға қатысушылар, сондай-ақ халқымыздың ұлттық қолөнер туындыларымен танысып, қазақтың қонақжай дастарханынан дәм татты. Бұдан әрі ұлы ақын мұрасымен Венгрия, Словения және Германия мемлекеттері жұртшылығы мен жерлестеріміз «Әлем таныған Абай» көрмесімен танысып, Абай оқуларына қатысты. Барлық шарада Қазақстанның аталған елдердегі төтенше және өкілетті елшілері Ж. Ж. Әбдірәшев, Р. Ю. Васильенко, Д. Кариповтың бізбен бірге болып, жан-жақты қолдау көрсеткенін ризашылықпен атап айту парызым.
Білім мен ғылымды жырлаған Абай шын мәнінде жаңашыл, ренессанстық тұлға. Ол туған халқын өркениетті елдер қатарынан көруді армандады. Жасампаз өмірді дәріптеп, әсіресе адам баласына деген махаббаты ерекше ардақ тұтқан ақынның қайраткерлік тұлғасы әрқашан асқақ. Себебі, біздің Абай – зор шапағат пен мейірім иесі. Ол, тіпті еліне көмектесуді ойлап, төрт мәрте болыс, екі рет би болып сайланып, он сегіз жыл билік тізгінін ұстайды. Мұндай қайраткерлер тарихта санаулы ғана, яғни әр халықтың өз Абайы бар және осындай біртуар тұлғалар арқылы біз дүние жүзіне таныламыз. Хәкім шығыс пен батыстың, дүние жүзінің әдебиетін жақсы білді. Ол қазақша сөйлеткен Пушкин, Лермонтов және Байрон мен Гете ұлы даланың көркем сөзімен, төл өнерімен біте қайнасып кетті.
Ғұлама Мұхтар Әуезов өмірінің үлкен бөлігін Абай мұрасын зерттеп, абайтану ілімінің негізін қалауға арнады. Жазушының "Абай жолы" романы уақыт сынынан қорықпайтын классикалық туынды. Мемлекет басшысы «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың халқымызбен мәңгі бірге екенін, ұлы ақынды түсіну үшін сондай биікке көтерілудің қажеттігін атап көрсетті. Абай арманы жоғары этикалық және адамгершілік қағидаттарды паш етеді. Ол халқымыздың ары мен намысы, ақылы мен жүрегі. Ұлы ақынға ең жақсы тарту оны жаңа ұрпақтың түсіне алуында десек, Ұлттық кітапхана ұжымы да осынау абыройлы іске атсалысып, айтарлықтай үлес қосуды өзіне ардақты міндет санайды.
Бақытжамал Оспанова
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры,
Қазақстандық кітапханалық одақтың төрағасы