Ғасырға жуық тарихы бар білім ошағына 1934 жылы Лейпциг процесінен кейін КСРО-ға келген болгар революциясы көсемдерінің бірі Георгиий Димитровтың есімі берілген. Таяуда мұғалімдер ұжымы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, мектеп атауын өзгерту туралы бастама көтерген. Ұстаздардың ұсынысы құзырлы органдар тарапынан қолдау тапты. Кеше ғана өткен облыстық мәслихат отырысының шешімімен Федоровтағы екі бірдей білім мекемесінің атауы өзгертілді. Димитров атындағы №1 мектепке Абай Құнанбайұлының аты берілсе, №2 мектеп Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталатын болды.
– Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор. Сондықтан ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында бүкіл ұжым болып игі бастама көтеріп, мектепке Абай атын беру туралы ұсыныс жасадық. Бізде орыс мектебі орысша, ал қазақ мектебі қазақша аталуы керек деген қате түсінік бар. Мысалы, Максим Горький атындағы орыс мектебі, Сырбай Мәуленов атындағы қазақ мектебі деген сияқты. Қазір қоғам өзгерді. Абай мұрасы – барша қазақстандықтарға ортақ құндылық. Сондықтан алдағы уақытта арнайы үйірме ашу жоспарда бар. Бұл оқушылардың ұлы ақынның шығармашылығын ғылыми-танымдық негізде тереңірек меңгеруіне мүмкіндік береді, – дейді мектеп директоры Татьяна Левит.
Қостанай облысында бұған дейін ұлы ақынның атымен аталатын жалғыз-ақ мектеп бар еді. Ол – өткен жылы ғана мектеп-гимназия мәртебесін алған Арқалықтағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын білім ошағы.
Егемен Қазақстан