АБАЙ БАЙ БОЛҒАН БА?..

Хакім Абайдың сөзі ғана емес, өмірі де ғибратты, төменде оның «Абай бай болған ба?» деген бір қырын қозғамақпыз. Құнанбайдай шонжардың баласы, жуан тұқымнан болған соң, осындай сұрақтың тууы заңды. Бірден айтайық, Абай інісі Оспанның дәулетін еншілеген 1894 жылға дейін асқан байлар қатарында болмаған.

Тобықты ішінде Абайдың шапағаты тиіп байығандар аз емес. Мұхтар Әуезов 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» атты зерттеу мақаласында жазады: «...Абай енді өз замандастарынан дос іріктей бастады. Сол ретпен тапқан кісілері: Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Ербол, Әкімқожа т.б.». Міне, осы аталған Оразбай, Жиренше, оның інісі Күреңше Абайдың ығында жүріп, елеусіз хәлден белгілі адам дәрежесіне жеткенде, малданып, мейлінше байығандар. Әрқайсында мың-мыңнан жылқы болған. Оразбай бертінде жылқы санын үш мыңға жеткізіпті. Өз туысы Тәкежан, Оспан, Әзімбайлар жайлы да осыны айтамыз. 

Табыстың, дәулеттің көзіне әркім өз соқпағымен жетеді. Ынта-жігерімен  кіріскен кісі баюдың мәнісін неге таппасын. Шәкерім «Шын бақтың айнасы» деген қарасөзінде қайтсем баққа (қазіргі лексикада - бақыт дейміз) жетем деп неше түрлі істерді істегенін айта келе, соның бірі – дәулет жайында былай деп жазады: «...Мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіңдей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, Тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым». Сол сияқты Оразбай, Тәкежандар шашаусыз   үнемшілдік, асқан малсақтықпенен, Жиренше, Дүтбайлар ел дауы, жүгініске көп араласып, билік айтуменен, ал Құнанбайдың Оспаны Қоянды жәрмеңкесі арқылы «сауданың тегін» табу жөніменен байыған. Мысалы: «...Осы ретпен істеген саудадан Оспан тез арада көп мал құрап байып алады, – деп жазады Әрхам Ысқақов. – Жылқы мың жарым, түйесі үш жүздей, қойы екі-үш мыңдай болды».  

Бүгінгі қазақ қоғамында ар-ұятты жиып қойып, тек пайдаға, дәулетке  ұмтылғандар қарасы қалың. Солар ғибрат алса деген ниетпен айта отыралық, Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген асыл қағиданы жасынан ұстанған.

Егер сауданы, байлықты мақсат тұтса, ол да ағасы Тәкежан сияқты ірі бай болар еді. Бірақ жігіт Абай бар ынтасын басқаға, мойын бұрғызбайтын, таусылмайтын ұзақ міндет – ел жұмысына салды. Тете інісі Ысқақты да тазалық пен әділетке баулып, қақпайлап отырыпты.  Әрхам Кәкітайұлы ондаған жыл болыс болған туған атасы Ысқақ жайында «орташа дәулет иесі болды» дейді. Сондықтан қолы ашық Оспан екі ағасына қысқы соғымдарың деп біраз жылқысын беріп отыруды әдет қылыпты.

1884 жылғы қырсықты болыстық сайлау естеріңізде болар. Сол жолы Оспан орнына күтпеген жерден Күнту Шоңқаұлы болыс сайланады. Ел аң-таң қалып, тіпті ояздың қатыны да «көтек» деп (оның «как так!» дегені осылай естілген ғой) саңқ ете қалыпты. Бұл атқамінер орта мен Абайдың арасында терең ор қазылғанының алғашқы белгісі еді. Неге? Бір жағынан, бұл кездерде байтақ білім иесіне айналған Абай кешегі дос-жаранды өзіне тең көре алмады («Менсінбеуші едім наданды, Ақылсыз деп қор тұтып»), екінші жағынан, ірі байға айналған кешегі достары да «дәулеті жоқ, тергеуден көз ашпаған, әрі орысшыл пақыр» деп мұрнын шүйіре қараған болатын. Реті келген соң айта кетейік, Абайдың ел мінезіне, атқамінер ортаға деген көзқарасы 1880 жылғы «Жаңа закон» өлеңінен алақанға салғандай көрініп тұр. 1884 жылғы сайлаудан соң оларды аяусыз сынға алуы, қатты шүйлігуі заңдылық.  Әрине, бұл жалғыздық трагедиясының да басы болды.   

Сонымен, Абай мал жимаған. Мұны Мұхтар Әуезов: «Абайда ешбір уақытта үлкен байлық болған емес, қайта өмірінде талай рет «шағын дәулет», «шолақ дәулет» дейтін күйлерге жақын қалып жүрген» деп атап айтады.  Бірақ Мұхаңның «шолақ дәулет» дегені – кедейшілікке тақау деген сөз емес. Көшпелі қауымда шағын дәулет иесі деп кемінде 200 жылқы, 15-20 түйе, бір отардай қой біткен кісіні айтқан. 

Абай бай болмаған дегенге бүгінгі оқырман таң қалуы мүмкін, «е, неге?» деп.  Сондықтан тарқата айтайық. 

1878 жылдан соң Абай болыстық қызметке сайланған жоқ (12 түрлі айыппен істі болуына орай). Бұл тұрақты кіріс көзі – жалақыдан айырылу деген сөз. Қазақта малдан өзге байлық көзі болмаған. Сол мал саудасынан түскен кіріс, қаржыны Абай балаларды оқытуға жұмсады. Әлихан Бөкейханов өзінің 1905 жылы жарияланған «Абай Құнанбайұлы» атты мақаласында былай деп жазады: «Екінші баласы Әбдрахман қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып, Тюменьдегі реальды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі». Әбіштің Петербордағы оқуы бұдан да қомақты қаржыны талап еткені аян.

Оған қоса, Абайдың мал құрауға ынта, пейілін салмағанын,   үй шаруасына қырсыз болғанын да айта отыралық. Бірінші сөзінде: «Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын» десе, бұл ә бастан-ақ өмір ұстанымы сияқты нәрсе. Тағы бір айтары, атасы Өскенбай да, әкесі Құнанбай да әуелде тақыр кедейге тақау жүрген. Мал-дәулет абырой-беделмен бірге кейіннен келген.  

Қызығы сол, қарапайым көпшілік Абайды ешқашанда «дәулетсіз» демеген, керісінше, Тобықтының ірі бай-мырзасы санаған. Неге? Мұның өзіндік себептері бар. Аятта: «Алла тағала қайсы бір пендесін дәулетті, құрметті қылды, қайсы бір пендесін қор да кем де қылды» (сүре Әл-Ғымран) деген. «Рақым – Алладан, пейіл – адамнан» деген халық нақылы да осыны растайды. 

Пейілге кедей байлардың арасында мырзалық жолын ұстанған Абай сырт көзге, әрине, шіріген бай болып көрінген. Өйткені, құдайы қонақты құшақ жая қарсы алу – қонақжайлылық сонау үй болып, Ақшоқыда отау көтергеннен қалыптасқан  Абай дағдысы болған. Бізге белгілі естелік жазбалар сол кездерден ақырғы демі таусылғанша бұл шаңырақтан қонақ үзілмегенін паш етеді. 

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда (1886).

Бұл жасы 40 асқанда айтқан сөзі. Онан ақын-азамат үйінен қонақ арылмағанын да аңдауға болады. «Арызын, арманын айтушы Арғын, Найман, Керей, Уақтың адамдары – ағылып келіп, кетіп жатады» (Әрхам). Жақын айналасы араша сұрап я басқа да шаруасымен келгіштесе, алыстан ат арылтқандар «біз Абайдың жүзін бір көрмекке келдік» деседі екен.

«Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?» демекші, кім кең пейіл, жомарт болса, шын бай да сол. Ақыл-парасатына мәрттігі сай Абайдың дәулеті де баршаның көзіне зорайып көрінгені содан, білем. Бүгінгінің шірік байшікештеріне ой тамыздық – Абай мал жимады, еш уақытта байлық пен мәнсапты мақсат тұтпады (олар – Құдайдың бұйыртқан несібесі мен рахметі Абайды өздері іздеп тапты). Қазақтың ұлттық буржуасы халыққа шапағатын төгудің орнына «шық бермес Шығайбайға» айналып бара жатқаны өкінішті. Абай айтқан: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген үкімді бұл пақырлардың есіне сала отырайық.  

Қорыта келгенде, Абай «шолақ дәулет» иесі ғана болған («шіріген бай болған» деп алдарқату кімге керек). Жоғарыда айттық, тек 1894 жылы Жидебайға тұрақтаған соң ғана үлкен дәулет иесіне айналды (Оспан жиған дәулет негізінен Еркежан мен Абайға еншіленді). 

Негізі, «Абай аса ірі бай ма, әлде орташа бай ма?» деген айта қаларлық маңызға ие мәселе емес. Өйткені, ұлт ұстазы Абайдың көрсоқыр сараңдық «вирусына» бой алдырмауы – ең алдымен Тәңірінің берген асқан ақылы мен  өткір сезім-түйсігінің арқасы. Анығы, Абай – қазақ ренессансының атасы. Ол – Тәңірілік миссия.   

Асан Омаров