Абайдың 175 жылдық мерейтойы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын бөлетін қаражат аясында тойланады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз мәжілісінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.
«Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Мысалы, Абай атындағы Опера және балет театры гастрольдік сапарларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетеді», - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі 2020 жылдың 21 қаңтарында Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" театрында өтеді. Абай шығармаларының жинағы 10 шет тілінде шығарылады, сондай-ақ Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі қойылымдық фильм түсіріледі.
«Биылғы жыл қазақ үшін ерекше, айтулы жыл. Ағымдағы жыл елдігіміз бен руханиятымыз үшін аза маңызды. Мелекеттік қана емес, халықаралық дейігейде атқарылатын зор міндет жүктеліп отыр. Абай есімі, Абай мұрасы, Абайдың өнегесі мен өмір жолы әр қазақ үшін қасиетті, қадірлі. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп қазақтың қамын қара басының қамынан жоғары қойған ұлы ақын шексіз құрметке ие. Биыл осы мерейтой аясында 500 ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар», - деді ол.
2020 жылы тамызда Семейде "Абай мұрасы және әлемдік руханият" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, оған танымал отандық және шетелдік ғалым-абайтанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысады.
Сондай-ақ Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығын мұражайландыру, ақынның есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра нысандарын ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Оқу орындарында ашық сабақтар, тақырыптық шығармалар, баяндау және Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу байқаулары өтеді. Республиканың барлық аймақтарынан "Абай жеріне саяхат" атты экскурсиялық турлар қарастырылған. Ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, Абай оқулары, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай шығармашылығын жақсы білуіне және оның шығармаларын орындауға арналған семинарлар мен конкурстар жоспарланған. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Сондай-ақ, Абай шығармалары бойынша жалпыұлттық диктант өткізіледі. Бішкекте Абай ескерткіші ашылады.
Abai.kz