Б.ЖҮНІСБЕКОВ: АҚИҚАТ ҰШҚЫНЫ

«Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,

Абайлар әрбір сөзді өз халынша...»

Абай

 

 

 

А Қ И Қ А Т    Ұ Ш Қ Ы Н Ы

 Республика Президенті Қ.К.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық  диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызына баса назар аударғанын білеміз. Мемлекет басшысы осылайша көпшіліктің көңіліндегі  күпті ойды тап басып, жүрегіндегі шаншулы сөзді жайып салған болатын. Жақында республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған  мақаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жүрекжарды сөзін одан әрі нықтай келіп, "Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса –  елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал", - деп атап көрсетті және  билікке де, халыққа да парыз бен парасатты биік ұстауды  еске салды.

(Абай суретінің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаев. Сурет бірінші рет жарияланып отыр).

1. «КӨҢІЛСІЗ ҚҰЛАҚ...»

  Қазақстан Президентінің әділетті пайымын ел-жұртымыздың терең түсіністікпен қабылдағаны айқын. Себебі, Абай – ұлы ақын ғана емес, ол сонымен қатар "әділетті қоғамды мегзеген" ұлы қайраткер деген жаңа әрі салиқалы тұжырым жасалып отыр.  "Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті, - дейді мәртебелі автор Абай ұлағатын ерекше ардақ тұта отырып. - Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХI ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хәкім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі".

Тағы бір атап айтатын жайт, тарихи-танымдық еңбекте "әділеттіліктің берік орнығуы" үшін заң үстемдігі мен биліктің ашықтығын қамтамасыз етуде алда тұрған міндеттер туралы мемлекеттік аппаратты бұлтартпастай  байлам жасалды: "Ұлы ақын "Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды" дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да  аңғартады. "Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ" замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн". 

Шынында да, қазіргі аса өткір мәселенің бірі де осы – бірін-бірі тыңдамайтын қоғам, әсіресе жұртшылық талабына жүрдім-бардым қарайтын билік органдары. Олардың халықтың мұң-мұқтажына еттері әбден өліп кеткен секілді. Сондықтан, тап қазір бұқараның билікке деген құрметі төмен. Себебі, банкі бүлінсе – алған өзің, құрылыс компаниясы теріс айналса – келіскен өзің, тіпті көп бала тапсаң – «жоспарламаған» өзің... әйтеуір, бәріне кінәлі өзің. Олай болса, ашығын айтайықшы, сол банкіні де, құрылыс компаниясын да жарылқап, рұқсат (лицензия) беріп, оның көл-көсір табыс табуына жол ашатын сен – өзің емеспісің, билік!? 

Бұл жұмсақтап айтқанда ғана. Ал, турасына көшсек, жаңағы «жылмаңы сыртта,  іші арам» (Абай), яғни «ілдім, жұлдым» пысықайлардың халықты текке  жылатпауына сол Үкімет кепіл болуы тиіс. Бұған, тіпті титтей де күмән жоқ. Демек, «Ел жайын біліп, қансаңыз,/ Айтайын құлақ салсаңыз» (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2005 ж. 1-ші том, 136-бет немесе (Абай, 1/136)- бұдан былай осылай көрсетеміз). Алпауыт банк жүйесіне ақшасымен бал жалатып, құрылысты қаржысымен жарылқап отырған халыққа кінә арту – кешірілмес күнә!

Бізге «халық үніне құлақ асатын мемлекет» керек болатыны да содан. Осыны республика Президенті тап басып, билік органдарын тапжылтпастай мойындата айтып, халыққа "сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел" (1/73) дегенді аңғартады. Амал қайсы, әзірге билік, екі оттың ортасында қалғандай, тыпырлақ халде. Бір жағында етжақыны халық жыласа, екінші жағында тағы да бөтені емес, өз банкісі  мен компаниясы жалаңдайды. Алғашқысы адал еңбегімен тапқан табысын жоғалттым деп жаны шырқыраса,  соңғысы «өзіміз ғой» деп өзеурейді.

Бірақ, "Көңілсіз құлақ" тыңдар  ма, тіпті тыңдағанмен ұғар  ма?! "Басы ауырмағанның, басқамен ісі жоқ". Осыны бәріміз де көріп, біле тұра кереңбіз. Билік тізгінін ұстағандар өз алдына, тіпті былайғы жұрт күнделікті тұрмыста да бір-бірімізді тыңдаудан қалдық. Себебі, Абай айтқан "... ұялмас нәрседен ұялатын, ұяларлық нәрседен ұялмайтын" бишігештер  басымызға шығуда. Жаңағылар басқаны былай қойғанда, ана тілін білмеуден ұялмайды, зәулім сарайы мен қымбат көлігін көлбеңдеткені, "асарлатып" ұлан-асыр той жасағаны өз алдына, табақтағы ас-суын ғаламтарда таратудан қысылмайды. Ондайлар, тіпті  парамен құрықталып жатса да "жалғыз біз бе екен!?" дегендей, беттері бүлк етпей,  жығылған бала секілді  жамбасын бір қағып жүре береді.

Ұлы Абай ұрпаққа "Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос" деген аманат қалдырыпты.  Тілектес дос болу үшін, ең алдымен, бірімізді біріміз тыңдауға үйренуіміз қажет. Бұл, егер "ақылға еріп, бойды жеңсек", биліктен бұрын, біздің әрқайсымызға қатысты. Өйткені, мемлекеттік аппарат құлағын ұстаған шенеуніктер де  өзіміз секілді "ауызбен орақ оратын", құлағы мүкістеу пенделер. Құлық жоқ па, әлде тұрмыстың құлына айналдық па, әйтеуір, өзара тыңдаудан қалғанымыз шындық. Алайда, адам қоғамына әуелден тән осы бір "сырқаттың" соңғы уақытта асқына келіп, таскереңге айналуға шақ қалғанымыз да өтірік емес.   

  Зейін қойсаңыз, Абай еңбек пен елжандылықты, өнер мен білімді, адалдық пен әділдікті, махаббат пен ғазауатты өз өлеңіне арқау ете отырып, ең бастысы, адам бақытын жырлайды. Алайда, оның замандастары "Түзу бол деген кісіге, Түзу келмес ырықтап" дегеннің кебін киді. Ал, бұған қандай дауа бар, хәкім қандастарына тірлік мәнін түйсінте алмай, уланғандай дертті: "Қапамын мен қапамын/ Қуаныш жоқ көңілде» (Абай, 1/36), "Баяғы жартас - бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас" (1/92). Енді қайтпек керек, әркім өз басымен өзі әлек. Сана суалып, тұрмыс төбемізге өрнек құрады. Шарадай басымыз – қазандай, қитұрқы технология мен ағыл-тегіл ақпарат  ақыл көзін тұмшалай түсуде.

 

     «Қиналма бекер, тіл мен жақ»

          Тірлікте пендең, әйтеуір тыным таппайды. Өзі алашапқын болғанымен қоймай, өзгенің дегбірін қашырады. Кітап оқығанда да маза жоқ. Ұлы ақынның «Адамның адамшылығы істі қалай бастағандығынан білінеді...» деген терең тағылымын «қалай аяқтағанынан да білінеді» деп, толықтырмақ болатындар да сондайлар. Тіпті, Абай сөзінің де байыбына бармайды-ау, шіркіндер. «Қиналма бекер, тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ – ойға олақ» (Абай, 1/88). Құлқы жоқтың, құлағы да жоқ. Сіз білесіз бе, Абайға шейін Қаламқас атауы да болмаған. Ұлы ақынның өлеңіндегі  "Айттым сәлем, қалам қас" дегенді "Қаламқасқа сәлем айтқан-ау" деп, өзімізше кесіп-пішіп, іліп ала жөнелсек керек. Онымыз да теріс болмағандай, қыздарымыз әп-әдемі Қаламқас есімін тұмардай тағынды.    

Алғашқыда Абай сөзінен маған да аз ғана сыбаға тиді. Баяғы мектеп қабырғасында жаттағандарым. Мида әбден қатталғандар. Әйтеуір, енді-енді ғана Абайдың ой-теңізіне шомып, соны айдында желкен көтерген секілдімін. Оқу мен ойдың шалқары өз тереңіне тартып, хәкім сөзінің сәулесі көкірегімді аша берді.    Бірақ, бәрібір уақыт керек.         Ақын кенішіне бойлаған сайын көз алдымдағыны жаза танымағанымды аңғарамын: «Сырты күміс, іші алтын». Абай өзі айтпақшы, «Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» (1/76). Біз де сол қазақтың бірі ғанамыз. Кештеу аңғарыппын, ал енді ақын сөзінің сәулесін сезген сайын қуанамын әрі тапқан олжаммен бөліскенше асығамын.

Абай сәулесінен қайрат та, ақыл да, мейірім де алады екенсің. Жаназығы деген осы: ұлы ұстаз ұлағатымен біз де жүрекке жүгінеміз. Ол күйгелек халде: «мұнша «алтыннан» басым айналып, «қазына аралынан» қайтып орала  алмай  қалсам ше?»  Өйткені, уақыт-тұлпар ешкімді күтпейді, бақ пен бапқа  да, даңқ пен таққа да пысқырмайды. Ал, өз басым ақынның «неден күйген, нені сүйген» сырын түйсінгенше және замандасқа жеткізгенше мазам қашады. «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» дейді хәкім. Ләкин, ұлы тұлға ертеңіне мығым еді. «Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» немесе «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,/ Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Тірлік мәнін түйсінгендей толғанасың, енді ешкімге ренжімейтін, өткенге өкінбейтін боласың, жарасымды сабыр табасың. Бірақ, кәусар бұлақтың басына бала жастан тізе бүгіп, сусыныңды сәл де болса, ертерек қандыра алмағаныңа бәрібір жаның шөліркейді. Рас, мектеп қабырғасында ұстаздарымыз Абай ұлағатын сіңіруден аянбады.

Ендеше, Абай қазынасына неге бұрынырақ жетпегенбіз? Ақын сөзінің шуағына сәл де болса ертерек шомылып, жүрегіңді желбірете алмағаныңа жаның жүдейді тағы да. Жоғары оқу орнында да белгілі  ғалымдардан дәріс алдық. Олар да әдебиетті ғұлама Әуезов үлгісімен, ерлік пен елжандылық тұрғысынан оқытып, тоқытудан жалыққан емес. Бірақ, енді ғана Абай аспантауына көкірек көзімен арбалып, оның етегіне аз да болса ертерек жете алмағаныңа бәрібір көңілің құлазиды. Бір жақсысы, тым құрыса, енді созуға болмайтынын ұғасың. Жүрегің ашылып, айналаңмен жарқын жүз, жақсы тілекпен жүздесесің. Көңілің марқайып, жаның жадырайды.

Абай сөзіне құныға тесілесің. Содан сабыр тауып, жігерің қанаттанады. Кештеу де болса, Абай сәулесімен оятқан Аллаға мадақ айтасың. Көкірегіміз ашылып, ақын қазынасын қуана ақтарасың. Оқып үлгергің және тезірек арқатірек тапқың келеді. Сонда бізге, ақын  ізімен сапарға шыққандарға Абай мұрасы маржан шөккен теңіз екен. Тани алсаң, жинай бер, әйткенмен алаң көңіл бәрібір толқулы. Өзім тапқан және қойыны-қонышыма мүмкіндігімше сықита толтырған жауһарды тезірек жеткізгім келеді. Алайда, ол теңіздің тереңіне бойлау үшін бірнеше немесе бір топ жанның, тіпті бірнеше заманның ауқымы мүлде аздық ететінін сеземін. Тынымсыз ізденіс үстінде  ғұлама Әуезовтің  тағылымы әрқашан темірқазық.

Мұхтар Омарханұлы қызыл қапаста отырып-ақ, Абай поэзиясына әлемдік биіктен қарап, қазақтың ұлы ақыны мен ұлы даласын ештеңеден тайсалмастан дүние жүзіне мәшһүр етті. Ғұлама пышақтың жүзінде жүріп-ақ,   Абайды және алты алашты өркениет төріне шығарды. Ендеше, "Абай жолы" романындағы Құнанбай бейнесінен де кінәрат іздеу керең тартқан «көңілсіз құлақтың» салдары еді. «Құлағын салмас, Тіліңді алмас/ Көп наданнан түңілдім» (1/92). Олай болса, асықпайын. Үлгергенімше оқып, тоқиын. Көтергенімше арқалайын. Қалғаны уақыт еншісінде. Оқырманның ой таразысында.  Тыңдар құлақ болса, Абайдың туған жер мен елді,  барша  адам мен базарлы өмірге деген сүйіспеншілікті адам бақытының арқаулары, бақытқа бастар жол ретінде жырлағанын жазбай таныр едік. Ендеше, біздікі "ақиқат ұшқыны - ұлы ақын сөзі қарындасқа жетер ме" деген тілек қана... хакімді түңілткен "көңілсіз құлақ" қой бұл.

 

*** 


«Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл»

Абай                      

 

2. КЕЗЕУЛІ НАЙЗА

 

Қала мен ауылдағы осы бір ерсілеу көрініс көзіме оттай басылып, көңілімнен кетпей қойған. Ол, дұрысы, олар – темір найзадан тұрғызылған немесе қанжар қададан құрастырылған қоршаулар мен шарбақтардан ызғар есетіндей. Достық тілеп тұрған жоқ. Жаулық іздеп, жауыға кезенеді. Бағзы замандарда мұны түсінуге әбден болар... жыртқыш хайуандар мен өздері секілді жабайылардан  қауіп төнеді. Яғни, мына қоршаулар  қорқыныш қалатқан қорғандардың қалдығы, жансақтаудың амалы... жас ұрпаққа "айналаң жау" деп сес көрсететін қалқан. Олар: қоршаулар да, шарбақтар да суынған жүректің сүңгілеріндей жан мұздатады.

Ал, қазір ше? Аспаннан аңдысып, ғарыштан "тоқпақтаған" заманда жаңағы қоршаулардан қауқар шамалы.  Бар болғаны, жабайы замандардан жеткен қастық пен қастандықтың қатерлі көлеңкесіндей. Ендеше, сол бір сұсты найза ұшын қайыруға, оның орнына сирек те болса ұшырасатын шығыр, шар немесе доға (толып жатыр) қоюға болар еді. Неге адам, адамға жау болады? Ұлы Абай осыдан бір жарым ғасыр бұрын  ұрпаққа «Адамзаттың бәрін сүй бауырыңдай,/  Және сүй хақ жолы деп ғаділетті» деген өсиет айтады. Хәкім, сондай-ақ, барша адамды ардақта, бірақ «Біріңді қазақ, бірің дос,/ Көрмесең істің бәрі бос» деген аманат қалдырыпты.

Бір жарым ғасыр бұрын. Ендеше, мынау найзалардың жөні қайсы?! Алматымыздың, басқа да қалаларымыз бен ауылдарымыздың көшелерінен көрген найзалар адамдыққа кереғар көрініс. Ғимараттар мен аулалардың қоршаулары кезеулі найзадан тұрғызылады екен. Ол қоршаулар маған ескіні өзгертудің, тыңнан жол салудың қиындығын аңғартады. Надандық тауқыметі Абайдың жанына жазылмас жара салып, жүрегін алқымына тықты. Жаңағы қоршаулар да баяғы бақас заманнан жеткен сыбаға. Сонымен қатар егескен ескі тұрмыстың, қасқыр тірліктің, өмірге деген махаббат пен адамды сүюді жете түйсінбеудің нашар елесіндей. Олар, сондай-ақ қалыпты дәстүрді өзгертудің қаншалықты қиын екенін мегзейді.

Бір қарағанда, найзалы қорғандарда тұрған дәнеме жоқ секілді. Рас,  ғасырлар бойы  қанға әбден сіңген салт-сана мен мінез-құлық өз алдына, үйреншікті  машықты өзгерту екіталай.  Абайдың ұлылығы да сонда, ол өлеңде ғана емес, өмірде де тыңнан жол салды. Өмірге, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті,  адамдық пен әділдікті, еңбек пен өнерді, адам бақытын ұлықтады. Амал қайсы, жаңаны қабылдау ақынның "заман билеп, заманына күйлеген"  қарындастарының ойларына кіріп те шықпады. Кемеңгер Шәкәрім айтпақшы "замандасы болмады сөзді ұғарлық". Хәкім сырты сау көрінгенімен «үлгісіз жұртты үйретіп... өткір тілді найза етіп" іші дертті хәлде еді: "Таппадым көмек өзіме, Көп наданмен алысып. Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарысып" (Абай, 1/132).

Ақиқат ұшқыны - Абай сөзі көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашады. Дархан да еркін даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты. Орыстың заңы, әсіресе болыс сайлауы қалың қазақ ортасына оңдырмай жік салды: «Болды да партия,  Ел іші жарылды» (2/20). Ұлттың турашыл, әділ, қайсар, мәрт әрі жомарт мінезі "құрт" түскендей іріді:    «Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып... Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» (1/50).        Сондықтан адам рухы асқақ болып, тән оның құлы ретінде қызмет етсе, шіркін! Керісінше жағдайда пенденің хайуаннан айырмасы, фәниде мән-мағынасы жоқ. Жүзге бөліну мен рушылдық сырқатынан әлі күнге ем қонбай, бармағын бүгіп жүргендердің  баяғы сол үңгір төңірегіндегі төрт аяқтылардан еш айырмасы жоқ. Қазақтың Ұлы тұлғаларын «жекеменшіктеу» де Абай ілімінен қайғы шығарып, У ішкізген надандық сарқыты. Біз  осылайша ұрпаққа ұлағаты мол Абай сөзі - ақиқат ұшқынының сәулесін ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ, соның өзі ерекше рахат, ол  құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды.   Олай болса, Абайды оқиық, данышпан сөзі егескен мінез бен егеулі найзадан – қалқан, жазықсыз жанға әрқашан араша болады. Енді сіз жалғыз емессіз.

 

Адамды  сүйген  жүрек

Жолдамыз...

Жидебайдағы ұлылардың мәңгілік мекеніне зиярат жасап, Семейге бет түзегеніміз осы жаңа ғана. Ортамыздағы қайраткер ақсақал Молдабек Жанболатұлы айтқан әңгіме, адамды сүюдің тамаша дерегі жүрек пернесін тербейді. «Абай ауданына 1966 жылы Роза Бағланова келген еді, - деп сабақтаған өз сөзін шежіреші аға. - Өнерін иісі қазақ мақтан етіп, естіген жұрт тамсанған ән бұлбұлын алақанымызға салып, аяғын жерге тигізбеуге тырысамыз. Соған орай қонағымыз да бізге деген ізеті мен алғысын аямаған.

Дегенмен...

Ұлы Абайдың зиратының басына келгенде осыған дейінгі өзара түсіністігіміз жайына қалды. Ол туфлиін машинада қалдырып, қазанның ызғары буған бетон жолмен жалаңаяқ жүріп кетті. Біз «қонағымыздың табанынан сыз өтетін болды, аупартком хатшысының қадай айтқан тапсырмасын орындай алмадық» деп, шыр-пырмыз. Бірақ, ол кісі өз айтқанынан айнымады: «Қасиетті жерге табаны әрнеге тиген аяқ киіммен бармаймын».

Адамды сүю.

"Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен/ Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы" (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2/49), "Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі" (2/102). Әлбетте, замандас қадірін білу мен адамға сүйіспеншілік туралы әр адамның таным-түсінігі әр алуан. Олай болуы да табиғи нәрсе. Былайғы жұртқа не кінә, «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (Абай). Алайда, аузынан Абайды тастамайтын, тіпті Ұлы ақынның телегей теңіз асыл мұрасына «терең бойлап», өзін Хакімге қызметші санайтын кейбіреудің жеме -жемге келгенде, ақиқат жолын ұстана алмауынан асқан күнә жоқ. «Жүректің айтқанына көнбей... амалдың тілін алған соң» жаңағы дабыра сүйіспеншілік те, айқайшыл адалдық та әдірем қалады екен.

Еріксіз таңданасың.

Хакім Абай жазғандай, біреу жалаң ақылын арқаланады, бірақ ақылдың қыры көп, оған жақсылық та, жамандық та жат емес; ал екінші біреу қайратын айбат тұтады, бірақ қайрат орынды да, орынсыз да істен аянбайды. «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңілің бөл»: ақыл, қайрат, жүрек... «Осы үшеуің де басыңды қос, бәрін де жүрекке билет,- деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. - Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам -  сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/105). 

Жүрек ісі.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.             

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп ғаділетті...».Алланы, Адамды, Әділетті сүй - дейді ол. Танымал ғалымдар айтпақшы, абайтану шексіз. Біз бұл ғылымға бірте-бірте дендей еніп, асықпай зерделей отырып, сарқылмас рухани азық табамыз.  Демек, Ұлы Абайды тану мен таныту алаш баласының ақын алдындағы ардақты парызы. Ал, соның бір ғана саласы - Хакім туралы естеліктер. Олар терең адамгершілік деректері, адамды сүйген ұлы тұлғаға деген шынайы құрмет пен сүйіспеншіліктің айнасы.

Осы сөздерді жазып отырғанда менің ойыма, ең алдымен, ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар өткізген еске алу кеші оралды. Онда «Қазақ ақыны Ибраһим (Абай) Құнанбаев және қазақ поэзиясы» тақырыбындағы Нәзипа Сегізбайқызының орыс тіліндегі баяндамасының және ақынның "құлақтан кіріп, бойды алар" өлеңдері мен әндерінің кешке қатысушыларды терең тебіренткені мәлім.

Абайдың өмір жолы.

Ұлы ақынды көзі көргендердің өз қолдарымен жазып қалдырған естеліктері халқымыздың баға жетпес қазынасы және ұрпаққа шамшырақ асыл мұра. Олар Абайдың Мемлекеттік қорық-музейінің қорынан алынып, ақын шырақшыларының әзірлеуімен 2018 жылы Алматыдағы "Қаламгер" баспасынан бес мың данамен жарық көрді. Әсіресе, жинақтағы Әрхам Кәкітайұлы, Турағұл Абайұлы, Көкбай мен Төлеу ақындардың естеліктері ерекше назар аудартады. Мәселен, Әрхам Ысқақов өз естелігінде өзара дос Абай мен Нұркенің арасындағы бір ренішке байланысты Мүсірәлінің айтқан сөздерін былайша еске алады: «Ертеңіне қайтып Нұркеге келіп Абайдың сәлемін өзгертпей айттым. Нұрке ойға түсіп көп отырды да: «Құдай адамның бірімен бірінің арасын жер мен көктей алыс жаратады екен... Көлденең кісідей аспай-саспай ақылға салып, адам баласына бірдей әділдік жол ұстап отырған Абайды не деуге болады. Ал, менікі теріс екен, ашуды қойдым» - деді... Екінші бір мінезі: бір адам сөз сөйлесе, бар ынтасын қоя тыңдайды. Ол сөйлеп болғанша бір ауыз сөз қоспайды. Егер сөзі дәмді болса оған сұрақ қойып, әнгімелеседі, дәмсіз болса, «болды, тоқтат» деп қайырып тастайды. Еш адамды жақындығына, байлығына, абырой-атағына қарай бағаламайды. Айтқан сөз, еткен ісіне қарай оған тиісті сыбағалы бағасын береді. Ол адам кедей, нашар деп кемітпейді».

Ал, Турағұл Абайұлы өз естелігінде: «Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отыратын еді. Бірақ, құдайдың өзіне берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та, не ойлап, разы яки наразы болып жүргеніңді бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді»-деп толғанады. «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» (М. Әуезов) шәкірттерінің бірі - Көкбай ақын да ұстазының әділдігін мақтанышпен үлгі етеді: «...өміріндегі мұрат қылған қиялы әділшілдік пен дұрыстық, шындық болғандықтан... қазақтағы досы өтірігі жоқ, шыншыл кісі болатын... Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ деп айта аламын».    

Абай жүрегінің адам баласына деген сүйіспеншілігін, әсіресе ақынның айналасындағы туған-туыстары мен жақындарының терең сезіне алып, мейірім шуағына бөленуі түсінікті. Ибраһим Құнанбайұлының туған халқының болашағына алаңдай отырып, ел-жұртын сол тұстағы құрт ауруы секілді аса қатерлі сырқаттардан сақтандырғаны «Абай жолы» романынан мәлім. Сол сияқты өзінің есінде қалғандары жайында айтқанда Стамбек Қияқбаев ақсақал да ағынан жарылады: «...Абай: - Әділет қайда болса, зұлымдық сонда деген сөздің не екенін білесің бе, - деді. – Абай аға-ау, өзіңіз айтпасаңыз мен қайдан білейін, - дедім. Сонда Абай: - Зұлымдық әрқашанда өмірден қалмайтын нәрсе, әділетсіз жерде зұлымдық көрінбейді. Зұлымдықтың бетін әділет ашады, - деді».

Міне, Абай туралы естеліктердің қай-қайсысын алсаңыз да олар Алланы, адамды жәнеәділетті сүйген Ұлы ақынның тұлғасының сан қырын адамгершілік, адалдық пен әділеттілік тұрғысынан сомдай түсіп, ұрпаққа аманат етеді. Жолдамыз... біздің баршамыз мынау ғажайып тірлік көшінің жолаушыларымыз. Осынау өмір жолында жүзі жарқын, жүрегі нұрлы әрбір азаматтың Ұлы ақын аманатына сай Алланы және адамды сүйіп, ақиқатқа – адал, адамға әділетті болғанына не жетсін.

 

Болат  Жүнісбеков,

                                                                    Қазақстан Жазушылар

                                                                    одағының мүшесі