Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Сіздің Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлығыңызды дер кезінде шыққан құжат ретінде қуана қарсы алдық. Абай Құнанбайұлының 150 жылдығында және одан бергі уақытта қандай істер атқарылды және ол істерді жүзеге асырғанда қандай жетістіктер мен кемшіліктер орын алды дегенді абайтанушы ретінде саралай келіп әрі алдағы мерекелеу кезіндегі іс-шараларды нәтижелі, жемісті өткізуге пайдасы тиер деген ізгі ниетпен өз ойларымды Сізге жеткізуге ниеттеніп отырмын.
Біздің «шетелдік дұшпандарымыз» Қазақстанды, оның негізін құрайтын қазақ ұлтын «мәңгүрт» ету үшін алдынала терең зерттелген, барлық мүмкіндік жан-жақты қамтылған, ұзақ мерзімге арналған жоспарын бірте-бірте неше түрлі зымияндықпен ойластырған айла-тәсілдері арқылы іске асыруды қолға алды. Себебі, Қазақстан асты-үсті ен байлыққа толы ел, екіншіден ұлан-байтақ жері бар, үшіншіден ең бастысы әлемді дүр сілкіндірген Түркі өркениетінің – қара шаңырағы ретінде, әрі сол ұлттық құндылықтарды, тектілікті бойына осы күнге дейін сақтаған ұлт ретінде ерекше нысанаға алынған ел десек артық айтқандық болмас. Көп жылдық зерттеудің нәтижесінде шетелдік «дұшпандарымыздың» жоспары былайша құрылған деген қорытындыға келдім:
1.Қазақ ұлты өз ішінде кімді ардақ тұтады, міне соны тауып, олардың шығармашылығын «шетелдік дұшпандар» өз мүддесіне бұрмалап пайдалануды көздеген. Олар әрине оны дәл тапты, таңдау Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовке түскен еді.
2. Олар қазақ ұлтының өте бай ауыз әдебиетінде діні, тілі, дәстүрі нақты көрініс беріп, сақталып отырғандығын жақсы білді. Сондықтан қазақтың ұлттың шынайы бейнесін бұрмалауды, ауыз әдебиетінің кейбір түрлерін бұрмалап, өңдеп қайта басып шығаруды көздеді.
3. Қазақ елін отарлап алған орыс империясының қазақтарды сауатсыз, жабайы, өркениеттен оқшау қалған тұрпайы ел ретінде көрсеткен саясатын одан әрі жалғастырып қазақты әлемге «жабайы ел» деп айту үшін ағылшын тілінде шетелде кино түсіруді қолға алды. Қазақстанда қазақтың аңыз- ертегілерін бұрмалап мультфильмдер шығаруды қолға алды.
Енді айтқан пікірімізді бастан кешкен іс-әрекеттерімізбен дәлелдейік. Менің бұл мәселеде ғылыми-зерттеу жолына түсуіме, тоқсаныншы жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге дайындық жасау үшін ҚР Ұлттық Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан абайтану бөлімін ашқызып, әрі Абайдың шығармаларының екі томдық толық жинағын дайындайтын жұмыс тобына жауапты хатшы болып енуім, бөлім меңгерушісі Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен Абайдың қарасөзінен диссертация қорғауға тақырып алуым себеп болды. Тәуелсіздік алған Қазақстан халқы Абайдың 150 жылдығын атап өтіп, данышпан ақын ұлымен әлемге елдігін таныту үшін дайындалса, «шетелдік дұшпандарымыз» миссионерлік желеумен ылаң ұйымдастырып, елімізге «Кришна сектасы қоғамы» деген атпен діни бірлестік ретінде ендіріп, әртүрлі айла-шарғымен сол кездегі Семейдегі «Абай» журналының қызметкерлері ағайынды Досым және Асан Омаровты мүше етіп «жоспарларын» іске асыруға белсенді қатыстырады. Досым мен Асан Омаровқа жүктелген міндеттер:
1.Халықаралық Кришна санасы қоғамының негізін қалаушы А.Ч.Бһактиведанта Свами Прабхупаданың «Өмірден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, оны қазақтардың санасына сіңіре уағыздау.
2. Досым Омаров Кришналық «Өмірден өмір туындайды» кітабының негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұраларын бұрмалап докторлық диссертация мен кітап жазу көзделген.
3. Бұл істі жүзеге асыруда жерлестік, руластық, қызметтестік, достық қарым-қатынасты барынша пайдалану.
Сөзімізді дәлелдейік, аударманы екеулеп тез орындайды, уағыз жүргізуде 1993 жылдан «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестіктің мүшесі Досым аса белсенділік танытады. Бұлар мақалаларында Кришналық уағызды білдіртпей «бомба» ретінде, кітаптарында «мина» ретінде жасырын тықпалап отырған. Досым Омаров академик Ә.Нысанбаевтың «әкелік қамқорлығына» бөленеді, институттың ізденушісі, ғылыми қызметкері, Энциклопедияның белсенді авторы болады, институт ұжымы «Ұлылар үндестігі» докторлық монографиясы мен «Абайтану курсы» оқу құралын талқылағанда (№ 23 Протоколы, 07.07.1999ж.). Д.Омаров: «Әуелі 1996-1997 оқу жылдарынан бастап «Абайтану курсының» қолжазбасы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатта сабақ жүргізіліп, апробациядан өткізілгені, Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі осы қолжазба бойынша «Абайтану курсы» атты оқу құралы жазылып, ол жаңа жүйемен қарастырылғаны, «Ұлылар үндестігі» монографиясының материалдары 1997 жылы М.Әуезов мерейтойында жүлдеге ие болғандығы» айтылғанда «керемет, жаңа көзқарас» деп таңқала, бірауыздан құптай кетеді.
Омаровтарды қорғаушылардың арасында халықаралық «Абай» клубының президенті, өзін «ахмадийшілердің Қазақстандық лидерімін» деп жариялаған, жазушы Роллан Сейсенбаев, Ислам дінін жек көретін, Батысқа бас шұлғыған, қияли-тәңіршіл Әуезхан Қодар, академик-биолог Рахым Оразалиев т.б. бар. Олар Кришнаны уағыздайтын кітаптарын үстін-үстін шығарды: Р.Оразалиев, Д.Омаров, Ә.Мұқашбеков «Жасару құпиясы» («Алейрон» баспасы, 2006ж.); Д.Омаров «Абайдың рухани мұрасы» («Ел-шежіре» баспасы, 2007ж.); Ә.Мұқашбеков «Рух пен тәннің саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі», «Жүйке жүйесінің тылсымы» («Алейрон» баспасы, 2007ж.). Абайтанушылардың қарсылығы арқасында (М.Мырзахметұлы, «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», Түркістан газеті 27.08.2009ж., Ж.Шойынбет «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», Ана тілі газеті, 05.12.2002ж.) Досым Омаровтың М.Әуезовті кришнайт еткен «Ұлылар үндестігі» докторлық диссертациясы мен «Абайтану курсы» оқулығы қолданыстан алып тасталынды, айқасымызға нүкте қойылғандай еді.
Бірақ олай болмады... Бізді таңқалдырғаны Философия институтының түгел ұжымы Досым Омаровты қолдауы ғана емес, сонымен қатар Абайды кришнайт етуге ұлттың келешегі ұрпақ тәрбиесіне жауапты Білім және ғылым Министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетінің бас маманы Роза Батталованың белсенділігі, басшылыққа Д.Омаровтың «Абайтану» кітабының қажеттілігін сендіріп қана қоймай, тіпті бұл кітапты жарамсыз деп шыққан бұйрықты мектептерге жібермеген, әлі күнге дейін мектеп кітапханаларында сақталып, мектептің мұғалімдері пайдалануда. Жалпы оқулық туралы сынға қазақ әдебиеті пәні көп ұшырады, әрі орынды айтылды. Міне, осының бәріне бірден-бір жауапты маман Роза Батталова тіпті еш ескерту алмай, аман- есен «Абай ауданының» құрметті азаматы ретінде, зейнеткер ретінде әрең дегенде жұмыстан босады....
Сыртқы жауларымыз елімізге келіп «Абай» журналының қызметкері ағайынды Досым және Асан Омаровты «Кришна санасы» ұйымына тартып ғана қоймай, қалай іс-әрекет етудің ең озық айла- тәсілін, жымысқы күлкімен, жымын білдірмей сұрқия әрекетті жүзеге асыруды тез арада, өте сәтті үйреткеніне қалай сенбессің, айтқандарын орындатады.
Мысалы, кейіннен мәлім болғандай сол кездегі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов пен оның орынбасары, ф.ғ.к. Серікқазы Қорабай институтының ғылыми кеңесі болмай тұрып «жоғарыдан тапсырма бар Д.Омаровтың «Абайтану» кітабын қолдайық» деп кеңес мүшелеріне үгіт жүргізеді. Бұл жерде филология ғылымының докторлары, бөлім меңгерушілері Бауыржан Омаров пен Айгүл Ісімақованың «Абайды қаралап, қазаққа қара бет болар жайымыз жоқ» деп қарсы шығуымен ойлары іске аспай қалады. Сірә, Досым Омаровқа берген уәделері соншалықты: «Ғылыми кеңестің шешіміне кітап жеке монография ретінде, бір автордың өз пікірі боп жүруге қақысы бар деп жұқалап қойдық, сенің негізгі қарсыласың біздің институттағы ғылыми қызметкер Жабал Шойынбет, содан өшіңді әперейік» деп уағдаласса керек, маған шүйліге бастады. Сейіт Қасқабасов алғашқы талабы «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері» тақырыбында жазылған кандидаттық диссертациямның «Абайдың дүниетанымы және оның қарасөздеріндегі көрінісі» тарауын алып таста деді, мен бұл тарауда Д.Омаровтың «Абайтану» кітабына жан-жақты талдау жасаған едім, алудан бас тарттым.
Бұған көнбегесін ғалым ғана емес жәй қарапайым адамда жасамайтын әрекетке барып Абайды туғанына 160 жыл толуына байланысты құрастырылған, 1995-2006 жылдар қамтылған библиографиялық көрсеткішке Досым Омаровтың кітабы мен мақаласын түгел ендіріп, менің осы шамалас мақалаларымды көрсеткіштен түгел алып тастапты, он ұйықтасамда түсіме кірмейтін қиянат, тіпті өздері дауыс беріп институтта қорғалған Абай туралы диссертациямды да алып тастаған, сірә мен оларға «халық жауындай» әсер етсем керек. Әдебиет институтының мерейтойына арналған кітабында да мені тазартып, атымды мүлде өшіруге ыңғайланған сыңайлы, ойпырым-ай, Досым Омаров өтеуін қайтаратындай, осыншалықты атақ- абыройларын мансұқ етіп жанкештілікке баратындай бұларға қандай жақсылық жасады екен...? Осы орайда Хәкім Абайдың ел болу үшін топ бастайтын қариялылық, ел мүддесін көздейтін намысқорлық екі мінезді жоғалтып алдың деген сөзі ойға оралады: «Кәніки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық».
Шетелдік дұшпандарымыз ағылшын тілінде «Борат» кинофильмін шығарып ойларын жүзеге асырса, ал өз ішімізге Чарльз Уеллер деген «жансызын» миссионер ретінде жіберіп ылаң салды. Ол академик сол кездегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия факультетінің деканы Ғарифолла Есім жетекшілігімен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» деген тақырыпта диссертация жазады. Шындығына келсек, Чарльз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) кітабы мен диссертациясы қазақ халқының ұлттық мәдениетін қорлап жазған еңбектер еді. Миссионердің бұл еңбегін «Мәдениеттану» мен «Философия» пәндерінің авторлары Тұрсын Ғабитов, Нағима Бәйтенова, Ақтолқын Құлсариева бастаған философтар сынаудың орнына мадақтап, қолдай кетеді. «Борат» кинофильмінің сыңарына айналған бұл еңбек абайтанушылар мен көпшілік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Американдық миссионер себеп болған ұшыққан дауға ҚР Премьер-Министрі Д.Ахметов (2006ж. 16 маусым №3-729) пен Білім Министрі Б.Әйтімова жауап жазып «аталған диссертациялық кеңеске кері қайтарылды (05.06.2006ж. № КО-36/1). Миссионердің диссертациясы мен кітабының Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне кесірі тиетінін, Елбасы Н.Назарбаевтың идеяларына тікелей қарсы еңбек екенін жан-жақты дәлелденген болатын (М.Қалматаев, М.Мырзахметов, Т.Кәкішұлы, Қадыр Мырза Әли, т.б. Ашық хаты Республикалық оннан аса газетке жарияланды; М.Бұлұтай, Қазақтың ұлттығына нұқсан келтіретін диссертацияларға әрқашанда қарсы боламыз, «Заң» газеті, 30.05.2006ж.; Ж.Шойынбет, Бұл кітап кімге қажет, не үшін қажет?, «Түркістан», 28.10.2005; Сананы улайтын қос кітап, «Ислам және өркениет» 16.03.2006.; Шоқан Уәлихановтың қасиетті есімін әлдебір миссионердің қолжаулығы қылмайық, «Ана тілі», 16.03.2006ж.)
Американдық миссионер осылайша қазақтарды бір-бірімен айтыстырып, ең соңында «Мұсылмандардан кешірім сұраймын» («Жас қазақ», 06.10.2006ж.) деп мақала жазып тайып тұрды, іс бітті қу кетті деп, академик Ғ.Есімов ағамыз «сені құртам, соттатам, ал оны өлем, тірілем қалайда қорғатамын» деуші еді, академик ағамыз, айтқанын орындапты, несі өтіп кетті екен әккі миссионердің? Ғ.Есім сенатор болған кезінде Чарльз Уеллердің диссертациясын қайта қаратып, қорғатып жібереді. Чарльз Уеллер қазақты үш дінді (тәңіршіл, мәсіхшілік (христиандық) және ислам); Бүгінгі орта азиялықтардың ұлттық болмысы мен ұлттың мемлекетін жасап берген орыстар: Қазақтар 200-300 жыл бойы ұлттық мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған халық; Абай сияқты түрікшіл-жәдидшілер «бұрын» болмаған жаңа елді жоқтан құрамыз» деп, бұрын білінбеген, болмаған бір қазақ елі үшін күрескен жоқ; Түркі тілді мемлекеттердің (одақ) құру сәтсіз болады; Елболу ілімінің ең озық үлгісін протестанттық мәсіхшілдік бере алады» деген ұлтымыз, мемлекетіміз туралы теріс қайшылықты пікірлері бар еңбектерін ағылшын, орыс тілдерінде жариялайды.
Чарльз Уеллер берілген бірінші тапсырма қазақ елінде диссертация қорғап, Қазақты, Абайды қорлап жазған еңбекті қазақ ғалымдарына мойындатып «мен айтқанымның бәрі шын, қазақтардың өздері де айтып отыр» деу болатын. Оны Ғарифолла Есім, Тұрсын Ғабитов, Ақтолқын Құлсариева, Нағима Байтеновалардың қолдауымен өте тамаша орындайды..?
Ендігі кезек «Борат» киносының жалғасы ретінде қазақты мазақ етіп, тіпті жауыз етіп мультфильмдер шығару. Чарльз Уеллер оны да тамаша орындайды, ағайынды Игор Краус пен Артур Краустың көмегімен кейіпкерлерінің түр рәпәті құбыжық-сайқымазақ бейнесінде, есекті бояп қойып көрсетсе зебр деп айтатын ақымақтар елі еткен «Алдаркөсе» мен адам етін жегіш жауыздар елі еткен «Ер Төстік» мультфильмін қазақтың телеарналарына шығарды..? Бір кезде 1993 жылы Орталық Азияны тарихи-мәдени зерттеу орталығын ашып директоры болған, сырттан миссионерлерге бөлінген қаржының иесі Чарльз Уеллер былтыр тағыда қазақ философтарының қолдауымен Қазақстанға келіп, Вашингтон университетінің профессоры ретінде Алматы қаласында «Зайырлы мемлекеттегі діннің қоғамдағы салт-дәстүрмен сабақтастығы» тақырыбындағы ғылыми конференцияда баяндама жасады. Жетекші ұстазы Ғарифолла Есім «Қазір шетелдермен байланыстамыз. Менің америкалық Чарльз Уеллер деген шәкіртім бар, өзі қазақша жазады. Сол «аға латынға қашан өтесіздер, мынау қиын болды ғой, өтпей жатыр» деп қынжылады» дейді.
Академик – Әбдімәлік Нысанбаев, Сейіт Қасқабаев, Ғарифолла Есім, жазушы Роллан Сейсенбаевтар бір кезде халықтың сеніміне ие болғандар, олар көптеген шәкірт тәрбиеледі, бұлардың ықпалы зор. Бұлар өз қателіктерін мойындап, не болмаса өздері қолдаған миссионерлер мен «адасқан қазақтарды» сынап бірде-бір мақала жазған емес, сондықтан да қазір Абай туралы неше түрлі қайшылықты пікірлер өріс алуда..?
Бүкіл шығармашылық өмірін арнап, ғылыми еңбектене отырып әрең дегенде зерделеген М.Мырзахметұлы ағайдың Абайдың жәуанмәртілігін ол кісінің еңбегіне еш сілтеме жасамай-ақ Ғ.Есімнің жетекшілігімен кришнайт Асан Омаров «Абайдың жәуанмәртілік философиясы» деген тақырыпта диссертация қорғады, Асанның ойынша Абай діннің шеңберіне симайды, сонда дінсіз Абайдың кім болғаны..?
Академик Ә.Нысанбаевтың жетекшілігімен қазақ тілін «далбаса» деп, Абай қазақтардың қолдан жасап алған данышпаны деп қаралап, қазақ ауылының болашағы жоқ деп өшіккен, Ислам дінін өркениетке қарсы қоятын, тек Европаға, батысқа табын деп үгіттеген докторлық диссертациясын қорғамақшы болған Қанағат Жүкешевті де әрең тоқтатқандай болдық (Ж.Шойынбет, «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»?, Түркістан газеті, 27.09.2007ж. Ж.Шойынбет, «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ», Қазақ әдебиеті газеті, 12.09.2007ж.)
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Біз сізге бұл ашық хатты жолдаудағы мақсатымыз әлдекімдерді жөнсіз сынау не өш алу емес, тек таза ғылым жолындағы пікірімізді айтып шындыққа көз жеткізу. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі тек қана Мекемтас ағайдың абайтанушы шәкірттерінен ұйымдастырылған «Хәкім Абай» ғылыми зерттеу орталығы ұжымы 2008 жылдан бері жұмыс жасауда. Бұл орталықта Абайдың Толық адам туралы ілімі жаңаша зерттеліп, М.Мырзахметұлының басшылығымен «Абайтану әліппесі» (5 кітап) Токио (Жапония) баспасынан 2010 жылы шықса, университеттің «Ұлағат» баспасынан М.Мырзахметұлының «Абай лұғаты», М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі», Ж.Шойынбеттің «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері» т.б. ғылыми еңбектер басылып шықты.
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Сіздің Абай академиясын ашу туралы ұсынысыңызды ерекше ықыласпен мақұлдап, егер Абай академиясы ашылса біздің Орталықтағы абайтанушы-ғалымдар «Абай» энциклопедиясын жаңаша көзқараспен толықтырып, Абайдың академиялық екі томдығын қайта қарап және ақын ғана емес хәкім Абайдың даналығын әр ортаға яғни ата-анаға, балабақшаға, мектепке, жоғары оқу орны студенттеріне түсінікті етіп талдаған көпшілік-танымдық еңбектерді дайындап шығаруға үлесімізді қосар едік.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры:
Жабал Алшынбекұлы Шойынбет