АБАЙТАНУДЫҢ АБЫЗЫ ЕДІ...

Бекен (Бекмұхамбет) Исабаев 1930 жылы наурыздың 16 күні Шыңғыстау, қазіргі Абай ауылының Көкбай ауылына қарасты Маян қорығында дүниеге келген. Күлмен ауылдық кеңесіне қарасты Шолақ-Еспеде 1937-1941 жылдары бастауыш мектебінде, 1941-1944 жылдары Қасқабұлақтағы Күлмен орталау мектепте білім алған.

1944-1947 және 1948-1950 жылдары Семейдегі педтехникумды және Н.К.Крупская атындағы пединституттың филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Абай ауданының Күлмен орталау мектебінде директорлық қызметінен бастаған. 1954-1959 жылдары ауданның комсомол-жастар комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, 1959-1963 жылдар ішінде Сталин атындағы және «Қызыл ту» кеңшарында партком хатшысы қызметтерінде болған. 1963-1969 жылдары Күлмен орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, 1969 жылдан Ақбұлақ орта мектебінің директоры, 1974-1987 жылдары Жанғазы Молдағалиев атындағы орта мектебінің тарих, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі және тәрбие жұмыстарына жетекшілік етті.

1987 жылдың қыркүйек айынан бастап Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Бекен Исабайұлы жастайынан көнекөз қариялардың ортасында болып, олардан естіген шежірелер мен тарихи деректерді жинап, жадында сақтай білген, оның бәрін жүйелеп жинақтап, ғылыми негізде қорытып, тұжырым жасады.

Мақалалары мен тарихи еңбектері «Абай», «Жұлдыз» және басқа да ғылыми журналдарда, «Совхоз туы», «Үш қиян», «Семей таңы», «Ертіс өңірі» сияқты қалалық, аудандық мерзімді басылымдарда жарияланды. Бекен Исабайұлының 2001 жылы жарық көрген «Ұлылар мекені» атты еңбегі абайтану, мұхтартану ісіне қосылған сүбелі қазына еді. Бұл еңбегінің көп бөлім, тарауларының үзінділері Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған байқауда сыйлыққа ие болған.

          Шыңғыстаудың тарихын терең білетін абыз Бекен Исабайұлы Абай мен Шәкәрім энциклопедияларын дайындау ісіне белсене араласып, көптеген материалдар, деректер беріп, авторларының бірі болды.

          Қай салада жұмыс істесе де Бекен Исабайұлының еңбегі бағаланып, Абай ауданының саяси өміріне белсене қатысып, жұмыс атқарғаны үшін Қазақстан Орталық Комсомол Комитетінің грамотасына (1955), ВЛКСМ Орталық Комитетінің мақтау грамотасына (1957) ие болды. Ұзақ жылдар бойғы педагогикалық еңбектері ескеріліп, оған «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» (1987) құрметті атағы берілді. Ұлы тұлғаларды насихаттау еңбегі үшін қалалық, облыстық мәдениет басқармасының грамоталарымен және 2001 жылғы желтоқсанның 3-дегі Президент жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Күлтегін» медалімен (2015)  марапатталған. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Абай ауданының Құрметті азаматы.

Бекен Исабайұлының жары Мәрзия Ахатқызына, балалары мен ағайын, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Абыз ақсақалдың жарқын бейнесі әдебиеті мен мәдениетін қастерлейтін қазақ халқының есінде мәңгі сақталады. Бекен Исабайұлының топырағы торқа, жаны жәннатта болсын.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы