АБАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН НЕМЕСЕ ТҰҢҒЫШ АБАЙТАНУШЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

Алаш десе ойға Әлихан келетіні де, Әлихан десе көзге Алаш елестейтіні – үйреншікті құбылыс. Ал Абай дегенде ойға ең алдымен неге Әлихан оралмай, Әлихан дегенде көзге неге тұңғыш абайтанушының тұлғасы елестемейді?

Алты Алаш көсемі, 20-ғасыр басындағы қазақтың ұлт көшбасшысы, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің тұңғыш төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейханды «тұңғыш абайтанушы» деуге ұлы ойшыл ақынның көзі тірісінде 1889 жылы «Особые прибавления к «Акмолинским областным ведомостям» мен оның қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уәлая­ты газетінде» екі тілде қатар жазған «Письмо в редакцию» және «Хат баспаханаға» атты мақаласы негіз бола алмайды. Мақаланың орысша нұсқасының қазақшасы соның сөзбе-сөз аудармасы: «Сіз, текті қариялар, газетке көмек беріңіздер, көрген жақсыларыңызды бәрін айтыңыз­дар! Өздерің жаздыгүні кешке таман айтатын, төбенің басында, құдықтың қасында отырып, я қысты күні – ауылдастарыңның үйінде қонақта отырып айтқандарыңды, көргендеріңді – қазақтың жақсыларыменен бірге жүріп, қалайша атақты билердің билік қылғанынан, дау бітіргенінен – Жарылқап, Алшынбай, Мұса, Құнанбай һәм ғайри жақсылардың пара алып, жібек шапанға, қалтасының пайдасына қызықпағандықтарын; осы күнгі билерге, «лай судан балық ұстаймыз деп жүрген, өсиет етіп, ғибрат беріңіздер!». Мақалада автор ұлы ақынның аға-сұлтан болған әкесі Құнанбайды емес, әділ билігімен аты шыққан Абайдың өзін айтып отырса керек.
Белгілі алаштанушы-журналист, марқұм Жайық Бектұров 1989 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген көлемді «Үш Әлекең» атты мақаласында жазғандай, Абайдың көзі тірісінде оның өлеңін 1900 жылы орысшаға аударып, «Киргизская степная газета»-ға жариялауы да «абайтанушы» деуге онша келмейді. Тіпті «Россия. Географическое описание нашего Отечества» көптомдығының қазақ өлкесіне арналған 18 томындағы Абайдың жаңашыл ақындығы туралы бір жол пікірі де емес. Ол пікір, ашығын айт­қанда, «Әлиханның ақыл-кеңесімен жазылды» деген ешбір дәлелсіз топшылау болмаса, авторы тіпті өзгелер-ді.Әлиханның абайтанушылығы туралы әңгіме бола қалса, әдетте көпшілікті, арасында абайтанушылары да, журналистері де, басқалары да бар, «осы Абай мен Әлихан жүздесті ме?» деген сауал ойландырады. Тарихи дерек-айғақтар қазақтың бағына туған қос алыптың өмірде бір емес, талай рет жүздес­кенін бұлтартпай дәлелдейді. Абай мен Әлиханның жақын туыстығы – өз алдына. Әлиханның туған інісі Смахан төре 18 қойын дәптерден тұратын «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінің 1-дәптерінде: «Әлиханның шешесінің әкесі (тобықты Мамай батырдан) Дулат батыр – ұры, бір жегенде бір уақ малдың етін жеп, сорпасын ішіп кетеді екен… Дулаттың екі қызы: бірі Бекжан – Әлиханның шешесі, бірі – Бошантай (Рызықбай шешесі) – Хұдайберді әйелі, Құнанбай келіні» деп жазды. Демек, Әлихан мен Шаһкәрім Құдайбердіұлы екеуі – туған бөлелер. Бұл – бір. Екіншіден, Абай мен Әлиханның 1896-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінің мүшелері ретінде комитеттің жиындарында көрісуі мүмкіндігін де ешкім теріске шығара алмайды. Тамыз­дың 16-19 аралығында Абай елін сапарлаған «Ұлы Абайдың ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедициясы Қарқаралыда жас күнінде Абай тоқтаған Хами Бекметьевтің мұражай-үйін қызықтады. Алайда Абайдың оқта-текте аялдаған ол үйде Әлиханның айлап жатқанын не экспедиция мүшелері, не мұражай-үйі­нің директорынан бастап қызметкерлерінің бәрі де бейхабар. Сол себепті де, әрине, мұражай-үйде болашақ ұлт көшбасшысы, Алаш Ұлттық Республикасының атасы әрі төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы бірауыз сөз, фотосурет не тарихи құжат жоқ. Ал Смахан төре естелігінің 1-дәптерінде: «Әуелі жеті жасында Қарқаралыда ноғай Зариев моллаға мұсылманша оқуға беріпті. Тоғыз жасында Қами Бекметьев үйіне қойып орысша оқытыпты. Содан күтімсіз болып, интернатқа өз бетімен түсіпті» деп жазды.

Нағыз «абайтану» Әлихан Бөкейханның жас күнінен-ақ ақынның ұлылығын тануынан, оның поэзия­сынан ұлт әдебиетінде, дәлірек айтсақ, енді ғана қалыптаса бастаған жазба әдебиетінде әлі жоқ жаңашылдығын көріп бағалай алуынан басталды. Әлиханның мұндай сезімталдығын, көрегендігін оның 1889 жылы «Особые прибавления к «Акмолинским ведомостям» және «Дала уәлаятының газетінде» жариялаған ең алғашқы орысша-қазақша 16 мақаласынан айқын аңғарамыз. Сол мақалаларында автор Абай поэзиясындағы сыни көзқарасына еліктеп, бұқара халықты адастырған надан, дүмше молдаларды, болыс-би, тілмәштарды, «әр елден өлеңменен қайыр тілеп, сөз қадірін кетірген» ақындарды аяусыз әшкерелейді. 1904 жылдың жазында қырдан қаралы хабар алысымен, Әлихан Омбыдан «Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жазады». Кәкітайдың мезгілсіз қайтыс болуына орай 1915 жылдың басында «Қазақ» газетінде жариялаған бұл азанама мақаласында Әлихан әрі қарай: «1905-інші жылдың әпрел аяғында Кәкітай (Ысқақұлы Құнанбай) Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. 1905-інші жылы жазғытұрғы саясат ісі не екенін біздің «Қазақ»-ты оқушылар білер. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық» деп есіне алды. Міне, Абайдың өз өлеңдері, А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крыловтан аударғандары мен қара сөздерінің Тұрағұл жинап көшірткен қолжазбасы қолына тиіп, Омбыдағы өз үйінде «бірер жұма жатқан» әрі туысы, әрі досы Кәкітаймен сырлы әңгімесінің нәтижесінде ұлы ойшыл ақынның өмірі қысқа да нұсқа баяндалған, ал шығармашылығына «Еуропаның әйгілі ақындарына мақтаныш болады» деп асқақ баға берілген тұңғыш «Абай (Ибрагим) Құнан­баев» атты мүнақып-мақала дүниеге келді.

Назар аударатын мәселе, мүнақып-мақаланың соңында автордың өзі марқұм Абайдың өмірі туралы мәліметті ұлы Тұрағұлдан (Абайдың өзі Тураұл деп атаған екен. – С.А.) алғанын атап көрсетеді. Ал автордың өз қолында ойшыл-ақынның өлеңдері жазылған қойын дәптері болған. Міне, сол дәптерін ол 1903 жылы Омбыға келгеніне бір-ақ жыл болған қандасы, шәкірті әрі болашақ ең жақын үзеңгілесі – Ахмет Байтұрсынұлына берді. Ол туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахметтің өзі былай деп жазды:

«Ақмола, Семей облыс­тарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы – сөзі басылмағандықтан. Абайдың сөздері кітап болып, басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге едәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді… 1903-інші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті».

Ал Әлиханның мү­нақып-мақаласы алдымен семейлік «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы 3 санында, одан кейін Орыс императорлық география қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.» жинағында болар-болмас өзгеріспен екінші рет жарияланды. Мақаланың газетте жарияланған нұсқасында атап көрсетілгендей, Абай шығармаларының тұңғыш жинағын Әлиханның редакциялауымен таяу арада Географиялық қоғамның Семей бөлімшесі басып шығаруы керек еді.

Алты Алаш көсемінің өміріне қатысты ерекше назар аудара кететін жайт: Әлихан Бөкейхан отарлық езгісінде отыр­ған «қалың елі қазағының» құқы мен азаттығы үшін қиян-кескі күресін ғылыми-публицистикалық қызметімен, оның ішінде абайтанушылығымен қоса қатар атқарып жүрді. Соның бірден-бір айғағы: Әлихан отаршыл империяның І Мемлекеттік думасы депутаттығына түсу үшін сайлауалды науқанын өткізу және іс арасында өзі редакциялап болған Абай шығармаларының қолжазбасын баспаға тапсыру ойымен 1906 жылдың 8 қаңтарында Омбыдан Семейге келе жатқан жолында – Тұзқала (Павлодар) іргесіндегі казактардың Ямышевский кентінде тұтқынға алынады. Қолжүгі (портфелі) ішіндегі Абай қолжазбасымен бірге тәркіленеді. Ямышевский кентінен Тұзқаланың абақтысына жабылған күннің ертесіне – 10 қаңтар күні Әлихан Павлодар қалалық 2 учаскесі судьясын шақыртып алып, өзінің қылмысы болса тергеу жүргізіп дәлелдеп, сотқа беруін, болмаса, дереу босатуын талап етумен қатар, қолжүгімен бірге тәркіленген қолжазба – қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері екенін, құны 5 мың патша рубліне тең екенін айтып, оны сақтауды қатаң талап етеді.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ