Арман ӘЛМЕНБЕТ: АБАЙДЫҢ БІР АУДАРМАСЫ ЖАЙЫНДА

«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» – бұл Абай жасаған аударма. Авторы бұрын Лермонтов саналып, кейін Крылов деп түзетіліпті. Ал интернеттен қарасам, «слова Р. Левенштейна, перевод с немецкого В. Крылова» деп жүр. 
Егер бұл өлеңнің түпнұсқасы немісше болса, оның идеясы қандай болды екен, орысшаға аударылғанда өзгеріп кетпеді ме екен, тексеру керек. Бірақ Абайдың аударғаны осы орысша нұсқа болғандықтан, біз бұны түпнұсқа деп қараймыз.

Өлең түпнұсқада төрт шумақ та, Абайдың аудармасында бес шумақ. Бесінші шумақты Абай жанынан қосқан. Және де осы шумақты қосып қана қоймай, Абай жалпы идеяны өзгертіп, өлеңді мүлде басқа, биік деңгейге шығарып жіберген. Әрбір шумаққа жеке-жеке тоқталып көрейік.

Я видел березку: сломилась она... 
Верхушкой к земле наклонилась она... 
Но листья не блекли на тонких ветвях, 
Пока не спряталось солнце в горах.

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, 
Бас ұрып қара жерге сұлағанын. 
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, 
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?


Түпнұсқада қайың жапырағы қурағанын ғана айтады. Алдағы шумақтарда да табиғаттағы қайғыға душар болған жанды-жансыз жаратылыстар көп ұзамай өліп, тыншитынын айтады. Автор соларға қызығатынын білдіру үшін оқырманды солай дайындайды. Ал Абай сол қасіреттерден баянсыздық іздейді. Осы шумақта жапырақтың сарғайып бара жатқанын айтып, оған өзі жаны ашитынын көрсетеді. Абайдың дүниетанымында жапырақтың көп ұзамай өліп қалатыны өз алдына бір қасірет.

Автор қайыңның өлетінін айтады, ал Абайда қайыңның өліп бара жатқаны ғана бар.

Я бабочку видел с разбитым крылом: 
Бедняжка под солнечным грелась лучом, 
Стараясь и слабость, и смерть превозмочь, 
Пока не настала холодная ночь.

Мен көрдім сынық қанат көбелекті, 
О да білер өмірді іздемекті. 
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп, 
Одан ғибарат алар жан бір бөлек-ті.

Бұл жерде түпнұсқа авторы көбелекке аяныш білдіреді. Бірақ түн келгенде тыныш тапқанына қызығады. Оның қызығатынын біз соңғы шумақтан білеміз. Бірінші шумақтағыдай, бұнда да соңғы екі жол соған дайындық. 
Ал Абай өлгенше күн шуақта жылынған сынық қанат көбелектен ғибрат алу керек деп, өзін және басқа адамдарды өліп бара жатқан жаратылыспен тағы да байланыстырады. Абайдың түсінігінде дүние бір тұтас, ештеңе ештеңеден бөлек емес, бәрінің бір-бірінде ақысы бар. Кездейсоқ ештеңе жоқ, әр нәрседе ғибрат бар.

Және бірінші шумақтағыдай бұл жерде де автор көбелектің суық түн келгенше ғана жанталасатынын, яғни одан соң өлетінін айтса, Абайда өлім туралы сөз жоқ.

Стрелка видел я, как он лань подстрелил: 
Животное пало в крови и без сил, 
Со смертью бороться она не могла, 
И жить перестала, как солнце зашло.

Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік, 
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп, 
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, 
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?

Тағы да солай. Киік күн батқанға дейін ғана қиналды ғой дейді. Ал Абайдың ойынша оның күйігі басқаларға да батуы керек. Киіктің қасіретін ол өзі сезеді, басқалардың сезбейтінін өз алдына бөлек қасірет деп қайғырады.

Алдағы екі шумақта автор өлімді меңзесе, бұл жерде ашық айтады. Ал Абай үшін оның күйігі ғана маңызды. Өлім туралы айтпайды.

Ах, мне изменила подружка моя, 
И солнце померкло давно для меня. 
Но смерть и покой я напрасно зову 
И с сердцем разбитым живу да живу.

Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік, 
Өмірдің қызығынан күдер үздік. 
Жылы жүрек суыды, жара түсті, 
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік.

Автор сөзін аһұрып бастайды. Ішіндегі запыранын бірден төгіп, эмоциясын жайып салады. Өйткені оның о бастан айтқысы кеп отырған сөзі – осы. Бұл тап-таза махаббат лирикасы. Өлгім келеді, бірақ өле алмаймын, ғашығым тастап кеткен қасіретпен әлі тірі жүрмін дейді. Өлімді аңсайды, бір жағы сол күйден ләззат алып, романтикамен айтады.
Ал Абай бұған біршама салқынғанды қарайды. Жылы жүрек суыды, жара түсті деп күйін айтады да, шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік деп тағдырға бағынышты адам ретінде, мойынсұнады. Абай үшін өлімге асығу керек емес, Абай өлімнен қорықпайды да. Абай өлімге дейінгі жағдайдан ғибрат алады, соған қайғырады, айналып кеп мойынсұнады.
Сөйтеді де түпнұсқада жоқ ауырлығы зіл батпан шумақты тастай салады.

Мен көрдім дүние деген иттің көтін, 
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін. 
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, 
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

Автор ғашығым тастап кетпесе өмір керемет болар еді-ау дегендей сарынмен сөйлесе, Абай мәселенің өзегіне бір-ақ ұмтылады. Мәселе жарда да емес, мәселе махаббатта да емес, мәселе өмірдің баянсыздығында дейді. Жақсы көріп соңына түсетіндей нәрсе емес, адамдар ізгі емес, өзің де періште емессің, сондықтан бұл өмірде ойлы адамға қызық жоқ дейді. Бір мезгіл алданып, сыртыңмен елітерсің, бірақ жұрттан жасырған қайғың бәрібір ішіңде жатыр ғой дейді.

Автордың бар айтары ғашығым-ай деп аһұру болса, Абайдың айтпағы дүниенің баянсыздығы. Бірақ Абай аһұрмайды, шамадан тыс түңіліп, тілдемейді де, барды бар, жоқты жоқ деп қана айтады.

Ал енді, Абайдың өлімді айтпай, әр шумақта өлімге дейінгі аянышты хәлді ғана айтып отырғанында тағы бір сыр бар. Әр адам дүниеге келген соң, өлімге қарай бет алады. Бірақ ол көрешегін көрмей көрге бәрібір кіре алмайды. Құлаған қайың, сынық қанат көбелек, жаралы киік, жылы жүрегі суыған ғашық жігіт пен кез келген тірі адамның жағдайы бір дейді.

Бірақ, тағы да бір қайталап айту керек, Абай ештеңеден түңілмейді, оқырманын да түңілдіріп шошытпайды. Өлімге құмартпайды. Ол осы өмірге барынша объектив қарау керек екенін еске салады. Өйткені өмірден көп нәрсе күткен адам оған қол жеткізе алмай қор болатынын біледі.

Абайдың тіршілікке қатысты ойларын басқа өлеңдерден іздеу керек.

Абай сөзінен өзіңе ашылған бір тұсын талдау эстафетасын Ұларбек Нұрғалымұлына, Жанибек Алиманға және Бағашар Тұрсынбайұлына жолдаймын.

  (Арман Әлменбеттің фейсбук парақшасынан)