Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша республикамыздағы тұлғалық музейлер қауымдастығын құрған.
Тұлғалық музей басшылары өзара тұрақты түрде тәжірибе алмасу, музейлер қызметін жандандыру ісіне бірауыздан қолдау білдірді. Бүгінде құрамында 59 тұлғалық музей бар қауымдастық жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Еліміздегі тұлғалық музейлер туралы кітапша шығарылып, талай жыл марапат көрмеген аудандық музейлердің жетекшілері Мәдениет министрінің алғыс хаттарына ие болды. Бұған қоса «Абай музейінің хабаршысы» журналының бір нөмірі өткен жылы тұлғалық музейлер тақырыбына арналды, сондай-ақ фейсбуктен Қазақстан тұлғалық музейлері қауымдастығына жеке парақша ашылып, оған 60-қа жуық жергілікті музейлер туралы және халқымыздың Абылайхан секілді тұлғалары жайында материалдар қойылды. Осы жұмыс биыл одан әрі жалғасын табуда.
Наурыз айында Абай музейінің қызметкерлері Алматыға қаласына іс-сапармен барып, Орталық музей басшылығымен тұлғалық музейлердің ортақ шарасын ұйымдастыру мәселелері жөнінде келісіп қайтты. Келіссөздер нәтижесінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қос тараптан шығармашылық ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Бұрын да шығармашылық байланыста болып келген музейлердің болашақтағы шаралар жоспары айқындалған. Атап өтетін болсақ, қос тарап 2019 жылы маусым айының 21 жұлдызында тұлғалық музейлердің «Тарих және тұлға» көрмесін, сонымен бірге «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде өткізуді жоспарлап отыр.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз қызметі