Сәлем бердік!
Қабыл гөр,
Қол қусырып ізетпен;
Мүсінің тұр,
Сабырмен –
Күншығысты күзеткен.
Аспан асты еліне,
Абайлық ой, жыр көктеп.
Ханбалықтың төріне
Шығарыпты құрметтеп.
Жаны толқып жас қауым –
Аңсары ауса жырыңа,
Мен қараймын:
Тастағы
Сымбатың мен сырыңа...
Ойлы, ояу көзіңе
Мағына үстеп, тереңім,
Қай халық та өзіне
Ұқсатқысы келеді!
Өзімсіну басқа да,
Ұлықтаудан бас алса...
Жан бітпей ме тасқа да,
Махаббаттан қашалса!
Кісіліктен жоғары
Кім бар, сірә, киелі?!
Талай халық
Сені әлі –
Бауырым деп сүйеді!
Хакімдікпен
Сенімге –
Алтын сәуле тамызып,
Еңіреген елім деп
Ұлы дала абызы!
Тұрғыласы мазақ қып,
Тыңдамаған маңайы
Бас ақыны қазақтың,
Адамзаттың Абайы!
16 қараша. 2015