Алаштың алып темірқазығы Абай хәкім десек, сол тұғырлы тұлғаның болмыс бітімі мен ол өмір сүрген қазақ ортасының қалыбы бұзылмаған көшпелі рухын қалам қуаты арқылы әлемге паш еткен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, оның «Абай жолы» роман-эпопеясы екені даусыз. Бізге белгілі мәліметтер бойынша «Абай жолы» романы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне, соның ішінде түрік тіліне де аударылған. Алайда Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы, түркиялық жазушы Якуп Омероғлы былтыр «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық форумда бұл аударма нашар екенін, жаңа сапалы нұсқасын күтетінін айтқан еді. Біз орасан еңбекпен ерікті түрде айналысып жатқан әдебиет жанашыры Зафер Кибар есімді түрік азаматымен жүздесіп үлгердік. Ол «Абай жолын» аударуға кіріскенге дейін ұлы хәкімнің 45 қара сөзін, 163 өлеңін, одан бөлек қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдерін аударған екен. Бізді Зафер мырзаның қазақша еркін сөйлейтіні бірден баурап алды.
***
– Зафер мырза, әңгімемізді алаштың құбыласы – Абай әлеміне алғаш қадамды қашан басқандығыңыздан бастасақ?
– Абай әлеміне деген алғашқы қадамым жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Мұхтарұлының 2002 жылы Түркияда өткен жиында сөйлейтін сөзін аударудан басталды. Аталған баяндамада Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген жолдары түріктік танымымды түртіп оятқандай болды. Тіпті сол екі ауыз өлең ақындық өнері бар мені шабыт шалқарына шарықтатып, өлеңдер жаздырта бастады. Сол кезде мен өзіме түрік пен қазақ бауырлардың арасына алтын көпір болуды мақсат тұттым. «Абай жолын» аударып, Мұқағалиды тәржімалағанға дейін алдымен «Қыз Жібек», «Көшпенділер» сынды фильмдерді түрікше сөйлетіп, өзімнің өмірімдегі ең үлкен жұмысымның бірі – Абайдың қара сөздерін аударуға отырдым. Қазақтың бай тілі мен Абай философиясының тереңіне үңілуге жеті жыл уақыт кетті. Әр сөзі алтынға бергісіз қырық бес қара сөз мені жаңа бір белеске көтерді. Кейін Қазақстанға келгенімде Абай атамыздың атындағы университет, даңғылдарды көріп ақын тұлғасын тіпті қадір тұта бастадым. Қазақстанда жүрген кезімізде достармен әңгімеміз Абай әлемінде шектесетін. Сол кезеңде менің қолыма Абайдың 45 қара сөзі жинақталған кішкене кітапша тиді. Аудару керегін түсінсем де тәржімалау кезінде көп сөзді түсінбейтінімді сездім. Маған кейбір қазақ достарым «Абай әлемін, тілін, философиясын түрік бауыр сіз тұрмақ, кейбір өзіміздің қазақтарымыз да әлі түсінбей жүр», деп күлді. Сырлы сезім, уытты ойларға толы кесек еңбекті біраз өзім сіңіріп, оқып алуды жөн санадым. Аудармаға сөйтіп барып отырдым.
– Абай әлемі дегеніміз – қазақ әлемі, қазақтың ана тілі десек қателеспейміз. Қазақ тілін қашан үйрендіңіз?
– Қазақстанмен алғашқы әдеби-мәдени байланысым сонау студент кездің өзінде «Түркітілдес елдермен хабарласу» мемлекеттік емес қауымдастығын құрудан басталған болатын. Түркияға сапармен келген кез келген түркітілдес ұлт өкілдерін өзіміздің кішігірім қауымдастыққа шақырып сұхбаттасып, көшпелі халықтардың ортақ мәдени құндылықтары жайлы танымдық еңбек жинақтауды қолға алдық.
Қазақ ұлтына деген ерекше махаббат менде ерте оянды. Тіпті Түркияда танысып, жақын араласып кеткен қазақтармен сол кезде телефон, факс жоқ заманда телекс деген машина арқылы морзе алфавитімен хат алмасып тұрдық. Кейін тәуелсіздік орнаған мамыражай заманда Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тіпті жақындай түскені белгілі. Сол кезеңде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылып, аталған оқу орнының іргетасы қаланған шақта өте үлкен жұмыстар істедік. Тіпті сонау үлкен білім ордасының негізін қалаған кадрлардың бірі екеніміз де өтірік емес. Аталған университеттің басқарушы құрамында 1994 жылдан 2010 жылға дейін қызмет істедім.
– «Абай жолын» аударғанға дейін қазақтың қайталанбас тұлғасының бірі – Мұқағали жырларын тәржімалапсыз. Тағы кімдерді аударуды ойлайсыз?
– Мені Мұқағали өлеңдерімен алғаш таныстырған азамат – Жансейіт Қансейітұлы болатын. 2011 жылы университеттегі жұмыстан өз еркіммен босап, таза шығармашылыққа бет бұрған шақта елші мырза сол кезде мені жұмысқа алып, Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары бойынша 15 шақты кітап аудартып, үлкен жұмыстарды жүйеге келтіріп, жолға қойдық. Содан 2014 жылы мен аударған Абайдың қара сөздері кітап болып шықты. Тамаша еңбекке тәнті болса керек: «Енді Абай атамыздың, Мұқағали атамыздың өлеңдерін аударып көрмедіңіз бе?» деп қолқа салды. Ұсыныс бірден ұнады, қара сөз қанаттандырса керек, сол қарқынмен Абай атамыздың 163 өлеңін, Мұқағали ақынның таңдамалы өлеңдер жинағын қысқа уақыт ішінде аударып шықтым. Ең қызығы, Абай атамыздың өлеңдерін аударып болған соң өзім де қырық шақты діни-философиялық идеяларымды өлең қылып қағазға түсірдім. Осыдан кейін Абайды адамзаттық тұлға емес деп қалай айтасың? Сәулесін өз қазағына ғана емес, түгел жаратылысқа жалпы арнайды. Мұқағали жырлары да солай. Сезім ақынының сел болып аққан жырларын аударғанда аудармашы ретінде емес, өзіңді ақынның орнына қойып қайғы ойлайсың. Қанаттанасың, қапаланасың, қайта түрегелесің...
Шын көңілден туған ой шыңға шығармай қоймайтынындай, мәні толық, мағынасы терең екі ақынның жырлары қазір де түрік ағайындарға кеңінен жол тартқан, жүректерге жеткен десек, артық айтқандық емес. Аталған үш кітап 2014 жылы жарыққа шықты. Кітаптардың ең бір ескеріп айтатын ерекшелігі – екі тілде қоса жарық көрген. Яғни, бір беті түрікше болса, екінші бетінде қазақша түпнұсқасы қоса жарияланған еңбек бір жағы оқулық, тіл үйренуге таптырмас құрал деуге келеді. Бүгінде осынау үлкен еңбекпен қатар қазақтың тағы бір тұғырлы тұлғасы, ақын Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін түрік тіліне сөз сәйкестігінен бөлек ішкі, сыртқы ұйқасы толық өлең етіп дайындадым. Сонымен қатар ақын Мұхтар Шахановтың біраз өлеңдері мен үш спектаклін түрік тіліне аударып қойдым. Бұл еңбектер әзірге қамқорын күтіп, әлі жарыққа шыға алмай жатқан болашақ кітаптар деуге болады.
– Әңгімемізді «Абай жолының» өзіне қарай бұрсақ. Қос томның біреуін толық тәржімалап болыпсыз. Қанша уақыт жұмсадыңыз, қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Бүгінде Абай әлемі менің тұтас өміріме айналып кеткендей. Абайдың өлеңдеріне деген ыстық махаббат ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының «Абай жолын» аудартып жатыр. Ауқымды еңбекке ең алғаш қалай қадам жасағаным да қызық. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанға келгенімде кезінде өзіммен бірге қызмет істеген құрметті бастығым Серік Жайлауұлы Пірәлиевке жолығып, әлгі өзім аударған кітаптарды сыйға тарттым. Тамаша еңбектерге таңдана, қуана ықылас білдірген ескі аға дос маған шағын ноутбук сыйлады. Мен сол сәтте осы құнды сыйлықты қазақтың қажетіне жаратсам деген ойға келдім. Сөйттім де «Абай жолын» аударуды бастап, үш жарым жыл тапжылмай үлкен романның бірінші томын аударып бітірдім. Біршама уақытқа созылған аудармада байқағаным – Мұхтар атамыздың тілі өте бай. Қазақ тілінің құнарлы грамматикасы тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің кескін-келбетін көз алдыңызға әкеледі. «Абай жолы» – түрік халқы мен қазақ халқын, көшпелі дәстүр мен заманауи салт-әдептерін бір-біріне таныстыратын еңбек. Жасыратыны жоқ, қазақтың құнары бай тілін түрік тіліне толық қотарып жатырмын деуге келмейді. Оның сыртында жазушы Мұхтар сол кезеңде саяси идеологиядан сырт айналу үшін, роман тілін тіпті әдейі күрделі құрған сияқты. Автордың мақсаты Абай айналасы арқылы қазақ халқының толық образын ашу екені анық. Қазақ – осысымен де қазақ қой. Астарлап сөйлейді, жасырып, жұмбақтайды. Ол – сөз мәдениетінің шыңы дер едім.
Негізгі мақсатым – Түркия мен Қазақстанның рухани қарым-қатынасы күшейіп, екі ел арасы ашық пікірде өскенін қалаймын. Осы жолда аянбай еңбек етуге даярмын. Абай атамыз айтқандай, адамзаттың бәрін бауырым деп сүю – әрбіріміздің азаматтық борышымыз және «Абай жолының» түгел түрік еліне қайтадан тәржімалануы бекерден-бекер емес. Бүгінде заман басқа, таптық көзқарас жойылған. Жаңа ұрпақ бізше ойламайды. Бұл ретте «Абай жолы» барлық тілге қайтадан аударылса да артықтық етпейді. Бүгінде бірінші томы толық тәржімаланып, екінші томының жуан ортасына келіп қалдық. Алдағы уақытта ауқымды жұмысты кітап қылып шығаруды ойлаймын.
– Өзіңіздің өскен ортаңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?
– Мен Түркияның Сивас қаласында 1966 жылы дүниеге келдім. Бала кезімнен мамандық таңдаудан бастап өзімді үнемі дамытып отыруды әдетке айналдырып келемін. Марқұм әкем Германияда жұмыс істеген адам. Тек оқуды ғана білетін, жазу сауаты төмендеу болса да бізді өсіріп-жеткізді. Анам да мүлдем мектепте сауат ашпаған жан болды. Нағашы атам шейх болған кісі екен, анама тек ауызша діни ғылымдардан аздап сабақ үйреткен.
Үйдегі алты баланың ішінде тек мен жоғары білім алдым. Мектепте оқып жүргенімізде біз білім алып жатқан оқу орнының кіреберісіне Ата Түріктің бюстін орнатты. Мүсіннің астыңғы жағына «Өмірде ең дұрыс жол көрсететін нәрсе – ғылым» деп жазылған қанатты сөз бар. Сөз, әрине, мағыналы. Бірақ мен байқағандай, еден жуушылардан бастап ұстаздарыма дейін сол мүсінді қатты сынады. Түсінгенімдей, әлгі кішкентай ескерткішке жұмсалған ақшаға жетім-жесірге үй сатып алуға болатынын айтып наразылық танытып жатты. Бірақ мені басқа ойлар жетелеп әкетті. Өзім кедей отбасынан шыққам, «Неге мен осындай бюст жасайтын маман болып шықпаймын, неге сөйтіп жан-жағыма пайда әкелмеймін?» деген ой мені алға адымдатып мектеп директорының алдына апарды. Директор мырзаға осынау орнатылған мүсінді қандай мамандық жасап, дайындайды деп сұрап едім, ол мұндай мамандық иелерін «Мүсіншілер» деп атайтынын жеткізді. Сөйтіп директордың нұсқауымен ойда-жоқта сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін мамандықтар дайындайтын лицейге түсіп кеттім. Ол кездерде Кеңес үкіметі мен Түркияның арасында «темір перде» болғаны рас. Ол «Темір пердеге» атеизм ілімі де, Түркияның НАТО әскери ұйымына мүше болғандығы, түркі дүниесінің бірігуі сияқты үлкен үрей әсер етпей қоймайтыны белгілі. Елуінші жылдары Түркияда кирилл қарпімен жазылған кітап ұстап жүрген студент болатын болса оны бірден оқудан шығарып, тіпті түрмеге тоғытатын. Коммунизм үшін күрестің құрбандары сол жылдары көп болды. Түркі дүниесімен, оның ішінде кирилл қарпін қолданатын қазақ, қырғыз, өзбек қандастармен түріктердің арасы сол жылдары қатты алыстап кетті десем болады. Айтпағым, менің адамды суреттеуде, кескіндеуде мүсіншілік мамандығымның маңызы ерекше болды. Былайша айтқанда, Абай мүсінін сөзбен қашаған Мұхтар атамыздың ауқымды еңбегін аударып жатқан мені ылғи осы ой мазалайды. Мұқаң мен үшін – сөз мүсіншісі сияқты.
– Өзіңіз де өлең жазады екенсіз. Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін аудардыңыз, шабыт дегенге қандай анықтама берер едіңіз?
– Шабыт болмайтын болса, рухани табыс түгесіледі. Заман дамып, технология жетілген кезде «Абай жолын» компьютерлер де аудара бастауы мүмкін. Алайда, шабытсыз аударылған шығарма – шала еңбек. Жазушы не аудармашы жанын ауыртып жазбаған болса, оқырманның да жаны күйзеліп оқи қоюы екіталай. Екі елдің рухани әлемін жақындастырып жүргендіктен маған шабыт сөзден, сөздің қуатынан келетін сияқты.
– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан: Мирас Асан
Дереккөз: egemen.kz