Тарих бізге жас Абайдың келбетін сақтаған жоқ.
Біз білгенде, Абай — «қартайып, қайғы ойлаған» қарт.
Гете: «Мен он сегізге толғанда, Германия да он сегізден жаңа асқан» депті.
Абай дүниеге келгенде қашанғы қазақ қауымы көпті көрген кәрі еді.
Абай қырыққа толғанда, қазақ – санасы әлі жазу түспеген ақ парақтай сәбиге айналды.
Қырық жасында Абай қартайып, қайғы ойлады!
Сол қырығыңызға жақындап қалсақ та, замана қабағы, тұрмыс талқысы әрқилы қайғы ойлата бастаса да, атан көрмеңіз, «қартайдық» деп айта алмаспыз! Аузымыз бармас. Осының өзінен-ақ кешегі тұйық орта, етек-басты елде ғұмыры еткен қамырықты кемеңгер мен бүгінгі заманы озық, білімі жетік саналатын, жасы жөнінен құрдасы дерлік ұрпағының арасында қанша парық барын шамалай беріңіз. Абайды қартайтқан уайымның салмағын, оны көтерген иықтың зорлығын пайымдаңыз. Және сол иық, сол тұлға қазақ өлеңі, қазақ ойы, қазақ мәдениеті алдағы болжаусыз кәп уақыт ішінде игермек ұлан-қиыр кеңістікті бір өзі толтыруға тиіс болғанын зерделеңіз...
Қырықтағы кемеңгердің парасат, қиялыңыз нұсқалаған дидарына қаныңыз.
Өлеңдегі сыры – Абайдың жүрек қанының ыстығы, жан даусының жаңғырығы. Даусыз. Бірақ, өлеңнің аты – өлең. Сөз патшасы, сөз сарасы. Өнер. Өнер шартына жүгінсек, өлеңдегі Абай да – өнер туындысы, көркем бейне. Терминге жықсақ — лирикалық тұлға. Абайдың өзін-өзі шын өмірдегі сезінуінен бөлек бір сыр осында жатса керек. Ақындық құдірет иесі, яғни, халқының бірден бір тәлімгері ретінде Абай өлеңдегі өзін, саналы түрде, көпті көрген, көпті білген қарттың бейнесінде көруі әбден заңды (мұны М. Әуезов айтқан). Неге? Арғы-бергі тарихқа көз салыңыз. Аңызда айтылатын, қазақты пікірге жүгіндірер, ақылға тоқтатар, жақсы-жаманның жігін айырып уағыз айтар әулиелер мен ауызы дуалы би, ақылман игінің дәстүрлі түсініктегі жас шамасына қараңыз. Қазақ білетін Лұқпан хәкім мың жасаған. Түйе мініп, жер шолатын Асан ата – қайғылы қарт. Бұқар әулие – жүзден асқан кәрі. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер — шетінен шал... Сірә, Абайдың тұсында да ең ақылды қазақ өзін ең кәрі сезінуге тиіс болған шығар...
Ғылымға сенсек, адамзат биологиялық тұрғыдан жасарып келеді. Қазіргі орта жас — 45-50-дің төңірегі болса керек. XI ғасырда жазылған «Кабуснаманың» авторы адам ғұмырының жер ортасы 40 жас дейді. Одан кеп бертіндегі Данте қойған меже – 35. Абайдан біраз бұрынғы Бұқар жырау «Қырық деген жасыңыз – Ерттеулі тұрған құр аттай» депті. Абайдың аз алдында өткен Шал ақынның өзі: «Қырықта қынаптағы қылыштаймын» деп желпінеді.
Соларға қарап отырсаң, Абайдың өз рухани жасын бұлайша сезінуі мен шамалауы – әдеттен тыс, дәстүрден шетін, төтенше жай.
Абайдың бізге белгілі суреттеріне қараңыз – толық жүзді қартаң «Абай» (Жас Абайды бейнелеген бірді-екілі картина ешкімнің санасына сіңбей-ақ қойды). Абайдың барша жұртқа әйгілі «ресми» портреттеріне зер салыңыз – тақия киген, жүзінде ой белгісі, сезім нышаны жоқ, стандартты егде. Орыстар да Толстойды бір құшақ сақалсыз елестете алмайды... Неге? Жалпы жұрттың санасында екеуінің де суреткер-гений ретіндегі бағасынан гөрі, моралдық гений тұрғысындағы беделі басымырақ сияқты.
Бұл – менің өз күдігім. Келісу-келіспеу шарт емес.
Портретте тұрған не бар дерсіз. Рас, осы мәселеге көл шұқшимасақ та болар еді. Бірақ, мойындауыңызға тура келеді, қай-қайсымыздың да абайтанудағы алғашқы қадамымыз Қазақстандағы барлық мектептің қабырғаларында ілулі тұратын сол сезімсіз, тоқмейіл, жайдақ қарттың бейнесінен басталған жоқ па? Ал сол алғашқы алдамшы әсеріміз оқулықтағы «Интернатта оқып жүрмен» бекіп, Абай туралы кейінгі танымымызда, өмір бойғы түсінігімізде өз ізін қалдырмады деп айта аласыз ба?
Демек, портрет — ұсақ мәселе емес.
Бізге белгілі портреттерінде Абайдың рухани дидары жоқ.
Толстойды айттық. Мәселе, Толстойдың бір құшақ сақалында да емес. Өңменіңнен өте, тереңіңді тергей тесілген көздерінде. Ол бәрін сезеді, жасырған, бүккен, я өзің де біле бермейтін әлдебір сырларыңды көріп тұр... Анау романдарды жазған – анық осы кісі екеніне көп қиналмай-ақ сенесіз. Өте сәтті фотобейне!
Абайдың портретінде ақынның рухани дидары жоқ дедік. Мұны бізден бұрын И. Андроников айтқан. Әрине, Лермонтовтың портреттеріне қарап отырып. Өзіне ең жақын рухани сырлас болған ақынмен Абай бұл тұрғыда да тағдырлас. Лермонтовтың, көзі тірісінде салынған 15 портреті бар екен. Рухани келбет мәселесі тура тұрсын, әуелі осы суреттердің ұлы ақынның сыртқы кескін-кейпімен анық ұқсастығы турасында да күмән көп секілді. Бұл, тегі, суретшілердің де кінәсі болмаса керек. Ішкі дүниесінің құбылысы көп, көңіл-күйі жедел алмасқыш адамдардың шырайы да сәт сайын тоқсан түрленетіні белгілі. Лермонтовтың түр-тұрпаты, мінез-құлқы туралы, өзге емес, замандастарының өзінің пікірі қырық жарылады. Мәселен, Лермонтовтың көздері байыз таппай жылт-жылт жүйткіген түймедей ғана қара ма, әлде алақандай, аялы, тұнжыр ма? Замандастарын тыңдасаңыз, осы екеуі де – Лермонтовтікі... Лермонтовтың маңдайы, айталық, аласа ма, биік пе? Биік те сияқты, аласа да сияқты... Жоқ, аласалау, бірақ кең екен, айтпақшы... Ақын көңілінің құйындай құбылған әр сәтіне куә болған адамдар оның сырт кейпін де осылайша әр сипатта көреді. Және соның әрқайсысының өз шындығы бар. Гетенің 70-ке тарта бейнесі сақталыпты. Сол портреттердегі гетелер бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі кейіптерімен зерттеушілердің басын қатыратын болса керек. Тіпті, бір жылы салынған суреттердің өзі неше түрлі, бір басқа адамдардың кескініндей әсер қалдырады екен. Бұған өзге тұрмақ, сол портреттердің авторлары да таң-тамаша, айран-асыр болыпты. Неміс, орыс ақындарына тиесілі осынша байлықтың қасында екі-ақ тал фотосуреті сақталған жұпыны Абайдың бізді «таң-тамаша» қалдыратындай жағдайы жоқ. Бізді таң қалдыратыны — Абайдың әлгі айтқан «ресми» бейнесіне табынудан көз ашпай-ақ келе жатқанымыз.
Соншама байлықтың үстінде отырып, әйгілі лермонтовтанушы Ираклий Андроников: бұл портреттерде ең бастысы — ақын жоқ дейді.
Пушкиннің портреттері бір-бірін толықтыра түседі. Ал, Лермонтовтікі — біріне бірі қайшы дейді...
Не деген байлық?!
Ал, бізде не бар?
Бізде, жаңағы айтқан бірді-екілі фотосурет қана бар — рас. Бірақ бізде, ең бастысы — Абайдың шығармалары бар емес пе?! «Дидары шымырлаған ойшыл, көзі жасаураған құмаршыл, танауы желбіреген әсершіл... қыртысты, құнарлы» Абай (Т. Әлімқұлов) сонда тұрған жоқ па? «Күллі халықтың болмысын, табиғатын, тағдырын ойына сіңірген генийдің ішкі әлемі» (тағы да Т. Әлімқұлов) теңіздей буырқанып, тебіреніп-шалқып сонда жатқан жоқ па?!
Бұл аз десеңіз, естеліктердің куәлігіне құлақ салыңыз. Абайдың өз баласы Тұрағұлды-ақ тыңдайық:
«Мен әкемді танығанда, жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді... Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді...»
«Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отыратын. Бірақ, құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ. та, нe ойлап, разы, яки наразы болып жүргенімізді бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді».
Өлең жазарда: «Өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естіместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде, көп тоқталып, ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды».
Дариядан тамшының өзі осындай бедерлі, айғақты. Әсіресе, ақынның, ақын болғанда да, даусыз кемеңгердің шабытты сәтін тірі суретімен ұстап қалған мұндай сезімтал куәлікті әлем мемуаристикасынан іздеп таба алар ма екенсіз?!
Абайдың лайықты портретін жасауға бұлардан артық енді не керек?
Суретші, мүсінші, актер, әнші, киношы... алдымен Абайдың өз сөздеріне бойласын. Сосын, міндетті түрде, Абай туралы естеліктер мен аңыздарды оқысын!
Фотосуреттегі бейтарап кескіннің рухани мазмұнын солардан ұстасын.
Мәселе, суретшінің шеберлігінде ғана емес, өлеңдегі анық, Абайды түсінер парасатта жатыр. Біздің суретші-драмашы-режиссер-мүсіншілер үшін Абай – ресми данышпан, ұлылық тұғырындағы сезімсіз келбет. Абайдың мәңгілігі – тұғырдағы мүсіннің мәңгілігіңдей өмірсіз, суық, жансыз.
Қоланың, тастың мәңгілігі...
Ескерткіштің, алыстаған сайын қарауытып, бедерсіз сұлбаға айналатын күңгірт-сұр, мағынасыз тұрпаты...
Рас, адамның жүзі – жарық пен түнек сапырылысқан теңіз бетіндей құбылмалы. Бірақ, шетсіз-шексіз телегей қай түспен құбылса да, тегеуріні мен тереңі — тұрақты.
Андроников Лермонтовтың «айнымалы» келбетінен генийлік сондай қуат пен тереңдікті таба алмаған.
Абайдың айнымайтын стандартты дидарында да сол күштің рухани құдіреттің нышаны жоқ.
Шопенгауэр замандастары Шекспирдің қадірін білмеген деп санайды. Дәлелге, ұлы драматургтың дені дұрыс бірде-бір портреті қалмағанын келтіреді. Өзге қазақ былай тұрсын, Абайдың мәнісін, келешек үшін қадірін айналасындағы көзі ашықтардың өзі жете түсінбеген сияқты. Портрет салу дәстүрде болмаған дейік. Рәсімге (фото) түсу де осындай, әдетке ене қоймаған һәм қат дүние. Ал, енді Абай жазбаларының бірде-бір автографы сақталмауы, көзі тірісінде шығармаларының ескеріліп жиналмауы — жаңағы күдігімізге дәлел. Өзі қайтыс болғаннан кейін, ел аузында, жұрт қолында шашырап кеткен мұрасын жанұшыра жинауға шыққан Кәкітай, Тұрағұлдарды көреміз.
«Көк тұман алдыңдағы келер заман»... Келешек, кемеңгер үшін де — бұлдыр. Менің көңілімдегі «портреттің» сұлбасы — келешек туралы ой көзі үмітті шырақ қып тұтатып, алыстаған сайын, түнек тартқан кек тұман бұлыңғырға қадалған Кемеңгерді нұсқалайды. Оның жүзінде, жоғарыда келтірілген сипаттарға қосымша, заманы мен жаратылысының тымырсық, тұйық, қайғылы, қапас құрсауында бұлқынған жанкешті аңсар мол қуатты ойдың қажыры бар. Абайдың келбеті – жетпесті шамалап, көрместі болжаған, дүние құмарынан азат, ақиқаттың өзіндей алыс Әулиенің айқын жүзі, тынық дидары емес, бойында ыстық, қаны ойнап, өмір қуаты тепсінген, ызалы-қамырықты, арманды — уытты, сүйінішті — түңілісті, жайдары — назалы, қасіретті — қайратты, қызықшыл-күйшіл-сағынышты-назды-ойлы-қамқор... Данышпанның бейнесі.
Айқынның көмескіге түскен сәулесіндей өлеңдегі Абай, аңыздағы Абай, суретін салам деген кісіге, өмірдегі кемеңгердің де ғазиз рухын тірілтіп, ұлы жанының барша аңсар, күллі сұлулығымен анық Абайдың жүзін көрсетер еді...
Тағы не айтуға болады?
Менің «портретімдегі» Абайдың дидарында сөнген жанартаудың алыстан көз тартқан тынық көркіндей «классикалық» салқындық жоқ – тұсындағы қайғымен қарауытып, тіршілігіндегі көздің ащы жасы, жүректің ыстық қанымен буырқанып тұр.
Абайдың дидарында кешегі айтқаны бүгінге дөп келген Шыншылдың шырайы мен салтанаты бар.
...Ал, мына суреттегі әулие кім?...